"Ел саны 18 миллионнан аспады" деп жазған сайт жауап берді

Осыдан біраз уақыт бұрын Factcheck.kz деген ресурс ашылды. Аты айтып тұрғандай, ақпараттардың рас-өтірігін тексерумен айналысады. Бүгінгідей алдымызға келген ақпаратты шайнамай жұтатын, уотсаппен тарайтын өсек-аяңға дейін "жаңалық" етіп тарататын уақытта өте қажет дүние деп ойлаймын. Әсіресе, шыны керек, қазақ журналистері үшін. Орыстілді журналистермен салыстырғанда деңгейіміз төмен екені рас, оны мойындағымыз келмейтіні де рас. Міне, осы ресурстың деректерін, материалдарын пайдалануға болатынын айтып, Фейсбукте ақпарат тараттық. Одан бөлек бірқатар журналистер мен өзім сыйлайтын бас редакторларға да жекеге жаздым.

Ал бүгін осы сайтта жарық көрген бір материалға байланысты "Қазақ үні" порталында "жалған ақпарат таратты" деген тұрғыда материал жарық көрген екен. Фактчек сәуірдің 20-сы күнгі жарияланымында бірқатар басылымдардың Қазақстан халқының саны 18 миллионға жеткенін жазып жүргенін, кейбірінің тіпті асырып жібергенін, алайда ресми статистика бойынша олай еместігін жазады. Ресми статистика бойынша, 18 миллионыншы тұрғын мамыр айында дүниеге келіпті. Оны шілде айында жариялады. Ал материал сәуірдің 20-сында шыққан және одан бұрынғы деректерге сүйенген. Оның үстіне, Фактчек.кз сайтында жарияланғандай, ресурс тек қана ашық деректерге сүйенеді. Ал "Қазақ үні" "Ұлттық экономика министрінің сөзін жоққа шығарып отыр ма?" дегенге келтіреді. Байқасаңыздар, мақалада ҰЭМ туралы бір ауыз сөз жоқ. Объект мүлдем бөлек.

Жұлдыз Әбділдә,

Factcheck.kz