Шет елдерде жүрген бауырларымыз – біздің баға жетпес бай қазынамыз!

0
2763

Орал Мұқияев,
Көші-қон комитеті Астана қаласы Департаментінің директоры
– Өзіңіз біраз жылдан бері Көші-қон комитетінің Астана қалалық департаментін басқарып келесіз, қызмет бабыңызға байланысты шет елдерден келіп жатқан аға­йындармен күнделікті жүздесіп, тілдесіп, олардың жаңа қоғамға қалыптасып ке­туіне ықпал жасап жүрсіз. Енді сізден сұрақ – осы «оралмандар» деп отырғанымыз кімдер?
–«Оралман» сөзі бір жағынан алатын болсақ жай ғана бір ғылыми термин. Ал сол терминді жапсырып «оралман» деген атты жамылып жүргендер – мына сіз бен біз сияқты өз қазағымыз. Менің ойымша шет елдерден келіп жатқан қандас бауырларымызды «оралман» деп ат қойып айдар тағып бөле жара қарауымыз дұрыс емес. Олар ешқандай оралман емес. Себебі олар өз жері, өзінің ата-бабасының найзаның ұшымен білектің күшімен қорғаған, тіпті керек десеңіз сол бабаларымыздың аруағы жатқан жерде мекендеп отырған, өсіп-өніп өркен жайған бауырларымыз. Ендеше олар неге оралман болуы керек? Мысалы, 1864 жылы Қытай мен Ресей мемлекеттерінің қазақты ту сыртынан екіге бөліп тастауынан Өр Алтай қазақтары Қытайға, ал 1950-1960 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше аудандарында тұратын қан­дас­тарымыз кеңестік саясаттың құрбаны болып, өздерінің атақоныстарымен бірге Өзбекстанның аумағымен қалып қойғаны тарихтан белгілі. Осы тарихи кезеңдерге тап болған қазақ диаспорасы ұрпақтарының арманы – өздерінің ата-жұрты – қазақ жеріне жету, Қазақстан атты өз мемлекетінің аясына топтасу үшін атамекенге қайта көшу болған. Кеңес үкіметі кезінің өзінде, 1950-1960 жылдары Қытайдағы ағайындарымыз алдарында кездескен небір қиындықтарға қарамастан көштің басын осылай бұрмады ма? Сол сияқты шетте жүрген қандастарымыздың тағы бір тарабы – кешегі ел бастаған билер, қол бастаған батырлардың ұрпағы. Сол замандардағы ашаршылық нәубеті кезінде, ел басына күн туған замандарда ұрпағын аман сақтап қалу мақсатымен шөбі шүйгін, суы тұнық жерлерді қуалап дүние жүзін аралап көшіп қонып отырған бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы. Ал, бүгінгі күні қазақтың тілінің, дінінің, дәстүр-салтының, әдет-ғұрпының, өнері мен әдебиетінің қаймағын бұзбай сақтап, Ел егемендігін алған күннен бері көк тудың астына жиналып жатқан өз қазағымыз. Олар жайлы бүгінгі қоғамдағы небір алып-қашпа пікірлермен келісе алмаймын. Ондай пікір айтушылар өз тарихынан бейхабар жандар дер едім.
–«Елге ел қосылса құт» дейді және өзіңіз де айтып өттіңіз олар қазақы салттың қаймағын бұзбай сақтап келген ағайындар деп. Ендеше олардың елге оралуынан мемлекетіміз ұтпаса ұтылмайды екен ғой?
–Бұл жерде ұтамыз немесе ұтыламыз деп айтудың өзі ұят. Себебі қазақ ең алдымен қазаққа керек. Оның пайда-зиянын сараптаудан бұрын дүние жүзінде тарыдай шашылып жүрген қазақты бүгінгіден де кемелденген саясатпен бір шаңырақ астына жинау біздің еліміздің басты міндетінің бірі. Дүние жүзінде қандастарын ша­қырып жатқан үш-ақ мемлекет бар екен. Соның бірі – Қазақстан екендігі біз үшін мақтаныш. Сонымен қатар елге оралған ағайындардың арасында бүгінгі қоғам сұранысына сай жақсы маман иелері, өнер қайраткерлері, оқымысты-ғалымдар да аз емес және олар бүгін еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жатыр. Сондай-ақ демографиямызға да жақсы әсерін тигізуде. Ең негізгісі, ең бастысы – сол шетте тұратын ағайындарымыздың бойында біздің ұлттық болмысымыз, тіліміз, дініміз сол қалпында сақталып қалған. Сондықтан мен айтар едім, қазақтың басты құндылығы – сол шет елдегі жүрген қазақтар, олар біздің баға жетпес бай қазынамыз. Сол қазынамыздың қаймағын бұзбай ортамызға оралту – еліміз үшін кезек күттірмес мәселе! Алыс-жақын шет елдерде жүрген бауыр­ла­рымыздың елімізге келуіне барынша жағдай жасауымыз керек!
-Ел аспанында тәуелсіздік таңы атқан 1991 жылдан бері 703 мыңнан астам бауырларымыз көшін қомдап, көлігін сайлап «тәуекел» деп шекара асыпты. Олар, әрине, еліміздің түкпір-түкпіріне қоныстанды. Ал Астанаға қаншасы ат басын тіреді? Бүгінгі тұрмыстары қандай?
–Аллаға тәуба десе де болар, бүгінгі таңда Астанаға көш басын бұрған бауырларымыз 2009 жылдың 20 маусымындағы есеп бойынша 6303 адамды құрап отыр. Атап айтатын болсақ оның 241 отбасы Монғолиядан, Қытайдан – 192 отбасы, Ресейден – 303 отбасы, Өзбекстаннан – 466 отбасы, Түркменстаннан – 48 отбасы, Тәжікстаннан – 3 отбасы, Қырғызстаннан – 79 отбасы, Белорусиядан – 2 отбасы, Украина мен Молдовадан бір-бір жанұядан. Жоғарыдағы 6303 адамның 2765, яғни 50 пайызға жуығы еңбек жасындағы адамдар, оның 1097 мектеп жасына дейінгілер, ал 1668 мектеп жасындағылар.
Мемлекет осы жылдары оралмандарға тиісінше әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі уа­қытта тұрғын үй алуға бе­рілетін қаражатты, бір жолғы жәрдемақыны, көшіп келу және жүк тасымалдау шығыстарының өтеміне берілетін қаржыны есептегенде орта есеппен 5 адамнан тұратын әрбір отбасына 833 мың теңге қаражат бөлінеді. Олардың қайсысы болсын бүгінгі қоғамда өз орынын тауып, өз алдына тірлік жасап жатыр. Келіп жатқан ағайындар үшін ең басты, ең негізгі, ең ауыр мәселе – баспана. 2004 жылдан бастап көшіп келу квотасымен қоныс аударған оралмандарға баспана берілмейді, жоғарыда көрсетілгендей оның орнына әр отбасы мүшесіне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат бөлінеді. Ол қаржы Астана қаласы түгілі, ауылдарда да үй сатып алуға жетпейді. Десе де Астананы мекен еткен ағайындардың 50 пайызының басында баспанасы бар. Олардың 117 отбасы 2001 жылы республика бюджеті тарапынан бұрынғы жылдар қарыздарын өтеу мақсатында баспанамен қамтамасыз етілсе, көшіп келу квотасымен келген 205 оралман отбасылары 2004 жылға дейін баспаналы болды, қалған 385 отбасы 2004 жылдан бастап баспана алу үшін жәрдемақы алды, ал квотадан тыс келген 247 оралман отбасы өз қаражаттарына пәтер сатып алған. «Астана қаласының қалыптасқан бөлігін қайта жаңартудың және елорда халқының әлеуметтік қорғалатын топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етудің 2007 -2011 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес оралмандарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанамен қамтамасыз ету қарастырылған.
Тұрғын үй басқармасының мәліметі бойынша 330–ға жуық оралман отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждар кезегінде тұр.
Сонымен қатар, орал­ман­­дардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігіне орал­­мандар үшін тұрғын үй кешенін салуға жер те­лімі бөлінген. Қазіргі таңда «Нұрбесік» тұрғын үй ке­шенінің жобасы бекітіліп, қалалық бас жоспарға енгізі­ліп, тиісті ұйымдастыру жұ­мыс­тары жүргізілуде.
–Осы өзіңіз айтып отырған қандастарымыздың арасында білімді, білікті, тәжірибелі азаматтар да бар ғой. Олардың көпшілігі, әсіресе, ғылым саласында жүргендері өздерінің қабілетін белгілі дәрежеде көрсете алып жүрген жоқ сияқты. Қалай ойлайсыз, мүмкін біздің қоғамдағы «сен тұр, мен айтайын» кедергі болып жатқан жоқ па?
–Мүлде олай емес. Ас­танаға көшіп елген бауыр­ларымыздың арасында 8 ғылым докторы, 20 ғылым кан­дидаты бар. Сонымен қоса еңбек жасындағылардың 31 шығармашылық қызмет­кер­лері, 253 –ұстаздар, 178 – дәрігерлер, 49 – мемлекеттік қызметкерлер, 78 – ауыл шаруашылық мамандары, 611 – кәсіпкерлер, 1894 – басқа мамандар. Яғни 31 пайызының жоғары және аяқталмаған жоғары білімдері бар. Неге олардың еңбектері тасада қалды деп айтуымыз керек. Мысалы, Өзбекстан Республикасынан көшіп келген Жандарбек Мәлібеков Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, белгілі архитектор. Монғолиядан 2002 жылы көшіп келген Қаржаубай Сартқожаұлы түрколог, Орхон мұраларын зерттеуші ғалым, 150–ге жуық ғылыми және публицистикалық мақа­лалардың авторы. Қытайдан қоныс аударған ғылым докторы Дүкен Мәсімханұлы Еуразия университетінде шы­ғыстану кафедрасының меңгерушісі, көптеген ғы­лыми, әдеби және аударма кітаптарының авторы.
Сонымен қатар, оралмандар арасында көптеген жоғары санаттағы дәрігерлер де бар. Өзбекстаннан келген Аманкелді Асабаев, Ғылыми-зерттеу медицина орталығының хирургия бөлімінің меңгерушісі, 115 ғылыми еңбегі жарық көрді, Елубай Молдаомаров – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер-стоматолог, Бахадыр Сүлейменов – Медицина орталығында уролог-андролог, т.с.с. Қаншасы мәдени салада жұмыс істеп жүр. Мысалы Мәскеудің П. Чайковский атындағы консерваториясын бітірген, Өз­бекстаннан қоныс ау­дарған, Қазақ Ұлттық Музыка академиясының доценті, белгілі пианист Сара Асабаеваны, Қытайдан көшіп келген, Астана филармониясының әншілері Гүлнәр Абдол­ла­қызын, Гүлзира Бөкей­хан­қызын, Еңсехан Отанбекті, Моңғолиядан қоныс аударған белгілі айтыскер–ақын Дәу­леткерей Қапұлын айта берсек толып жатыр.
Оралмандар арасында отандастарына жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкерлер де аз емес. Қытайдан қоныс аударған «Марқатай» ЖШС директоры Халмет Думан кәсіпкерлікпен айналысады, халыққа қызмет көрсету кешендері бар, Сақош Тілеубердіұлы малша­руашылығымен шұғылданады және дәмхана, қонақ үй бірлескен кешені бар, Азат Кәрімұлы, құрылыс компа­нияларымен жұмыс істейді, Гүлнәр Патқұлла, өзінің дәмханасы бар, Асхат Қа­пасұлы, ортопедия төсегін жасайтын цехі бар, Айдын Егеубаев темір-пластикалық есік-терезе өндіретін «Ша­ңырақ» ЖШС директоры, Монғолиядан қоныс аударған суретші, мүсінші Алданыш Оразұлы көптеген байқауларға, көрмелерге қатысады.
Жалпы Астана қаласы оралмандарының тұрмыс жағдайы нашар деп айтуға болмайды, жергілікті халық қатарында өмір сүріп жатыр.
–Сіздің сөзіңізді тыңдап отырып, көшіп келген аға­йындар бұл жақтағы елдің нанына ортақтасушы, «ала­қан жайып сұрана» береді деген пікірге жауап тапқан сыңайлымын.
–Тас түскен жеріне ауыр. Елім деп көшіп келген соң қоғамнан орнын тауып сіңіп кетуге бәрі де тырысады. Дегенмен бес саусақ бірдей емес, олардың арасында да қисық бұтақтар болады. Мысалы кейбір ағайындарымыз көшіп келгеніне 20 жыл болғанымен, Қазақстан мемлекетінің азаматы бола тұра сол жиырма жыл бұрынғы әңгімесін айтып, «мен оралманмын, маған оны бер, мұны бер» деп буынсыз жерге пышақ ұрып ренжіп жүреді. Ал, ол азаматтар 1991-1992 жылдары үкімет аралық келесім-шарт негізінде Қазақстанға Моңғолиядан қо­ныс аударып, еліміздің ауыл­шаруашылық саласына жұмысқа орналастырылған және олардың біразы басқа жерден тұрғын үймен қам­тамасыз етілген. Міне сол сияқ­ты бірен-саран адамдар көптің атына сөз келтіріп жатады.
