Мәңгілік елдің рухани жаңарған кемел келбеті

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел еңсесін көтеріп, болашаққа бағыт-бағдар берген бағдарламалық мақаласы көпшіліктің көңіліне жол тауып, қалың оқырман қауымның қолдауына ие болды. Бұл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұғырнаманың бұрынғыдан өзгешелігі мен маңыздылығы неде? Президент мемлекетіміз мызғымас берік әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз бен бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз жайындағы өз көзқарастарын күллі қазақстандықтардың назарына ұсынады. Бұл ретте, Елбасы тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетеді. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнына негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытына айрықша тоқталып өтеді. Олар:

1. Бәсекеге қабілеттілік;

2. Прагматизм;

3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;

4. Білімнің салтанат құруы;

5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;

6. Сананың ашықтығы.

Ұлт Көшбасшысы осы орайда: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай... Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық» деп ұлт болам десең, ең әуелі ұлттық қодыңнан, ұлттық дүниетанымнан ажырап қалмаудың маңыздылығын ескертеді. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайтындығын тілге тиек етеді.

Ұлттың дамып, «Мәңгілік ел» қатарына қосылу үшін бірінші кезекте ұлттық кодыңды сақтай отырып, жаһандану дәуіріне өзіндік ұлттық ерекшелігімен

дендей еніп, әлем мойындар бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарына қосылу. Бұл идея Н.Ә.Назарбаевтың мағыналы мақаласында терең, жан-жақты талданып, толыққанды таразыланған. Елбасы неліктен «бәсекеге қабілетті» деген ұғымға ерекше мән береді. Аталмыш ұғымның қазақстандықтар үшін өзектілігі қандай деген заңды сауал туындайды. Президент бұл мәселелерді өзінің тағылымды тұжырымдамасында: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деп жіктеп көрсетеді. Демек, келешектің тағы бір табысты болуының белгісі – ұлттық құндылықтарымызбен бірге бәсекеге қабілеттілікті қатар дамыту екендігін түсінеміз. Ұлттық сананың жаңғырып, әлемдік өркениетке қол жеткізуі – еліміз үшін айырықша маңызды құбылыс.

Елбасы мақаласында «прагматизм» ұғымына ерекше назар аударады. Мақалада Президент: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» деп реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайтындығын мәлімдейді.

Н.Ә.Назарбаев «Ұлттық бірегейлікті сақтау» тармағында: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп бұлжымайтын екі ережені түсініп, соны басшылыққа алу қажеттілігін атап көрсетеді. «Білімнің салтанат құруы» тармағында: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» дейді. Елбасы білім беру мен тәрбие саласына үлкен басымдық беріп отыр. Өйткені, әлемдік өркениетке еніп, дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін оған білім, ғылым арқылы ғана қол жеткізе алатынымызға ерекше мін береді. Ақиқатында да білім мен ғылым өркениетке жетелеп, жаһандық бәсеке бәйгесінің межесіне жеткізетін құндылығымыз.

«Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» бағдарында: «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір

қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс» деп болашаққа жол сілтеген ой-толғамдарымен бөліседі. Тарихтың шындығын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білудің рөліне де тоқталады. Сол себепті әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, әрбір жеке тұлғаның да, бүгінгі таңдағы тәрбие мен білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұ-мысының бір бөлігі екендігі анық.

«Сананың ашықтығы» тармағында келелі ой-пікірлер қазығы қадалып, жарқын болашаққа нақтылы ұсынымдар мен қағидалар қарастырылады. Мәселен, таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз, адами қатынас тәсілдері, барлығы түбегейлі өзгеруі мүмкін екендігін тілге тиек етіліп, қазақстандықтардың әрдайым осы түбірлі өзгерістерге дайын болу қажеттілігі ескеріледі. Бұл – баршамызды ойландырып, толғандыратын өзекті мәселе. Жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты ретінде осындай аталмыш ауқымды мәселелерге немқұрайлы қарамау қажеттілігі туындайды. Елбасы айтқандай: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі». Ендігі рухани жаңғыруымыз өткен кезеңдегі олқылықтарымыздың орнын толтырып, кемелді келешекке игілікті табыспен, жемісті жетістіктермен қадам басуымызға бағыт беретін қозғаушы күш деп білеміз.

Қазақстандық патриотизм – әрбір отандастың жүрегіндегі отансүйгіш рухты оятып, көтеріп, айналасына, қоршаған қоғамына пайда келтіруі. Қазақстандық патриотизм – әрбір қазақстандықтардың болмысындағы адами асқақ сезім, күш, жігер, ұлттық рух, рухани құндылық. Жүрегін жарып шыққан асыл сезімдері отандастарымыздың Отанға деген адалдығымен, жауапкершілігімен, азаматтық айбынынмен аспандай түседі. «Мәңгілік ел» идеясынан бастау алған қазақстандық патриотизм күші ұлтымызды ұлтсыздану мен рухсызданудан сақтап, елдік мұраттар мен отаншылдық ойларға бастайды.

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Тәуелсіздік – бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың жемісі. Бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар, ертеңгі өміріміз – Қазақстанның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары. Тәуелсіз болу – өз тағдырыңа жауап беру деген сөз. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты. Қазақстандық әрбір азамат тәуелсіздік кепілі бола білуі, оның жүгін сезіне білуі, сондай-ақ сол жолда тер төгуі тиіс. Келешегіміздің кемелді, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Өйткені олар – «ертеңімізді жасайтын бүгініміз». Жастарға деген үлкен сенім мен зор үміттің артылатыны бесенеден белгілі. Елдің қуаты мен қозғаушы күші де – осы жастар. Сондықтан да жастардың сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие алып, салауатты әрі саламатты болып өсуі – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты

саясатының нәтижесі. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда. Осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңдағы негізгі стратегиялық бағыттар. Тоғыз жолдың торабындағы алпауыт елдер қатарындағы мемлекетімізді әлем жұртшылығы құрметтейді. Елбасымыз Қазақстанның 25 жылда биік тұғырға көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты. Н.Ә.Назарбаев тек Қазақстанмен көршілес аймақтарда ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын көрнекті, беделді тұлға.

Елбасымыздың Қарулы Күштерді құрудан бастау алып, Қорғаныс ведомствомыздың толыққанды әрекет етуіне негізделген тарихи маңызы зор құжаттарға қол қоюы ауызға алдымен оралары анық. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұдан басқа да шебер стратегтігі мен сарабдал саясаткерлігіне ерекше тоқталып өткім келеді. Бұл қасиеттері неден көрініс табады десеңіз, ол – біріншіден, сындарлы тұста әскери кадр тапшылығы мен әскери қару-жарақ жетіспеушілігі мәселесін тарихи салыстырмалы тұрғыдан оперативті түрде шеше білу шеберлігінен көрінді.

Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алысты болжай білетін сұңғыла саясаткер екендігінің басты айғақтарының тағы бірі – мемлекетіміздің өз Қарулы Күштеріне тұрақты көңіл бөліп, қолайлы жағдай жасауында. Армияны қаржыландыру соңғы уақытта ұдайы және үздіксіз өсіп келеді. Әскери қызметшілердің әлеуметтік әл-ауқатын арттырып, жоғары білікті әскери кадрлар тапшылығының алдын алуы да біле білген адамға үлкен көрегендік. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу міндетін жалпы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды істердің бірі екендігін ұғына білуіміз қажет. Адамзат баласы жаһандану мен ақпарат дәуіріне аяқ басты. Қазіргі тәрбие мен білім берудің негізгі бағыты – таным мен шығармашылыққа басымдық беру. Әрбір әскери қызметшілер мен әскери жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастарымызды құқықтық сауаттандыру, олардың жан-жақты және көшбасшылық қасиеттерін дамыту, білім мен ғылым жолында сапалы, кәсіби білім беру, сонымен қатар алған білімдерін үнемі тәжірибемен ұштастырып отыру бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі деп санаймын.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл бағытта «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынады. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ...Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады» деп аталмыш бағдарламаның қазақстандық патриотизмді дамытудағы алып есіктің алтын кілті екендігін айшықтайды.

Жастардың жүрегіне жігер, намысына от, көңіліне елдік мақсаттарға бастар ізгі ой, батыл қадам берген Президент мақаласының әрбір тармағы салиқалы пікір мен парасатты түйіндерге құрылған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елдік мүддеге, елдік асыл мұраттарға жетелеп, қазақстандық патриотизмді гүлдендіруде басыңқы қызмет атқаратын әскери салаға да, әскери саланың мамандарына да Елбасы бағдары үлкен қозғаушы күш ретінде рух беріп, ел игілігі үшін алдағы уақытта атқарылар жемісті қызметке жол нұсқайды. Әскери саланың мамандары да Елбасының алыстан көздеп, нысанаға дөп тигізетін салмақты ой-тұжырымдары мен болашаққа бағыттаған бағдарлары мен ауқымды, жүйелі жобаларына қолдау көрсетеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұғырнамасының мемлекеттік тілде жарияланып, көпшіліктің қуанышын еселеген сәттері ел болмысына шуақ шашып, ширек ғасырдан асқан тәуелсіздігіміз бен азаттығымыздың үлкен жеңісі мен жемісін тағы бір есімізге салды. Аталмыш мақала шынайы ұлттық жаңғыруға бастайтын, ұлтты сүюге үндеп, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға басымдық беретін тарихи мәні бар құнды құжат. Мақаланың қорытынды бөлімінде: «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін» деп, Елбасы күллі отандастарымызға үкілі үмітпен қарап, келешекке кемел оймен үн тастайды. Олай болса, «Мәңгілік ел» болып, әлем таныған табысты мемлекет болу бағдарында баршамыз бірлік байрағы астында бірігіп, ұлтқа деген ұлағатты оймен жұмыла жұмыс жасайық!

Тәуелсіз еліміздің нұрлы аспанын елдігімізбен, көпке үлгі болған ерлігімізбен әрі азаматтық асыл қасиеттерімізбен ажарландырып, санасы тәуелсіз, ойы айқын, халықтық құндылықтарын бойына сіңіріп, әлемдік өркениетке ұласқан, ұлт мүддесін заңғарға көтерген «Мәңгілік елдің» рухани жаңарған тұғырлы тұлғасы болып, кемелденген келбеті үшін қызмет ете берейік!

Қайрат Садықов,

генерал-майор

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері

Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары,

Тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі

бас басқармасының бастығы