Аллаға шүкір, 18 миллион болдық!
2017 ж. 04 шілде
4453
7
Халық санын көбейту үшін үкіметке иек арта бермей, билік пен бизнестің әріптестігіне салмақ салу керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында шілде айында Қазақстан халқының саны 18 млн-ға жететінін айтқан болатын, - деп жазады abctv.kz.
«1991 жылы Тәуелсіздігімізді жариялаған кезде қазақтар Қазақстан халқының тек 40% үлесін құраған еді. Қазір қазақтардың үлесі 70%-дан асады. Құдайға шүкір, осы жылдары біз Қазақстан халқының санын сақтап қалдық. Жыл сайын елімізде 400 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Мен 1 шілде де Қазақстан халқының саны 18 млн болатынын мәлімдеймін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
1991 жылы елдегі халық саны 14 млн 300 мыңдай болған. Арада 26 жыл өткенде біз бар болғаны 3 млн 700 мың адамға көбейіппіз. Осыған қарап ой түйген кейбір замандастарымыз «қазақ өспей қалды» деген пікірге басымдық беріп жүр. Олардың бұлай деуіне себеп жоқ емес. Мысалы 1926 жылы қазақтардың саны 6 млн 200 мың болса, сол кезде өзбектер бар-жоғы 4 млн адамды құраған. Ал 1991 жылы екі елдегі халық саны бір-бірімен теңескендей болған. Ресми мәлімет сол кезде бір-біріне көрші қонған елдерде халық саны 14 млн-ға жете қабыл болғанын көрсетіп отыр. Арада 25 жыл өткенде өзбектер 32 млн-ға жетті. Тәуелсіздікті 118 млн халықпен қарсы алған Ресей халқы қазір 130 млн болып тұр.
Өткен аптада ресейліктердің жыл сайын 1 млн адамға көбейетіндігі белгілі болды. Ал бізде әлеуметтанушылардың «сәуір айында 18 млн-ға жетеміз» деген болжамы 2 айға кешігіп, маусым айында орындалды.
Демография тақырыбын зерттеп жүрген жазушы - драматург Сұлтанәлі Балғабаев 1991 жылдан бергі уақытта біздің елден тарихи отанына көшіп кеткендердің саны өзбектермен салыстырғанда 5-6 есе көп болғанын алға тартады. Бұл туралы ресми статистикада 4 млн адамның тарихи отанына көшіп кеткендігі туралы нақты дерек бар. 1991-2011 жылдары елімізге алыс және жақын шет елдерден 210 225 отбасы немесе 824 170 этникалық қазақ қоныс аударып келсе, 3 млн адам Қазақстанды тастап кеткен.
Жазушы-демограф Сұлтанәлі Балғабаев жағдай қалыпты болғанда көшіп кеткен 3 млн адамның орнын демографиялық дүмпумен толтыруға болар еді деген пікірде.
«Бізде жағдай керісінше болды. 1991-1997 жылдар аралығында халықтың көбею көрсеткіші ең төменгі деңгейге дейін түсті. Жағдай 1997 жылдан бері қарай қалыпқат келе бастады. Осы уақытта туған балалар 20 жасқа енді жетіп жатыр. Демек қатарымыздың 25 жыл ішінде 2 млн адамға көбеюі біз үшін өте жақсы нәтиже. Бұл өсімге сырттан келген ағайындар да үлес қосып жатыр. Дәл қазір Қазақстанға демография мәселесіне басымдық беру қажет. Мәселе сонда ғана оң шешімін табады, – дейді Сұлтанәлі Балғабаев.
Демографиялық карта қажет
Бүгінге дейін демографиялық мәселелер мемлекеттік тұрғыда бірнеше рет қарастырылған. Мәселен, 2000 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік демографиялық саясаты» жөнінде концепция ал 2001 жылы «2001-2005 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының демографиялық дамуы» атты бағдарлама қабылданды. Одан кейін 2010-2020 жылдарға арналған демографиялық саясат тұжырымдамасы қолға алынды. Осы орайда бағдарламалардың іске асу қарқыны қандай? деген сұрақ туады.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали демографиялық саясатымыздың қозғаушы күші демографиялық карта болуы тиіс деп санайды. Осы құжаттың қажеттігі жайлы әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қайта-қайта айтқанмен, мәселе биліктің назарына ілінбей келеді.
«Мемлекет тарапынан кешенді зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Үкімет демографиялық картаны реттеу бағытында оңтүстік аймақтардың тұрғындарын солтүстікке көшіруді қолға алды. Бұл жұмысын жалғасса, уақыт өте келе нақты нәтижесін береді. Бұл мәселеде тек қана үкіметке иек артуға болмайды. Мемлекеттік қазынаға емес, бизнес пен биліктің әріптестігін де ескеру қажет. Мысалы, Путиннің «орыстың қарасын көбейтемін» деген ықыласы мен бастамасын орыс қалталылары қолдады. Бізге де осындай бастаманы қолға алу керек», – деді Әзімбай Ғали.
Гүлбаршын Сабаева