Біз білмейтін Өзбекстан

1
4727

Әмір Темір заманында жер жаннаты Самархан атанған тарихи аимаққа баруға қанша әрекет етсем де жолым түспей жүргенінен хабардар қудам Сейдалхан қажы: «Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі ұлы бардың қойнында піскен күлше наны бар, үш ұлы бардың Самарқанға жолы бар» деген, мен биыл да сол жақа барып қайтсам ба деп отырмын, бірінші мақсатым зиярат ету, екіншісі Қуатхан ишанға сәлем беру, үшіншісі туризм, бірге барайық, тарихи жерлерді аралап, әулие-әмбиелердің басына зиярат жасаймыз» деді. Іздегенім алдымңан табылған соң бірден келісе кеттім. Оның үстіне Түркістан, Отырар жағынан келген бетім еді, сондықтан біз сапарымызды Тараз қаласынан бастауды жөн көрдік. Алматыдан шығарда Қарағайлы зиратында жерленген әкемнің басына барып құран бағыштадым.

Көне Әулиеата қаласының орта­лық мешітінде, жұма намазына қа­тысуға ниет білдірген бізді Сұлтан жек­жатымыз кешігіп қалар ма екен деп, қаланың кіре берісінен күтіп алып, тура жолмен үйіне әкеліп бір-ақ түсірді.
-Алматыдан Тараздың уақыт айыр­машылығы сағат жүзінде бол­ма­ғанымен намаз 45 минут кеш басталады, сондықтан жұма намазға үлгереміз, нан ауыз тиіп, шай ішіп, дем басыңыздар, ниет қабыл болсын -деді қазақтың қонақжайлығын білдіріп. Тараздың орталық мешіті зәулім екен. Ішінің кеңдігі маған ат шаптырымдай көрінді. Сол жерде немере ағам Айтмырзаның кездестіріп, амандық-саулық сұрастық, бір-бірімізге ниет қабыл болсын айтып, ырзашылық білдірдік. Себебі, біздің атамыз Жұманнан тараған еркек кіндікті 14-15 ұлдан сәждеге жығылып жүрген 2-3 ғана екенбіз, басқа бауырларымыз да ата-баба жолын ертерек ұстаса екен деп Алладан тіледік. Намаздан бұрын жамағатқа құтпа оқылды. Мешіттің бас имамы құтпа соңында қазақтардың бәрі төрт мазхабтың бірі, Имам-Ағзам қауымында болуы керектігіне көңіл бөліп, ашығын айтты. Кейбір қазақ жастарының талтайып тұрып намаз оқуын, қолдарын әйелдерге ұқсап кеудесіне қойып тұратындығының дұрыс еместігін, намаз үстінде фатихадан кейін «әумин» деп іштен айту керектігін ашына ескертті. Кейінгі кезде жастарымыз мешітке қаптап келеді. Бірақ әр түрлі ағымда жүрген ағайындар оларды есіктің алдынан күтіп алып, намаз оқудың қазақ баласына дұрыс жолы қайсы екенін бұрмалап үйретеді.
Сондықтан баласының мешітке барып жүргенін білген ата-ана, оларды таныс адамдармен жібергені дұрыс.
Тараздың бас имамының айтып отырғаны осы. Ол күйінгенінен «талтайып намаз оқитындардың аяғын тұсап қоямызба, жоқ әлде еңбектеп жүріп тілерсегінен қосып ұстап тұрамыз ба» деп те салды. Біз іштей имамның сөзіне қосылдық.
Бұндай көрініс барлық мешіттерде бар, ал олармен «күрес» Тараз жерінде басталғандай көрінді.
Жалпы шариғаттың заңында мешітте намаз оқып тұрған адамға, не намаздан соң мешіттен шыққанша ескерту жасауға болмайды, кім қалай құлшылық етеді өзі біледі, бірақ әр мәзхабтың өз жолы бар. Біз Имам-Ағзам қауымындамыз!
Намаз – тәртіп, парыз, міндет, Бір халықтың бір тілде, бір дінде, бір әдет-ғұрыпта болуы шарт. Біздің тектілігіміз, бекзаттығымыз да осымен – мыңдған жыл ислам дінін ұстаған ата-бабаларымыздың жолын жалғастырумен дәлелденуі керек.
Алла-Тағала ислам дінін жібергенде барлық адамзатқа періштелері арқылы хабар таратқан және ол хабар әлі де таратылуда, бірақ кім қашан мұсылмандақ жолмен жүреді, бұйрық біледі. Біреуге уағыз, біреуге ықпал керек. Шын иман әр адамның көңілінде. Қашан мұсылманшылықтың бес парызын орындайды, бұл да әр пенденің өз қолында. Діни арнайы білімім болмаған соң шариғатқа бұдан ары тереңдеп бойламай-ақ қояйын.
Біз Тараз қаласындағы Қарахан әулиенің, Тектұрмас әулиенің басында құран оқып, Алладан тілек тілеп, Сарыағаш қаласындағы Бес шейіт медресесіне ат басын тіредік. Сонда екі күн шәкірттерімен бірге болып, намаз оқыдық, дәріс тыңдадық. Көкейде жүрген көп сұраққа осындағы ұстаздар – ағайынды Әбдішүкір, Әбдужаппар, Әбдіғаппар, Әбдісаттар қажылардан жауап тауып, білімімізді толықтырдық, естігенімізді көкейге түйдік.
Осылайша екі-үш күн болса да ұстаздың алдын көрдік. Бұл төрт жігіт те Шәкір ишанның балалары, бәрі түгел діни білімді, арабшаға жүйрік, кеңес үкіметінің кезінде, одан кейін де әр түрлі деңгейде діни оқуларды оқыған екен. Енді, міне, Келес өзенінің жағасында жүзден аса шәкірт тәрбиелеп, олардың жататын орнын, ішетін тамағын, ыстық-суығын өздері көтеріп отырған жайы бар көрінеді.
Медреседе спорт жағына да көңіл бөлінетіні қадам сайын көрініп тұр. Кір тастарынан бастап әртүрлі снарядтар қойылған, боз кілемде болашақ молдалар, діни қызметкерлер күресіп жатыр, олардың көптеген спорт түрінен аудандық жарыстарда топ жарып жүргендігін қабырғадағы мақтау қағаздарынан айғақтап тұр. Ұстаздардың біреуі каратеден қара белбеу иесі екен. Медресе басшысының шаруашылық жөніндегі орынбасары 85 жастағы қарияны бәрі қажеке дейді екен, біз ол кісінің қажыр-қайратына риза болдық, таң намазынан құптанға дейін бір тынбай еңбек етіп жүрген ақсақал өз көлігімен бізді ары-бері алып жүрді. Ол кісі өзінің денсаулығының жақсы екендігінің себебі бірінші Алладан, сосын еңбектің арқасы және айналасындағы пеиілі кең, ақ жүректі адамдардың жүргенінен дейді. Медресенің әудем жерінде жерленген Қызыр бабаның зиратына барып құран бағыштадық, Алладан салауат тілледік.
Осы кісілердің айтуынша Төле би заманында Қызыр баба Ташкенттің бас имамы болған екен. Сол қалада жерленген екен, бірақ 1971-ші жылдары Ташкент қаласының көшелерінің кеңейтілуіне байланысты мазар бұзылатын болып, әулиенің ұрпақтары бабаның сүйегін, жалпы саны 35 мәйітті Сарыағаш қаласына әкеліп қайта жерлепті. Олардың ішіндегі аты белгілісі қоңыраттың алғи руынан шыққан бабаның замандасы Ақтайлақ деген кісі.
Қызыр бабаның тікелей ұрпағы Сейдалхан қажы Ташкент шахарына өткен кезде бұзылады деп аман қалған Қызыр бабаның Чор-су деп аталатын ескі қаладағы кесенесіне соғып зиарат етуді әрдайым міндеті санайды екен. Бұл жолы да кесененің қасындағы мешітте екі бас намаз оқып, алладан сапарымыздың оң болуын тіледік. Қызыр бабаның кесенесінің есігінде құлып тұр. Тамы жақсы сақталған. Тамын бұзамыз деп қалай бұзылмай қалғаны бір аллаға аян. Чор-судан метроға отырып генерал Сабыр Рахимов аялдамасынан түскеннен соң таксимен Самарқан қайдасың деп тартып кеттік.
Ташкент қаласынан байқаға­нымыз көршілеріміз қаланы таза ұстауға тырысатындығы байқалып тұр. Бұрынғы кеңес үкіметінің қалаларына тән құрылыс, үйлер барлық жерде көзге ұрады. Алматыдан айырмашылығы – метросы бар. Метрода доңыз тұмауына байланысты қатаң тәртіп байқалады, Кондукторлар бәрі бет жапқыш таққан, соңғы аялдамада заласыздандыру (дезинфекция) шаралары жүргізіліп жатты. Ондай сақтықтың басын кеденнен өткеннен байқағанбыз, күннің ыстығына қарамай шекара, кеден қызметшілері бет перде тағып, келушілердің денсаулығына да көңіл бөліп тұрған еді.
Самарқан бізді көк майса белде­рімен, гүл жайнаған жондарымен қар­сы алды. Биылғы ылғалды жыл­дың әсері. Орта Азияны аптап ыстық, сарғайған дала деп елестеткенмен, Самарханды кезінде жер жанаты деген сөз неге аталды екен деген сауалдың жауабы көз алдыңда тұрғандай. Әмір-Темір атының тұяғы талай жерді басып өткенімен, қайта айналып осы өңірге не үшін ат басын тірей бергенін көзбен көргенде түсінгендейсің. Ауасы да жанға жайлы, жылы лепті, жеңіл тыныстайтын сияқтысың.
Мынадай аңыз бар. Әмір қайсыбір елдерді бағындырып біраз тұрақтап сол елде кідірген кезде Самарханның нанының дәмін сағыныпты, содан Самарханның бидайын, наубайын, суын, тіпті таңдырына дейін алдырып пісіріп жеген нанға көңілі толмапты. Сонда наубай бұл жерде Самарханның ауасы жетпей тұр ғой деген екен. Ондай нан Самарханның қаласының 14-15км радиусында пісетіні қазір дәлелденген. Жан-жаққа аттанатын көліктер орталық наубайхана жанынан аттанады. Әр жолаушы Самарханның сыйлықтарымен қоса тандыр нанын әкетіп жатады. Бізде 15-16-дан нан алып қайттық. Туған туысқандарымыз тәу етіп нан ауыз тиді. Кеденде Самарханның нанын көп алыпсыздар деп ескерту жасамайды, қайта жерге қоймаңыз деп ескерту жасап өткізіп жіберді.
Самарханда Гур-Әмір, Шах-и-зинда комплексі бар екенін бәрі біледі. Ал, Шах-и-зинда пайғамбарымыз Мұхамедтін (с.ғ.с) немере інісі Ибн Аббастың шахит болған жері екенін екінің бірі біле бермейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «мінезі де, көркі де маған ұқсайтын туысқаным осы» деген сөзі сонда тасқа қашалып жазылған. Комплекстің ең төрінде күмбездің астына құлпытасы қойылған жерге ағылған халықта есеп жоқ. Шах-и-зинда комплексі Афрасияб жотасының солтүстігінде биікке өрмелей орналасқан, бір көшенің бойндағы қалашық, көк күмбезді мазарлар. Мұнда Темірдің әйелдері, қарындастары, қыздары, қолбасшылары оның ішінде атақтысы Хусейін де осы жерде жерленген екен. «Айға барса да қазақтар туысын іздейді» демекші Шах-и-зинда комплексінде текпішекпен төмен бір топ қазақ төмен түсіп келе жатты, бәрі бас киімі ерекше өзбекше де, қазақша да емес, кең көйлек киген кейуананы қоршап, демеп келеді. Әжей етжеңді келген, алпамсадай екен. Қайдан келдіңіздер деп жабыса кеттік. Қашқадария облысынан келдік деді жастауы өзбекше. Онда сіздер қоңырат болдыңыздар ғой дегенімізге бәрі «ия, ия» деді! «Алпамысты» айтқанымызда өздерің де біледі екенсіңдер, сендер де қоңырат боларсыңдар деді, жамырай көрістік. Әбестікті айтсаңызшы, қауқылдасып жүріп суретке де түспеппіз. Біз білген жерімізді аралай берер ме едік, бізді қарсы алған Ишанның немересі Нәсіретулла Данияр пайғамбардың басына алып барды. Қанша кітаптар, газет журналдар оқып жүріп, Данияр