Өскемендегі өзекті өзгерістер

ШҚО қылмыс саны бойынша ОҚО және Алматы облысынан кейін тұр

Аймақта 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда тіркелген қылмыс саны 15 пайызға азайған. Бұл жөнінде облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев тұрғындар мен консультативтік-кеңес органы мүшелерінің алдындағы есеп беруі кезінде мәлім етті.

Облыста биылғы алты айда 12 мыңнан аса қылмыс тіркелген. Департамент бастығының айтуынша, Шығыс Қазақстан жасалған қылмыстар саны жағынан Алматы, Астана қалаларынан, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарынан кейінгі бесінші орында тұр.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 16 пайызға төмендегені байқалады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстардың тиімділігі жоғарылаған. Нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда қоғамдық орындардағы қылмыс 13 пайызға кеміген.

Жыл басынан аймақ полицейлері 370 келі есірткі тәркілеп, 173 есірткі қылмысын анықтаған. Оның 143-і — өткізу фактісі.

— Негізінен алғанда, облыс полицейлері ауқымды жұмыс атқарды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыс аумағындағы криминогендік ахуал тұрақты және құқық қорғау органдарының толық бақылауында, — деп атап өтті ІІД бастығы Жанарбек Бақтыбаев.

Биыл ШҚО-да жол-апатынан қаза болғандар саны екі есеге азайды

Жыл басынан бері облыста көлікті мас күйінде тізгіндеген мың жарым адам ұсталған. Бұл жөнінде және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қолға алынған шараларды тұрғындар мен консультативтік-кеңес органы мүшелерінің алдындағы есеп берген облыстық ІІД бастығы Жанарбек Бақтыбаев айтып берді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері тәртіп сақшыларымен жол қозғалысы ережесін бұзудың 104 мың фактісі анықталған. Мың жарым адам темір тұлпарларын мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Екі мың адам жүргізуші куәлігінен айырылып, 5,5 мың шығысқазақстандық әкімшілік қамауға алынған.

ІІД ұйғарымымен алты бағдаршам орнатылып, тағы төртеуіқайта жаңартылған. Қауіпті жол учаскелеріндегі мыңнан аса жол белгілері ауыстырылған және орнатылған.

– Қабылданған шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылы жолдағы апат 11 пайызға азайды. Соның ішінде жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болғандар саны екі есеге, ал жарақат алғандар 9 пайыз азайды, — деді Жанарбек Бақтыбаев.

Тарбағатайдың Маңырақ ауылында балабақша ашылды

Маңырақ ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100 орындық балабақша қолданысқа берілді.

Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың айтуынша, аталмыш нысанның құрылыс жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлер атсалысқан.

– Бұл балабақша – аудандағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған нысандардың бірі. Оның нәтижесі екі жаққа да тиімді. Мәселен, Үкімет кәсіпкердің дамуына жағдай жасайды. Ал кәсіпкер табыс тауып, мемлекеттің тұралап тұрған саласын жақсартуға ықпал етеді. Ең бастысы, бұл жобалар әлеуметтік маңызы бар жерде жүзеге асырылады. Алдағы уақытта Тарбағатайда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 4-5 балабақша салу жоспарда бар, — дейді Ділдәбек Оразбаев.

Абай ауданында никель өндірісі екі есе ұлғайды

Алдағы уақытта Абай ауданында никель өндірісі қолға алынып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Биыл аталмыш кен байыту фабрикасы өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарды сатып алған. Нәтижесінде өндіріс көлемі екі есеге ұлғайған. Кен байыту фабрикасының техникалық директоры Бауыржан Молдашевтың айтуынша, олар инфрақұрылымды жаңарту үшін 800 миллионнан астам қаражат жұмсаған.

– Абай ауданындағы никельдің сапасы 7-8 пайызды құрап отыр. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Себебі, тапсырыс берушілер кен құрамындағы никельдің төрт пайыздан кем болмауын сұрайды. Демек, біздің өнім барлық талапқа сай, — дейді Бауыржан Молдашев.

Риддердегі ағаш қалдықтарынан 40-тан астам өнім түрлерін жасауға болады

Риддердегі орман шаруашылығы институтының ғалымдары ағаш қалдықтарынан 40-тан астам өнім түрлерін жасауға болатынын анықтады.

Өнімді қалдықсыз өңдеудің тың тәсілін ойлап тапқан орман шаруашылығы институтының ғалымдары ағаш қалдықтарынан күнделікті тұрмысқа қажетті тақтайлар мен биоотын жасауды ұсынып отыр. Себебі, өңделген ағаш жоңқасынан жоғары сапалы өнім жасап шығаруға болады екен.

– Егер жергілікті өндіріс орындарының қуаттылығы мықты болса, ағаш қалдықтарын өңдеу көлемін 20 пайызға арттыруға мүмкіндік бар. Алайда, біздің кәсіпкерлер мұндай ауқымды істі игеруге дайын емес. Өйткені, облыстағы ағаш өңдеу тәсілі ескірген. Жалпы, аудан көлемінде жылына 40 мың текше ағаш кесіледі. Алдағы уақытта ағаш қоры молынан игерілетін болса, орман кластері құрылады. Бұл екі жаққа да тиімді, – дейді Риддердегі орман шаруашылығы институтының директоры Андрей Калачев.

