Шығыста елеулі өзгерістер көп

ШҚО-да заңсыз аң және балық аулаған 700-ден астам адам анықталды

Жыл басынан бері табиғат қорғау полицейлері заңсыз аң және балық аулаған адамдарды жауапкершілікке тарту үшін 289 рейд өткізген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соның нәтижесінде, полиция қызметкерлері аң аулауда — 227, балық аулауда — 520 құқықбұзушылықты анықтаған. Тәртіп сақшылары оларды Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 382 және 383-баптары бойынша жауапкершілікке тартты.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жас көшеттерді баптау ережелерін бұзған 14 адамға тиісті шаралар қолданған.

Жарма ауданындағы түзеу мекемелерінде 250 адам жұмыспен қамтылған

Шығыс Қазақстан облысы прокурорының міндетін атқарушы Құсайын Игембаев Жарма ауданында орналасқан жалпы режимдегі 3 түзеу мекемесіне барды. Жұмыс барысында ол сотталғандардың колонияда қалай жұмыс істейтінін зерделеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бас прокуратураның «Колонияларда жұмыспен қамту — 2017» жобасын жүзеге асыру аясында қадағалау органы және Жарма ауданы КАЖ-нің мекеме әкімшілігінің қолдауымен 7 жеке кәсіпкер түзеу мекемелерінде өз бизнесін ашқан. Түзеу мекемелерінде кірпіш, темірден жасалған бұйымдар, құрылыс арматурасы өндіріліп, шағын ферма жұмыс істейді. Нәтижесінде 250 адам жұмыспен қамтылып, жалақы алады.

Бұдан да басқа, Құсайын Абзалбекұлы колонияда кезекші прокурордың жұмысымен танысып, сотталғандардың қабылдауын жүргізді. Қабылдау барысында сотталғандар өз мәселелерімен бөліcті.

Тарбағатайлық кәсіпкер мешіт жанынан спорт алаңын ашты

Тарбағатай ауданы, Екпін ауылының іскер азаматы Дулат Тұрсынұлы ауылдық мешіт жанынан кіші футбол алаңын ашты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі. Кіші футбол алаңы «Ұранхай қажы» мешітінің ұйтқы болуымен ашылған. Кәсіпкер Дулат Тұрсынұлы мешіт қасына салынған спорт алаңының құрылысын өз қаражаты есебінен жүргізіпті.

— Дулат Тұрсынұлы бауырымыз Алланың разылығы  үшін, ел игілігіне деп мешіт жанынан футбол алаңын, сондай-ақ ауыл ортасына жол салып берді. Бұл игі іс туған жерді көркейту бастамасына үн қосу. Біз үнемі кәсіпкер азаматтарға туған елді көркейтуге үлес қосуға шақырып отырамыз. Бұл сауапты шара соның бір нәтижесі, — дейді Тарбағатай ауданының бас имамы Айдын Жортымов.

Ауыл тұрғындары кәсіпкерге және салауатты істің ұйтқысы болған аудан мешітіне ризашылықтарын білдіруде.

Тарбағатай аудандық мешіті көкөніс шаруашылығын дамытуда

Тарбатай аудандық мешіті өткен жылдан бері көкөніс өсіруді қолға алып, дамытып келеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыстық «Халифа Алтай» мешіті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта Ақсуат ауылындағы мешітте әртүрлі көкөністер өсіріліп жатыр.

— ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігінен мешіттің шаруашылығын дамыту туралы арнаулы тапсырма берілген болатын. Сөйтіп осындай үлкен алқапқа көкөніс салдық. Бұл іске білікті дихандарымыз көмектесіп, өнімдердің өсіру ісіне тікелей ат салысып отыр. Бұйырса биыл мол өнім алғалы отырмыз. Алған көкөністерімізді мұқтаж отбасыларға қайырымдылық ретінде таратамыз және мешіттің шығындарын өтеуге жұмсаймыз — дейді Тарбағатай ауданының бас имамы Айдын Жортымов.

Бас имамның айтуынша, аудандық әкімдік көкөніс салу үшін мешітке егістік жер бөліп берген.

Үржар ауданында бір күн ішінде 22 тонна мал азығы өртеніп кеткен

Кеше Үржар ауданында екі өрт оқиғасы орын алған. Соның нәтижесінде, Көктерек және Науалы ауылдарында 22 тонна шөп өртеніп кетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірінші өрт Көктерек ауылында болды. Жеке тұрғын үйдің ауласынан шыққан тілсіз жау 20 тонна шөпті өртеген. Өртті залалсыздандыруға қатты соққан жел біршама кедергі келтірді. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер қосымша өрт сөндіру жасағын шақыруға мәжбүр болған. Бірлескен күш өртті өшіріп, тілсіз жаудың жақын маңдағы шаруашылық нысандарын шарлауына жол бермеді.

Екінші өрт оқиғасы Науалы ауылының маңайындағы жолда шөпті тасымалдап келе жатқан Трактордың тіркемесінде шыққан. Соның нәтижесінде 2 тонна шөп отқа ораныпты. Өрттің себебі — ұшқын сөндіргіш құрылғының жоқтығынан болуы мүмкін.

ШҚО-да тамыз айының ортасында ауа-райы салқындауы мүмкін

«Қазгидромет» РМК мамандарының болжамына сенсек, тамыз айындағы күн райы жауын-шашынды болғанымен, ауа температурасы 15-22 градус жылымықты көрсететін көрінеді. Дегенмен түсетін жауын-шашын мөлшері әдеттегі нормадан аз болмақ. Танымал метеосайттардың хабарлауынша, күннің қызуы тамыздың тек бастапқы күндерінде ғана байқалады екен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Тамыз айының 1-нен 10-на дейінгі кезеңде өңірде ыстық ауа райы сақталып, ауа температурасы 26-дан 35 градусқа дейінгі аралықта ыстық болады. Онкүндіктің соңына қарай ауа райы салқындап, күндіз 20-26, ал түнде 16-22 градустық межені көрсетуі ықтимал.

