ҚАЗАҚ ҮШІН ЖЕР МӘСЕЛЕСІ – ӨМІР мен ӨЛІМ МӘСЕЛЕСІ

(Жалғасы. Басы өткен сандарда) Оның үстіне, бұрын баспасөзде және айтқанымдай, мемлекетіміз көбірек көңіл бөліп отырған сол зейнеткерлердің де басым көпшілігі – тағы да сормаңдай қазақ шал-кемпірлері емес, демографиялық тұрғыдан қартайған үстем, империялық ұлт – орыстардың қарттары. Оның да ішінде бүкіл өмірін Қазақстанда емес, Сібір, Қиыр Шығыс сияқты табысы жоғары аймақтарда өткізген, демек, республикамызға еңбегі сіңбеген, тек қартайып, зейнеткер болған соң ғана қазақ жерінің табиғаты қолайлы, әйтпесе, тұрмысы тәуір өңірлеріне, астанамыз Алматыға көшіп келіп, көптеп қоныстанған “курортниктер”, империя армия­сының Қазақстандағы бөлімдерінде қызметін өтеген соң осында тұрақтап қалған отставкадағы әскерилер сияқты қалтасы қалыңдар аз емес. Керек десеңіз – өз жерінде өзі өгей боп, баспанасыз қаңғып жүрген қазақтарға бұрын да, қазір де артық үйлерін жалға беріп, мол табыс тауып отырғандар да – солар. Сонда өлім аузында тұрған шерменделер есесінен жасалып отырған мұндай қамқорлық кімге тиімді? Бұл жерде мен басым көпшілігі қалада тұратын әлгіндей зейнеткерлердің тұрмыстық жағда­йын тек экологиялық апат аймақ­та­рында ғана емес, жалпы қазақ ауылдарында (резервацияларда), бас­қасын айтпағанда, айлап ақша ал­май, әлі күнге дейін ұлттық валю­тамыз – теңгені қолына ұстап та көр­меген еңбек етуші жұрттың тұр­мыстық жағдайымен салыстыруға да кел­мейтінін сөз етіп отырған жоқпын. Ал, енді, жақсы, зейнеткерлерге қамқорлық көрсетілсін-ақ. Бірақ оларға көрсетілген көмек өзгелер одан бетер зәру болып отырған көмекке неліктен бөгет болуға тиіс? Қаржы жоқ па? Бар. Ол – пайдасынан зияны көп әскери-өндірістік кешенге жұмсалып жатқан қыруар ақша. Соның тым құрығанда 4-5 процентін апатты аймақтар мұқтажына ауыстырса да көп жұмыс тындыруға болар еді. Бұл – қазір-ақ жүзеге асыруға болатын шара. Оның аржағында заңды түрде іске қосылуға тиіс және бір мол қаржы көзі – қазақ жері мен еліне қарсы жүргізілген радиоэкологиялық зұлматқа тікелей кінәлі Ресей империясынан контрибуция, немесе, толық көлемде өтемақы төлеуді талап ету. Әлбетте, Мәскеудің өз ықтиярымен бұған ешқашан көнбесі айдан анық. Демек, бұлтартпас дәлел ретінде “Елім-ай” жобасы мен радиоэкологиялық экспедиция нәтижелеріне сүйене отырып, бұл мәселені Біріккен Ұлттар Ұйымы, тіпті, керек болса – халықаралық сот деңгейінде тікесінен қою арқылы Ресейді өз колымен бүлдіргенін өз мойнымен түзетуге мәжбүр ету. Қорыта айтқанда, апат аудандарының халқын сау жерлерге көшіру саясаты еш бүркемесіз, ашық, жариялы, хабар-ошар құралдарында кеңінен және мақсатты, жоспарлы үгіт-насихат жүргізу арқылы іске асатын мейілінше пәрменді саясат болуға тиіс. Радиациядан адам айтқысыз қайғы-қасірет шегіп отырғаны аз болғандай, оның үстіне әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан шетқақпай қалғандары да аз көрінгендей, апат аймақтары тұрғындарының үлесіне бөлінген өзі онсыз да мардымсыз өтемақыны да оларға бұйыртпай, аузынан жырып алып жатқан ар-ұяттан жұрдай саясат бар екенін білесіздер ме? Өкінішке орай, бұл да – жүректі қан жылататын ащы шындық! Оған көз жеткізу үшін Семей полигоны маңайындағы халықты әлеуметтік қорғау туралы Заңның шектен шыққан әділетсіздігі жөнінде Рысбек Ыбыраевтың өкімет орындарына жолдаған жазбасынан (11.10.1993 ж.) үзінділер келтірейік: “Фактілерге жүгінейік. Е.