Сарапшылар Қазақстан мен Иранның серіктестігін талқылады
2017 ж. 27 шілде
2000
0
Шілденің 18 мен 20 аралығында ӘЭСИ делегациясы жұмыстық іссапармен Иран Ислам Республикасына барып, Иран сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Іссапар 2016 жылы ӘЭСИ мен ИИР СІМ жанындағы Саяси және халықаралық зерттеулер институты (СХЗИ) арасындағы Өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Анықтама: СХЗИ – Иранның СІМ қарайтын және ИИР сыртқы саясат ведомствосын болжамдық-аналитикалық ақпараттармен қамтамасыз ететін ірі «ақыл-ой орталығы».
Шілденің 19-күні Иранның СІМ жанындағы Саяси және халықаралық зерттеулер институтында «Көлік дәліздерін дамыту аясындағы Қазақстан-Иран қарым-қатынасының болашағы» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті.
Аталмыш дөңгелек үстел жұмысына ирандық тараптан Иран Сыртқы істер министрінің кеңесшісі доктор Сейед Расул Мусави, СХЗИ ортаазиялық және кавказдық зерттеулер тобының директоры М.Пакпарвар, Иран Халықаралық қатынастар мектебінің профессоры Х.Сулейманпур, Иранның өзге де аналитикалық институттары мен ҚР ИИР-дағы Елшілігінің өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында ӘЭСИ директоры Е. Салтыбаев сөз сөйлеп, көлік коммуникациялары саласындағы Қазақстан мен Иран арасындағы екі жақты серіктестіктің болашағы туралы айтып өтті.
- Қазақстан-Түркменстан-Иран көлік дәлізі бойынша тауар айналым көлемін ұлғайту болашағы. Контейнерлердің кері бағытта да толтырылуы. Ирандық тараппен аталмыш дәлізді пайдалану бойынша жаңа келісімдерге қол жеткізу Қазақстанның ЖЖЭБ (Жібек жолының экономикалық белдеуі) бағытын алғашқылар қатарында сақтап қалуға мүмкіндік беретіні айтылды.
- Ауылшаруашылық саласында серіктестік орнату мүмкіндіктері. Қазақстандық бидайды өңдеу көлемін ұлғайту мен ҚР АӨК өзге де тауарларын ирандық нарыққа шығару жолдары қарастырылды.
- ШЫҰ форматындағы ары қарайғы өзара ықпалдастық және Иранмен серіктестікті тереңдету.
Түстен кейін СХЗИ басшылығымен, ИИР СІМ ТМД Департаментінің директоры доктор Багеримен кездесу өтті. Кездесу барысында екі ел серіктестігінің өзекті мәселелері талқыланды.
Сол күні Иран мен Еуразия зерттеу институтында (ИЕЗИ) тағы бір дөңгелек үстел өтті. Екі ел серіктестігінің ауқымды мәселелері бойынша мамандар пікір алмасты. Атап айтқанда, ИЕЗИ директорының орынбасары Давуд Киани бастаған ирандық тарап күн тәртібіне ҚР мен ИИР ауылшаруашылық пен көлік салалары бойынша серіктестік мәселелерін қойды.
Жалпы, ирандық сарапшылар екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы байланысты кеңейтуге, инвестициялық серіктестікке жағдай жасау, сонымен бірге, ашық дипломатияны жандандыруға үлкен үміт артты. Бұл бағытта ҚР мен ИИР ақыл-ой орталықтары арасында, соның ішінде Астана клуб алаңында, тығыз диалогты ұйымдастыру бойынша ауызша келісімге қол жеткізілді.
qazaquni.kz