Айдың бастапқы күндерінде жауын-шашын аз болғанымен, онкүндіктің ортасына қарай жауын жиі жауып, күн күркіреп, найзағай ойнайды.

Екінші онкүндікте орташа ауа температурасы күндіз 25-30, түнде 14-18 градусты көрсетеді. Сонан соң күн күрт салқындап ауа температурасы күндіз 16 градусқа дейін төмендейді. Аспанды бұлт торлап, жауын жаууы мүмкін.

20-31 тамыз аралығында күн қайта ашылып, онкүндіктің көп бөлігі ашық болады. Ауа температурасы 25 градустық деңгейде сақталғанымен салқын күндердің де болуы ықтимал. Тамыз айының соңғы күнінде түнгі уақыттағы ауа температурасы 13-15 градустық межені көрсетпек.

Өскемендегі Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының мекен-жайы өзгерді

Облыс орталығында қазіргі уақытта Азаматтарға арналған үкіметтің бір бөлімі болып саналатын бұрынғы Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының мекен-жайы өзгерді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалы – Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы департаменті (Бұрынғы ЗТМО қазір осылай аталады) өзгерістер жайын хабарлады. 5 шілдеден бастап аталмыш мекеме Өскемен қаласының Қазақстан көшесі, 159/4 мекен-жайына көшті. Ғимараттың бірінші қабатында Халыққа қызмет көрсету орталығы орналасса, үшінші қабатында бұрынғы ЗТМО қызметкерлері орналасты.

Зейнетақы, жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер ресімдетуді мақсат тұтқан өңір тұрғындары бұрынғыдай кез-келген ХҚКО-ға жүгіне алады. Аталмыш төлемдердің тағайындалу жағын тұрғындар Қазақстан көшесі, 159/4 мекен-жайында орналасқан мекеменің үшінші қабатындағы №329 және №343 кабинеттерінен немесе 8 (7232) 56-04-20, 56-04-23 телефондарына, ал міндетті зейнетақы төлемдерін, міндетті медициналық сақтандыруға байланысты әлеуметтік аударымдар жайын №328 кабинетке немесе 56-04-14 телефонына хабарласып біле алады.

Департаменттің жұмыс уақыты дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс 13.00-ден 14.30-ға дейін.

ШҚО колледждері жаңа 5 мамандыққа оқыта бастайды

Биылғы оқу жылынан бастап өңірдегі колледждер жаңа бес мамандық бойынша студент даярлай бастамақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі YK-News.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, қыркүйек айынан бастап Шығыс техникалық-гумманитарлық колледжі шанақты түзетуші және металл жабындап, бояйтын жабдықты баптаушы мамандарды даярлау басталмақ көрінеді.

Сонымен қатар, Өскемен құрылыс колледжі болашақ дәнекерлеуші және газды-плазмалық кесу құрылғыларының жабдықтаушыларын, ал Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі Ислам негіздері мұғалімдерін оқуға қабылдай бастамақ. Семей көпсалалы колледжі «имам хатиб» (мешітті басқарып, бірлесіп намаз оқуды басқаратын дін қызметкері — автордың түсініктемесі) мамандығына оқуға қабылдай бастады.

Қоса кетсек, алдағы оқу жылына өңіріміздегі техникалық және кәсіби оқу орындарына 6440 бюджеттік орын бөлінген.

ШҚО-да бір жылда әрбір үшінші тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Шығыс Қазақстан облысы тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтар саны бойынша Астана және Алматы қалаларынан кейін үшінші орында тұр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыстық Прокуратураның талдау жұмыстарының нәтижесі бойынша, өңірімізде орын алған әкімшілік құқық бұзушылықтардың саны жылдан жылға артып келе жатыр. Соңғы бес жылда 1 626 381 адам жасаған  1 751 636 құқық бұзушылық тіркелген — бұл көрсеткіш ШҚО тұрғындарының санынан да асып кеткен.

—  Әкімшілік құқық бұзушылықтар санының артуындағы басты себеп — полиция қызметкерлерінің өз көрсеткіштерін төмендетпей, тек жоғарылату үшін жұмыс істеуінде. Бұл Кеңес заманынан қалған үрдіс. Сол үшін халыққа өкіртіп айыппұл сала беруден гөрі түсіндіру жұмыстарымен, сондай-ақ, сол құқықбұзушылықтардың алдын алумен айналысқан абзал, — дейді ШҚО Прокурорының міндетін атқарушы Құсайын Игембаев.

Өскеменде қыркүйек айында бір айлық жол жүру билеті 8500-теңгеге қымбаттайды

2017 жылдың қыркүйек айынан бастап Өскемен қаласының ішінде қатынайтын автобустардың бір айлық жол жүру билеті қымбаттамақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Естеріңізге салсақ, қазіргі уақытта қала ішінде қатынайтын автобустардағы лимитсіз жол жүру бағасы 7700 теңгені құрайды. Алайда жақын арада бұл баға өзгеріске ұшрайды.

— 1 қыркүйектен бастап бір айлық жол жүру билеттерінің құны 8500 теңге болады, — деп хабарлады Өскемен қалалық Жолаушылар тасымалы басқармасының орталығы басшысының орынбасары Ольга Графкина.

Мақалалар buqara.kz сайтынан алынды