С.Белозе­рова мен Т.С.Жасыбае­ваның де­рек­­тері бойынша (Социально-эконо­ми­ческие аспекты здоровья человека. Алматы, “Ғылым”, 1993), Шұбартау ауданы Семей облысында ең жайсыз аудан болып табылады: аурудың он бес түрі бойынша сырқаттану көрсеткіші – 102 балл, бұл басқа аудандардың көрсеткіштерінен (38-62) 2-3 есе артық және өте жоғары радиация дозасына (50 рентген орнына 200 рентген) байланысты. Және, заңда осындай аудан Курчатов, Лениногорск және Өскемен қалаларымен қатар бар болғаны... көтеріңкі радиациялық қауіп зонасына жатқызылған! Бәлкім, сондықтан, яғни шынайы жағдайдың ақиқатын жасыру үшін, біздің экспедицияға қажетті деректерді кідіріссіз беру жөнінде облыстық әкімшіліктің арнайы құжатына қарамастан Шұбартау және Абай аудандарында санақ мәліметтерін беруден бас тартқан болар? Ал, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің 1990, 1991, 1992 жж. санақ мәліметтерінде де қажетті деректер жоқ. Ал, Шұбартау ауданы сөзсіз төтенше радиациялық қауіп зонасына жатқызылуы керек. Бұл Заңның жанға бататын әділетсіздігін мынадай айқайлап тұрған фактіден де көруге болады: әрі жер үсті мен ауадағы, әрі жер астындағы ядролық һәм термоядролық жарылыстардың ажалды әсерінен зардап шеккен және қазірге дейін шегіп келе жатқан ең қауіпті екі зонаның тұрғындары өтемақыны тіпті радиация әсеріне мүлде шалдықпаған адамдардан едәуір аз алып отыр! 300-400 сом жалақы алатын Курчатов, Семей, Өскемен, Лениногорск және басқа қалалардың тұрғындары тап сол аймақтың 100-150 сом (1990 жылдың нарқымен) алатын ауыл тұрғындарымен салыстырғанда өтемақыны екі еседен астам артық алады. Және де бұл, ауыл тұрғындарының армандауға да батылы бармайтын басқа артықшылықтарды айтпағанда, қала тұрғындарының ауыз суы мен азық-түлігінің тұрақты бақылауға алынып отырған жағдайында. Ал, енді, сынақтар үш ортада (жер үстінде, ауада және суда. – Ж.Қ.) тоқтатылған 1965 жылдан кейін келген және жерасты сынақ­та­ры­ның ешқандай дерлік әсеріне шал­дық­паған аталмыш қалалар тұр­ғын­дарына жалпы өтемақы төлеу қай әділеттілікке жатады? Сөйте тұра, оларға өтемақының поли­гонға тақап орналасқан елді мекен­дер тұрғындарынан әлдеқайда көп берілетінін және қайтерсіз! Бұл, әл­бет­те, қарапайым техникалық қате емес. АҚШ-та (Невада) адамдарды қауіпті зонадан жалпы көтере көшіріп алып кетті және оларға мүлде басқа, біздегімен салыстыруға келмейтін әлдеқайда әділетті және адамгершілікті принципке негізделген өтемақы берді. Адам өліміне тіпті тікелей де емес, тек жанамалы түрде радиацияның себеп болғандығы дәлелденсе жеткілікті, әр қаза болған адамның туысқандарына өтемақы немесе жәрдем түрінде 50 мың доллардан төленеді. Онда адамдарды категорияларға бөлмейді. Әншейінде адамдардың еңбегін ғана әр түрлі бағалайды, ал, адам өмірі мен денсаулығын ақшамен, оның үстіне әр түрлі бағамен қалайша өлшеуге болады? Бұл барып тұрған арсыздық, имансыздық, қылмыс қой!” Бұл сөздерге қосымша пәлендей түсініктеме беріп жатудың қажеті бола қоймаса да, әр нәрсені өз атымен ашық атау үшін бір ғана анықтама бере кетейін: 40 жылдан астам уақыт радиоэкологиялық зұлматтың зардаптарын бастан-аяқ шегіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайлары қаусап жатқан ауылдарда тұрып, бұрын да, қазір де жаппай ауырып, тұқымы азып, ажал шеңгеліне ілінгендердің де, соншама қайғы-қасірет үшін тағайындалған болмашы өтемақыдан қағылып жатқандардың да басым көпшілігі – қазақтар, ал, сол аймақтарда тұрса да, әскери-өңдірістік кешеннің сынақ жұмыстарын аса мұқият есеппен іске асыруы (жарылыстардың жел қазақ ауылдарына қарай үргенде ғана жүргізілгенін ұмытпаған боларсыздар) арқасында радиация әсеріне көп шалдықпаған, Мәскеудің айрықша қамқорлығы арқасында радиоактивті элементтерден қауіпсіздендірілген су және азық-түлікпен қамтамасыз етілген қалалар тұрғындарының да, әділетсіз Заң­ның арқасында ядролық саясаттың нағыз құрбандары есесінен өздеріне мүлде тиісті емес өтемақы алып, жағдайларын одан бетер жақсартқандардың да басым көпшілігі – “ұлы халық” өкілдері. Осыдан кейін былтырғы жылдың 8 қаңтарында Желтоқсан қасіреті үшін кінәлі өкімет орындары мен лауазым иелерінің жауапкершілігін анықтау мақсатында Конституциялық сотта басталған сот процесінде менің іс қозғаушы-талапкерлердің бірі ретінде қазақ халқының сол кездегі Қазақ КСР Конситуциясында бекітілген ұлттық құқықтарының бұзылуына қатысты арнайы экспертиза тағайындау жөнінде қойған талабының неге қабылданбай қалғаны түсінікті болса керек. Одан бері өткен бір жыл ішінде Конституциялық Сот мүшелері арасынан бұған нақты кімдер қарсы болуы мүмкін екендігі де біршама анықталып қалды. Менің пікірімше, олар – сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Сотының мүшесі, кінәсіз жастарды нахақ соттауға белсене қатысқан, және олардың іс-әрекеттерінен қылмыс белгілерін таппай, сотқа тартуға келіспегені үшін ғана судья Жүнісовтің соңына түсіп, қудалауға салған Л.И.Башаримова, 30-жылдардағы “үштіктер” үлгісімен “штаб” құрып, желтоқсандықтарды анықтаумен және жазалаумен өршелене айналысқан, жүзге жуық студентті оқудан қуып, ұлты қазақ оқытушылар мен қызметкерлерді құғынға ұшыратқан сол кездегі ҚазМУ-де заң факультетінің деканы болған С.Ф.Ударцев пен оның орынбасары В.А.Малиновский. Биылғы жылдың 18 қаңтарында қайтадан жалғасқан сот процесінде мен өз талабымда осыны айтып, доцент Х.Әлжановпен бірге бұл судьяларға сенімсіздік білдірген едім. Алайда, заң бойынша, Конституциялық Сот мүшелерін орнынан кетіруге болмайтын болып шықты. Олар тек өз еркімен кетуі мүмкін екен. Кезінде жаңағыдай қылмыстарға барса да, еліміздің ең жоғары сотына мүше болуға ар-ұяты кедергі бола алмаған адамдар ондай азаматтық қадамға баратын ба еді! Бұл жолы Конституциялық Сот қазақ халқының Конституциялық құқықтары бұзылуына қатысты экспертиза тағайындау жөнінде екінші рет қайтара қойған талабымды қабыл алуға мәжбүр болды. Бірақ, естуімше, әлгі судьялар бұл талапты “ұлтаралық қарым-қатынастарға нұқсан келтіреді” деген желеумен қаратпай тастау үшін неше түрлі құйтырқы әрекеттер ұйымдастырып жатқан көрінеді. Қазақ десе жыны қозатын мұндай шовинистер мынадай орындарда отырғанда Ресейдің Қазақстандағы отаршылдық саясаты туралы ақиқаттың заң жүзінде әшкереленіп, ресми бағасын алуы, әрине, екіталай. Әскери-өндірістік кешеннің тәуелсіз Қазақстанда да апат аймақтары тұрғындарына қатысты жүргізіп отырған жоғарыдағыдай таза отаршылдық, арсыз саясаты жағдайында, Жириновскийлерді айтпағанда, Черномырдин, Козырев, Грачев тәрізді Ресейдің ресми басшыларының ашық рухтандыруымен, сайлау кезінде “аға халық” өкілдерінен арзан ұпай жинау мақсатында туған халқының Құдайы несібесіне қол сұғып, болашағына балта шауып, ең маңызды ұлттық мүдделерін сатып жүрген Мэлс Елеусізов, Ермұхамет Ертісбаев, Олег Абраев сияқты (қараңыз: “Панорама”, 31.12.93 ж., №48, “Республика”, 07.01.94 ж., №1, 21.01.94 ж., №3, “Казахстанская правда”, 15.01.94 ж.) компродор қазақтардың жалпылдай, жағымпаздана қолдауымен онсыз да сепаратизм отын өршітіп жүрген неоимпериялық-шовинистік топтардың қазір Қазақстанда орыс тіліне – мемлекеттік мәртебе, ал өздеріне – қос азаматтық берілуін өршелене талап етуінің ар жағында не жатқаны да түсінікті болса керек. Олардың бұдан көретін басқа артықшылықтарын былай қойғанда, негізгі мақсаты: бүгін осы дегендеріне жетсе, ертең: “Біз – Ресей азаматтарымыз, біздің мемлекеттік тіліміз – орыс тілі, демек біз – Ресейдің құрамды бөлігіміз!” – деп, патша және кеңес кезеңдерінде түрлі амал-тәсілдермен қазақтардан тартылып алынып, өздері күні бүгінге дейін тұрғындарының басым көпшілігін құрап отырған ең тәуір, радиоэкологиялық апаттан аман жерлерімізді тезірек Ресей империясына “заңды түрде” қосып алу. Әйтпесе ол жерлерде қазақтар қайтадан көбейіп кетіп, мұны іске асыру “қиындап кетуі” мүмкін ғой! Бірақ Қазақстан, қанша айтқанмен, әлем мойындаған тәуелсіз мемлекет, БҰҰ-ның мүшесі. Сондықтан оның территориясын талан-таражға салып, әй-шәйсіз бөліп әкету “біртүрлі ыңғайсыз” болғандықтан, “негізді себеп” қажет. Қазақ Елінде ондай себеп жоқ па? Ештеңе етпейді. “Айырылысар дос ердің артқы қасын сұрайды” деп, қазақтардың өздері айтпақшы, себепті қолдан жасау деген не, тәйірі: “Құдайға шүкір”, Днестр бойындағы шовинист ағайындардың мол тәжірибесі бар. Міне, Мәскеу көсемдері мен “өз” шовинистеріміздің бүйректен сирақ шығарып, “ұлттық әділеттілік” туы астында құтыртып отырған науқанының және бір бергі мақсаты осында: кезінде қаншама айтыс-тартыс, дау-дамаймен Конституциямызда бекітілген тіл мәртебесі мен азаматтық туралы баптарды сиясы кеуіп үлгермей қайта қарауды талап етіп, қоғамымызды енді әншейін айтысқа емес, тікелей ұлтаралық қақтығыстарға итермелеу. Онысын бастап жіберсе болды, Қазақстандағы “орыс жерлерін” басып алу үшін Ресейдің ұлттық армиясы ғана емес, біздің республикамызда бұрыннан орналасқан оның құрамды бөлігі – 40-шы армия да (формальды түрде – “Қазақстанның Қарулы күштері”), елімізге Ресей жақтан және өз ішімізден қанды көздерін қадап отырған орыс-казак әскерлері де сақадай сай тұр. (Жалғасы бар) Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН