Біз білмейтін Өзбекстан

Сонда арнайы Әмірдің артынан барып жеңісімен құттықтап бірнеше ай жол жүріп, батасын берген. Ұлықбектің обсерваториясын сыртынан ғана суретке түсіруге тура келді, қайта жөндеу жұмыстарына байланысты ішіне кіре алмадық, Құран бағыштап, Алладан салауат тіледік. Самарханның көркі саналып тұрған Регистон комплексіне келдік. Мырза Ұлықбек салдырған үш ислам университеті бар. Олар: Самарханда, Бұхарада, Гиждуанда. Самархандағы Ұлықбек салдырған Регистондағы медреседен білім алып, аты шыққан ғұламалар - Шейх Қожа Ахрар мен Жәми. Медресеге жақын салынған керуен сарай мен жұма мешіті ескіріп тозығы жете бастағанда алып құрылысты Самарханның билеушісі Жалаңтөс би жалғастырған екен. Қазақтың кіші жүз Әлімінен шыққан бұл батыр Жүсіп Жалаңтөс деген атпен белгілі. Самарханды 25 жыл билеген, Регистонда Ұлықбек медресенің көшірмесіндей қылып қарама-қарсы жағына, «Шер-дор» (шері - жолбарыс деген сөз) атты зәулім медресе салдырған ол екеуінің қабатына, ортасын ала Тилля-Кари (тилля – алтын) медресесін өзінің тікелей ықпалымен тұрғыздырған. Күмбезінің ішіндегі оюына алтын жалатылған, бұл құрылыстар 17 ғасырдың бас жағында тұрғызылған, қазір көрме ретінде жұмыс істеп тұр. (Жалғасы) Жүсіп Жалаңтөс бидің тұрғызған тағы бір медресесі - Самархан қаласының маңындағы Дағбит қышлағында Саид-Ахмет Мақсұм Ағзам әулиенің комплексінде әлі күнге мешіт ретінде жұмыс істеп тұр, қайта күрделі жөндеуден өткен. Ал, батырдың өзі осы ұстазының аяқ жағын ала (батырдың өсиеті бойынша), Ауғанның, Иранның және т.б Орта Азия елдерінің шахтарымен қатар жерленген. Жалаңтөс ұстазының қасында жерлейтін жер қалмағандықтан комплекске кіре берісте жерленген, орынын өзі көрсеткен екен. «Келушілер менің үстімді басып өтіп Мақсұт Ағзамға зиярат ете берсін» деген екен. Сонда да сол жерден кішкене орын табылып Жүсіп Жалаңтөстің баласы Сұлтанбек кіре берістің оң жағына жерленген. Оның аты ғана кириллицамен көк тасқа жазылған, ал қалған құлыптастарда арабша жазудан басқа ою-өрнектер қашалған. Құлыптастардың үлкендігі қойтастан үлкен, шөккен түйеден кішірек. Азан шақыратын мұнаралары 50 метрлік Бибі Ханым мешіті Әмір Темірдің шешімімен тұрғызылған, Жұма мешіті деп аталады. Ішінің сыйымдылығы мың адамдық, бес жылдың ішінде салынып бітірілген. Ортасында бүтін жартастан жасалынған ұзындығы 2 метр, биіктігі 1 метрге жуық, үлкен құран кітапқа арналған кітап қоятын тұғыр бар. Сол алып құранның (ХІ ғасыр) беттері сақталған деген сөзді сол жердегі қызметкерлерден естідік. Ол қағаздарды қайдан алған десеңіз, сол жердегі Кунигил деген қышлақта қағаз шығаратын шеберхана әлі сақталған. Самарханда ескі үлгідегі тар көшелер (орамдар, тұйық аулалар) әлі сақталған, бәріне арық жүргізілген, су ағып тұр, махаллалардың салқын болуына, бау-бақша өсіруге пайдаланады. Су демекші әрбір махаллада өзінің бір мешіті бар, және бәрінде су тола әуіз болады екен, неше түрлі ағаштар өсіп тұр. Тарихи орындардың қасындағы өсіп тұрған шынарлардың қай жылы егілгені жазылып қойған, алып емен ағашын Мақсум Ағзам кесенесінде көрдік, суретке түсірдік, егілгеніне 500 жыл болыпты. Әулиенің өз қолымен отырғызылған, ол зиратта Жалаңтөс баһадүр жерленгенін жоғарыда айтып өттік. Самархан мешіттерінің өздеріне тән белгісі қысқы ханака, және олар жазғы намаз оқитын ауламен жалғасқан, мешіт ауласындағы намаз оқитын жер төбесі жабылып (веранда), үлкен дінгектермен ұстатылған. Мақсум Ағзам мешітіндегі қайта жөндеу жұмысы бірнеше рет жүргізілген. Соның өзінде Жалаңтөс батыр салдырған құрылыстан бір діңгек (колонна) сақталған. (суретте). Сол діңдердің бәрінің төбедегі ағаштары көркем оюландырып безендірілген, олардың асты мәрмәр тұғырға, мыс табақшаларға шақтап отырғызылған гүлдің көркін береді. Самархан мешіттерінің ішіндегі белгілілері - Көк мешіт, Зут Мұрат қожа, Нисбатдор қожа мешіті және жазғы Рухаббат т.б. Жалаңтөс бахадүрдің салдырған Шер-Дор медресесі қазір музей болып жұмыс істеп тұр, кей бөлмелері дүңгіршіктер ретінде пайдаланылуда, сонда тәспілер, бас киімдер, жайнамаздар, қол кілемдер сатылуда, қоладан, балшықтан жасалған ыдысқа сіздің көз алдыңызда сурет салып береді. Ұсталар өздерінің заттарын Самарханнан ескерткіш ретінде алып кетіңіздер деп саудасын жүргізуге тырысып бағады. Самарханның сыртында бөлек қалашық болып тұрған жер - Әл-Бұхари кесенесі тұрған қышлақ, ол жерге барғанша 10-15 шақырым жол бойы әр түрлі ағаштар отырғызылған, тізілген бағана тәрізді шыршалар, аршалар, ерекше бір жерге бара жатқаныңызды сезінесіз. Кесене - биік комплекс, еңселі, күмбезінің көптігі болмаса Ахмет Яассауи мавзолейін еске түсіреді. Таңертен шыққаннан Аллаға сиынып Қуатқан бабадан бата алып шыққанбыз, әулиелі жерге жақындай бере құран бағыштадық. Әл-Бұхари кесенесінің алды ығы-жығы халық, бабаның басына зиярат қылып келіп, Алладан көмек сұрап жүргендер. Кесене бізге үлкен әсер қалдырды, сырты қандай көркем болса, іші де сондай құлпырып тұр. Күмбезді дарбазадан өте бере көзге түскені - үлкен ауланың қақ төрінде жерленген әулиенің басына тұрғызылған күмбезді зират, ерекше безендірілген Самарханның көктасы. Ал ұлы хадис жинаушының қабірінің ағаш есігі асқан шеберлікпен өрнектеліп, әшекейленген, оймышталған. Есіктегі құлыпты көріп ішке ене алмайтын болдық-ау деп тұрғанымызда, өз жұмысымен келді ме, әлде біздің ниетіміз түзулігі ме, сол жердің қызметкері келіп бізге сәлем берді. Қазақстаннан келгенімізді айтқанда, кіріп құран оқып шығуға рұқсат етті. Кесененің ішінде, зал ортасында тас табыт тұр, ол алтын жіптермен, араб әріптерімен құран аяттары жазылған қара матамен жабылған екен. Бір қызығы қабір үстіне ескерткіш 3 метрдей биікке, екінші қабатқа қойылған. Біздегі Домалақ ана, Бабай Түкті Шашты Әзиз басына да қазір кесенелер осындай үрдіспен салынып жатыр. Көп жұрт секілді біз де ең ірі хадис жинаушы ғұламаны араб жерінде жерленген екен деп жүруші едік. Құран оқып ерекше бір сезімде сыртқа шықтық, тағы да құран оқып, мешіттің екі бас «сәлем» намазын атқарып, ғұламаның кесенесіндегі күмбездерді тамашалай отырып, сыртқа беттедік. Әсердің күшімен кесененің ішін суретке түсіруді ұмытып кетіппіз. Сыртқа шыққанда барып байқадық, кесененің қайта жөндеуіне Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың тікелей ықпалы болды деген жазуы бар мәрмәр тақта жоғарыға ілінген екен. Әл-Бұхари тарихта үлкен оқымыстылығымен, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерін жинауға бар өмірін арнаған жанның бірі ретінде тарихта қалған ғұлама. Біздің ендігі бетіміз Бұхара, сәтін салса Хорезмге де барып қайту ойда бар еді, соны айтқанымызда 100-ден асқан Қуатқан ишанның баласы Сейтхан-ишан бізді машинасымен апарып қайтуға қуана келісімін берді. Осындайда өзбекпісің бе деген сөз ойға оралады, жетпістен асса да Сәкеңнің өзі де Хорезм жағын көрмеген екен. Көлік айдауға баласы Хабибулланы ертіп алды. Өзбекстанның негізгі көлігі - өздерінен шығатын «Нексия», «Матиз» машиналары және « Дамас» микроавтобусы, басқа «иномаркалар» ілу де біреу. Қайтадан асфальт даңғыл жолға шықтық. Ташкенттен шыққан трасса Бұхарға жеткенше кең, қақ ортасынан кіндіктен келетін бетонмен бөлінген, екі-екі қатардан төрт қатар жол - автобан, трасса бойы МАИ қызметкерлері, біздегідей жүріс жылдамдығын бақылап тұрады екен, бірақ мыңдаған шақырым жер басып жолаушылағанда бір де бір жол апатын көрмедік. Жолай тарихты сұрап отырып мына бір жағдайға қанықтық. Бізбен келе жатқан Сейтхан-ишанның бабалары бұл жерге 600 жылдай бұрын жайғасқан екен, Лайыш (Ылай-іші) ауданы Самарханның екі жағынан ағып жатқан Ақдария және Қарадария деген өзендердің қиылысында орналасқан, бағзы кездерде лайлы-батпақты жер болыпты, сол қиылыста пышақ ұшындай болып жатқан жерді «пышақ ұшы» деп, ал сол жерге алғаш жайғасқан аталарын «пышақ ұшы» әулие деп атап кеткен, ол кісінің шын аты - Сейіт Нұрмаханбет, Сейіт әулетінен, қожалар. Осы жерді иеленуде мынадай аңыз әңгімені баяндай кетейік. Ол кісі Хиуа ханының беделді дін басыларының бірі болған екен, іштарлық қай заманда адамға тән ауру ғой, уәзірлерінің жеткізуімен және Нұрмұхаммедтің шынында да халыққа өзінен де ықпалы артып бара жатқанын байқаған хан бұл кісіні ығыстырып Хорезм жағынан кетуге ықпал жасайды. Содан күндердің күнінде хан ауырып айықпас дертке жолдығады. Сонда бір ем болса ол Нұрмаханбеттің қолынар келер деген Хиуаның ханы оған уәзірлерін жібереді, бірақ жылы орнынан көшіп, елден бөлек шығып кеткен, Самархан жағын сағалап жүрген әулие ханның шақыртуын қабыл алса да, Хиуаға бармай екі орта, Бұхарада емдеп көрейін деп келісім береді. Екеуі Бұхарада жолыққанда, уәзірлерінің, нөкерлерінің алдында атпен тұрған ханды, түйе үстінен үш рет шапанының етегімен желпіп жазған баба ханның «не сұрайсың» дегеніне Самарханда Ақдария мен Қарадарияның қиылысында пышақтың ұшындай ғана жер бар соны бер, үрім-бұтағым сол жерде өсіп-өнсін депті (Нұрмаханбет «Пышақұшы әулие», «Пышақты әулие» атанып кеткен). Ханның рұқсат берген жеріне көшіп келіп орналасқанда, ол маңда жабайы төрт айғыр жүреді екен. Қазіргі бұлар тұрып жатқан Самарханнан он сегіз шақырым жердегі елді-мекенге кіре берістегі жазуда «Төртайғыр» деп жазылған. Осы ауылды ишандар ауылы дейді. Бұхарға жеткенше кейбір жол бойындағы жазулар бұрынғы кириллицамен жазылғандықтан ауыл, елді-мекен аттарын оқып отырдық, онда Жалайыр, Жандар, Қарасирақ атты қазақ атаулары, ру аттары және тәжік сөздері көп екен, себебі Самархан, Бұхара өңірінде әлі күнге дейін тәжіктер көп мекендеген. Бұхараға 10-15 шақырым қалғанда Гуждуани қаласына ат басын тіредік. Мұнда Орта Азия мұсылман әлеміне аты белгілі Гуждуани әулиенің зираты бар. Мазардың үстіне үлкен күмбезді, жан-жағы ашық кесене орнатылған. Қабір үстіндегі құлпытасы көгілдір әйнек түсті көрінді. Бір айта кетерлігі - барлық мешітте, әулиелі жерлерде дәретханалар керекті заттармен түгел жарақталған, ыстық суы, суық суы бар. Асхана, шайханалар болса да өз қызметтерін атқарып тұр. Гуждуани неге бұлай атанған дегенге мынадай аңыз естідік. Гуждуанидің замандасы Ахмет Яссауи Мекеге қажылыққа барамын деп сапарға шыққанда қасында Түркістаннан ерген көп халық Бұхарға жетпей-ақ арып-ашып, шаршай бастайды. Қожа Ахмет қажылық сапары алыс екенін, қиын, қауіпті жол екенін айтқанымен көпшілік не көрсек те сізбен бірге боламыз деп қоймағаннан кейін Бұхарда оларды қарсы алып, күтіп жатқан Гуждуани әулие таңғы намаздан кейін бәрін отырғызып қойып, қағбаны, Мекке қаласын көз алдарына әкеліп қойыпты, қағбаны көрсек, тәу етсек елімізге кетеміз деген көпшілік өз сөзінде тұрғанымен мына әулиенің кереметі Ахмет Яссауиден де мықты екен деп сол кісіге әуестерінің кетіп отырғанын байқаған Ахмет Яссауи арқаларын сүйеп отырған мешіттің дуалын әрлі-бері қозғап, енді дуалға жабыспасаңдар қалып кетесіңдер, дуалмен бірге Түркістанға жетіп алыңдар дегенде Түркістаннан шыққан халайық дуалға жапа-тармағай таласа жабысып, оларды дуалдан шыққан гүжілдеген дауыспен қоса елге қайтарып жіберген екен. Содан былай дуалға жабысқан гүжілдегендер деген ат осы әулиеге Гуждуани болып беріліп кетіпті. Ол кісіден тараған біраз ұрпақ қазіргі заманда гуждуан қожалары болып жүр. Бұхар қаласында Саид Әмір Кулол (Кулол 1281-1370ж) кесенесін іздеп біраз жүріп қалдық. Уақыт өткізіп алғандықтан Бұхар қаласында Бахауддин Балакардан Нахшбандидің басына құран бағыштап, Хорезм жағына жүріп кеттік. Атақты Мир-Араб медресесіне соғу жоспарда болғанмен біз Ташауыз облысындағы Саид әулеттерінің ең үлкен бабасы Сейд-Ахметтің басына күн батпай жетсек деп ойлағанбыз... Бірақ Бұхарада, Самарханда да көрсеткіш тақтайларының жоқтығынан жазуларының өшіп, ескіргендігінен барар жерлерімізді көпшіліктің сілтеуімен жүріп тауып отырдық. Бұхара қаласындағы кішігірім кесенеге жерленген Сейіт Әмір Кулол Бахауддин Нахшбандидің ұстазы. Бебейітіне тіркестіріп салыған мешіт бар, бұл жерде де екі бас мешіт бешін намазын, оқыдық, әулиеге құран бағыштап, алладан тілеу тіледік. Едендеріне қолы кілем төселген, көрпешелер салынған салқын жай екен. Бұхарада Самархандай емес жері құрғақ, ауасы салқындау екен. Көне тарихи кешендер, Бахауддин Балакардан Нахшбандидің кесенесі өте жақсы сақталған десе болады, Мұнда да Өзбекстан үкіметі көп қаржы жұмсап жөндеу, реставрация жұмысын жүргізгені көрініп тұр. Кесененің іші айналасымен қоса есептегенде шағын бір қала сияқты, келіп-кетіп жатқан зиярат етушілерде, саяхатшыларда есеп жоқ. Қалашықтың бір шеті Бахауддиннің шешесінің зиратымен жалғасады екен, онда да зияратшыларға құран бағыштау үшін жиналған көпшілік кездесіп күтіп тұрды. (Жалғасы бар)