Атпал азамат

0
1313

 

Биыл көктем көңілдегідей болды. Дала түкті кілемдей құлпырып тұр. Жаңа бір кезде өткінші жаңбыр төгіп өткен. Жауыннан кейін жусан иісі жұпар сияқты адамның тыныс сарайын ашады. Машинаның алдыңғы орындығында отырған Қаратау тау-кен кешенінің директоры Мұратқали Сәрсенов жан-жағына рахаттана қарап келе жатқан. Бір кезде артқы орындықта өзінің орынбасары, көмекшісі Рысбек Жаңабаевпен қатар отырған маған кеудесін бұра қарады да:
-Биыл дихандардың асығы алшысынан түсетін жыл болғалы тұр-ау! Дала өте реңді екен, – деді.
-Дұрыс айтасыз. Қазақтың тірлігі – далаға байланысты. Дала гүлденіп тұрса – біз де түрлене береміз. Даланы аялап құлпыртатын – ауыл. Сол ауыл азбаса екен, сол ауылдың еңсесе көтеріңкі болса екен, – деп едім, Мұратқали басын изеді.
-Солай… Қазір сол ауыл азаматтарымен кездесеміз.
Иә, біз осы жолы бірнеше ауылдың аузын сумен жібітетін «Ынталы» бөгетіне беттеп келеміз. Онда бірнеше бригада тозған науаны жөндеп жатқан. Негізгі күш – Мұратқалидікі.
Мен осы бір мығым денелі, орта бойлы, ақсары, кіммен болса да ашыла да ақтарыла, күлімдей отырып, жылы жүзбен сөйлесетін азаматпен кездескен сайын нағыз қазақтың, азғындамаған қазақтың тұлғасын көз алдыма елестетемін. Мен онымен осыдан төрт жыл бұрын абыржып жүрген бір жағдайда танысқанмын.
…Ой, Тәңір-ай!.. Өнер адам­ының өз көңілі көлдей шал­қып жүргенімен тұрмысының шал­қы­ға­нын басқаны қайдам, өзім көп көрген емеспін. Біздің бала кезімізде Түсіп Байсақалов деген ағамыз: «Ақылды – тұрмыс билейді» деп К.Маркс айтқан екен» деп бастап, одан әрі қазбалай сөйлеп отыратын еді. Сонда біз: «Ақылды неге тұрмыс би­лейді? Тұрмысты ақыл билеуі керек қой?» дейтін едік. Сонда ағамыз: «Немене, сендер К. Марксты теріске шығарайын деп отырсыңдар ма? Ол кісі дұрыс айтады. Ол – данышпан… Гений!» деп сақалды көсемді қорғап шыж-быж болатын. Енді ойласам, біздікі әншейін идеологияның күшімен қоғамға кір жуытқымыз келмеген пәк көңілден туған қызбалық екен. Есейе келе түсіндік.
Тұрмыс дегеніміз – ақша! Ақ­ша­сы көп адам – бай, оның төрт құбы­ласы түгел, тұрмысы сай. Ақшасы көп адамның – беделі жоғары, сөзі өтімді. Ақшаға жарымай жүрген адам кімге керек? Ол данышпан, ақылды, білімдар болса да оның айтқанына ешкім құлақ ас­пайды. Қайта оны дүниесі түгел қалталылар келеке етіп кетеді. Оған әбден көзіміз жетті.
1989 жылы «Жазушы» баспасында менің «Дүрбелең» деген романым рецензиядан өтіп, 1991 жылдың жоспарына, сонымен қатар «Жалын» баспасының жоспарына да енетін болды. Құдай жарылқады деп қуанып, демігімді баса алмай жүргенімде, шынында Құдай жарылқап егемендік алдық.
Уралап, бөркімізді аспанға лақтырып жүрген күннің бірінде почтамен екі бандероль пакет келді маған. Ашып қарасам, екі баспа орынындағы өзімнің қолжазбаларым. «Баспа орындарына үкімет қаржы бермейтін болды. Біз қысқартылып жатырмыз. Біз түгіл Ғылым академиясы да таратылмақ. Қазір – нарық. Енді демеуші тауып, өзіңіз әрекет жасаңыз» делініпті жолдау хаттарда.
Мә, саған, керек болса! Көп ұзамай біз жүрген жердің бәрі бірте-бірте қысқартылып, талан-таражға түсті. Жытқыр қулар, іліп кететін ілкімділер, ұятсыздар, пайда­кү­нем­дер байып жатты. Екі сауса­ғы­мызды мұрынға сұғып, момын-момақандар қалдық бірыңғай. Басымыз зеңіп, не істерімізді, қалай күн көрерімізді білмей мәңгіріп, есіміз шықты. Нарық екі бүйірімізге жезтырнағын батырып, қысқан үстіне қыса берді. Азғана зейнетақымыздың өзін уақтылы ала алмайтын күйге түстік. Кітап бастыру жайына қалды. Сонда да дағдыланып қалған қол мен баста тыным жоқ. Әйтеуір, жаза бердік.
Алматыдағы әріптестеріме барып, ақыл сұрадым, кітаптарын қалай бастырып жүргенін білдім. Сөйтсем олардың демеушілерінен де қолдаушы-тірегі мықты екен. Біреуінің – баласы, біреуінің – туысқаны, енді біреуінің – құдасы, наға­шысы, тағы сондай сөзін сөй­леп, қамқорлық жасап жүретін жай­саңдары, бір үлкен мекеменің ша­ңырағын тіреп отырған алып-ал­пауыттары бар екен. Солар телефон шалса болды, оған демеушінің өзі-ақ дәйек таппай жүгіріп баратын көрінеді.
Менде ондайдың бірі де жоқ. Өмір бойы айналшық болғандай ауылдан шықпай қойған адамбыз ғой. Алматыдағы аспанды тіреп тұрғандардың ешқайсысымен жөнді араласпағанмын. Мені бірі таныса, бірі танымайды. Соның салдарынан менің 80 жасқа толған тойым да жетім қыздың тойындай болып өтті. Жоғарыдан біреу тапсырма беріп, қадағалап отырмаса, жергілікті бишікештер басын қатырып несі бар. Менің мерейтойым мен ауданның 75 жылдығы тұспа-тұс келеді. Содан аудан басшылары туған күнімді 3 айға кейін шегеріп тастады да, ауданның тойын дүрілдетіп өткізді. Ат бәйгесін ұйымдастырып, бірінші, екінші келген аттарға бір-бір машина, қалғанына кілемді түйе, ер-тұрманды ат сыйлады.
Ал менің тойымда ше? Аудан басшыларының оны 3 айға неге кейін шегергенін білмеймін, той өткізуге қалай дайындалып жатырсыз деп бір адам хабарласқан жоқ. Әйтеуір тырмысып, тырбанып жүріп мәзірімді көрсеттім елге. Осы жерде менің ренжитінім – басқа аудандарда, облыстарда өнер адамдарын құрметтеп, оған жеңіл көлік мінгізіп, немесе кіретін үйдің кілтін ұстатып жатады. Ал бізде ше? Жарты сағат тер төккен атқа қиған машинасын қимақ түгіл, ерттеулі есек те мінгізбеді. Менің 60 жыл бойы өнер жолында тер төккенімді есепке де алған жоқ. Демек, маған бүйрегі бұрып, жаны ауыратын, мерейі үстем қолдаушының болмағаны. Қазіргі заманда сырттай қамқорлық жасап, сөзіңді сөйлеп жүретін мықты сүйенішің болмаса, әпенденің күйін кешіп далада қалдым дей бер, көптің – бірі, көненің – тозығы болып.
Мен кітап бастыру үшін бірнеше рет іздедім, олар да адам талғайды екен. Ауылға келіп, жаңадан оп-оңай байып жатқан ағайындарға, «достарға» жасығымды одан сайын жасытып айтып көріп едім, олар бірден ат-тонын ала қашты.
-Кітап деген не ол? Одан не пайда бар? Қазір ешкім кітап оқымайды, – дейді олар бет-ауызы шімірікпестен.
-Оу, кітап – рухани азық қой. Оқымасаң сен оқымайтын шығарсың. Басқалар оқиды емес пе? – десем, олар өзімді келеке етіп шек-сілесі қата күледі.
-Қазір тамақтан өтпегеннің бәрі – ұлтарақ, – дейді олар.
Мен осы жағдайды айтып облыс­тық әкім Серік Үмбетовке шағынған едім, ол бір мың болғыр екен. Сол жылы «Кенесары мен Мыңжасар» деген өлеңдер жинағымды мың дана­мен бастырды да, оны өздері кі­тапханаларға таратты. Менің қо­лыма 10 данасы тиді. Не төленген қа­ламақы жоқ. Әйтеуір, кітабы шық­ты деген атағы бар, соған да шүкіршілік!
Содан екі жыл өткеннен кейін Үмбетовтың орнына болған әкім Бөрібай Жексембин «Қане, сырласайықшы» деген өлеңдер жинағымды 500 данамен шығарып, маған 10 данасын берді де, қалғанын кітапханаға таратты. Кітап басылды деген аты болмаса, мұның да Түсіп ағам айтқандай жағдайымды көтеруге дәреметі тиген жоқ. Содан кітапты өзім өткізіп, ақшасын қолма-қол алатын жағдайға қалай жетсем екен деп армандап жүрген кезім болатын. Бұл екі арада аудан әкіміне қаншама рет ендім. Мен келгенде оның суы тартылып, көлі құрғап отырады. Ал, Жаңатас қаласын талқандап, бұзып байыған «ауданның құрметті» азаматтарына айтсам, олардың пейілінің бұзылғаны сонша, өзімнің түбі тесік қалтамды тінте қарайды. Ақылды билейтін тұрмысты игергендерден түңілгенім сонша, өзімнен-өзім «байлардың» адамгершіліктен осынша алшақтап кеткеніне қапа болып жүргенімде, бір досым маған:
– Қаратау тау-кен кешенінің директоры Сәрсеновке бір жолығып шықпайсыз ба? Ол адамгершіліктен айнымаған азамат, – демесі бар ма.
Сол сөз қамшы болып, «ел мақ­таған жігітке…» бір жолығуға аң­сарым ауа бастады. Бұл кезде олар қала орталығынан «Жастар саябағын» салдырып жатқан. Оның сыртын қоршап, кіреберіске Қа­ратау кешенінің мүсінін орнат­қан. Мыңдаған түп әр түрлі тал отыр­ғызылып, арықтар тартылды, асфальт жол салынды, адам демалып оты­ратын орындықтар қойылды, гүлдер егілді.
Сол саябақты салтанатпен ашуға қала жұртшылығы мерекедегідей жиналып, облыстан көптеген мейман да шақырылды. Осы қуанышты күнге мен «Бүркіттінің бүркіттей адамдары» деген өлең дайындап әкелдім. Жиынды аудан әкімі Болат Мәдікенов ашып, маған да құттықтау сөз берілді. Мен Қаратау тау-кен кешенінің тарихынан білгенімше біраз әңгіме айта келіп, өлеңімді оқып бердім.
Осы жолы мен Мұратқали Сәрсеновты алғаш көріп, кездестім. Жылы жүзді, ізетті жігіт екен. Ол маған қасындағы ұзын бойлы, қара мұртты, облыстағы бастығы Мұқаш Ескендіровты таныстырды. Мұқаш Ескендіров те жоғарғы лауазымына қарамай өзін мейлінше қарапайым ұстайтындығын байқатты. Жылы лебізбен жақсы сөйлестік.
-Сізбен мен атүсті емес, асықпай отырып сөйлесуім керек еді, – дедім мен Сәрсеновке бір реті келгенде.
-Олай болса ертең келіңіз, – деді ол бірден елпілдей мақұлдап.
Бұл жерде Ескендіровке деген риза­шылығымды айтпай кетуіме болмайды.
-Сіздей қариялармен сұхбаттасу бізге қажетті-ақ. Жолыңыз түсіп маған келем десеңіз қуана қабыл аламын, – деді ол жылышырай реңмен.
-Ой, рахмет!.. Өркенің өссін, қарағым!.. Алла қаласа, ол да есте болар, – деп мен де өз баламның алдында тұрғандай сезіндім өзімді.
Сонымен ертеңіне уәде бойынша Мұратқалидің алдында болдым. Ол мені төрдегі орнынан тұрып келіп қарсы алды. Әуелі толық танысып алдық. Содан кейін мен жоғарыда айтылған жағдайдың бәріне шолу жасай келіп:
-Менде ауданның тарихын қамтыған үш бөлімнен тұратын «Дүрбелең» деген көркем шығарма бар. Ол «Жазушы» баспасының 1991 жылғы жоспарына енгелі тұрғанда жолы болмады. Аласапыран киіп кетті. Енді соған демеуші таба алмай жүрмін. Ойым әр бөлімін жеке кітап етіп шығарсам деймін. Өйткені шағын кітап демеушіге жеңіл, – дедім де күлдім. Күлген себебім – осы ойымды астарлап бергім келді, – Мәселен, бір кісінің үш баласы бар делік. Соның үлкені әжептеуір азамат болып атқа мінсе, өзінен кейінгі інісін атқа мінгізуге көмектеседі. Сөйтіп бірін-бірі сүйеп үш ағайынды жігіт тез жетіліп кетеді. Сондай-ақ романның бірінші бөлімін атқа мінгізу керек болып тұрғаны.
-Дұрыс айтасыз, – деп күлді Мұратқали алдындағы шайдан бір ұрттап қойып, – сол бірінші ұлды атқа мінгізудің ер-жабдығы менен болсын. Шама келсе қалған ұлдарға да қарап қалмаспыз.
Мен Мұратқалидің жағдайды бірден түсінгеніне риза болдым.
-Мені екі иығымнан басқан батпан жүк бар еді, сол едәуір жеңілдеп қалған сияқты. Алла разы болса, мен де ризамын. Арамызда баяғының бағлан жігіттері қалмады ма деп күдіктеніп жүр едім, Құдайға шүкір сіздей азамат көп болса қазақ құрымайды, – дедім ықыластана қолын алып.
Сол күннен бастап менің қолым жүрді. Сәрсеновтың демеуімен романның бірінші кітабы мың данамен шығып еді, оны өткізуге аудан әкімі Болат Мәдікенов ықпал етті. Сол кітаптың ақшасымен екіншісін, оның ақшасымен үшіншісін жарыққа шығарып алдым. Енді алдымен үшеуін біріктіріп, бір кітап ету міндеті тұр. Мұратқали сияқты қазақтың атпал азаматтары аман тұрса ол мақсатыма да жетемін деген ойым бар.
Менің бұл айтып отырғаным Мұратқалидің жеке адамға жасаған жақсылығының мүмкін жүзден бірі, мүмкін оннан бірі шығар. Ал, оның одан да әлдеқайда күрделі ауданның әлеуметтік саладағы тірлігіне қатысуы тіпті мол. Қазір Мұратқали қайырымдылығы жағынан аңызға айналған адамның бірі. Оған келтірер мысал да аз емес.

Соның бірі
және бірегейі…

Сәуір айының соңғы күндерінде тау бөктеріндегі «Ынталы» су қоймасының маңында жұмыс қайнап кетті. Осы су қоймасынынан шығып, «Шабақты» өзенінің үстінен аспамен өтетін темірбетонды науада қызу жұмыс басталғанына біраз болған. Бұрынғы аудан орталығы болған «Саудакент» төңірегінде ертеде «Байқадам», «Коммунар» деген екі ірі шаруашылық орналасып, мыңдаған гектар егін егетін де, одан мол өнім жинайтын. Оларды осы «Ынталы» сумен қамтамасыз ететін.
Осыдан 40-50 жыл бұрын тұрғызылған науа әбден тозып, біраз жылдан бері өзеннің арғы жағындағы шаруашылықтарға су өз дәрежесінде жетпей қалған. Қоймадан өлшеп жіберілген су науадан асып және сынған, жарылған жерлерінен өзенге ағып төгілетін еді. Содан диқандар көп зардап шегетін.
Биыл «Ынталыға» су мол жиналды. Мол судан үміт еткен шаруа қожалықтары жылдағыдан егіс көлемін ұлғайтты, әсіресе, жеміс ағаштарын отырғызуға баса назар аударылды. Ендігі үлкен проблема – су. Тозығы жеткен науа жөнделмесе бәрі зая болатыны сөзсіз. Бұл аудан басшыларынан бастап диқандарды қатты толғандырған күрделі мәселе болатын. Өйткені 6 шақырымдық науаны жөндеп қалпына келтіру үшін қыруар қаржы керек. Ондай қомақты қаржыны табуға ауданның бүйірі қабысқан шағын қоржынының шамасы келмейді.
Осы күрделі мәселе Қаратау тау-кен кешенінің директоры Мұратқали Сәрсеновты қатты толғандырды. Оның бір ерекше қасиеті – өзіне тиесілі жұмысты ғана емес, сонымен қатар ауданның қалай тыныс алып жатқанына күнде көңіл аударып, кейбір қысқа жіп күрмеуге келмеген тұста қолұшын соза қоятын. Бүгін де солай болды.
Оның алдына түс әлетінде «Саудакент» өңіріндегі шаруа қожа­лықтарының бір топ басшылары келіп, біраз мұң-мұқтажын айтқан. Естігенде тебіреніп кеткен Мұрат­қали «жәрдемдесу керек» деген тоқ­тамға келді де, ертеңіне қарауындағы білікті, беделді мамандарды жинап алып:
-Менің байқауымша аудан алдында үлкен проблема тұрған сияқты. Кеше аудан әкімі Мәдікенов осылай хабарлады. Аудан бәрімізге ортақ. Сондықтан біз ауданды осы қыспақтан шығаруға қолұшын берсек деп отырмын, – дей келіп, Ынталыдағы жағдайды, диқандардан естіген сөзін, аудан басшыларының пікірлерін баяндап берді, – Әрине бұл оңай шаруа емес. Бұған ең алдымен білгірлік, адал ниет, ықылас, ынта керек.
Мұратқалидің сөзін бәрі бас шұлғып мақұлдады да, ертеңіне «Ынталы» су қоймасына не керек екенін анықтау үшін бір топ мамандар жіберілді. Осыдан кейін-ақ жұмыс ширақ басталып кетті. Тау-кен кешенінен арматуралар, цемент, тағы басқа материалдар мен техника жеткізілді. «Ынталы» су бөгеті алғашқы салына бастаған 1945 жылы да осындай бір қызу дүбір болған еді. Онда барлық жұмыс қолмен атқарылған. Ол кездегі құрал – қайла, кетпен, күрек, топырақ таситын зембіл, өгіз арба, қоларба-тын. Қазір екі-үш автокөлік тынбай құм тасып, екі цемент араластырғыш жұмыс істеп тұр. Жұмыс басындағылардың бәрі таңдап әкелінген он саусағынан өнер тамған шеберлер. Олар сағатпен емес, таңның атысы, күннің батысына қарамай жұмыс істеді. Мұратқали адам сүрліге жығылатын қым-қиғаш жұмыстың арасынан уақыт тауып мұнда күніне екі рет келіп кетеді. Оның көлігі көрінгенде жұмыс басындығылар:-Біздің бригадир келе жатыр, – деп қимылдарын одан сайын жеделдете түседі.
Жұмыс бір айға созылды. Оған аз қаржы жұмсалған жоқ. Алты шақырымдық науа «Тасарықтағы» Оманарыққа жеткізіліп, алғашқы су жіберілгенде көктемгі қызылсуды асыға күтіп жүрген диқандар бөр­кін аспанға лақтыра қуанды. Сау­да­кенттің сырт жағы мен Жаңаталап елді мекеніне бет алған Оманарық өзінен бөлініп шығып жатқан арық­тарға сыбағасын үлестіріп, жомарт пейілін көрсетіп шірене ағып бара жатты. Әр жыл сайын бұл уақытта ауылдың төменгі жағындағы суға қолы жетпей санын соғып, пұшайман болып қалатын диқандарға да су жетіп бір кенеліп қалды.
Егіс даласында аяғына етік киіп, иығына кетпен салған диқандар әр жерден көрініс беретін болды. Соның бірі «Игілік» ауылының теріскейіндегі алқапта қара-құра көбейген. Біз ең бірінші егістігін суарып жүрген бір шаруа қожалығының иесі Мінташ Сүйіндіковке кездестік. Оның жүзі жайдары екен.
– Мен биыл екі гектар жерге жеміс көшеттерін отырғызған едім. Оның дені әр сортты алма. Оған қоса жүгері, мақсары ектік. Егеріміз ектік-ау, жылдағыдай су жетпей еңбегіміз еш бола ма деген қорқыныш бар еді. Құдайға шүкір, ол күдігіміз сейілген сияқты. Бұл жөнінде диқандар Мұратқали Сәрсеновке мың алғыс айтудамыз. Нағыз атпал азамат екен. Қазақтың әрбір азаматы осындай болса, Қазақстан тез өркендейді. Адамға ең алдымен пейіл керек. Кейбіреулер жоғары мансапқа ие болса, немесе байыса, өздерін халықтан оқшау ұстайды емес пе. Ондай адамдардың өркені ұзаққа бармайды. Тек қана өз қамын ойлайтындар өзгені жарылқамақ түгілі түптен келгенде өзін-өзі құртып тынады. Ал, Мұратқали саналы, адамгершілігі мол азамат екен. Оған Алланың нұры жауады. Ертең біз осы жерімізден табыс тауып, байып жатсақ – онда осы Мұратқалидің үлесі бар. Бір ғана мен емес, әрбір диқан осыны ойлайды. Мұратқали – біздің піріміз. Диқан бабаның бізге арнайы жіберген өкілі деп танимыз, – деді ол ағынан жарылып, күле сөйлеп тұрып.
Мінташтың тебіреніп тұрып айтқан сөзі кімге болса да әсер етерлік еді. Бізде де Мұратқали Сәрсеновтың азаматтығына риза екендігімізді білдіре:
– Ол кісінің ауданға көрсетіп жатқан көмегі жалғыз бұл ғана емес қой, – деп едік, Мінташ:
– Білеміз. «Ел құлағы – елу» естіп жатырмыз. Былтыр Жаңатас қаласындағы жылу жүйесін басқаратын мекеме 23 миллион теңгеге қарызданып қалыпты ғой. Қыс қыр астында тұрған шақта абылаңқылыққа түспей ме бұлар. Қала тұрғындарына жылу беру керек. Міне, олардың осы қыспақтан құтқарған да Сәрсенов екенін білеміз. Егер ол азаматтық көрсетпегенде не болар еді?
Расында да Сәрсенов көмек­теспесе қаладағы 20 мың халықтың көрген күні өте аянышты болатынына сөз жоқ. Халыққа қайырымдылық жасаудағы М. Сәрсеновтың ашық қолдылығы әркімді-ақ қайран қалдырады. Осыдан 2 жыл бұрын «Саудакенттегі» бұрыңғы талан-таражға түсіп, жабылып қалған балалар бақшасы қайта ашылғанда Сәрсенов оған қаншама дүние (ойыншық, телевизор, төсек-орын, ыдыс-аяқ) сатып әперді. Аудан бойынша «Жұлдыз» атты балалар лагері бар. Оны жөндеу, күтіп ұстау, жабдықтау да осы тау-кен кешенінің мойнында. Бұл кешен (оны ел «комбинат» деп атайды) ертеректе жаңынан өзен ағып жатқан тау арасындағы “Көктал” деген көрікті жерден сауықтыру орнын ашқан болатын. Онда әр ай сайын 180-200 адам емделеді. Бұл емдеу орны қазіргі заманның құралдарымен жабдықталған әйгілі санаторийлардың еш қайсысынан кем емес. Осы емдеу орнына М. Сәрсенов әр маусым сайын он шақты қарт еңбек ардагерлерін, ауданға белгілі зейнеткерлерді, соғыс ардагерлерін қаржысын өзі төлеп қабылдауды әдетке айналдырған.
Оның үстіне аудан орталы­ғындағы орта мамандық беретін оқу орындарындағы жетім балаларға қаншама көмек көрсетті. Ал өнер адамдарына деген ықыласы тіпті өзгеше. Оларға құрмет көрсетуде алдына жан салмайды.
– Дұрыс айтасыз, – дедік біз. Осы кезде сонау өткен кезеңдер көз алдымыздан лезде өте шықты. Мұратқали Сәрсеновтың алдында болған Қаратау тау-кен кешенінің директорларының көпшілігі мұндай жәрдем беру былай тұрсын, салы­ғы­ның өзін уақтылы дұрыс төлемей айтысып, аудан басшыларымен дүрдеараз болып жүретін еді. Олардың біразы ең алдымен тау-кен кешенінен түскен табысты екшеп, електен өткізіп, артылғанын лажын тауып өз құлқынына салатын. Осындай басшылардың кезінде кеніштің жұмысы мүлде құлдырап кетті. Талан-таражға түсіп жатты. Соның салдарынан бұрын 15 мың адам жұмыс істейтін кешен жабылудың сәл-ақ алдында тұрды. Жұмыс орыны қысқартылған қала тұрғындары күнкөрістің қамы үшін жан-жаққа кетіп жатты. Көптеген үй қаңырап бос қалды. Ол бос үйлерді қорғаған ешкім болған жоқ. Кім көрінген есік-терезесін, керек-жарағын қаусатып алып, қаланың ұсқынын кетірді. Адам айтып болмас сұмдық аласапыран басталды. Небір мықты цехтар, қоймалар, заводтар, мәдениет орындары, көпшілікке қызмет көрсететін мекемелер, мектептер т.б. орындар жабылып, оның ғимараттары қолды болып, талан-таражға түсті. Оған ең алдымен басқару саласында жүргендер қол салды. Оны көріп тұрған қала халқы қарап қала ма? Сонымен не керек, бір кезде елге байлығымен мәлім болған, 60 мыңға жуық халық тұрған қаланың тең жартысынан көбі қаусады.
1997 жылы Сарысу ауданымен біріктіріліп, Жаңатас қаласы аудан орталығы болмағанда халі тіпті мүшкіл болатын еді. Мұратқали Сәрсенов осы қалаға әбден кейпі қашып, енді-енді есін жинай бастаған кезде тау-кен кешенінің директоры болып 2004 жылы келді. Ол келген соң-ақ көп ұзамай сал аурудай сансырап жатқан кешенге жан кіріп, басын көтере бастады. Кейбір тоқтап қалған бөлімшелер қайтадан ашылды.
Бұл келгенде 5-6 жүз адам жұмыс істейтін кешенде қазір 2 мыңнан аса адам еңбек етеді.

Бәрі осы жерден
басталды.

Біз «Ынталыдан» шыққаннан кейін «Қаратау» тау-кен кешенінің күре тамыры – «Көксу» кешеніне келдік. «Көксу» Жаңатастың батыс жағындағы «Ақши» деген жерге орналасқан. Баба түкті Шашты Әзіз әулиедегі «Құмкентте» ырыс болып тұрған бұлаққа жер асты суы осы жерден барады екен. Өйткені мұнда көлемді жерасты көл бар. Сол көлдің бір тармағы 7 шақырым қашықтықтағы Шашты Әзіз әулиенің бұлағына барып жер бетіне шығып жатыр. Одан Құмкент ауылына жол тартады. Құмкент ауылының тіршілігі осы бұлақ суына тікелей байланысты.
«Көксу» кешенінің бастығы Әбдіғали Мақұлов бізді сол «Ақшидегі» карьерге алып келді. Карьердің ені 100 метр де, тереңдігі 25 метр екен, ұзындығы бірнеше шақырымға созылады.
-Осы карьер бізді ондаған жылдар бойы қамтамасыз ете алады. Бұдан әрі еңді 25 метр жарсақ көлді зақымдаймыз. Сол үшін әзір осы жердегі дайын руданы ғана алып жатырмыз, – дейді Әбдіғали.
Әбдіғали – білімді де іскер жігіт көрінеді. Ол Созақ ауданында туып өскен. 1976 жылы Алматы қазақ политехникалық институтын бітірген. Оқуды бітіргеннен кейін осы Жаңатас қаласына келіп алғашқы жұмысын экскаватордың көмекшісі қызметінен бастайды. Кейін тау-кен мастері, диспетчер, өндірістік-техникалық бөлімінде жұмыс істеді. Одан кейін өндірістегі жұмысшылар комитетін басқарды. 2004 жылы жұмыс бабында көтеріліп 1987 жылы ашылған «Көксу» кенішін басқарды. Мұнда 310 адам жұмыс істейді. Кеніш жұмысының көбі техникамен атқарылады. Кеніште 7 экскаватор , 4 бұрғылау станогы, 110 тонналық 9 «БелАЗ», 45 тонналық «БелАЗ» іске қосылып, дайын 7-8 мың тонна руда ең алдымен ұсақтау-сұрыптау фабрикасына жіберіледі. Оны фабрика сұрыптап, майдасын Тараз қаласындағы Химзауытқа, ірісін өзіміздегі Орталық байыту фабрикасына жөнелтеді.
Осы «Қаратау» тау-кен кешені­нің қарауында 6 өндіріс көзі бар. Бұ­лардан жыл сайын 2-3 млн. тонна өнім өндіріліп басқа қажет еткен мемлекеттерге, өндіріс орындарына жіберіліп отырылады. Минералды тыңайтқыш өндіру жөнінде «Қаратау» тау-кен өндірісі дүние жүзінде төртінші орын алады.
«Көксу» кенішіндегі адамдар арасында көптеген озаттары бар екен. Экскаваторшы Өмірбай Сериев таяуда облыс әкімінің марапаттау грамотасын алыпты. Сол сияқты БелАЗ-дың жүргізушісі Сейілбек Бейсенбаев «Қазфосфат» кешен басшыларының марапаттау грамотасын иеленген. Электрик Талғат Нұрлыбеков, бульдозерші Дүйсенбек Есімбеков, экскаваторшы Бақытжан Қадырбековтер басқаларға үлгі көрсетіп жүрген өнегелі жұмысшылар көрінеді.
«Қаратау» тау-кен өндеу кеше­ні­нің жұмысшыларының еңсесі кө­те­ріңкі. Олар жалақысын уақтылы ала­ды, тұрмыстық жағдайы да жаман емес.
Тілге тиек етіп отырған Мұратқали Сәрсеновтың атағы ауданның әлеуметтік саласында да, мемлекеттік жұмыс саласында да халық аузына ілініп, аспандап тұр. Негізі халықтан қарғыс алмай, алғыс алған адамға Құдай да оң көзімен ықыласын түсіре қарайды, халық қамын ойлаған азбайды деген осы.
Жуырда М. Сәрсеновтың анасы 97 жасында қайтыс болды. Осындай ұлды дүниеге әкелген нағыз бақытты ана екен. Басқа қолынан іс келетін қауқары бар жігіттің бәрінде Мұратқалидің мінезіндей биязы мінез, соның көңіліндей кең көңіл, жылы жүз, ыстық мейірім, асқар таудай азаматтық қасиеті болса – Қазақстан аз уақыттың ішінде әлемдегі озық мемлекеттің бірі болар еді деп толқыдым мен, «Көксу» кенішінен шығып келе жатқан жол үстінде.

Дулат ШАЛҚАРБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Дарабоз» сыйлығының жеңімпазы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз