Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды
2017 ж. 20 маусым
2158
1
Бүгін республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтетін ҰБТ-да 92 827 түлек сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биыл ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек ниет білдіріп, арыз жазған. Олар биылғы мектеп бітірушілердің жалпы санының (131 377) 71% құрап отыр. ҰБТ тапсыруға ниетті 69 209 түлек қазақ тілінде, ал 23 618 - орыс тілінде тапсырады. ҰБТ 165 тапсыру пунктінің 1431 аудиториясында өткізіледі.
Бұл аудиториялар байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен, ҰБТ барысын бақылау және жазу бейнекамераларымен, сондай-ақ Интернет арқылы онлайн тарату камераларымен жабдықталған.
«Ата-аналарға ыңғайлы жағдай қамтамасыз ету мақсатында 108 пункттегі ҰБТ барысы мониторға шығарылып, көрсетіледі. Әдеттегідей, ҰБТ өткізу орындарында медициналық қызмет пен құқық қорғау органдарының өкілдері жұмыс істеп, ауыз су және тағам өнімдерін сату орындары қызмет көрсетеді», - дейді ҚР БҒМ баспасөз қызметі.