пайғамбардың сүйегі Самарханға жерленген дегенді естімеппіз, есесіне бұл жерді шет ел туристтерінің бәрі біледі екен. Жер шарының түпкір-түпкірінен келгендер Афрасиаб төбесінің солтүстігінде жатқан пайғамбар Даниярдың ке­се­несіне келіп өз тілінде дұға оқып жатыр. Мұнда жапондықтар да, канадалықтар да, орыстар мен еврейлер де толып жүр. Біз ажырата алмаған ұлттар қаншама. Үш тілде жазылған қаңылтырдағы сөзді суретке түсіріп алдық. Онда «мұсылмандар, христиандар, йудейлер ардақтайтын Данияр (Даниил) пайғамбар» деп жазылған. Данияр пайғамбардың кесенесі Самарқанды қақ бөліп ағатын Сияб өзенінің сол жағалауында, кесене жанында қасиетті сулы құдығы бар, салқын, таза, мөлдір емдік судан ішіп, Алладан жәрдем, қолдау тілеп, жарылқай гөр деп біраз тыныстадық.
Шетелден келген туристер, әсіресе кесене орналасқан көне Афрасиабтың жарқабағындағы, ауызы бекітіліп тасталған үнгірлерді айналсоқтап, гидтерден әрденені тәптештеп сұрап жатты. Мүмкін ішіндегі йудей дінін­дегілер бұл өңірдегі көп жылдық тари­хы бар бұхар еврейлерінің арғы-бергісін білгісі келетін шығар. Шынында да, еврейлерге қатысты тарихи орындар бар екен. Синогога сақталған, еврейлердің өлкетану музейі тұр, онда екі мыңнын аса заттар, әсіресе Тораның (таураттың) ескі қағаздарға жазылған парақтары сақталуда екен. Римнің құрдасы болып саналатын Самарқан не дәуірлерді бастан өткерген ғой! ЮНЕСКО-ның дүние жүзілік қорын­дағы ерекше тізімде тұрған бұл көне қала Мәуреннахр жерінде тұр, бірнеше ғасыр соғдылардың, са­ма­ниттердің, қарахандықтардың, Те­мірдің және оның ұрпақтарының шайбанилықтардың астанасы бол­ған. Бұл қаламен Ескендір Зұл­қар­найынның (А.Македонский), әл-Бұха­ридің, Шыңғысханның, Ұлық­бектің, Қожа Ахрардың, Захратдин Бабырдың, Саманидің аттары байланысты. Самарқанның шығыстың ғажап қалаларының біріне айналуы Әмір-Темірдің арқасы, және орта шығыстың мәдениетінің гүлденуі, ислам дінінің өркендеуі Әмір-Темірге тікелей байланысты. Гур Әмир – Әмірдің мазары, алғашында Сайыпқыран Темір көрегеннің немересінің ықпалымен Рухаббат мавзолейінің жанынан тұрғызылған діни орталық болғанымен, сол Әмірдің ең сүйікті ізбасар немересі Мұхаммет Сұлтан күтпеген жерден ажалға тап болғанда Темірдің бұйрығымен осында жерленеді. 1404 жылы Қытайды шабамын деп жолға шыққан қолбасшы Әмір-Темір Отырарда қайтыс болғанда балаларының шешімімен немересінің қасына қойылған. Мазарды сәулеттендіріп Темірдің бас жағына, өзінің тірі кезіндегі өсиетімен оның пірі Сайд Берекені қайта жерлейді. Бұл мовзелейде сонымен Әмір Темір, оның ұстазы Саид Береке, Сейід Омар, Темірдің ұлдары: Мираншах, Шахрух және Темірдің аяқ жағын ала мырза Ұлықбек жерленген. Әмір-Темірдің пірі Саид Береке жайында көрнекті аңыз әңгімелер көп, солардың бірі Әмір Темірдің Тоқтамысты жеңуі Саид Берекенің атымен халық арасында айтылып жүр. Қолбасшы Әмір Иракты жеңіп бес-алты жыл Қарабах жерін мекендеп тұрған.
(Жалғасы бар)

 

Ералы АХМЕТОВ

1 Пікір

  1. Кешіріңіз мен өзім алғи руынан боламын. Сіздің жазуыңыз бойынша алғи руынанан атақты Ақтайлақ деп жазыпсыз. Сол туралы тереңірек мәлімет бере аласыз ба?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз