Мұстафа ШОҚАЙ ҚАЗАҚ ҚҰРЫЛТАЙЫНАН ДА ҚАҒЫС ҚАЛДЫ

Яшар ДИНЧ, жеке кәсіпкер, «Мұстафа Шоқай. Қазақ-Француз достығы ұйымының» президенті: яшар

– Қайда тудыңыз? Қазақ­станнан қандай себептермен көштіңіздер? Қазіргі Қазақ­стан­дағы жағдайларыңыз туралы айтсаңыз... – 1949 жылы Пәкістанның Мардан деген қаласында дүниеге келдім. Әке-шешеміз ашаршылық жылдарында Қытай, Үндістан, Пәкістанды аралап, 1952 жылы Түркияға келген. Сонда тұрақтадық. Түркия, Израиль, Қазақстан ұлттарын ие шыққан үш дәулет бар. Мұны әр сұхбатымда айтып жүрмін. Өз басым Түркияда білім алып, сонда әскерде болдым. Содан кейін 1971 жылы Францияның Париж қаласына көшіп келдім. Кәсіпкерлікпен барып, екі-үш жылда қайта оралам деп едім, оған бұйрық болмай, сонда жұмыстармен тұрақтап қалдым. Балаларым ер жетіп, оқу бітіріп, сол Парижде өсіп-өнді. Олар үш мәдениеттің тізгінін ұстаған: Түркия, Франция және Қазақстан. Ал қазақ мәдениеті мен әдебиеті, дәстүрі әлемде теңдессіз бай екенін мен мойындадым және оған қуанамын. Содан 2007 жылы Қазақстанға келдім. Көші-қон бағдарламасымен келгенім жоқ. Алдында айтып кеткен тағы бір дәулетім Израильге өз отандасы барса ондағы билік көмек ретінде 50 мың доллар көмек береді. Ал Қазақстанда үй береді, жер береді, жағдайды жақсартамыз деді, одан ешқандай нәтиже болмады. Мәселе мынада, Қазақстан маған не береді деп келгенім жоқ, керісінше, мен Қазақстанға не бере аламын деп келдім. Менің балаларым бар, өздерінің кәсіптері де, қызметтері де бар. Мен де шағын кәсіпкерлікпен енді осында қызмет жасайын десем, алдымыздан кес-кестеп, жолымызды ашпай жатыр. Бар-жоғы екі-үш қана гүл сататын дүңгіршек ашып едім, жергілікті әкімшілік жауып тастады. Жаңа бизнес көздеріне жоғары жақтан көмектер көрсетіліп, қаржылай қамтамасыз етіледі деп заңдар шықты. Оның ешқайсысын да көре алмадық. Кім, қайдан, қалай береді, мұның барлығын ашып-ашып айтулары керек. – «Мұстафа Шоқай» атындағы қордың президенті екеніңізді білеміз. Қордың басты мақсаттары мен бағдарламаларымен таныстырып өтсеңіз... – Мұстафа Шоқай атамыз 1921 жылы Францияға барған бірінші қазақ қой. Қазақтың егемендігі, азаттығы үшін шалғайда күрескен азамат. Сол кісі жайлы зерттеу жұмыстарын жасап, 2005 жылы «Мұстафа Шоқай. Қазақ-Француз достық қо­ғамы» деген қоғам құрдым. Құрылғалы бері әкімшілікпен тығыз байланысты болып, 30 шаршы метр ауданда Мұстафа Шоқайға ескерткіш қойғыздық. Оны елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы Францияға арнайы сапарындағы бағдарламасы арқылы қойғыздық. Ескерткіш мүсіннің ашылу салтанатында Қазақстан Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің өз қолымен ашылғандығын біз мақтаныш көреміз. Үлкен абырой санаймыз. Неге десеңіз, ескерткіштің түп-мәнін, қандай да қызметтер беретінін айтпау кетуге болмайды. Ескерткішке Франция жұртшылығы қарайды, ұлты кім, нені насихаттады, қашан туды, міне, осындайда бүкіл әлем жұртшылығы Қазақстанға назары ауады. Францияны екінші отаны санаған Мұстафа Шоқай қазірде Францияның да мақтанышы. Сол уақытта ерлігі үшін атамызға үй берілген екен. Мәриям Шоқай апамыз да қазір сол жерде жерленген. Қазір қабіріне үлкен жөндеу жұмыстарын жасау туралы мәселе қозғап жатырмыз. Қызылордадағы әкім орынбасары Мұрат Мұхамедов бауырымыз бен Мұстафа Шоқай қорының бастығы Базарбай Атабай және Амангелді Келембаев деген жігіттер келіп, Мәриям апаның қабірінің уақытын 50 жылға ұзартып қойды. «Мұстафа Шоқай. Қазақ-Француз достығы ұйы­мы» екі ел арасындағы қатынас болып, біз Францияға өз мәдениетімізді паш еттік. Франция қазақтарының құ­рылтайын екі жылда бір өткізіп тұрамыз. Ондағы басты мақсатымыз – ұл-қыздарымыз француз не басқа ұлт өкілдерімен шаңырақ көтеріп, ұрпағымыздың ұлттық болмысынан айырылып қалуына жол бермеу. Мұстафа Шоқай тұрған қалашықтың музейінде қазір Мұстафа Шоқай арнайы бұрышы бар. Бұл қабырғада көптеген суреттері мен жеке заттары қойылған. Оның ішінде еліміздің әнұраны мен туы да бар. Менің бір таң қалатыным, Қазақстанда Мұстафа Шоқай атындағы бірде бір көше жоқ. Кеңсай тұсында тар бір көше бар, соған беріпті-мыс. Шетелдегі қазақтар тарапынан ұсынарым, елордамыз Астанада арнайы бір көше аты беріліп, арнайы бір ескерткіш қойылса деген. Қызылорда әуежайын Мұстафа Шоқай әуежайы деп аталса қандай тамаша болар еді. Мұстафа атамыздың әруағын сыйлауымыз осы игі істерден көрінбек... – Жақында әлем қазақта­рының ІV құрылтайы өткелі жатыр. Бұл іс-шараның өткен жолы мен қазіргі беталысы жайлы пікіріңізбен бөліссеңіз. Ұйымдарыңызбен өзара ара-қатынасы қалай? – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төра­ға­сы­ның бірінші орынбасары Талғат мырза «біз шетелдегі ағайынмен күнде байланыс жасап отырмыз» деп өтірік айтады. Бізбен ешқандай да қатынасы жоқ. Әуелі білмейтін де шығар. Әлем қазақтарының ІV құрылтайына бізді, яғни «Мұстафа Шоқай. Қазақ-Француз қоғамын» шақырмағаны бізді емес, Мұстафа Шоқайды танымағаны. Кемінде сыйламағаны. Мен оның алдына кіріп өзімізді таныстырсам да ол тыңдамады, тыңдағысы келмеді. Кезінде Мұстафа Шоқай туралы үн көтерген марқұм Қалдарбек еді. Ал, мына адамның түрі мынау. Кеудемнен итергендей болып шығарып салды. Мені емес, шеттегі қазақты, Мұстафа Шоқайды итеріп шығарғандай күй кештім. – Біз Мамашевты Еуропа қазақтарына таныстырып, кіші құрылтайлар ұйымдастыруына жәрдемдесіп келдік. Ол жақта бізді алдап, бұл жақта Елбасын алдап, арада жүрген нашар адам екенін білмеппіз. Біздің мақсатымыз

– қазақтың мақсаты, мүддесі болғандықтан құрылтайдың бағдарламасымен сәйкес­тен­бей қалды ма? Бұл дегеніміз масқара ғой. Біз оның ойлағанындай адам емес шығармыз. Әлде қарсы мүддешілдік топ бар ма? Біз осыны ұқпаймыз. Қауымдастықтың жұмысы дұрыс болмаған соң шеттегі қазақтар Қазақстаннан суынды. Енді міне, құрылтайға да көңіліміздің риза болмай отырғандығы жасырын емес. – «Сырт көз сыншы». Бұл халықтың сөзі. Елбасы істеріне іргедегі қазақтар қандай баға айтады? – Мен өз басым Елбасымызға ризамын. Бұл адам он-он бес жыл бұрын Францияға барғанда, ол кезде Франция басшысы Жак Ширак еді, сол кісімен сөйлескені бар: «Сіздердің жерде біздің отандастар бар, оларға деген көзқарастарыңыз жақсы болғай, біздің елде де француздар біз де тап солай сыйлайтын боламыз»-деп. Міне, осы бір ыстық ықыласты сөзін әлі есіме сақтап келемін. Елбасымыз туралы сыңаржақ әлде қате түсінікпен айтылатын көптеген ғайбат сөздер бар. Ал президент Қазақстанды әлемге барынша таныта білген адам. Қазақстандағы жағдай өте жақсы, себебі әркім өз тілінде, өз дінінде болуға демократиялық көзқарасы бар. 1998 жылғы Қазақстанмен қазіргі Қазақстанды мүлдем салыстыруға келмейді. Еліміз зор қарқынмен дамыған. Ал Алла бұйыртса 2030-да Қазақстан көптеген жетістіктерді бағындырады деп ойлаймын. – Жеке кәсібіңіз жайлы бірер сөз... – Қазір бір кісі, яғни жалғыз кісі бизнеспен айналыса алмайды деген де сыбысты естимін. Бұл қате пікір. Мәселен, мен қазірде 5-6 адамға айлық бере алатындай жағдайым бар. Ал қазір төрт емес, қырық кісіге де айлық бере алатын жағдай жасайын десем, жолымды қиып отыр. Мәселен, Азияда өткен тұста ұйымдастыру алқасы келіп, сіздің дүңгіршектің сән-болмысы сәйкес емес, сондықтан жабамыз, барып тұрған ұлтшылдық деп, көсемсіді. Мен қазіргі заманғы жейделерге ежелгі батырларымыздың бейнесін қойып, барынша көркем етіп сатуға салып жатырмын. Егер осы идеяға көптеген компаниялардың қызығушылығы туып жатса маған хабарласса әбден болады. (Яшар Динч - 8 705 679 08 64, 8 702 864 56 11 А. Қ.) Себебі бірлесіп жұмыс жасау ол – осындағы ескі жұрт бауырлармен бірігуім деп санаймын. Бірлік жоқ жерде тірлік те жоқ. Мысалы еуропада әлде Америка елдерінде осы жейделерге өздерінің батырларын, қолдан жасалған, ойдан шығарылған кейіпкерлерін қойып, мәз болып жатады. Ал біздің батырлар шүбәсіз шын мақтаныш. Біріншіден, тұлғаларымызды жас ұрпақтар танысын, екіншіден, Атилла, Бейбарыс Сұлтан, Қобыланды батыр, Қабанбай батырлардың әлемге аты шықсын деген оймен шығарып отырмын. Қазіргі жағдайым туралы Франциядағы балаларым, достарым сұрап жатады. Мен айтуға ұяламын. Себебі жаман десем, өз елімді өзім сыбап отырғандаймын, ал жақсы десем шылғи өтірік болып шыға келеді. Қазір Алматы қаласының маңындағы Ұзынағаш елді-мекенінде тұ­рып жатырмын. Бірақ әзірше өз баспанам да, жерім де жоқ. Пәтер жалдап тұрып жатырмын. – «Жастар бұзылған», «Майдаланып барамыз» сарынындағы үлкендер сөзі әке мен бала теориясын өршітіп, өзара алшақтықты сездіретіні рас. Сіздіңше қазақ жастары қандай? – Жастар туралы сөз қозғасақ, мен жұма сайын мешітке барамын. Сонда көретінім ылғи жастар. Бар-жоғы 3-4 қана қарияларды ғана көремін. Бұл не деген сөз, бұл жүректегі иманның тазаланып, жақсылық нышанының көтерілісі. Меніңше, жас­тардың болашағы жарқын, неге десеңіз, бізде тектілік бар, жеті атаны қуамыз, бұрымдыларымыз бен тұлым­дыларымыз өте әдемі. Мен әлемнің жартысын араласам да мұндай сұлу елді көрмеппін. Мен келгенде жастардың ізеттілігіне таң қалдым. Үлкен кісі келсе тұра кеп орын береді, қателігін айтып ұрысса үнсіз ғана көтеріп, сабырмен шешеді екен. Бұл таным-тәрбиеден келіп отыр. Айтпай кетпеске болмайтын тіл мәселесі жайлы толғанып көрсеңіз... Тіл мәселесіне келгенде, менің айтарым, қазақ болған жерде қазақ тілі де болады. «Ойбай, тек қана қазақ тілі болады!» деуге де болмайды. Себебі бір тіл – бір кісі, екі тіл – екі кісі. Сен мейлі қазақты да, мейлі ағылшынды да білсең, ол сенің бағың. Тіл мәселесін көтеріп, біршама қозғалыстар болғаны рас, ендігіде аузы күйген үріп ішеді демекші, жоғарыда отырған ағалар тілге енжарлықпен қарауын қояды деп ойлаймын. Айта берсек, оған себептер де көп секілді... – Рахмет.

Әңгімелескен Ардақ ҚҰЛТАЙ