Қара басыңның қамы үшін халыққа іріткі салма, МҰҚАНОВ

Ал Арға «Дақ» салғыш Дәрменсіздердің дәурені ұзаққа бармайды...

«Жас қазақ үні» газеті бастап, республикалық басылымдар қостап, көтерілген күрделі мәселеден кейін жұмысынан босаған Жұмабек Мұқанов жалалы мақалаларын алып, ел кезіп жүргелі біраз болған еді. Енді қазір ешқандай газет баспайтын материалдармен келетіндердің шатпағын шапалақ ұрып тұрып қарсы алатын, тиын-тебен, сүйек-саяқтың алдында Дәрменсіздердің «дәурені» жүріп, Арға «Дақ» салу үдеп тұрған секілді... Оларға бәрібір, қабырға газетінің ол жақ-бұл жағындағы басылымын екпіндегендерге «еркімен» беріп қоя салады да, елге іріткі мақалалардың қаптап, ел бірлігін таптап жатқанымен шаруасы болмайды. Бұл басылымда басшы, бас бар ма деп ел сұрамай ма, заң орындары не дейді деп те ойламайды... Ол қажет болса, тіпті жазғыштарына сұраған «атағын» беріп қояды. Тек айлық сұрамай, шайлық беріп тұрса, бо-о-лды... Қажет пе, бір айдай «Республикалық шолушы» боласың... Әрі қарай біздің Жұмекең де ешкімнен «шен» сұрамайды, өзінде жетеді... Баяғыда Шардара ауданы әкімі Тілегеновтың кезінде өзі басқарып отырған аудандық газетте, мемлекеттік басылымда «байталдар мен сайқалдар» деп жазамын деп... ақыры «Байтал түгіл-бас қайғы» болып, Тәшкен асып кеткенде бір газетте «Орта Азия бойынша тілші» деген «дәрежені» «қалап алған». Енді кеше «ТМД елдері бойынша тілші» деген «лауазым» ойлап тауыпты... Ол газеттің ұсқыны мен мұндай «ныспыны» салыстырып көрген ел күлкіге бір қарық болды... «Енді келесі айда «Әлем елдері бойынша тілші» дегенді ойлап табады» дейді... Авторы мен сыбайластары ғана оқитын басылымда ТМД елдері бойынша тілші ұстау... кешіріңіздер... әрі қарай айта алмаймын...қинамаңыздар... Және ол газетті «ел асыға күтеді-мыс»... Сол баяғы бір адамның қолынан шыққан «ақиқатты айтушы», «ел мұңын жоқтаушы», «халық атынан», «адал ниетті шар­даралықтар атынан» сөйлеу... Сол оншақты адамнан басқа 80 мыңға жуық шардаралықтар «адал» ниетті емес екен де... Өйткені, олар бұл топтың басшысын «бассыздығы үшін» орнынан алды. Өйткені олар оның бетін тіліп тұрып қиянатын айтты. Өйткені олар бұның елге іріткі салып жүрген арандатушылық пиғылын әшкереледі. «Әйтеке би» қорына қыруар ақша салып, әулиеден медет сұрағандар қаржыларының қайда кеткенін сұрады? Шардаралықтар тынысының тарылғанын, «Шардара тынысы» газетіндегілер айлап ала алмаған жалақыларын сұрап, тиісті органдарға жазды... Қанша кеңқолтық болса да, төрге шығарғанымен... төбеге шығармайтынын көрсетті ел... Атын жаза алмайтындарды артынан ертіп, оларды ел атынан сөйлетудің елге зияндығын, ел ынтымағын ойлаған Елбасы саясатына қарсылығын айтып, өзінің ермінез  ағайындары-ақ сазайларын тартқызды... Ал ауданда қожайыны жазып берген кез-келген мақалаға көзін жұмып қол қоя беретін, оның кесірі елге тиіп жатқанымен жұмысы жоқ, тек материал астына «ардагер-журналист» деп қол қойып, газетке бала-шағасымен тойда түскен суретін жарияласа болды, ( біз жақта сондай да газеттер болады), сағызын шайнап жүре беретін тағы біреу пайда болыпты. Қаламды таяқ деп білмейтін, газетте бір күн жұмыс істемек түгілі бір бет мақала жазып көрмеген бұл неғылған «ардагер-журналист» деп, ныспысына үңілсек, «Әбдіғани Қасымбеков» дейтін біреу екен... Шардарада бұндай журналисті естісек, керең болайық. «Өзі тыржалаңаш, балағы жыртыққа күліпті» дегендей, аудандық «Өскен өңір» газетінің қазіргі бас редакторын «милиционер» деп кекететінін қайтерсің. Сөйтсек, қара басқанда, өзі де зейнетке полицияда істеп, шыққан екен. Бірақ, кетер-кеткенінше, «милицияның» баяғыда «полицияға» ауысып кеткенін білмегенге қарап, шынында да «ауысып кеткеннің» сауатына «риза» боласың... «Өзінің елге тигізген пайдалы бір ісі бар ма екен?» – деп сұрастырсақ ешкім білмейді. Тек бір жақын таныстары кешегі жаппай институттар ашудан жарыс болып, дипломды сауатсыздар дайындап, аңқау елдің балаларына арамза молда болған кездерде Шардарадағы атамзаманда жабылып қалған аэропортта иесіз қалған үйлердің бір бөлмесінен аты анау-мынау емес... «Дарын» деген институт филиалын ашып, директоры болыпты-мыс. Ол қарыннан... кешіріңіздер, «Дарыннан» қан­дай «дарындар» шыққанын әлі күнге полицияны білмей, сол баяғы ескі «милициялық мимен» жүргенінен-ақ шамалай беріңіздер... Өзін ешкім танымайтынымен шаруасы жоқ екен бұның... Атын жаза алмаса да, ел атынан сөйлегісі келген Қалдыбек Дәуренбеков пен оны айтақтаған Жұ­мабек Мұқановқа «Жастарды арандатып, елге іріткі салмаңдар!» деп тойтарыс берген ағайындары, ел ағасы, әділ айтып, дәділ жүретін Есенбай Абылов туралы «ешкім білмейтін ол кім?» деп қояды... Турасын айтып туғанына жақпай жүрген шыншылдығы үшін ел ішінде Асау атанған оған «рушылдыққа қарсы күрескіш» деген жалған атты жамылып, елді бөліп жүр­ген туысы Жұмабек Мұқанов телефон соғып: «Сенің қаның азған» екен деуге дейін баруы кімнің азған екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Оның, яғни олардың тағы бір ергежейлі ережесі бар екен. Ол кез келген ауданның, облыстың газеті міндетті түрде сол жердің атымен аталуы қажет-мыс... Ондағысы «Шардара тынысы» газетінің «Өскен өңір» болып тарихи атауын алғанға қарсылығы ғой. Сонда Шардарадан шықпаған бұл сабаз жердің атын алмаған басылымдар жер бетінде жететінін білмейтін болу керек. Бәрін айтпай-ақ, көрші Жамбыл облыстық газеті «Ақ жол», Шығыс Қазақстан облыстық газеті «Дидар», Павлодар облыстық газеті «Ертіс өңірі» деп аталады, және бұл секілді басылымдар жеткілікті. Бұның, Әбдіғаниды айтамын, «журналистік көрген­ді­лігін» мынадан білуге болады екен... Аудандық газетте бір келін­шек пен гүлдің суретін жариялаған редакция астына «Көктем мен қыз» деп жазып қойыпты» дейді ғой жерден жеті қоян тапқандай... «Ия, онда не тұр екен, көктем емес пе қазір?» дейсің ғой түсінбей... «Ойбай-ау, бұл не масқара, ол «қыз» емес қой» деп «ұлы жаңалық» ашады ғой сабазың... Міне, масқара керек болса! Не деген «қырағы­лық» десеңші... Автор мен жарылқаушыларына осындай «жануарлық ойды» айту үшін, редакторға осындай «жануарлық ойды» жариялау үшін... яғни, қыз өсіріп, келін түсірген, жар сүйіп, ана мен әже тәрбие­сін көргендер үшін... қанша­лықты төмендеуге болады екен... Мұндайларға Мұқағали­дың «Арулар-асыл жандар, Арулар –бір-бір үйдің шаңырағы» дегенін түсіндіру аурухана түгіл... жындыханаға түсіп шықсаң да мүмкін емес.. Ол үшін олардың май басқан мишықтарын (аман қалса) ауыстыру керек... Иә, ондай басылым басшыларына қожайын деп кел­гендердің... өзін қолжаулық жа­сап жүргендерін білу үшін де алдымен сана керек.Намыс керек! Сол баяғы қазақтың көсемі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай көп керектердің бірі ғана... керек... Дархан пейіл қазақтың ырысты ынтымағына Дақ салушылардан сақтасын құдай!..

Қазыбек ИСА

   

Айтаққа ергендердің сандырағына пысқырмаймыз!

Жұмабекшілерге ағайындарының айтары осы!

Осы газетте жұмысынан бо­сатылған Жұмабек Мұқановтың өзін ақтауға тырысқан, әдеттегідей аудан әкімін қаралаған сұхбаты, аудандық Ардагерлер кеңесіне шаптыққан Әлібек Өзтайдың, «Әкімге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ па?» деген Алатау батыр ауылы мен Шардара қаласының бір топ тұрғындары: Қайыр Қаппаров, Таңатар Қоянбаев, Астанбай Іскендірұлы, Ази Байжанов, Құлбай Есбосынов, Иманбай Сәттібай, Төлеген Қарақұловтардың, Алатау батыр ауылындағы балабақша қызметкерлері: Фатима Бисембаева, Айткүл Бисембаева, Ұлбала Алдамұратова, Шолпан Тұрлыбаева, Шолпан Мамаева, Сәбира Тілекова, Баян Қаратаева, Рабиға Мырза, Эльмира Оразалиева, Сәрсенкүл Самуратова, Светлана Қоңқабаевалардың атынан жазылған мақалаларды оқып болған соң «ойпырмай, бұлардың не ойлағаны бар, айрандай ұйып отырған елдің арасына жік түсіретін болды-ау», деп, қатты қиналдым. «Ар-Дақта» жарық көрген жоға­рыдағы мақала авторларының бір­қатарын жақсы танимын. Таныған­дықтан осы мақалаларды солардың өздерінің жазғандарына күмәндана қарап, дайын жазылған мақалаға қол қойған болуы керек деп ұйғардым. Қалдыбек Дәуренбековтің «Біз Шардарадан көшпейміз» деген мақаласында кіші жүз ұрпақтарының Оңтүстік Қазақ­стан облысына, Шарда­раға көшіп келу тарихына тоқтала кетіпті. Мақалада аудан әкімінің саясаты бүкіл кіші жүз ұрпақтарына қарсы деп көрсетіпті. Бұл не деген бейбастық пен арандатушылық?! Мен де 1968 жылы Түркімен­станнан көшіп келген 70 жанұяның бір мүшесімін. Сол кездегі ОҚО ат­қару комитетінің төрағасы қыз­метінде болған Жамалбек Шаймерденов Түркіменстанға өзі барып, мемлекетаралық келісімдер жасап, біздің итімізді де... қалдырмай Шар­дараға көшіріп әкелгенін көрген көзі тірі ел ағалары арамызда жүр. Содан бері осы өңірде өсіп-өніп, барлығы бір атаның баласы емес пе, ұлы жүз бен орта жүз ұрпақтарымен сүттей ұйып, қатар өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Ал Қалдыбек, сенің рушылдық сарынды меңзеп жазған мақалаңның біздің ұрпақтарымызға қалай әсер ететініне мән бермей, не жазғаның­ды өзің де түсінбеген секілдісің. Ойланайық, ағайын, ойланайық!!! Бүкіл кіші жүздің атынан сөз сөйлеп, ақыл айтатын дәрежеде емес екеніңді біз жақсы білеміз, өзгелер де біледі. Атын жаза алмайтын саған ел атынан сөйлейтін бедел қашаннан бері пайда болды?! Ал аудандық «Шардара тынысы» газетінің редакторы болған Ж.Мұқановтың редакторлық жұ­мыстан алынуын бүкіл бір рудың қасіреті десең қатты қателесесің. Отыз жылдай мемлекеттік газетті меншігіне пайдаланып, майшелпек жасаса, орнынан алмағанда, басынан сипау керек пе? Қызметке кім келіп, кім кетпей жатыр. Оның өзімен пиғылдас азаматтарды іздеп-тауып өзіне тартып, арандату ниеттегі мақалалар ұйымдастыруы, яғни бәрін өзі жазып беріп, аңқау елге қол қойдыруы азаматтық емес, нәмәрттік. Біз аға, орта буын өкілдері өңірде ру аралық дау-жанжал атымен жоқ екенін түсінеміз. Ал айтаққа еріп, әлі буыны қатпаған жас ұрпақтың құлағын көтерген Жұмабек екеуіңнің зиянды тірліктерің Елбасының ел ынтымағы жолында жүргізіп отырған сындарлы саясатына ашық қарсылық деп бағаламасқа амал жоқ. Елбасымызды ұлтаралық достық пен мемлекетаралық бейбітшіліктің мызғымастығын ту етіп көтергені үшін кешегі өткен кезектен тыс сайлауда бүкіл қазақстандықтар бірауыздан таңдауын жасап, Президент етіп сайлаған жоқ па?! Қалдыбек! Сен бүкіл халықтың достық-бірлігіне, Елбасының сындарлы саясатына қарсы шығып, сына қағып отырғаныңды неге түсінбейсің? Сен біреудің теріс пиғылына еріп, арандап қалғаныңды түсінетін жаста емессің бе? Сен өз басын алып жүре алмайтын ермесің бе? Сен осы аймақтағы елді, әсіресе, жастарды руаралық араздыққа бастап, іріткі салып отырғаның үшін ар алдында да, Алла алдында да үлкен күнә жасағаныңды ойладың ба? Біз сендердің сандырақ, далба­саларыңа пысқырып та қарамаймыз. Бірақ сен осы мақалаң арқылы бүкіл осы өлкеде атам заманнан тұратын ел ұрпақтарына нақақтан топырақ шашып, қара күйе жағып отырсың. Сенің сөзіңе көз көрмеген ағайындар иланып қалады-ау. Біз сенің пайым, түсінігіңнің қай деңгейделігін жақсы білетіндіктен басу айтып, басалқалық білдіріп отырмыз. Біз Елбасымыз бен елдегі сали­қа­лы азаматтарымыз аман тұрғанда арандатушылыққа жол бермеспіз. Ал сен елдің тілегі тыныштық, бейбітшілік болып отырғанда біреудің сөзіне еріп арандатушылыққа ұрынғаныңды мо­йында, әрі санаңа салып таразыла. Көпке күл шашып, жаман атты болып «көмусіз» қалып жүрме? Отбасың мен ұрпақтарыңның ел алдындағы намысын ойла. Ойланбай сөйлеп бүкіл әу­летіңді ел бетіне қарай алмайтын «қара бет» күйге түсірме! Қазақ «бө­ріктінің намысы бір»,- дейді. Сен ермелігіңнен ұрпақтарың мен туыс­тарыңның бетіне шіркеу болып жүрме! «Жақсылық көрсең-өзіңнен, жа­мандық көрсең-өзіңнен»,-дейді халық даналығы. Сенің де, біздің де пенде ретінде не көрсек пейілімізден, ние­тімізден тауып жүрген жайымыз бар. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын табылады»,-деген сөз бекер айтыл­маған. Жақсылық-жақсы­лықпен, жа­мандық-жамандықпен қай­тады. Еш­қайсысы да Алланың қы­рағы көзінен, назарынан тыс қалмайды. Қалдыбек! «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген бар. Азаматтық арыңды таза ұста. Біреудің сөзіне еремін деп ғасырлар бойы тонның ішкі бауындай араласып отырған ағайындардың арына тиіп, ата-баба әруағының қырына ұшырап жүрмейік. Келешек өсіп келе жатқан ұрпағымыздың атына сөз келтірмейік. Сендер бүгінді емес, келешекті ойлаңдар. «Бақ, қайда барасың дегенде – ынтымаққа барамын» – деген екен. Сендер де ұрпақ алдында жолым ашық, иманым жолдас болсын десеңдер, ел ынтымағына қолдарыңды сұқпаңдар. Сонда ешкімнен кем бол­майсыңдар, кепілдік беремін. Достық, аға­йындық ниетімді ащы айтсам, ғапу ет. Ел болу үшін ел бірлігін сақтайық, ағайын!

Құрметпен, Есенбай Абылов бауырың

   

Жазықсыздарды қудалап, жалған мәлімет жариялау

сенен басталған еді...

Мен де Шардараға, Шардара массивін игеру кезеңінде Мақтарал өңірінен көшіп келген азаматтардың бірімін. Осында келіп қоныстанған соң үйлендік, балалы-шағалы болдық, өсіп-өндік. Құда, жекжат таптық. Соңғы 20 жыл көлемінде Құрманғазы атындағы орта мектептің директоры болдым. Алланың бұл көрсеткендеріне шексіз ризашылығымды білдіре отырып, шүкіршілік ететін жанның бірімін. Жұмабек, мен ауылдас ретінде, ағайын ретінде сенің бітім- болмысыңды, қадір-қасиетіңді жақсы білетін жандардың бірімін. Мен мектеп директоры болып тұрғанда сенің қарындастарыңды жұмысқа қабылдадым, ұл-қыздарың осы мектепте оқып, білім нәрімен сусындап, тәлім-тәрбие алды. Бауырларың мен ұл-қыздарыңа артық сөйлеп, ағат кеткен жерім тағы жоқ. Шардара қаласының көп тұрғыны ретінде ауданда болып жатқан жаңалықтардан құлағдар болып жүремін. 2010 жылдың желтоқсан айында сені аудандық «Шардара тынысы» газетінің редакторлығынан босатыпты деп естідім. «Босаса босаған шығар» дедім де қойдым. Арада екі-үш күн өткенде «Жұмабек редакция қызметкерлерін ұйымдастырып, өзін қолдау жөнінде аудан әкіміне хат жолдатып, редакция есігіне құлып салып, кетіп қалыпты» дескен гулеген әңгімелер естідім. Араға бірнеше апта салып «Жұмабек Шымкент қаласындағы «Баспасөз клубында» бір топ журналистердің басын қосып, өзін қолдау жөнінде үндеу таратыпты, өйтетін бопты, бүйтетін бопты» деп жатты ауылдастарым. Гулеген өсекке сенбейтін әдетіммен сені ақтауға тырысып жазылып жатқан басылымдарды алып оқи бастадым. Оқыдым да саған емес, сен жайлы құшақ-құшақ мақала жазып жатқан журналистерге қарным ашты. Себебі, олар мәселенің ақ-қарасын ажыратпай, болған жайлардың басы-қасында болмай, “Ж.Мұқанов қудаланып жатыр“ деп теріс мәліметтер таратуда екен. Менің сенімен рулас екенімді шардаралықтар түгел біледі. Сондықтан сені жақсы білемін десем қателеспеспін. Жазықсыз адамдарды қудалау, олар жайлы өзің басшылық еткен газетіңе том-том жалған мәліметтер жариялап, кісінің ар-намысына тию сенен басталған секілді. Адамдарды қорлап, ар-намысына тиіп жазған мақалаларың үшін сот алдында, газет арқылы да жазбаша бірнеше рет кешірім сұраған сәттеріңнің болғанын өзің де, шардаралық оқырмандар да ұмытқан жоқ. Басқаны қойып, сен менің соңыма шам алып түсіп, «Өскен өңір» газеті бетінде маған жала жапқан құлаш-құлаш мақалаларыңның басылғаны оқырман­дардың да, менің туыс бауырларымның да, бала-шағамның да әлі есінде. Сөзім дәлелді болу үшін нақты фактіге жүгінейін. «Өскен өңір» газетінің 2002 жылғы 20 желтоқсаны күнгі № 65 санында «Мемлекеттің миллиондаған қаржылары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бере ме?» деген мақалаңда мен басшылық ететін Құрманғазы орта мектебінің жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы талан-таражға түсті, оған менің де кінәм бар деп көрсеттің. Осы мақалада көрсетілген фактілер дәлелсіз болғандықтан құрылыс жұмыс­тарын жүргізген «Айдос» фирмасының иесі Қ.Сармановтан сот алдында кешірім сұрадың. Бір. Ал 2003 жылы 17 қаңтардағы «Өскен өңір» газетінің 7-8 санында жарық көрген «Комиссияға 100 мың теңге беруіміз керек» деген мен жайлы жазған мақалаңды оқып қатты қиналдым. Себебі, мақалаңда мен істемеген іс-әрекеттерді жасады деп маған жала жауып, қасірет шектірдің. Менің шеккен қасіретіме сен рахаттанып, масаттана түстің. Шындыққа сай келмейтін ақпараттарың отбасымның, дос-таныстың, ұжымның алдында қадір-қасиетіме, намысыма, денсаулығыма үлкен нұқсан келтіргендіктен сені сотқа бердім. 2003 жылы 23 наурыз күні Шардара аудандық сотының сот төрағасы Ж.Балғанбеков менің талап арызым бойынша істі қарады. Соттың іс қарау сәтінде сен өзіңнің жалған мәліметтерді жариялағаныңды мойындап менен кешірім сұрадың. Мен кешірім бердім. 28 наурыз күні «Өскен өңір» газетінің № 18 санында менен «ғафу өтіндің». Бірақ қанша уақыт өтсе де күні кешеге дейін қаламыңның ұшымен мені түйреп өтуіңді қоймай келесің. Мен саған жазған хатымды, Тұрған жерді жамандама, кірер көрің, Тұрған елді жамандама, шығар төрің, - деген даналық сөзбен аяқтағым келеді. Адам баласына жасаған қиянатты Аллах алдыңнан келтіретінін ұмытпа. Ойлан, Жұмабек!

Махамбет Мұңалбаев,

Шардара қаласының тұрғыны,

Шардара ауданының Құрметті азаматы,

зейнеткер

Журналистердің жалақысы қайда Жұмабек!

АЛ АРДАГЕРЛЕРДІҢ САҚАЛЫНА ЖАРМАСУ АЗАМАТТЫҚ ЕМЕС...

Қазір бір жауапсыз басылымда Ж.Мұқанов қайтадан өзін таяқ жеген бала ретінде көрсетіп, жалған ақпараттарды келтіріп жүр. Ол өзін сотта таза жеңіп шыққан жәбірленуші ретінде сөз таратуда. Әркімнің атымен жазған өз мақалаларының бірінде менің де атыма сын айтып кетіпті. Бірақ шындық оның жалған сұхбаттарындай емес, басқаша. Бұрынғы «Шардара тынысы» газетінің бас редакторы Ж.Мұқановқа қатысты шығарылған ОҚО сотының апелляциялық сот алқасының 11.03.2011 жылғы қаулысына облыстық прокуратура тарапынан кассациялық наразылық берілген. Сот алқасының отырысы алдағы уақытта өтетін болады. «Шардара тынысының» бухгалтериясына тексеру жүргізілді. Ішіп-жеп қойған ешнәрсе жоқ», - дегені де өтірік. Себебі, бұрынғы «Шардара тынысы» газетінің бас есепшісі С. Исаева өзінің туған келіні есеп-қисап құжаттарын 4 айдан бері тексеруші мекемелерге әдейі тапсырмай отыр. Бірге араласатын заңгер азаматтардың айтуынша қайынағасы Ж.Мұқановтың жымқырып қойған ақшаларын келіні С.Исаева жаба алмай жүрген көрінеді. Осының кесірінен, бұрынғы «Шардара тынысы» газетінің қызметкерлері өздеріне тиесілі айлық жалақыларын ала алмай жүр. Қолы таза, ары таза адам болса Ж.Мұқанов өзінің келініне бұрын бірге қызмет еткен әріптестерінің айлықтарын алу үшін-ақ тез есебін тапсырып, мен ақпын деп жария салса болатын еді. Бірақ құжаттарынан «шикілік» шығатынын біледі ме, әйтеуір газеттің бухгалтериясын тексеруді барынша созбалақтауға әрекет етіп, тырысып бағып, БАҚ-тарға жалған ақпараттар тарқатып жүр. Ия, мен аудандағы тәуелсіз газет «Шартарап-Шарайнадан» аудандық газет «Шардара тынысына» келгенде мемлекеттен жылына 10 миллионнан аса ақша алып отырған, жазылымнан түсетін қаржысы тағы бар шағын редакция қызметкерлерінің айлап жалақы ала алмай жүргенін көріп таңғалған едім... Республикалық қоғамдық-саяси ап­талық «Жас қазақ үні» газетінде 2010 жылдың 4 желтоқсанындағы № 47-48 санында жарияланған «Үні бірге үш биден Әйтекені бөліп әкету Ұлы билер ұлағаты мен Елбасының ел бірлігі саясатына қарсы шығу!..» атты Қазыбек Исаның мақа­ла­сындағы «Сонда аудан бөліп отырған он миллион теңгені қайда жұмсап отыр Жұмекең?» және Ақтаулық кәсіпкер, Әйтеке би кесенесін салушы ұрпағы Қара­жан Қ.Сердалиевтің «Әйтеке би кесенесіне көк тиындық үлесі жоқ Мұқанов жеп қойған миллиондарын жуғысы келді..» сұхбатында көрсетілген қаржы мәселелері бойынша, заңға сәйкес Ж.Мұқановтың «Шардара тынысы» газетінің және «Әйтеке би» қо­рының қаражаттарының жұмсалуы туралы анықтау жұмыстарын жүргізуге аудандық прократураға хат жолданған болатын. Егер мұндай сұраныс хаттар заңға қайшы келетін болса Ж.Мұқанов қалың жұртты адастырмай дәйекті дәлелдерін келтірсін. «Шындыққа сай келмейтін ақпарат­тарды таратқандығы, жала жауып қорлаған, қадір-қасиетіме нұқсан келтірген» деген сөздері тікелей өзінің басқа азаматтарға ұйымдастырған әрекеттері өзіне тиіп кетпесін дегені болу керек. Өзі қолтығына кіріп алып, елге іріткі салар жалалы мақалаларын бұрқыратып жатқан «Ар-Дақ» газеті кезінде 2003 жылғы 15 шілдедегі №13 санында «Ж.Мұқанов М.Мұңалбаевты мұқатты ма, әлде..» атты сын мақала жазып «Әріптесіміз Ж.Мұқановтың «Құрманғазы» атындағы орта мектептің директоры М.Мұңалбаевтан «сыбайлас жемқор» шығару үшін нақты фактіге негізделінбеген, яғни анау айтты, мынау айттымен» жалпылама тұратын мақалаларын «Айғақ» пен «Өскен өңірден» түсірмегені облыс жұртшылығына мәлім еді. Адамның ар-намысына дақ түсіріп, ол үшін газетінде кешірім сұрап...» деген сөздері Ж.Мұқановтың шын бет-бейнесін әшкерелеген еді. Енді екеуі де сыбайлас бола қалыпты. Осындай құйтырқы іс-әрекеттерге барып, азаматтарды айыптап жала жауып, газетті теріс пайдаланғаны үшін аудандық сотта ісі 4 рет қаралып, жеңіліп қалып, азаматтардың кең пейілін, дархандығын, парасаттылығын пайдаланып кешірім сұрап алып, істерді қысқартуға қол жеткізіп отырған. «Судың да сұрауы бар»,-дегендей «Шардара тынысы» аудандық газетіне жұмсалған мемлекет қаржысы мен «Әйтеке би» қорындағы қолды болған миллиондаған ел қаржысының қайда жұмсалғанын тексеру үшін тиісті органдарға ұсыныс жасаған Шардара аудандық Ардагерлер кеңесін жамандамай шәй ішпейтін болды Жұмабек. Ол өз билігі өзінде жоқ Өзтай Әділбек дегенге Ардагерлер кеңесін даттаған мақала жазып беріп, қол қойдырып, оны ұятқа қалдырды. Ал аудандағы соғыс және еңбек ардагерлердің жағдайын жасап отырған алдыңғы қатарлы Ардагерлер кеңесінің мүшелері, Шардара ауданының құрметті азаматтары – Шерехан Бекшораев, Ыбырай Сахов, Түгелбай Пашаров, Серік Құдайбергенов, Абылай Шайхановтар таяуда аудандық «Өскен өңір» газетінде Өзтайдың да, Мұқановтың да бет пердесін сыпырып алды. Жалалы мақаланың өтірігін дәлелдеп берген олар: «Айтпақшы, осы сен әділдік, теңдік, ақихат іздегіш болсаң неге Ж.Мұқанов басқаратын «Әйтеке би» қоғамдық қоры туралы сұрамайсың? Оның елден жинаған ақшаларының қандай мақсатқа жұмсағандығы жайында есеп беретін уақыты болған жоқ па? Әлде бұл елдің назарын басқа жаққа аударудың әдісі ме? Егер сен Ж..Мұқановтан сол іс жайлы сұрасаң,оның жауабын газет бетінде жарияласың біз саған басқаша баға берер едік. Бірақ сен олай ете алмайсың ба деп қорқамыз» - дейді ардақты ардагерлер. Өзі отыз жылдай қызығын белшеден көрген аудандық газеттің бала-шағалары қолдарына қарап отырған журналистерінің жалақысын бермей, жалғанды жалпағынан басып жүре беру ұзаққа бармайды, Жұмеке! Әулие бабаларының кесенесін салуға қосқаным деп қорадағы малын сатып, қорға қосқан ағайынның алдында есеп беруден қашанғы қашасыз? Ал ертең 9 мамыр күні биыл біткеніне 66 жыл толатын Ұлы Отан соғысында біз үшін қанын төккен соғыс ардагерлері мен терін төккен еңбек ардагерлерінің ақ сақалдарына жармасу азаматтығыңызға сын емес пе? Ойланып, ақылға келіп, айрандай ұйы­ған елге лаң салғанды тоқтатқаныңыз ең алдымен өзіңізге пайдалы, Жұмеке!  

Сәбит ЛАХАНОВ