Мен арсыз адамның арын ояту үшін дүниеге келгенмін

Өтежан НҰРҒАЛИЕВ, ақын: – Сұрағыңды қоя бер маған. – Менің сұрағым кейінірек, сұхбат барысында пайда болады, әзірге сіз өзіңіздің оңтүстікке барып келген онкүндік сапарыңыз жайлы айтып берсеңіз, мақсат не еді, нәтиже қалай болды дегендей? – Сен мені бірден жаулап алғың келеді. Мен сені халыққа ұнау үшін шақырып отырған жоқпын. Менің жауап бергім келмей отыр, ал, сен мені ноқталап отырсын. Былайша айтқанда қолымды қайырып, құйрығымнан теуіп отырсын. – Кеше сұхбат туралы өзіңіз едіңіз ғой айтқан? – Бүгін де айтып беремін, бірақ кешегі көңіл-күй жоқ. Сұрағыңды қоя бер. – Олай болғанда келмей-ақ қой деп ескерте салуыңыз керек еді. – Жоқ, ешуақытта ондай болған емес, төбелеске шақырған күнде де барамын. Мұндай мінезді мен қайдан таптым, соны айтып берейін. Мен анда-санда Жазушылар одағына барамын. Бүгін таңертең бардым ба, мен ол жақтан ауырып қайтамын, мен төбелесіп қайтамын. – Сонда сіз сол жаққа о бастан төбелесу үшін барасыз ғой... – Иә, өйткені менің тілім қолымнан жаман, қолыңмен ұрған жақсы ғой. Көп болса қолың сынады немесе мұрның қанайды. Тілмен тиіскен өлтіреді, өйткені мен арға тиемін. – Неге арға тиесіз? – Солай, мінезім жаман, аурумын. Мені әлгі адамның ішіндегі бұғып, сасып жатқан арсыздығы бар ғой, соны қазамын, қазудан жаным жай табады. Сол үшін дүниеге келгенмін - арсыз адамның арын ояту үшін. – Сонда қалай оятасыз? – Адамның арына тиіссең оның ары оянады. Оянғанда ол менен қашып кетеді. Иә болмаса көтеріңкіреп, «аға, маған тиіспе, екіншіде мен сенің пендеңмін» дейді. Онысы өтірік. Ал, енді нар жігіт болса былай шық дейді. Бұндай жауап берудің түрлері бар ғой, сөйтіп өлтіреді ол сені. Міне, осындай дәрежеге дейін барамын. Бүгін бір шатақ болады деймін. Гүлекең, үйдегі марқұм кемпірім бар ғой, сол барсаң бар, бірақ аларыңды бер дейді. Обязательно бір жейдем жыртылып келеді, ол кезде жалғыз ақ костюмім болды соны, бүлдіріп келемін. – Сонда ішіп келесіз бе? – Енді ішпесем сондай бола ма, әрине, ішемін. Қазір ішпесем де жаманмын, сен мысалы мені қайрап отырсың ғой. – Сонда сіз барғанда алдын-ала ішіп барасыз ба? – Жоқ, ішетін жер сонда ғой... – Ол жағы түсінікті болды. – Жазушылар одағының жа­нында өзіміздің ішетін жер бар, жақсылап жасақталған... Со­сын не болғанын айтпай ақ қояйын, аржағының сендерге қажеті жоқ. Болатекең қайда деп маған жігіттер келеді. Болат деген жазушы бар, Дүйсенбек Қанатбаевтың туған інісі сол келіп отырды. Мен ол кезде «Жалын» деген баспаның аға редакторымын. – Сонда бастық болып жүріп ішесіз бе ? – Оны қозғама, ол менің бағым да сорым да сол болды ғой. Қазір сен мені түзете алмайсын, бірақ, түзетем деген адамдар болды ғой. – «Горбатого могила исправит» дейді ғой орыстар... – Мен горбатый емеспін, мен оқ сияқты ұшамын. Ал, небір ғажап адамдар бүкірге, сорлыға, соқырға, бейшараға