Семей орталығында бұзақылар Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтердің суреттерін бейәдеп жазбалармен бүлдіріп кетті
2017 ж. 20 шілде
2790
2
Семейде Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтердің суреттері бұзақылардың ермегіне айналды! Қаланың қақ ортасындағы қабырғаларға салынған портреттер қараусыз қалып, бейәдеп сөздер мен сезім білдіру тақтасына айналған. Бұл жағдай қоғам белсенділерінің наразылығын туғызды, - деп хабарлайды КТК арнасы.
- Біздің басшылық, әкімшілік және басқа мекемелер қайда қарап отыр? Мына қалаға қонақтар келіп, суреттерін көрсе қасында балағат сөздер болып тұрғаны ұят. Арсыздық. Осыны қадағалайтын мекеме бар шығар? - дейді белсенді Аян Айтқазин.
Бүгінде иесіз тұрғын ғимараттардың қабырғаларына салынған үш алыптың суретінің маңайы түгелдей бейәдеп сөздерге толып қалған. Алғашында бұл орындарға олардың қанатты сөздері үш тілде жазылуы керек болыпты. Бірақ ол үшін демеушілердің берген 100 мың теңгесі жетпей қалған. Ал жоба авторлары ондағы жат жазуларды өшіріп, аяқсыз қалған істерін жүзеге асыру үшін демеуші іздестіріп жатқандарын жеткізді. Алайда ерсі қылық көрсететін жастармен күресу мүмкін еместігін айтып отыр.