Муза әлемінің мұзарты «МузАрт» мұзбалақтарына он жыл!

музарт

Бүгінде қазақ эстрадасының көгінде жұлдыздары жарқырап, көпшіліктің көзайымына айналған «МузАрт» тобының құрылғанына биыл 10 жыл толыпты. Осы уақыт аралығында тыңдармандарына әсем әндер сыйлап жүрген «МузАрт» тобының өнер сүйер қауым үшін алатын орны ерекше. Аталмыш топ өнер әлемінде өз орнын тауып, халықтың үлкен қошеметіне бөленіп, көпшіліктің қуанышына айналып үлгерді. Біздің елімізде бір рет жарқ етіп, ертесіне-ақ ұмыт болып жататын ән де, әншілер де аз емес. Дегенмен, қазіргі таңда, қазақ эстрадасындағы әншілердің көпшілігі өздерінің әндерін ертеңгі ұрпаққа асыл мұра болып қалу үшін көп еңбекті қажет ететіндігін жақсы біледі. Осы мақсатта, өзге топтардың арасынан аталмыш топтың суырылып алға шығып, үнемі ізденіс үстінде жүретіндігін айтпай кету мүмкін емес. Жанашыр халық олардың әрбір қадамына жіті қадағалап, қандай жаңалықтардың орын алып жатқанынан үнемі хабардар болып отырғысы келеді. Сондықтан да «Муз Арт» тобының құрылғанынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі шығармышылығы мен жеткен жетістіктері жайында айтып өткенді жөн санадық.

«МузАрт» тобы 2001 жылы сәуір айында құрылған болатын. «МузАрт» - көне түркі тілінен шыққан, «УЗ» – сал, сері, тағы сол сияқты ер азаматқа тән қасиеттерді, ал «АРТ» - биік, шың, тау деген мағынаны білдіреді екен. Құрылғанына биыл он жылдың жүзі болған топтың бүгінде Қазақстанды ғана емес, алыс - жақын шет елдерде де өз тыңдаушыларын тапқан әншілер. Топ мүшелерінің айтуына қарағанда алғашқы құрылған кездері «МузАрт»-тың жетістігі бүгінгідей болады деп ойламаған сыңайлы. Ең алғашқы орындаған әндері Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Қанат Ибраимовтың «Сенің көзің» деген әні. Ол әнді студент кездерінде жатақхана көлемінде ұйымдастырылған кештерде айтып жүрген. Содан, ол әнді көпшілік тыңдарманға ұсынып көрейік деген ниетпен орындаған. Айлары оңынан туып, көпшілік қауым әнді жақсы қабылдап, одан кейін Нұрғиса Тілендиев атамыздың Қадыр Мырзалиевтың сөзіне жазылған «Өз елім» деген әнін орындап, шығармашылық жұмыстарын жалғастырып кеткен. Содан біршама әндерді жарыққа шығарып, 2003 жылы Мұзарт тобы «Өз елім» атты алғашқы жеке концертін берген болатын. Құрамына Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев және Мақсат Базарбаев кірген топ барша Қазақстанға танымал болғаннан кейін, 2004 жылы алғашқы шет елдік сапарларын бастап кеткен. Ал 2006 жылы Туркия еліне өздерінің жеке концертін беріп, тыңдармандарын тағы бір серпілтіп тастады. Одан бері де «Мұзарт» тобында біршама өзгерістер орын алғандығын халық жақсы біледі. 2005 жылы топтың құрамындағы Мақсат Базарбаев жеке әншелікке бет бұрып, оның орнына Кенжебек Жанәбілов келді. Онымен қоймай, 2008 жылы «Музарт» тобының құрамына жанды дауыста ән шырқау мақсатында шынайы аспаптар сүйемелдейтін музыканттар алынып, вокалдық-инструменталдық ансамбльге кеңейтілді. 2008 жылдың мамыр айында «МузАрт» ансамблінің есеп беру концерті өткізілді. Екі күнге жоспарлаған ан­самбльдің тыңдармандардың сұранысы бойынша концерттерін қатарынан үш күн жоғары дәрежеде өткізді. Жігіттер өнерлерін тек жанды дауыста көрсетті. Осы есеп беру концертінен кейін Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының сегіз қаласына ән сапармен шарлап қайтты. Концерттерін ел ыстық ықыласпен қабылдады. Сонымен қатар, сол жылы 14-желтоқсанында Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында «МузАрт» ансамблі Санкт-Петербургте өзінің жеке концертін беріп қайтты. Үнемі халықтың ықыласына бөленіп, сұранысына ие болып жүрген топтың еңбектері бағаланып, осы уақыт аралығында көптеген жетістіктерге жетті. Мәселен, Қазақ радиосының «Ән таң­дайық» бағдарламасында «Айдың үздік орындаушысы» деп танылған дипломмен марапатталды. Осындай жемісті шығармашылық еңбегі үшін «МузАРТ» тобы әншілері: – Бесбаев Мейрамбек Әбіләшімұлы, Майғазиев Сәкен Қордабайұлы, Жанәбілов Кенжебек Тұрсынбайұлы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегерлері болып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері атанды. Он жыл, әрине аз уақыт емес. Десе де осы жылдар ішінде талай оқиғаны бастан кешіріп, тығырыққа тіреліп те, өсек-аяңның жетегінде желбіреп те, жүргенімен, жарқын жетістіктерге жетіп келеді. Өнер ордасы, үлкен «Орман» тәрізді. Өйткені, орманда сан мыңдаған ағаштар өсіп, жетіледі. Кейбір ағаштар әлсіз, өз-өзіне сенімсіз, алға ұмтылуға қауқарсыз болады. Әрине, оларға шамалы жел тиіп, самал өпсе болғаны бұтағы сынып, соңында қурап қалады. Ал, мәңгі жайқалып, өз реңін бермей тұратын жасыл шыршаны алып қарасақ, күннің ыстығында да, суығында да жап-жасыл түске боялып, адамның көңіліне қуаныш ұялатады. «МузАрт» тобы да, сол жасыл шырша іспеттес. Қайда жүрсе де, жан біткенді әсем әуендерімен тербетіп, тыңдарманның жүрегінен жол табуда. Осылай үнемі биіктің шыңында жүрген топ, он жылды артқа тастап, енді есеп беру концерттерін бастап кетті. Ең бірінші Елордамыз Астана қаласында 27 сәуір күні «Қазақстан» орталық концерт залында мерейтойлық концертерін дүрілдетіп өткізді. Халықтың ықыласында шек болған жоқ десе де болады. Әрине, бұл тек бір қаламен шектелмейтін шығар. Астанадағы мерекелік күндердің жалғасы басқа өңірлерде де болады деп үміттенеміз. Себебі, өзге өңірлерде олардың өнеріне сусап, сағынып жүрген тыңдармандарда есеп жоқ.. Дәл қазiргiдей уақытта жас ұрпақтың бойындағы қазақылық пен ұлттық рухты жоғалтпай ұстап қалатын мағыналы да, мәнді әндер. Жас буын өкілдерінің барлығы дерлік махаббаттың мың соқпағын жол қылған түрлі әндерді тыңдап, алдамшы сезіммен ғана алданып жүрген уақытта «Муз Арт» тобының терең мағыналы әндерін тыңдауды әдетке айналдырып келеді. Мысалы, «Үш қоңыр» сынды әнді жас буын өкілдері де, орта буын өкілдері де тіпті еңкейген қариямызға дейін тыңдап қана қоймай, сөздерін жаттап ыңылдап айтып жүреді. «Әннің де естісі бар, есері бар» деген осы болар, есті әндер халық есінде мәңгі сақталады. Сондықтан да «МузАрт» тобы халық сүйіспеншілігіне бөлене бермек.

Әсел ЫРЗАЕВА

Мерейтойлық концерт Алматыда жалғасу керек... Бірақ үлкен концерт өткізетін орын жоқ болып тұр...

Сәкен МАЙҒАЗИЕВ: майгазиев

Биыл 10 жыл толып отырған, эстрада әлемінде жарық жұлдызға айналған «МузАрт» ансамблінің ендігі болашағы қандай болмақ? Топтың болашағы әрі қарай қалай болатынын бір Алла біледі. Әрине, алдағы уақытта «МузАрт» 40 жылдығын, 50 жылдығын атап өткелі жатыр дегенге не жетсін. Болашаққа жоспарымыз көп. Алланың қалауымен осы ниетімізді жүзеге асырсақ деген ойымыз бар. Таяуда берілген мерейтой­ла­рыңыз қалай өтті? Көңілде­ріңіз­ден шықты ма? Жалпы ойлаған дүние­леріңізді халыққа көрсете алдыңыз­дар ма? Аллаға шүкір. Концерттің қалай өткенін халықтың ыстық ықыласынан білуге болатын шығар. Жаман өтпеген сияқты. Әттең осылай жасау керек еді дейтін жерлер болды. Бірақ халық арасынан жаман әңгімелер естіген жоқпыз Концерт жанды дауыста өтті ме? 100 пайыз. Яғни толығымен жанды дауыста өтті. Несімен ерекшеленді? Осы он жылдық тарихымызда барлығы 46 ән жазылған. Ол әннің бәрін орындасақ, концерт төрт са­ғатқа созылып кетеді. Соның ішіне жобалап 25 әнді кіргіздік. Жиыр­ма бес әншілер бар, топтар бар, бәрімен дуэт болып орындап шықтық. Дәл осы бағдарламамен еліміздің барлық қалаларына аралап қойып шығу жоспарларыңызда бар ма? Еліміздің түпкір -түпкірін сол жиырма бес әншімен аралау мүмкін емес. Әр қайсысының өз жұмыстары бар. Қайта сол күні бәрі шашпауымызды көтеріп келіп, қол ұшын беріп, көмектерін аямағандары үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. Сол мерейтой Алматыда жалғасын табу керек деп отырмыз. Бәріңізге белгілі Алматыда үлкен концерт өткізетін жер де жоқ. Марқұм Нәбиді Аймұратов інімізді еске алу кешін М.Әуезов театрына ұйымдастырған едік. Сыртта кіре алмай қалған халықты санамағанда, тіпті қолында шақыру билеттері бар азаматтар өз орындарына отыра алмай қалды. Сондай келеңсіз жағдайларды көріп біраз ойланасың. Ол жерде үлкен кісілер де жастары да бар. 2008 жылғы есеп беру концертіміздің өзін алып қарасақ. Үш мыңдық орынға үш күнде он мыңдай адамдар келді. Тұрып тұрғандары қаншама. Соның бәрін көзімізбен көріп тұрып Студенттер сарайында жасаймыз деп айту қиын. Ондай кішкентай залда концертті бір апта қоюға тура келеді. Әйтпесе өнер ордасы, МұзАРТ тобының құрылуына себепкер болған қалада мерейтойымызды неге жасамасқа?! Студенттер сарайы тар, Республика сарайына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, спорт сарайының акустикасы нашар, жанды дауысқа келмейді. Кейбір “сыншы” сымақтар «Алматыда түлеп ұшқан топ еді, неге