Өскемен су қоймасында патшабалық өсірілгелі жатыр

Өскемен ГЭС –і мен Бұқтырма ГЭС-інің ортасындағы Өскемен су қоймасы айдыны бүгінге дейін өзге өзен, көлдер сияқты балық шаруашылығы бағытына, кәсіптік балық аулауға пайдаланылмай келген болатын. Биыл бұл су айдынының учаскелері конкурстық негізде облыс кәсіпкерлерінің пайдалануына берілді.

Өскемен су қоймасын пайдалануға алған кәсіпкерлер бұл су қоймасында ең алдымен жасанды жолмен балық өсірумен айналыспақ. Су қоймасында анау-мынау балық емес, балықтардың ішіндегі аса дәмдісі, тұтынушылардың әсіресе, дәмхана, мейрамханалардың үлкен сұранысына ие болып отырған патшабалық немесе ханбалық (форель) өсірілмек. Көздеген мақсаттарын орындауға кірісіп кеткен кәсіпкерлер келер жылдан бастап су қоймасының учаске бөліктеріне құрылған торларға форель балығының майшабақтарын жіберуді жоспарлап отыр.

— Өскемен су қоймасы балық аулауға, тауарлы балық өндірісін дамытуға мүмкіндік беретін үлкен экономикалық әлеует. Аталған су қоймасын осы мақсатта пайдалану үшін бірнеше жылдың ішінде бірқатар құқықтық –нормативтік актілерге қосымша өзгерістер енгізе отырып арнайы құжат даярлап, былтыр Өскемен су қоймасын балық шаруашылығы бағытындағы өзен, көлдердің арнайы тізіміне кіргіздік. Биылдан бастап су қоймасының учаскелерін кәсіпкерлер балық өсіріп, балық аулау бағытында пайдаланады, -дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Арман Есентаев.

Су қоймасында балықты қолмен, жасанды түрде өсіру шаруашылығы елімізде алғаш рет Өскемен су қоймасында іске асырылғалы отыр. Мамандар патшабалыққа Өскемен су қоймасының терең де суық суы өсіп, өнуге аса қолайлы орта болатынын, шаруашылықтың балықтарын келер жылдың өзінде ішкі нарыққа шығарып, сатуға мүмкіндік барын айтады.

altaynews.kz