Тарбағатайда субұрқақ іске қосылды

Тарбағатай ауданы, Сәтпаев ауылындағы орталық саябаққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әсем субұрқақ салынды.

Демалушыларға арналған барлық жағдай жасалған саябаққа келушілердің қатары күн санап көбейіп келеді. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың айтуынша, Тарбағатайда атқарылып жатқан игі істер көп. Мәселен, биыл Сәтпаев ауылында мерекелік іс-шаралар өтетін сахна алаңы бой көтерген.

– Тоқсаныншы жылдардағы ауыртпашылық ауыл өміріне әжептәуір салмақ салып кеткені рас. Қазір соның зардаптарын жою үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланудамыз. Алдағы уақытта аудан көлемінде атқарылатын шаруа көп. Бастысы, береке-бірлік болса, ырыс пен бақ өзі келеді ғой, — дейді Ділдәбек Оразбаев.

Күш құрылымдары қызметкерлерінің мергендіктері сыналды

Өскеменде құқық қорғау органдары, арнайы және күш құрылымдары қызметкерлері арасындағы VI-жазғы салалық спартакиадасы аясындағы жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша Ішкі істер министрлігінің чемпионаты мен «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамының біріншілігі мәресіне жетті.

Төрт күнге созылған жарысқа Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Төтенше жағдайлар комитеті, мамандандырылған күзет қызметі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі сияқты күш құрылымдарының құрама командалары қатысты. Сондай-ақ, спорттық шара аясында еліміздің облыстары мен қалаларынан келген 16 команда өзара сынға түсті.

«Динамо» ДШСҚ орталық кеңесі спорт басқармасының бастығы Николай Князевтің айтуынша, мұндай шараны өткізудегі негізгі мақсат күш құрылымдары қызметкерлерінің жауынгерлік дайындықтарын арттыру болып табылады.

– Бұл — салалық спартакиаданың бір кезеңі ғана. Жауынгерлік қарудан атудан бөлек, күш құрылымдары футбол мен волейболдан, президенттік көпсайыстан өтетін жарыстарға қатысады. Алты кезеңнен тұратын спартакиаданың қорытындылары жыл соңында шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың өзі марапаттайтын болады. Биылғы біріншілік барысында үміткерлер Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан түрлі қашықтықтардан оқ атып, өзара мықтыны анықтады. Барлық команда әзірліктері ойдағыдай екенін көрсетті. Әсіресе, қарағандылықтар тыңғылықты дайындалып келіпті, – деген Н.Князев жарыс Ахмер кентінің маңындағы әскери полигонда өткенін атап өтті.

Айта кетейік, аймақтық бөлімшелер арасындағы сайыста Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің құрамасы топ жарды. Екінші орынға жамбылдық полицейлер көтерілсе, үздік үштікті Алматы қаласының тәртіп сақшылары түйіндеді. Күш құрылымдары арасындағы жарыста жалпыкомандалық бірінші орынға ҰҚК шекара қызметі ие болса, екінші және үшінші орындарға сәйкесінше мамандандырылған күзет қызметі мен ІІМ ұжымдары тұрақтады.

Өскемендегі Жекпе-жек сарайында өткен марапаттау рәсімінде жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар атынан кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өскемен өрт сөндірушілерінің демалуға мұршалары болмай тұр

Өскемендік өрт сөндірушілер өрт кезінде иіс тиіп, уланып қала жаздаған 87 жастағы қарияны құтқарып қалды. Операция барысында үйдің алты тұрғыны, ішінде бір бала бар, басқа жаққа көшірілді.

Сәтпаев даңғылындағы көпқабатты үйлердің екінші қабатынан шыққан өртті сөндіруге келген мамандарға көршілер пәтерде қарт адам болу керектігін айтады.

-Біздің бөлімшенің қызметкерлері пәтерге ас бөлменің терезесі арқылы кірді. Бөлме іші ащы түтінге толып кетіпті. Мамандар пәтерді тексерген кезде залда жерде ес-түссіз жатқан әйелді алып шықты, — деп түсіндірді №3 өрт сөндіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тимур Қаңтарбаев. Өртке қарсы қызметінің мамандары уақытты жоғалтпай, зейнеткерді далаға алып шығады. Оның өкпесін «Драгер» аспабымен желдетіп, аузы мен мұрынын тазалайды. Одан кейін жедел жәрдем бригадасына тапсырады. Иіс тиген қария №1 қалалық ауруханаға жеткізілді.

Сол екі ортада құтқарушылардың тағы бір бригадасы тілсіз жау ауыз салған үйдің тұрғындарын басқа жаққа көшірумен айналысты. Тек 40 минуттан кейін ғана өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккен аумақ бес шаршы метрді құрайды.

Өрттің шығу себебі ретінде отты қолдану кезінде абайсыздық танытқан немесе электр жабдығын орнатқанда техника қауіпсіздігі сақталмаған деген болжамдар бар.

Дәл осындай оқиға кеше Аблакетка кентінде де болды. Островский көшесінің бесінші қабатынан шыққан түтінді байқаған тұрғындар дереу өртке қарсы қызметке қоңырау шалған. Өрти сөндірушілер шылымның шала тұқылы тұтанып, темекісалғыш та жана бастағанын айтады. Айтпақшы, темекісалғыш ретінде үш литрлік шыны банка пайдаланылған. Егер көршілердің қырағылығы болмаса, темекінің ұшқыны үлкен өртке әкеліп соғуы мүмкін еді.

ШҚО-ның көп аудандарында қоқыс төгетін арнайы полигон жоқ

Өскемен қалалық әкімдігінің мәліметтері бойынша қала тұрғындарының 70 пайызы ғана қоқыс шығаратын арнайы ұйымдардың қызметін пайдаланып отыр. Яғни, қалған 30 пайызы немесе қала тұрғындарының 96 мыңнан астамы қалдық тастауға бей -берекет үйінділерді пайдаланып, күл, қоқысын шаһардың іші, сыртына төгіп, шашып жатыр деген сөз.

Тек қана 2016- жылы қаланың қуыс -қуысында үйілген қоқыстарды тазартып, шығаруға қала бюджетінен 6,6 млн. теңге бөлінген. Бірақ, қоқыс үйінділері қалада биыл тағы да көбейіп кеткен. Қалалықтар қоқысты қоқыс төгетін арнайы контейнерге төкпей жатса, облыстың 220 мыңнан астам халқы тұрып жатқан Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім, Ұлан, Бородулиха, Көкпекті, Бесқарағай аудандарында ауыл тұрғындарының қоқысын апарып төгетін бірде –бір арнайы полигон болмай отыр.

-Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арнайы көрсетілмеген орынға қоқыс төккен, лақтырған адамдар осындай ұсақ бұзақылығы үшін әкімшілік жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ, ол тек қана құқық бұзып жатқан жағдайда, сәтінде ғана жауапқа тартыла алады. Бұл бағытта әкімшілік полиция қызметінің жұмысы жеткіліксіз болып отыр. Мысалы, 2016- жылы облыстың ішкі істер органдары 322 620 әкімшілік іс қозғаған болса соның 70 пайызы (226 411-і) жол жүру саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты болған. Тек 2,9 пайызын ғана қоғамдық орындарды, бақтарды ластау, тұрмыстық қалдықтарды жабдықталмаған жерлерге лақтыру сияқты басқа да ұсақ бұзақылық, құқық бұзушылықтар құрайды,-деді облыс прокуратурасының ведомствоаралық жедел кеңес отырысында облыс прокурорының аға көмекшісі Тимур Чақпантаев.

«Азия Авто» көліктеріне тамыздан бастап ұялы телефон арқылы бақылау жүйесі енгізіледі

 Жақында таныстарымнан Өскемендегі «Азия Авто» автокөлік зауытынан шығарылатын шетелдік үлгідегі көліктерді интернет арқылы басқаруға, бақылауға болатындығын естідім. Бұл жаңалық қашан қолданысқа енгізіледі және ол туралы тағы қандай ақпараттар білуге болады?

Ринат Хамзин Риддер. Сауалға «Азия Авто» акционерлік қоғамының президенті Ерік Сағымбаев жауап береді:

– Естіген ақпаратыңыз шындыққа жанасымды. Алдағы уақытта біз өзіміздің конвейерден шығатын көліктерге мобильді қосымша арқылы толық бақылау жасауға мүмкіндік беретін «Бипэк коннект» деп аталатын жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз. Оның көмегі арқылы көліктің иесі темір тұлпарының дабыл жүйесін, қашықтан басқаруды реттей алады. Сондай-ақ, көліктің қай арада кетіп бара жатқанын, алдағы бағытын, күніне қанша шақырым жүргенін, көлікті бүгін отбасы мүшелерінің қайсысы пайдаланғанын, соңғы бір айдың ішінде көлік қай жерлерде болғанын оп-оңай біле алатын болмақ. Сонымен бірге, аталмыш мобильді қосымша арқылы алдын ала көлікке қызмет көрсету орталықтарына да жазылуға, интернет арқылы көлікті жөндеуге, майын, ақаулы бөлшектерін ауыстыруға қатысты мамандар кеңесін алуға да мүмкіндік тумақ. Жаңа жүйе ағымдағы жылдың тамыз айында жүз пайыз 4х4 және «Ларгус» маркалы көліктерге орнатылады. Одан ары қарай барлық үлгілер жабдықталмақ. Мұнымен қатар, біздің автозауыт өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көлік санын әлдеқайда артық шығарды. Биыл жыл соңына дейін барлық заманауи стандарттар талаптарына жауап беретін 10-12 мың отандық жеңіл көлік құрастыруды жоспарлап отырмыз.

Материалдар altaynews.kz сайтынан алынды