айналып өтірік айтады. Олар әр уақытта өтірік айтады. Өйткені қоғамда жазылмаған заң бар - өтірік қана өтеді. – Сол жаман мінезіңіздің соры қайсы, бағы қайсы? – Артынан білесің, алдымен өз ойымды айтып болайын. Біз «Жазушы» баспасынан шығамыз да Жазушылар обағына барамыз. Сол одақта газетке жазылған бір оқиға болды, бұрын жазылды, ол жайлы сол адамдар кезінде айтты, оны олардың бәрі біледі. Өйткені мен елуге толғанда Жұматай Жақыпбаев менің елуге толған тойымды жүргізді. – Одан бері 25 жыл өтті ғой? – Ия, бірақ 25 жыл көп емес қой. Пушкиннің өлгеніне екі жүз жыл болды. Пушкиннің түкке тұрмейтын әңгімелері бар, осы уақытқа дейін тарап жүрген. Сол түкке тұрмайтын әңгімелерінің тоқсан пайызы өтірік. Бірақ жел болмаса шөптің басы қимыл­дамайды ғой, соны екі жүз жылдан бері айтып келемін. Сонымен, қазір келемін дей­мін кемпіріме, ол кезде жасым отыз бен қырықтың арасы. Өтепов көшесі мен 17-линияның қиылысында тұратынбыз. Терезеден кемпірім қарап отырса, мені алты ақын көтеріп келеді екен, қозғалмаймын мен... Өтекеңнің өзі де келді дейді... Біреуінің басынан құшақтап алғандай болып жатыр екенмін, өлген адамды жерлеуге апарғанда көтереді ғой, міне, солай көтеріп келеді. Бәрін атамай-ақ қояйын, басымды ұстап келе жатқан Жұматай Жақыпбаев, аяғымды көтеріп келе жатқан Кеңшілік Мырзабеков, қалғанын атамай-ақ қояйын. Сонымен мені түсіреді, үй биікте, үйге көтерілер кезде мен үйді біліп, түсем деп түсем, жаяу кетемін деймін. Мен мына жігіттер қашан келді деп сұрадым кемпірімнен, олар сені бір сағаттай болды күтіп отыр, ат-көлігің аман ба дейді маған. А-көлік аман, бірақ бәріміз бірдей таяқ жейміз дедім. Соның ішінде мені өлтіретін болып Жазушылар одағында біреуі пышақ суырып алды, аттарының бәрі бар, бірақ оның қажеті жоқ. Осындай мәселені ешкім жарияламайтын болды, кіммен төбелескеніңнің ешкімге қажеті жоқ. Сонымен, не керек, жанағы жерде үйге әкелгеннен кейін кетуге мәжбүр, бірақ менің үйімде қонақ бар жанағы Болат бар бәріміз отырып сөйлестік. Болат біздің үйге қонатын болып, енді өмірде кездесеміз бе, жоқ па, жақсылап ішетін болдық. Өте орынды, бірақ болғаның жақсы еді өмірде дедім. Ол енді сендердікіне келем бе келмеймін бе білмеймін деп қонатын болды. Болат содан кейін екі жылдан соң өмірден өтті. – Болаттың болжаушылықы қа­сиеті бұрыннан бар ма еді, басы жоқ, аяғы жоқ, қалай ол біліп айтады? – Білеміз ғой, өзіміз. Бұл туралы көлдей үлкен мақала газетке шықты. Екеуміз ішейік, сосын айтысайық деді. Шукшин мен Евтушенко сияқты дейді. Ол Шукшин сияқты ғой, ал Шукшин Евтушенкоға келіп, «мен өмірден кетемін, сол үшін ішейік» дейді. Сен немен қорқытасың дейді мен өлеңіммен қорқытамын дейді Евтушенко. Шукшин аяғындағы керзовый етігін шешіп тастайды, сөйтсе обмотка, портянка, шұлғау да кәдімгі, соны орайды екен, ал келген кісісі болса да носки киеді екен. Сосын Шукшин «мен орыс болған соң аяғыма обмотка ораймын, ал сен еврей болған соң носки киесін» дейді. «Сен мен сияқты жазушы емессің, ертең заман өткенде Шукшин қалады да Евтушенко шетелге кетеді» дейді . Осылай ғой екеуінің сөзі. Сөйтіп Болат екеуміздің соңғы кездескеніміз сол болды. Біздің үйге Жұматай Жақыпбаев қонды. Сонда досым бас жазатын бар ма деді, мен құйып беріп едім, ол ойпырмай көзге құятын дәріден артық емес екен, осылай істеріңізді біліп едім деді... Мұны айтып отырған себебім, оны жазасың ба жазбайсың ба жұмысым жоқ, мен Оңтүстікке бардым, ол жерге ерігіп барған жоқпын, жетпіс жылдығымның аяғы сол жаққа барумен аяқтал­ды. Мен алпысқа толып Ақтөбеге барғанмын, сонда менің қасымда жазушы болмай, бәрі қашып кетті, қасымнан адам табылмады. Сәбит Досановқа да айттым. Менің жаныма ешкім ермеді, ол жақ мені жек көреді, мен де оларды жек көремін. – Ойпырмай, туған елімнің адамдары мені жек көреді деген оңай айтыла салар сөз емес қой, себебі қандай? – Себебі мен Ақтөбе туралы 120 баллада жаздым. Ақтөбенің өзіне, сондағы көзі тірі бар адамдарға арнадым. Соны күн сайын Жазушылар одағына барып оқимын, он балладаны оқығаннан кейін бір жазушы тұрып, «бұны сен маған ғана оқыма, барлық Жазушылар одағына оқы, біз жар салайық, кім келіп ішетін болса, соларға күнделікті жуып отырамын» деді. Оны айтқан Қажығали Мұхаметқалиев деген інім. – Ол да сол жақтың адамы ғой. – Ия. Ал менің сөзімнің жұртқа жағатын жері болса басасың да, жақпайтын жерін алып тастайсың бит секілді. – Әлі алып тастайтын жерін көріп отырғаным жоқ. – Тіптен жақсы. Сол баллада арқылы Ақтөбе азаматтарын сойдым ғой. Армияға бармайтын, қашқанда екі көзі соқыр болатын да Ақтөбе, қайыр сұрайтын да Ақтөбе деймін. Ақтөбенің атынан бір сау адам жоқ әйтеуір. Ал, бірақ енді неге ол балладаны жазғанымды айтпаймын. – Енді сол құпияңызды айтса­ңызшы? – Мен секілді ешкім жаза алмайды. Қырғыздар бар жазатын, бірақ ондайлар көп кездесе бермейді. Өзім жат жерде туып-өстім. Анау Түркменстанның бер жағынан, Бұқара деген жерден шыққан адаймын. Ал менің тұр­ған жерім әлімдердің жері. Адай мен Әлім деген, шешен мен орыс сияқты жауласып тұрады. Мен солардың ішінде өскеннен болу керек, жазғанда оларды аямаймын. -Сонда кішкентай кезіңізден қор­лық көрген жан болдыңыз ғой, солай ма? – Солай ма, білмеймін, әйтеуір қазірдің өзінде жаным нәзік, ал кішкентай кезімде жетім болып өскеннен болу керек, таяқ жесем де, жемесем де сол ортаға қарсы болып өстім. Осыдан кейін «Со­ғыс­тың соңғы жазы» деген кіта­бымды көргенде Ақтөбенің төбе құйқасы шымырлайтын болды. – Ел азаматы деп жүрген­дер­дің бәрін сіз іске асырмай тастадыңыз ба сонда? – Дәл айттың. Және де ба­ла­лары бар, өздері бар, кейбіреулері қайтыс болған. Сол кітап үлкен скандал болды. Скандал болса да тайынған жоқпын. Шығарма дүниеге келді ғой, ол жарық көрмейді деп ойлаған да жоқпын. Менің ол кезде қайратым молырақ еді. «Егеменді Қазақстанға» бардым, «Лениншіл жасқа» бардым, коммунистер отыр ол жерде, сосын жарыққа шығармай жатыр, басуға шамаларың келе ме дедім. Осылай өткеніміз бе, СССР құлайды, ана дүниеге кетеміз, СССР-дың жаман жағын жаздым мен. Осыны басасыңдар ма дедім қоқаңдап. – Қай жылдары еді? – Мен ол кезде қырықққа тол­маған кезім. 35-37 жастамын. Солардың ішінен Сейдахмет Бердіқұловтай нағыз қазақ табылды, керек болса кетерміз жұмыстан деді.Тәуекел деді де соның жиырмасын Сейдахмет Бердіқұлов басты. – «Лениншіл жаста» редактор ғой ол кезде? – Иә. Соны басқаннан кейін үлкен шу болды, «антисоветчина мынау» десті, бірақ түк бітіре алмады. Мені отырғызу керек, бірақ отырғыза алмады. Себебім менің шеберлігім мықты ғой. Анау сол кездегі советтік шындықты айтып жүрген Айтматов та, Евтушенко да, оның біреуі де менің тобығыма келмейді. Мағауин сияқты сөйлейінші, Мағауин солай сөйлейді ғой. Сол 120 балладаның сексенін шығардым. Бәрі маған ештеңе істей алмады, бірақ өлеңмен хат жазғандар болды. «Сен туған жеріңді, ағаларыңды соқыр, таз, түрмеге түскен дедің, патриоттығың қайда?» деген хаттардың талайын алдым. Ала көздерімен бір атқаннан артық ештеңе істей алмады. Бірақ пышақ салатындай батыр шықпады. – Сенің мынауың өтірік дей алмады ғой? – Қымызды ашытып ішкенде қалай мас болғанын адамның өзі білмей қалады ғой, бірақ қандай болса да сол қымызды жаман дей алмайды. Ол кітапты шығардым, бірақ талай азап көрдім. СССР-дың солақай саясатын пайдаландым, менің солақай өлеңім түгелдей шықты. Ол кітап «Соғыстың соңғы жазы» деп аталды. – Айттыңыз ғой жаңа. Шық­пау керек кітап шықты ғой сонымен? – Шықпау керек еді, шықты. Бірақ оны төрт кітап етіп бөліп-бөліп шығарды, егер де бір кітап қылып шығарғанда мемлекеттік сыйлықты алатыныма күмәнім жоқ еді, оған қолым жете алмады. – Ол кезде мақтау керек еді ғой. Советтік өмірді мақтау керек... – Жоқ, ол кезде мақтау уже модада болмайтын. Ол кезде СССР құлауға айналған-тұғын. – Сексенінші жылдардың аяғы ғой? – Иә. Сол кезде СССР-дан қашу уже басталған болатын. Еврейлердің қашуы басталды. Мен Солженицын болған жоқ­пын, бірақ одан кем де бол­ған жоқпын, өйткені менікі поэзия ғой. Сонымен не керек, біздің Ақ­төбемен екеуміздің арамыз бұзылды. Елу жылдықты арақ­пен өткіздім, қырық жыл­дығым өткен жоқ. Ол кезде де бұл жасты тойлағандар болды, мысалы Әнуар Әлімжановтың қырық жылдығын барабанмен өткіздік. Менің елу жылдығым атаусыз қалды. Мен жиырма жастан Пушкин атағын алған адаммын ғой. Мен отыз жыл поэзиямен жүрдім. Партиядан шықтым белгілі себептермен. Мұны да айтпай-ақ қояйын, бәрі біледі не үшін кеткенімді. – Білетіндердің арамызда ары барса жартысы ғана қалды ғой қазір... – Бірақ мен қайталағанды ұнатпаймын. Жанағы кітаптан кейін Ақтөбе мені көрсе қашатын болды. Маған «Ақтөбеге бара жатырмын, сәлем айтасың ба» дейді жігіттер. Мен «сәлем айтамын бірақ Ақтөбенің азаматтарына емес, сол жерде қаңғып жүрген қара иттерге сәлем айтамын» деймін. «Сол жерде мүйізі сынған сиыр болады, соған және адасып жүрген ат болады, соған сәлем айтамын» деймін. «Өлтірсең де бармаймын, ал алпыс жылдығыма барамын деп айт» деп айтамын. Жаңағы сәлем айтасыз ба деп тұрған бала біледі ғой, күледі менің айтқан сөзіме, барады Ақтөбеге, бірақ айтпайды. Мен Ақтөбе үшін жоқ болдым. Міне, алпыс жасқа да келдім. Ақтөбеге бару керек, тегіме де, еліме де қарамай барып, таяқ жеп қайтамын дедім. Сосын жолға шығардың алдында Астанаға қоңырау шалдым, алдарынан өту керек қой. Алтыншашқа, Жағановаға айттым, ол менің досым ғой. Әрі жеңгем. – Қалай жеңгеңіз? – Жеңгем болатыны адай Әнес Сараевтың әйелі ғой. Мен Алтыншашпен ЦК-ға бармай тұрғанда ақырып сөйлесетінмін. Алтыншаш «бұл шаруа менің қолымнан келмейді, өзің де бір қисық адамсың ғой, Төленге айтшы» деді. Төленге, Әбдіковке звон­дап, «мен бара жатырмын деп айт» деп едім, ол «ой, сен қыр­сықсың ғой, айта алмаймын» деді. – Ақтөбеге баратыныңыз жайлы неге айт деп отырсыз оларға? – Өйткені мен жетіп барсам ыңғайсыз болады емес пе? Сонымен Төлен звондады ма, звондамады ма білмеймін. Төленге Әбіш Кекілбайға звонда дегенімде звондамады, ал мен Әбішті жек көремін. – Не жазды ол кісі сізге? – Не жазды дейсің бе? Ол КазГУ-де жүргенде өлең жазады, анау космостағы ракета туралы жазады. Лениннің саусағының үстінен ұшып жатқан көгершіндер туралы жазады, ол өлең бола ма?! Мен мазақ қыламын, «сен мынауыңды қой да өзіңнің Маңғыстауыңа кет, сол жақта совхозға директор бол, райкомға хатшы бол, бірақ сен ақын болмайсың» деп КазГУ-де жұрттың көзінше айтамын ғой. – Ақын болмаса да ірі жазушы болды ғой? Оның үстіне өлеңдер жинағы шықты, мен өзім оқи алған жоқпын, бірақ сыншылар қауымы ол жинақты жылы қабылдады емес пе? – Прозаик деген ақынның дворнигі! Қазір шығар әдебиеттің азған кезінде прозаның біраз алға шыққаны, әйтпесе ақынның орны бөлек қой. Сонымен мен алпыс жылды­ғымды өткізуге туған жеріме, Ақтөбеге баратын болдым. Мен Ақтөбеге жеткенде қасымда Молдабек Әжібеков қана бар еді. Қанша ол жерде өлтірсе де мені үйіме жеткізесің дедім. Жалғыз менің жолдасым сенсің дедім, одан басқа жолдасым да жоқ. Ол жерде маған қарап өлген мы­сықтың басын лақтырады дедім. Әйелім қасымда бірге жүр. – Әйеліңіз де бірге жүр ме? –Мен Сәбит Мұқанов сияқты адаммын, әйелімді өмірімде қа­сым­нан қалдырып көрген емеспін. Сөйтсем перронда тұ­тас бір армия тұр гүл ұстаған. Көп адам тұр, мұны көріп тап осы маған емес, басқа адам келе жатқан шығар, соны күтіп алуға тұрған шығар бұлар деп ойладым. Мақатаев айтатын, біреу қой сойып шақырса, «мынау маған арнап сойылған қой емес, басқа біреуге арнап сойылса керек» деп. Поезд тоқтады, Молдабек «а, құдай, бере гөр, бере гөр!» дейді. «Ой, жағың қарыссын, несін береді, қазір бұларды мен боқтаймын!» деймін. Сөйтсем біреу чемоданымды алып, өзімді құшақтап жатыр. Сен кімсің десем, «мен сенімен КазГУ-де бірге оқыған курстасыңмын, осын­дағы орыс газетінің редакторымын ғой» дейді. Мен «атаңа нәлет, өмір бойы бір өлеңімді баспаған едің, не деп тұрсың?!» дедім. «Сенің менің алдымнан шығатын орның жоқ!» дедім. Содан ар жағында оркестр турецкий марш ойнап тұр, тоқтамайды, мен қасымнан қалмай жүрген жас балаға сен кімсің деп едім, ол бала емес бәле екен, «мен облыс әкімінің орынбасарымын» дейді... «Неменеге қарсы алып тұрсыңдар, сендер мені жек көрмейсіңдер ме» десем, ана қу балам «аға, сабыр етіңіз, біз сізді осы мінезіңізбен-ақ жақсы көреміз» дейді. «Маған берілген тапсырма сіздің езуіңізден күлкі кетіртпеу» дейді... Алдында Ақтөбеге Қадыр барған, оған болса біз танымаймыз, ол біз жақтың адамы емес деген. – Не істеп қойыпты Қадыр аға оларға? – Қадыр сүйкімсіз адам ғой, анда да барады, мұнда да барады, машина сұрайды. «Мен Шалқардан шықтым, сосын Ақ­төбеге келдім, Орал жаққа өтетін едім дейді ғой, мінетін машина сұрайды ғой. «Аға маған келіп тұрсыңыз, менің қолымда билік жоқ, бірінші әкімнің өзіне барыңыз» деген әлгі бала. – Қазақтың Қадырын сыйлай алмаған адамның ісін дұрыс істеді деп отрысыз ба? – Қожанасыр айтады ғой, екі қоянды қолтығына тығып отырады да, бір қоянды жібереді, сосын айтады егер ана қоян қайтып келсе салық төлемеймін деп, жаңағы қоян қашып кетеді, ол болса жаңағы қояныңыз міне деп екіншісіні шығарады. Қадыр мен де көжегіңнің бірі едім деп барған ғой Ақтөбеге, ал, олар Қадырды желкелеп қуып жіберген. Мен өсек қылып біреуден естігенімді айтпаймын. Жаңағы бала айтты, Қадырмен жақсысыз ба деп сұрайды, мен айтамын, Қадыр менің алдымда жорғалап жүре береді деймін, олай болса кешірім сұраңызшы, менің соңыма түспей-ақ қойсын дейді. Әкімнің соңына түскен, «Ақтөбенің қайырсыз жас әкімдері жаяу жіберді» деген мақаласы «Егемен Қазақстанға» шығыпты. Өтіп кеткен нәрсеге реніш жоқ бәрібір. Мен кейіннен Қадырга айттым, сен жас балаға тиіспей-ақ қой, адам баласына жақпайтын мені жақсылап күтіп алды, қой дедім. Қойдым, бірақ сенің Ақтөбеге бүйрегің бұрмай-ақ қойсын деді. Олар мені күтіп алуға жоспар жасаған. Қалай қатырып әкесін танытып күтіп аламыз деп кеңес шақырған сол үшін. Сол кеңесіне арнайы шақырған адамдарының атын айтпау керек еді, айтайын ба? – Ақыры басын бастадыңыз ғой, айта беріңіз. – Нүрпейісов Әбдіжәміл барған. – Оу, біздің бүгінгі көзі тірі классигиміз ғой ол кісі? – Содан олар оны Әбдіжәміл Нүрпейісовке айтқан, ол маған Ақтөбеге бірге барайық, қасыңа келіншегіңді де ал деді. – Ол қалай сіздің шашба­уы­ңызды көтеруге барады, бармайды ғой? – Досым ғой, сен қазір маған доссың, кейін бір жерге әкім боласың, он жылдан кейін сол кезде сен маған дос болмайсың. Кейін мен сен туралы айтсам, сен ой қоя салыңдар біздің шал ғой дейсің. Сол сияқты Әбдіжәмілмен де солай болған. Адам кейде дос болмайтын адаммен дос болады ғой. Бірақ, маған Әбдіжәмілмен Ақтөбеге бірге барудың сәті түспеді... Оны қоя салайық, сонымен мен Ақтөбеге бардым, күтіп алды дедім ғой. – Оған дейін сіз мерейтой өткіз­бегенсіз ғой, алпысқа дейін? – Мен өткізгенім жоқ, мен күтіп жүрдім. Пушкин де күтті – Солай болуға тиіс пе еді? – Иә, болуға тиіс. Маған Ақтөбенің әкімдері бір жерден желдеткіш береді, бір жерден тәжікстанның кілемі болады ғой, ені 6 метр, ұзындығы 8 метр, ешкім алмайтын, тағы адам кимейтін бір нәрселерін береді, оған өкпелі емеспін, бәрін де алдым ғой. Қайыршыға болатын нәрсе, мен қайыршы емес, мен Пушкинмін ғой. Сонымен не керек, 4 ауданда болып қайттым, ақша бермейді, машина берген жоқ. Мені сосын әкім шақырды, бірінші әкім ғой, бардым. Бір жаман жері менімен бірге келген келіншегімді кіргізбеді. Мынау жеңгейдің алтын сырғасы, мынау мойынына салатын алқасы, бірақ жеңгей кірмей-ақ қойсын деп өтініш жасады дәліздегі хатшы қыз. Молдабек екеуіміз кірдік, Молдабек түсіріпті иыққа салып түсіретінімен, кіргеннен кейін жоғары шығыңыз Өтеке деді, мен шықпастан бұрын әңгіме бар еді дедім. «Қандай әңгіме?» «Маған екі бөлмелі үй бересің бе, жоқ па?» дедім. Сөйтсем әкімім «сіздің алған заттарыңыз екі мың доллар тұрады ғой, үй де екі мың доллар тұрады ғой» дейді... Бірақ, анау жақта бір дулат күледі ғой, Өтекеңнің өміріндегі бірінші юбилейінде алғаны осы ма деп. Жаңағы алған киізім бар, қойшының үйі бермей ме, оны да алып алдым, не бір қаңғып қалған Волганы мінгізген жоқсың, шапан алдым пәленбай, ораулы тұр, ашулансам тастап кетейін кабинетіңе дедім, бірақ айттым, дайындалған-ақ екенсіңдер, мен Ақтөбеге енді келермін, не келмеспін дедім. Іштері арам, сырттары әдемі сондай халықпыз ғой біз. Аман бол айналайын, әйтеуір, көрген жерде амандасып тұрайық деп қоштастым әкіммен. Ертесіне мені әкімнің орынбасары баяғы жас бала әкеліп поездқа отырғызды. Сонымен не керек, шапан да керек, өмірі шапан алып көрмеген адаммын ғой. Молдабек осының бәріне куәгер болды ғой. Өзімнен де бар, оларға бас ию керек еді. Түлкі болу керек еді. Содан жетпіс жылдығым тойланған жоқ. Молдабек досым маған Ақтөбені де, Көктөбені де қайтесін, жүр Шымкентке, Темірланға барайық деді. Өзі сол оңтүстіктің жігіті ғой. Облыстың көп ауылын аралатты. Күнгейге Брежневтің заманында бір барған болатынмын. Молдабек маған осында бір тамаша ақын ағай бар, сіз танисыз дейді. Ол кім десем Нармахан Бегалиев екен, білемін ғой, ия сондай жігіт болған, қазір аудандық газеттің редакторы болып кетті естимін дедім. – Иә, ол кісінің редактор бол­ға­нына көп жыл. – Аудандық газеттің редак­торының жұмысы ең оңбаған жұмыс, мен солай көремін. Райкомнан да жаман жұмыс қой, бармаймын оған дедім. Стадионды барып көрдім, тап-таза, балалар футбол ойнап жүр. Бір жерінде баскетбол ойнап жатыр, қала болуға талпынып жатқан ауылды көріп ішім жылып кетті. Күн жанып тұр. 45 градустай. Кафесіне барып тамақ іштім. Біз түскен үйдің кафесі бар екен, әркімнің өзінің тіршілігі бар, мастерскойы бар, жылқысы бар, түйесі бар, қымызын сатады. Мені қақпалап әкімге кіргізгісі келеді, әкімге өлсем де кірмеймін дедім. Скверге барсақ, өзім танитын адамдар тұр. Ескерткіш орнатып қойыпты, бірінші болып Сәбит Мұқановтың қас жауы Өтебай Тұрманжанов тұр. Оның күйеу баласы «өз істегенін Сәбитке де істеймін, менің әкем қанша кінәлі болса Сәбит те сонша кінәлі, ол ұсталған жоқ, біздің шалды қудалады, әлі күнге дейін зардабын шегіп жатыр. Мен Сәбитті қатырамын» дейді. «Мен кітабын редакциялаймын жақсылап, Сәбиттің «Қазақ халқының тарихы» деген кітабы бар атақты, соның ішіндегісінің бәрін сойдым» деді. Мен болсам өзім өлейін деп жүріп Сәбитті аяймын. Сәбитті зарлатты жаңағы жігіт, күйеу бала. Сәбит ақшасын да төкті, қисайып, сол кітапты әрең дегенде шығарды. Орынбай ақынға да арналған ескерткіш тұр. Бір уақытта қарасам, Қосекең, Қосжан Мүсірепов тұр. Нармаханға барып кірдік, сен не істеп жүрсін дейді, мен осында Қосжанға сәлем бере келдім дедім. Сөйтіп сол жерде суретке түстік, міне, мынау ол сурет, үйге барайық дедім, жоқ, үйге бармаймыз, осы жерде бір атақты бай бар соған барамыз дейді досым. Мен қартайған Адайдың шалы, ол тура қазақтың батыры екен, атақты Робин Гуд сияқты. Кавказдан келген ингуштар, шешендер сол уақытта қазақтың ұлдарын сабап, қыздарын зорлап, тойынғаннан құдайын да ұмытып, түрлі бетімен кеткен тірлікке барады екен, сол кезде осы жерден бір батыр шығады. Соның үйіне барамыз деді. Үйіне де бардық, кафесіне де бардық. Керемет үй, биіктігі 7 метр. Сол үйді айналып жүрміз, мен сізді білемін, Молдабек сыртыңыздан таныстырған дейді. Жаңағы айтылғандардың бәрі рас па дедім. Өтеке, жараның аузын тырнап қайтеміз. Көңілім қайтты, бірақ жас кезімде тентекшілік жасағаным рас. Қазақы намыс қой шешенге де, күрдіге, басқасына да жалаңаш қолмен қарсы шығарып жүрген деді. Қазір құр қарап отырғаным жоқ, өзімнің шаруашылығым бар, бием бар сауатын, айғырым, тазыларым бар, аңшылық құрамын деді. Келіншегі қымыз әкелді. Мен қымыз ішпеймін айран ішемін ғой, иттің ішіне сарымай жақпайды, сосын отырып айран іштік. Сосын айтты, Өтеке, ат та мінгіземін, шапан да жабамын, жөніңізді айтасыз ба деді. Мен айттым, Ақтөбенің адамы екенімді, қайда барарымды өзім білмей қаңғып жүргенімді, маған ештеңе керегі жоқ, сенімен танысайын деп келдім дедім. Ертең Шымкентте тойым бар, әуелі үйіме кіріп шық, ертең құдалардың қасына отыр деді. Ертесіне оңтүстіктің тойына бардық. Ол енді ұзақ, бөлек әңгіме, ұйымшыл, тәртіпті, осындай бір керемет елді көріп қуанып қайттым. Ал, бүгінге же­тер, шаршадым, сен қайт үйіңе... Cұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