үлкен мерейтойларын Астанада жасады екен. Әлде «кресло» жағалап жүр ма?» деген сияқты негізсіз пікірлерін де айтып жатқан көрінеді. Біз бір мерейтойымызды Мәскеуде немесе Тәшкенде тойлап жатқандай. Біз Қазақстанның қай даласында жасасақ та жараспай ма? «Осы он жылдық кештен кейін «МұзАРТ» тобының мүшелері жеке әншілер болғалы жатыр» деген сыбыс ел арасында жүргендігі өтірік емес. Ол жайлы не айта аласыз? Алла сақтасын! Біз бірден бір намыстан құралған топтардың бі­ріміз. Тұрақты тыңдаушыларымыз бен қалың көрерменіміз барда, біз қалай тарап кетеміз. Алла ауызбіршілігімізді арттырса, алда талай белестерді бағындырып, халыққа қызмет етуден шаршамаймыз. Қазір шығып жүрген әншілерден, топтардан қайсысы ұнайды? Барлығы көңілімнен шығады десем артық болмас. Өз басым шоу-бизнестің адамы болғаннан кейін, барлық әншілердің болсын, топтардың болсын, шығар­ма­шылықтарымен таныс болып, әрдайым берген сұхбаттарынан ха­бардар болып отырамын. Жас әншілерге ақыл-кеңесімді айтып, қол ұшымды беруге тырысамын. Себебі, жаңадан аяқ басып келе жатқан жас өнерпаздарға жол сілтейтін арқасүйер адам керек. Айта берсем, өте көп. Барлығы да өздігімен ерекше, халықтың ықы­ласына бөленіп жүрген азаматтар. «Екі жұлдызда» жүргізушілік талантыңыз да жақсы көрінді. Болашақта қазіргі көп әншілер мен әртістер секілді жүргізушілікті дамытатын ойыңыз жоқ па? Телеарналардан бағдарлама жүргізуге ұсыныстар түсіп жатады.Саясат, экономика секілді тақырыптарда бағдарлама жүргізу ойымда жоқ. Егер бағдарлама өнерге қатысты болса неге жүргізбеске? Алайда, журналистер тарапынан біреудің нанын тартып жейді деген түсініспеушіліктер туындап жатады. Әнге үш қайнаса, сорпасы қосылмайтындар да ән шырқап жүр ғой. Бірақ, Құдай сақтасын, біреудің нанын тартып жеуден аулақпыз. Бұл ұсыныстардан туындап жатқан дүние . Ал жалпы жүргізуші болуға өзім сұранған емеспін. Егер де жақсы ұсыныстар түсіп жатса, еш қарсылығым жоқ. Жақында бір телеарна музыкалық бағдарлама жүргізуімді өтінді. Ол уақыттың еншісінде. Сол кезде ақындығыңыз да байқалып қалды, өлең жазасыз ба? Өлең жазбаймын, жазуға да құлшыныс танытқан емеспін. Сауатсыз ақын болғанша, саналы оқырман болғаным абзал . Әдебиет әлеміне етене жақынмын.Үйдің бір қабырғасы ақын-жазушылардың қазыналы туындыларына толы. Сол кісілердің еңбегін бағалап, жазған жауһар жырлары мен әдемі әңгімелерін оқып тауысып алайықшы.... Оқырмандар мен тыңдармандарға тілегіңіз... Әрқашан жұртымыз аман, еліміз тыныш болсын. Алла тағала халқымызды барлық жаман­дық­тардан, табиғи апаттардан, зіл-заладан сақтасын!

Альбина Абдрахман, Гүлдана Иманбаева.

Шын сүйгендер қосылмайды дегенге сенбеймін...

Ал, туған тілін білмейтін адам анасын сыйламайды деген сөз.

Мейрамбек БЕСБАЕВ:

мейрамбек

Жалпы сіз туралы баспасөз беттерінде жазылып та, теледидарда айтылып та жүр. Дегенмен, өнерсүйер қауым «Мейрамбек Беспаев» туралы тыңдаудан да, оқудан да, көруден де жалығар емес. Сізге алғашқы сұрағым, биыл 10 жасқа толып отырған «МузАрт» осы жылдар ішінде қазақ эстрадасындағы топжарған топқа айналды. Бүгінгі «МузАрттың» мұзбалақтары осыдан он жыл бұрын қалай табысты? Топ құрылмастан бұрын біз жақсы араласатын, бір-бірімізді жақсы танитын адамдар едік. Араласа жүре бір күні біз де топ құрсақ па деген ой пайда болды. Құдайға шүкір сол ойымыз жүзеге асып, қазір тобымыздың 10 жылдық мерейтойын атап өтіп, Астанада есеп концертімізді беріп келдік. Шоу-бизнесте жүргеніңізге ұзақ уақыт болды, сіздің ойыңызша бұл салада қандай өзгерістер байқалып жатыр? Шоу-бизнес саласында баяу болса да елеулі өзгерістер болып жатыр. Жалпы, қазақ деген асықпайтын халықпыз ғой. Жайлап болса да елімізде шоу-бизнес жақсарып келе жатыр деп ойлаймын. Егер әнші болмағанда қандай мамандықтың иесі болар едіңіз? Өйткені жақында жарық көріп, оқырмандар жақсы қабылдаған «Өнеге» журналының басшысы екенсіз? Әнші болмағанда, дәрігер болар едім деп ойлаймын.Себебі, бұл менің бала кездегі арманым болатын. Жалпы, бала кезімізде барлық балалар секілді доп қудық, футболшы болуды армандадық. Кейін жастайымнан ән әлеміне араласып кеткеннен кейін, өнер жолынан басқа мені ешнәрсе қызықтырмады. Сосын шығармашылықта шыңдалу мақсатында осы саланың төңірегінде білім ала бастадым. Ал «Өнеге» журналын ашудағы мақсатымыз, қазір, не көп, шоу журналдар көбейді. Көбісі жеңіл ойлап, бетінен қалқиды. Немесе, негізсіз сынау-мінеу, көзі жетпеген оқиғаны сырттан сүйкеп жаза салу әдетке айналып барады. Біздің мақсат өнер, мәдениет тақырыбындағы басылымдарға салмақ қосып, мән-маңызы мен өнеге-танымын арттырып, тереңдік беру. Астанадағы концертімізде журналымызды жұрт таласа-тармаса алып кеткеніне қарап, ол ойымыз орындалып келеді ғой деген ойдамын. Қолыңыз жетпей қалып, өкініште қалдырған сұлулар болды ма? Жалпы жүрген қыздарыңыздың есімдері есіңізде ме? Білмеймін. Біреуге ес-түссіз ғашық болдым деп айта алмаймын. Қарамасаң өлем - күйем деген жағдайға да барған емеспін. Шыны керек көбінесе гастрольдік сапарларда жүретіндіктен менде мұндай жүрістерге аса көп уақыт та бола бермейтін. Мен сүйгеніме қосылған адаммын. Жарыма ғашық болдым. Қазір Құдайға шүкір сүйіктім қызымның анасы болып отыр. Осыған қуанам, тәубе деймін. Шын сүйгендер қосылмайды дегенге өз басым сенбеймін. Бұл деген сезімге қатты беріліп кеткен адамдардың әңгімесі деп ойлаймын. Тіпті кейбір адамдар бақытының қасында жүргенін де байқамайды. Сондықтан айтарым, қасыңдағы адамыңды бағалай білу керек. Есте қалған Қозы Көрпеш пен Баянның, Қыз Жібек пен Төлегеннің оқиғаларын алып қарасақ, бұл жандар махаббат жолында күресіп өткендер. Ал қазір Құдайға шүкір, сүйгеніне қосылуға аса күрделі қиындықтар кездесіп жатқан жоқ. Өміріңізде ұмытылмастай ренжітіп қойған адамыңыз... Шыны керек кекшіл адам емеспін. Достар болғаннан кейін кейде ренжісіп қаласың, қайта табысасың. Бірақ артынан ұмытып кетеміз. Өз басым адамдарды ренжітпеуге тырысамын. Жұбайыңыз Мархабатпен болған қызықты оқиғаңыз есіңізде ме? Бізге қызымызбен болып жатқан тірліктердің барлығы қызық. Балдай тәтті тілімен сөйлеген әрбір сөзі бізге қуаныш сыйлайды. Барлық кезде де Кәусәрымыздың тәттілігін айтып отырамыз. Ал біздің махаббатымыз кәдімгі ел қатарлы. Ерекше есте қаларлықтай ауыз толтырып айтатын оқиға есімде жоқ. Құдайға шүкір бір-бірімізге сыйластықпен, түсіністікпен қарауға тырысамыз. Жарыңызды қаншалықты жиі еркелетесіз? Көбінесе гастрольдік сапарларда жүретіндіктен, отбасымды көп көре бермеймін. Сондықтан әбден сағынып қалғаннан кейін көрген сайын еркелетіп тұрамын. Жанкүйерлеріңізден жиі алатын сыйлық түрі... Бойдақ кезімде телефон нөмірлері жазылған түрлі хаттар жіберетін. Ал қазір көбінесе қызыма ойыншықтар сыйлап жатады. Соның бәрін міндетті түрде Кәусәрға әкеп беремін. Кейбір жанкүйерлер тарапы сізді менменшіл санайды екен... Осыдан біраз жыл бұрын ауылдық жерде концерт берген екенсіздер... Сонда сіздің өнеріңізге ғашық болған бір қыздың гүлін алмай менмендік танытқан көрінесіз. Осы рас па? Бұған не дейсіз? Қайтесің, енді бәріне жақпайсын ғой (күлді). Шыны керек бәрімен сөйлесіп отыруға, әрқайсысының көңілін табуға уақытым да жоқ. Бос уақытым бола қалса, отбасыммен, қызыммен болғанды жөн көремін. Денсаулығыма көңіл бөлемін. Өтірік мақтау дегеннен шаршаған адаммын. Кейде керек десеңіз танымайтын нөмірлер болса, телефонды алмаймын. Sms-терге де ешқашан жауап берген емеспін. Әрине, ниеттеріне алғысым шексіз. Тілектеріне рахмет. Алла разы болсын деймін. Бірақ сахнада сыйлаған гүлдерді міндетті түрде аламыз. Мүмкін, мен ол аруды байқамай қалған болармын. Сіз туралы өсек-аяндар қанша мән бермеуге тырыссаңыз да, жүрегіңізге тимей кетпей қоймайтыны айдан анық. Ал жақындарыңызға бұл жағымсыз сыбыстар қалай әсер етеді? Біз жағымсыз әңгімелердің барлығына үйренгенбіз. Жалпы, бір нәрсенің анық-қанығына көзі жетпей, көзі жетсе де бір адамның сыртынан ғайбат айту өте ауыр күнә. Мен соған абай болса екен деймін. Кез келген адам аузына, тіліне абай болып, байқап сөйлеу керек деп санаймын. «Өнер жолы-ауыр жол» демекші, алғаш шығармашылықпен айналыса бастаған сәтіңіздегі кедергілер... Бала кезімнен бастап маған ұстазым Алтынбек Қоразбаевтың үлкен септігі тиді. Осы Алтынбек ағамның арқасында шығармашылық жолда маған аса қиын кедергілер кездескен жоқ. Бұл кісіге алғысым шексіз. Жүрегіңіз «қазақ» деп соғатыны «Ғашық жүрек» фильмінде де көрініс тапқан. Жалпы, өз тіліне шорқақ әріп­тестеріңізге көзқарасыңыз қалай? Кез келген адам отанын, тілін, дінін сүю керек. Туған тілін білмейтін адам анасын сыйламайды деген сөз.

Альбина Абдрахман

Анам ауырып жатып... маған ән айтқызатын еді.

Ал әнші болмағанда, боксшы болар едім...

Кенжебек ЖАНӘБІЛЕВ: кенжебек

Ауылда жүрген әнші бала «МузАрт» тобына қосылып, сахнаға шыққан күні бүкіл елге танылды. Бұл тағдырдың сыйы, жолымның сәттілігі деп білесіз бе? Әрине. «МузАрт» тобына қосылып ән айтам деп кім ойлаған.Бірақ адамда ниет болады. Менде сондай ниет болды. Кішкентай кезімнен бастап өлең айтқан кезімде әйтеуір бір үлкен сахналардан көрініп,елге танылмасам да, халықтың алдына шығып ән айтып жүруді армандаушы едім. Алла ниетімді түзу қылды ма, әйтеуір, қазір «МузАрт» тобында ән айтып жүрміз ғой. Топқа келгеніме 6 жыл болыпты. Топқа келмей тұрып мейрамханаларда ән айтып жүретін едім. Сол кезде Сәкеңмен, Мәкеңмен араласып жұмыс жасайтын едік. Бір күні маған топ мүшесі болуға ұсыныс жасаған кезде таңырқап, түсінбей қалдым. Біз ол кезде басқа топ құрып жүргенбіз. Қазіргі До-Мажор тобының бір мүшесі мен едім. Бірақ ол кезде атымыз жоқ, жай топ құрамыз деп жоспар құрып қойғанбыз. Сонымен кейін мен «МузАртқа» кеттім, олар өздері топ құрды. Сөздің шыны керек, топқа жаңадан келгенімде «сен топқа жарамайды екенсің» деген сияқты сөздер естіген емеспін. Бір жылдары Алтынбек Қоразбаевтың концерті болған еді, сонда кешке қатысып, ағамыздың көп достарының көңілдерінен шыққан көрінемін, әйтеуір мен туралы жаман айтпаған. Соны естіп қуанып кеттім. Бір сөзбен айтқанда, ол кісілердің сөздері менің шабытымды оятты, алға қарай сүйреді. Аллаға шүкір, көшеде көріп «суретке түсейік, я болмаса қолтаңбаңызды бересіз бе?» деп сұраған кезде, «мен осындай боламын деп ойлаған жоқпын ғой» деп баяғы кезім есіме түседі. Осындай сәттерде өзімді бақытты сезінемін. Бұл маған Алланың берген сыйы шығар. Бірақ осымен тоқтап қалмайсың. Бұдан да зор белестерден көрінсем деген арман бар. «МузАртқа» қосылмағанда болаша­ғыңыз қалай болар еді деп ойлайсыз? Егер топта ән салмағанымда, мүмкін, спортшы болар ма едім кім білсін... Себебі, бала кезімде боксқа қатысатынмын. 9-шы сыныпта бір жылдай мектепке бармадым. Себебі, Бейсенғали деген ағам мені қалаға алып кетіп, спортқа берген еді. Кейін анам сырқаттанып мені шақыртып алды. Мүмкін, ондай жағдай болмағанда әнші емес, спортшы болып кетер ме едім деп ойлаймын. Анам екі жылдай ауырып жатты да, мен мектеп бітіретін жылы қайтыс болды. Сонда анам ауырып жатқан кезде маған ән айтқызатын еді. Әсіресе, Алтынбек Қоразбаев ағамыздың әнін көп айтқызатын. Аудандарда мектеп оқушылары арасында «Әнші балапан», «Жас қанат» деген конкурстар өтетін. Мен қаладан ауылға келгеннен кейін аталған конкурстарға мектептің атынан қатысып екінші орын, үшінші орын, ынталандыратын жүлделер алып келетінмін. Сөйтіп жүріп маған шабыт келе бастады, өнерге деген құлшынысым арта түсті. Бір жылдан кейін жеңіске жетемін деген мақсатпен бар күш-жігерімді салып «Әнші балапаннан» да «Жас қанаттан» да бірінші орын алып кеткен болатынмын. Есесіне мұғалімдер бір жыл сабақта болмағанымды кешіріп, жойып жіберген еді. Биыл 10 жыл толып отырған, эстрада әлемінде жарық жұлдызға айналған «МузАрт» ансамблінің ендігі болашағы қандай болмақ? Болашаққа жоспарымыз көп. Алла қаласа халқымызды шығармашы­лы­ғымызбен, жаңа туындыларымызбен қуан­дыра береміз деген ниеттеміз. Таяуда бергелі отырған концерт несімен ерекше болмақ? Концертке келген жұрт өнері­мізді тамашалап, өз бағасын беріп жатар. Басты мақсатымыз он жылдықты аман-есен өткіздік. Елдің ықыласына бөленіп жақсы абыроймен қайттық. Оқырмандар мен тыңдармандарға тілегіңіз... Оқырмандар мен тыңдармандарға тілегім отбасыларына тілеген тілектерін Алла қабыл етсін. Әр жанұяға береке бірлігін алып келсін. Ең бастысы дендері сау, бастары аман болсын. Әрдайым бала-шағаның қызығына бөленіп жүре берсін.

Альбина Абдрахман Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ: Әнді жүрегімен айтып, жүрекке жеткізе алатын топ Шынына келгенде, өнерде өздерінің табиғатына тән, репертуарына сай, әндерді таңдай білетін топтар аз. Соның ішінде «МузАрт» тобын айтуға болады. Нағыз жұлдыздар, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев сынды өнер иелерін халық жақсы көреді, тыңдайды. Өйткені, олар әрбір әнді жүрегімен айтады, халыққа жеткізе біледі. Осының бәрі «МузАрт» тобына сай келеді деуге болады. Жылдан жылға өсіп келе жатыр, шығармышылық кештерін тірі дауыста өткізіп жүр, шағын болса да оркестрі бар, солардың сүйемелдеуімен тамаша әндердің куәгері болып жүрміз. Мейрамбек Бесбаев «Екі жұлдыз» жобасына қатысқан кезде, жүрегімен айтатын жалғыз әнші деп баға берген болатынмын. «МузАрт» тобы әнді жүрегімен орындайды және тыңдаушының жүрегіне жеткізе алады. Сондықтан халық үнемі сағынып, іздеп жүреді.   Қазыбек ИСА: Қазақ ән әлемінің Үш қоңыры Қазақтың ән әлемі өте бай екені әлімсақтан аян. Қазақ халқы қай халықпен салыстырса да, ән өнерінде өресі биік. Кешегі шетелдік марғасқалардың: «қазақ даласы ән салып тұрғандай» деген керемет теңеулері текке айтылмаған. Даланың сал-серілері Ақан, Біржандардан, әлем мәдениеті астанасы Парижді тамсандырған Әмірелерден бастап, кешегі Кенендерді әкелген қазақ ән әлемі эстрада жанрында жиырмасыншы ғасырдың 70 жылдары әйгілі «Дос- Мұқасанмен» жарқ ете қалды. Ал жиырма бірінші ғасыр «МұзАрт» мұзбалақтарын тарту етті. Енді міне, ұлттық бояуы қанық топжарған топтың әрқашанда ел ықыласына бөлене беретінінің белгісіндей, олар онжылдықтарын тойлауда. «МұзАрт» мерейтойларына еселі еңбекпен келгенін ел де бағалауда. Ұмытпасам, былтыр болар, дарынды жұлдыздар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері атанды. Бүгінгі заман серілері осылар. Мейрамбектің бала кезден «Бозторғайдай» шырылдаған тұнық даусы әлі ел құлағында. Қоңыр үнді Сәкен мен Кенжебек үшеуі «Үш қоңырды» әуелетіп, немесе «Өз елімді» шырқап, сахнаға жарқ етіп шыға келгенде халықтың шынайы ықыласын бірден жаулап алады. Қай әндеріне салса да, қайнардан қанып ішкен таланттар екені танылып тұрады. Бүгінгі қазақ эстрадасының «Үш қоңыры», муза әлемінің мұзарты «МузАрттың» мұзбалақтары ән көгінде әрдайым осылай биіктей берсін деймін.