Қазақстан Гуленмен «гүлдене» ме?!.

Жақында қазақстандық БАҚ аяқ астынан бірінен бірі қалмай Фетхула Гулен туралы жамырап айта бастады. Оған Алматының дәл ортасындағы Жазушылар Одағы ғимаратында өткен «Фетхула Гулен және бүгінгі әлем» атты тұсаукесер себеп болды. Халықаралық «Еуразия диалогы» платформасы мен Жазушылар Одағы ұйымдастырған басқосу барысында асқан сақтықпен әрі шебер ойластырылған көпкезеңді PR-акцияның бағдарламасы жүзеге аса бастағанын біреу байқаса, біреу байқамады. Әлемнің бірқатар бөлігінде әбден сыналған «бұқараның жүрегін жаулау технологиясы» Қазақстанда да тұтқиылдан басталып кетті. Кешке келген қонақтар аяқ астынан бір дорба кітаптан тұратын «фетхулеші» кітапхананың иесі болды да қалды. Иә, мұнда Гуленнің күлімсіреген бейнесі бедерленген орыс және қазақ тіліндегі оншақты кітап-журнал тегін ұсынылды. Баспа өнімдері сапалы қағаздан жасалған, ғылыми редакциясы да танымал ғалымдардың қолынан шыққаны көрініп тұр. Жылтыр қағазды, түрлі-түсті, бірнеше тілде шығатын «DA Қазақстан» журналының сыртқы мұқабасынан Гуленнің ойлы жүзін ғана емес, отандық эстрада жұлдыздарының бейнесін де көруге болады. Журналдың бір ғана осы жылғы №28 санына Фетхула Гуленнің 31 фотосы cалыныпты. Журналда «Ұлы Ұстаз» Фетхуланы ұлықтаған танымал тұлғалардың «лебізінен» аяқ алып жүргісіз. Ресейлік Мемлекеттік Дума депутаты С.Марковтан бастап, марқұм Шыңғыс Айтматов, Ресей Муфтилер Кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдинов, қазақстандық академик Ә.Нысанбаев, т.б. марғасқалар Гуленді ұлықтауға сөз аямағанына таң қалдық. Бұл «лебіздер» шынымен-ақ тасқа басылып, бірде болмаса бірде айтылған ба, әлде «Ұлы ұстаз» шәкірттері қолдан құрастырған «шығармашыл коллаж» ба, ол арасын айыру қиын. Тұсаукесерде мықты дайындалған «PR-команда» қазақстандық оқырманды «фетхулеші» уағызға көміп тастады деуге болады.

БАҚ бетінде көбіктей көпірген жаппай мадақтаудың арасында тәуелсіз интернет-сайттардың бірінде жарияланған «Фетхула Гулен – Қазақстанның адал «досы» ма?» деген мақала ғана ерекше көзімізге түсті. Мақалада осыншама үгіт-насихатта аты әуелете мақталған Фетхула Гуленнің жеке тұлғасы мен ол негізін қалаған «фетхулешілер» діни ағымының көлеңкелі тұстары егжей-тегжейлі сөз болған. Сонымен... «Ұлы Шебер» немесе Фетхула Гулен деген кім? Түркияның бұл азаматы «фетхулешілер» деп аталатын – әлемде мыңдаған адам мен түрлі қор, компаниялар, білім беру орталықтары, іскер ұйымдар мен баспаханалар сияқты құрылымдардан тұратын халықаралық деңгейдегі үлкен қауымдастықтың басшысы. «Ұлы шебер» (бұл оның жолын ұстанушылардың оған қойған аты – автор) Түркияның оңтүстігіндегі Ерзурум қаласының маңында, Қорыжық елді-мекенінде 1938 жылы дүниеге келді. Ресми түрде «фетхулешілер» қозғалысының мақсаты – ислам дінін тарату деп мәлімденеді. Алайда, оның ілімі Түркияның өзінде тыйым салынған. Ал Қожа Эфендидің (Фетхула Гуленнің) өзі қазіргі кезде АҚШ-та жасырынып жүр. Оған «Түркиядағы зайырлы режимді құлатып, шариғаттық мемлекет құрғысы келеді» деген айып тағылған. Миссионерлік мансабын бастаған кезде Гулен өзінің рухани ұстазы Саид Нұрсидың ұстанымын белсенді түрде уағыздайды, оны исламды таратудың негізгі жолы ретінде қарастырады. (Айтпақшы, Саид Нұрсидың да шығармаларын таратуға Түркияда, өзге бірқатар елдерде де тыйым салынған). Нұрси сияқты, Фетхула Гулен ілімінің ұстанымдары да аралас мектептерде нақты ғылым мен ислам догмаларын бірге оқуды ұсынады (дәстүрлі діни мектептер – медреселер мен қазіргі мектептер – мактаб). Онда мектептік білім, діни және заманауи пәндер қатар оқытылады. Жалпы айтқанда, өз идеясын таратудың тиімді тәсілі ретінде Гулен білім жүйесін таңдады. Қазақстанды «гуленден­діру­дің» қазіргі ахуалы. Кеңес Одағы ыдырап, темір құрсау қираған соң Гулен қауымдастығы зор мүмкіндік алды. Оған 70 жылдық коммунизм кезінде өзінің ислами негізінен айрылған Орталық Азиядағы «этникалық мұсылмандарға» өз ықпалын жүргізу мүмкіндігі туды. Өңірдегі ата дінге деген ерекше құлшыныс, реисламдану үдерісін «фетхулешілер» шебер пайдалана білді. Гулен жамағатының Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда таралуын зерттеген белгілі француз зерттеушісі Байрам Балжи (ол Ташкентте орналасқан Орталық Азияны зерттеу жөніндегі француз институтының директоры) 2003 жылғы «Religion, State & Society» журналының №2 санында жарық көрген өзінің «Орталық Азиядағы Фетхула Гулен мектептері және оның Түркілік пен Исламды таратудағы рөлі» атты мақаласында: «Бұл қозғалыс Орталық Азия аймағына ену бойынша жақсы стратегия жасады. Бар болғаны екі жыл – 1991-1993 жылдар аралығында Орталық Азияда жүздеген компания мен ондаған мектеп ашылды. Сонымен қатар, әр республиканың астанасында жарыққа шығатын осы жамағатқа қарасты «Заман» газеттері құрылды... Қазіргі кезде ең көп мектеп Қазақстанға тиесілі, 28 лицей мен Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы Университет жамағаттың бақылауында. Көрсетілген білім беру мекемелерінен басқа, Гулен бастаған қозғалыс Қазақстанда балаларға исламды үйрететін медресе қызметін атқаратын 30-дан астам пансионат ашты» деп жазды. Зерттеушілер Қазақстандағы Гулен қауымдастығының білім беру мекемелерін біздің елдегі түрік компаниялары мен бизнесмендері қаржыландыратынын айтады. Жоғарыдағы мақалада Б.Балжи «Орталық Азияда жұмыс істейтін түрік компаниялардың көпшілігі Гулен қозғалысына қатысы бар» деп жазады. Олар – «Ulker» және «Barakat» компаниялары бөлімшелері, тамақ өнеркәсібі, тоқыма мануфактура, құрылыс, ресторан және т.б. салаларда қызмет атқаратын кішігірім компаниялар мен фирмалар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл компаниялар Саид Нұрси мен Фетхула Гуленнің шығармаларын және бұл қозғалысқа қатысты ақпараты бар басқа да кітаптар мен әдебиетті Түркиядан әкелді. Жамағаттың кітап дүкендері әдебиет таратып, «ілімнің» аймаққа терең енуінде маңызды рол атқарды. Мысалы, «Aydin» компаниясы және оның Ташкенттегі филиалы аймақты жамағаттың түрік, ағылшын, орыс, қазақ, кырғыз, өзбек, түрікмен тіліндегі кітап, бейнетаспа және газеттерімен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, әр елдегі Гулен қозғалысының көпшілік компаниялары түрлі бизнесмендер қауымдастығының мүшелігіне кіреді. Қазақстанда толығымен «фетхулешілер» қауымына қарайтын Казақ-Түрік білім қоры (KATEV) жұмыс істейді. Аталған қор Қазақстандағы негізінен жоғары лауазымды билік өкілдерінің балалары оқитын қазақ-түрік лицейлерін (ҚТЛ) қаржыландырады. ҚТЛ-нің ұстаздары өздерінің діншілдігін құпия сақтайды. Олар балаларды есейген уақытқа дейін жеткізіп, сұрыптау жүргізеді. Әр балаға құпия картотека жасалады. Балалардың ең сенімді және қабілетті дегендерін Түркияға оқуға жібереді. Сөйтіп жаңа «сарбаздар» елге оралып, ұстаздары жүргізген жұмысты жалғастырады. Б.Балжидің айтуынша, «фетхуле­шілер» білім беру мекемелерінде ислам дінін уағыздауды құпия өткізеді. Бұл бірінші кезекте, Ф.Гуленнің радикалды іліміне байланысты қозғалыс басшылығы мен қазақстандық билік арасында қарым-қатынас шиеленісіп кетпеу үшін жасалады. Ресей зерттеушісі Николай Николаевич Буянов өзінің тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін алуға дайындаған «Түркиядағы саяси ислам (ХХ ғ. 70 жылдары – ХХI ғасырдың басы)» атты диссертациясында Фетхуле Гулен мен оның діни қауымына қатысты қызықты мәлімет келтіреді. 2000 жылдың тамыз айында Түркия мемлекеттік қауіпсіздігінің қызметкері Н.М.Юксель сотқа Ф.Гуленге қатысты 79 беттен тұратын айыптау қорытындысын ұсынған. Онда бейне және аудио материалдардан тұратын фактілер негізінде Гуленге «өзіне қарасты мектеп, интернаттар мен курстарда жақсы дайындалып, оқытылған шәкірттері арқылы Ататүрік ұстанымдарын жоққа шығара отырып, шариғатқа негізделген мемлекет құру үшін зайырлы мемлекетті құртуға ниеттенген» деген айып тағылды. Сондай-ақ айыптау қорытындысында Гулен тобының Түркияның қарулы күштері, мемлекеттік органдары, білім беру жүйесі, қауіпсіздік органдарына «білдірмей және тереңдеп ену» саясатын екпінді жүргізіп жатқаны баса айтылды. Осы негізде Гулен іліміне Ататүрік елінде тыйым салынды, ал оның өзі түрмеге түсу қаупінен бас сауғалап, «емделу» деген сылтаумен өз елінен қашып, АҚШ-ты паналауға мәжбүр болды. (Жалғасы бар) Бақытжан ҒАЙЫПНАЗАР, саясаттанушы