Соны серпіліс пен тың түлеу – рухани жаңару аясында
2017 ж. 22 шілде
3721
26
Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырға жуық мерзім өтті, зымыран уақыттың желісінде Қазақстан халқы тар жол, тайғақ кешулерден өте отырып, көптеген толағай табыстар мен жемісті жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде қабырғамызды қатайтып, қорғанысымызды бекітіп, мығымдап, айдай әлемге өзіміздің айбынды кескін-келбетімізді танытып, Мәңгілік ел болуға қарышты қадам жасадық. Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу деген асыл да биік арманның арғымағына мініп, алысқа, көз жетпес қиянға қырандай қанат қағып, осы жолда рухани түлеп, жаңғыруға һәм жаңаруға бет алдық. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі төрткүл дүниеде ұлттық сана-сезімімізді жетілдіріп, құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтай отырып, жаһандану атты үдеріске жұтылып кетпей, оны батыл шешімдермен, жасымас жігердей, өткір мінезбен қарсы алдық.
Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы мен кемелді келешегінің қамын ойлаған Елбасы ұлтқа арналған маңызды құжат, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Аталмыш мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз... Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деп баяндады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – ұлттық идеологиялық бағытымыздың қайнар көзі. Ұлттық дамуымыздың негізі болған аталмыш тұғырнама Елбасының ой әлемінде сан мәрте таразыға тартылып, сан жылдардан бері пісіп-жетіліп, парасаттылықпенен қорытындыланып, тағылыммен тұжырымдалған ойлы да жүйелі дүние. Өйткені, осы уақытқа дейінгі еліміздегі жүзеге асырылған ірі-ірі стратегиялық бағдарламалардың барлығы рет-ретімен сапалы және сәтті түрде жүзеге асырылып келеді. Елбасымыздың өзі рухани жаңғыруды жариялап, идеологиялық ұстынның қадау-қадау қазықтарын қағып, елдің өткені мен болашағын қырағылықпен болжап, шешімдерін шегелеп берді.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп елдің ұлттық-рухани тамырына, ұлттық код мәселесіне ой жүгіртеді. Оның ішінде халықтың ұлттық сана-сезімі мен дүниатанымы, қалыптасқан кодын сақтай отырып, алға жылжып, жаңғыруы – бүгінгі дәуір талабы. Елбасы болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатындығы жайында әрі әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керектігін тілге тиек етеді. Сондай-ақ компьютерлік
сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлардың бәрі әрбір жеке тұлғаның алға басуына қажетті алғышарттар екендігін айшықтайды. «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс... Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп түйін жасайды.
Еліміздің болашақ бағдарының оң болуы үшін Президент «прагматизм» сөзіне көңіл бөлуді ұсынады. Мақалада Елбасы: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы» деп түсіндіреді. Ұлт Көшбасшысы осы мақаласы арқылы Қазақстан халқының мінезін, ұлттық бірегейлікті сақтауды, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуді, ұлттық болмыстың өзегін сақтауды, ел сындарлы ұлттық басымдықтарды қамтып, ұлттың мәдени кодын көрсетеді. Елбасының мақаласында белгіленген бағдарламалық мақсаттарды іске асыру жастарда патриотизммен азаматтық ұқсастық сезімін одан бетер нығайтады.
Н.Ә. Назарбаев жаңғыру ұғымының аясында мейілінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын адамға пайдасы жоқ кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу қажеттілігін түсіндіреді. Оған мысал ретінде жершілдікті дәлелге ала отырып, өзіңнің біртұтас ұлттың перзенті екенімізді ұмытуға болмайтындығын қазақстандықтардың есіне салады. «Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» дейді Елбасы. Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап ететіндігін мәлімдейді.Әрі өзі атаған осы нақты жобаларды көпшіліктің назарына ұсынады: «Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс. Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады. Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз». Соның ішінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алуды тапсырғанын білеміз. Президент əлемдегі ең жақсы 100 оқулықты əртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударуға тапсырма берген. «2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз»
деді. Шындығын айтқанда, бұл ірі жобаларды іске асыру жағы бүгінде басталып та кетті. Елбасының тапсырмасымен Ұлттық аударма бюросы құрылды, биылдың өзінде философия, мəдениеттану, тіл ғылымы саласындағы 17 оқулық оқырманға жол тартпақшы.Бұл кітаптардың дені ағылшын, француз тілдерінен, яғни түпнұсқа тілдерден аударылуда. Олардың кейбірі күні бүгінге дейін орыс тіліне де аударылмаған екен. Бүгінгі таңда аталмыш мәселені əл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Сүлейман Демирел университеті, Жоғары оқу орындарының қауымдастығы сияқты жоғары оқу орындары атқаруда. Бұл бағдарлама аясында, ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім беріледі, осылайша білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярланады. Бұл арқылы мамандар прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады.
Біздің ойымызша, осы 100 оқулық мемлекеттік тіліміздің қолданысын кеңейтетін болашақтың бастамасы болары анық. Бұл алдымен қазақ тілінде білім алудың маңыздылығын айқындап, мемлекеттік тіліміздің қуаттануына, тереңнен тамыр жаюына мүмкіндік туғызады. Елбасы мақаласының«Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімінде алда атқарылар бірнеше жобалар нақты көрсетіледі: «Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек». Елбасы назарынан «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасыда қалыс қалмаған. Мақалада туған жер жайында, оны көркейту бағыттарына қатысты көптеген шешімдері мен ұсыныстарын, жобаларын дайындаған. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатынын айта келе, туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласатындығын ерекше асқақ, терең сезіммен түйіндеген. «Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек. Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс.Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет» дейді. Ақиқатында да туған жеріңді танымау, тарихыңды түсінбеу – ұлттық кодыңнан ажырап, рухсыздану әрі ұлтсыздану деген ұғым. Сайын даланың төсіндегі тұлпарлар дүбірімен тарихын таңбалап, ерлік рухын көтеріп, күн астында жортатын қайсарлық пен даналықтың үлгісі болған бабалардың айшықты іздері – бүгінгі біздің «Мәңгілік елге» баратын бағдаршамымыз бен ұлттық бағытымыз. Өйткені, «Мәңгілік ел» идеясының өзі өткеннен қалған өнеге, тарихтың тұма тұнығынан бастау алған ілкі идея, «Түркі халқы үшін Түн ұйықтамай, Күндіз отырмаған» тәлімді Тоныкөктей бабалардың сара жолы. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ХХІ ғасырда
ұлттық сананы айқындайтын және қоғамдық сананы өзгерту жолдарының басты бағыттарын белгілеп, ұлтқа соны серпіліс пен тың түлеу, рухани жаңару әкелетін дүниетанымдық-идеологиялық мақала деп түйіндейміз.
Дінмұхаммет Бегулиев
Радиоэлектроника және байланыс
әскери-инженерлік институты тәрбие және
идеологиялық жұмыстар бөлімінің
(қоғаммен байланыс жұмыстары бойынша)
аға офицері, Әділет капитаны