-Шынымен де ондай жиырма жыл бұрын көшіп келгендер емес, қазіргі яғни кеше-бүгін көшіп келіп жатқан, әсіресе осы Астанаға ат басын тіреп жатқан ба­уырларымызға қалай қол ұшын бересіздер? Мемлекет тарапынан нақты қандай кө­мекке қол жеткізеді олар? Құжаттарын қалай рә­сімдейді?
– Осыдан ертеректе бауыр­ларымызға баспана беріліп келген. Кейін оны алып тастады. Қазіргі жағдайда қандастарымыздың атамекенге қоныс аударуы оралмандардың көшіп келу квотасына сәйкес және оралмандардың көшіп келу квотасынан тыс деген екі жолмен жүзеге асырылады. Сондықтан өзін оралман деп таныған азамат тұрақты тіркелгеннен кейін департаментке, яғни бізге тиесілі құжаттарымен қоса оралман мәртебесін сұрап жазған өтінішін тапсырады. Оралман мәртебесі бойынша олар беймемлекеттік жұмысқа орналасуға, әлеуметтік жеке код (СИК) алуға болады. Және де «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес оралман мәртебесін алған адамдар арнайы мемле­кеттік жәрдемақыларға қол жеткізеді. Бұдан басқа, көшіп келу квотасы бойын­ша қоныс аударған орал­мандарға қосымша жеңіл­діктер мен өтемдер көзделеді. Атап айтқанда шекара арқы­лы кеден төлемдері мен салықтарынан босату, тұ­рақты тұрғылықты жеріне дейін жол жүру және мүлкін (оның ішінде малын) тасымалдау шығындарын өтеу, келген жерінде тұрғын үй сатып алу үшін қаражат бөлу және біржолғы жәрдемақы (пособие) беріледі. Сонымен қоса жергілікті атқарушы органдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуде, жұмысқа орна­ласуға, біліктілігін арттыруға және жаңа кәсіпті меңгеруге көмектесуді, мұқтаждарға мек­тептерден, мектепке дейінгі ұйымдардан, әлеуметтік қорғау мекеме­лерінен орын беруді және мемлекеттік тіл мен орыс тілін үйрену үшін жағдай жасауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, «Халық­тың көші-қоны туралы» за­ңынын 29-4 бабында көз­делген жеңілдіктерді, өтем­ақы­лар мен біржолғы жәр­демақыларды қоспағанда атаулы көмектің басқа түрлерін алу құқығы оралмандардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына қара­мастан, оралман мәрте­бесі берілген күннен бастап үш жыл бойы сақталады.
Жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен оралмандардың көшіп келу квотасы бекітіліп, Жарлықты жүзеге асыру мақсатында Үкімет қаулысы шығарылады. Елбасымыз орал­мандардың көшіп келу квотасын Республика бойынша 20000 отбасына жеткізді. Ал осы жылы Астана қаласына 250 отбасын, шамамен алғанда 1000 адамды қабылдап алатын мүмкіндікке ие болдық.
-Жанағы айтып отырған квота дегеніміз – ақша. Ақша жүрген жерде былық пен шылық қатар жүретіні сөзсіз. Қазір әрбір көші-қон департаменті кімді квотаға енгізу керектігін өзі анықтайды екен, осының өзі «жең ұшымен жалғасуға» жол ашпайды ма? Сондай заң бұзушылықтардың орын алғанын да жақсы білеміз. Сіздер қалай реттейсіздер?
-Құдайға шүкір, Астана қаласында ондай жағдайлар болған емес. Ал басқа аймақтарда квотаға байланысты заң бұзушыларға құқық қорғау органдары өз жазасын бере жатар. Біздің департамент мамандарын құқық қорғау мекемелері тарапынан бірнеше мәрте тексеру нәтижелері көңілге қонарлық нәтиже көрсеткен.
2007 жылғы 29 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің №858 қаулысымен «Оралмандарды көшіп келу квотасына енгізу ережесі» бекітілді. 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу үшін отбасыларды іріктеу осы Ережеде айқындалған өлшемдерге сәйкес жүргізіледі және шешім қабылданған күні ең көп балл жинаған отбасылар енгізіледі. Баллдардың сомасы «Оралман» деректер қоры бойынша әрбір отбасы деректерінің негізінде айқындалады.
Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу ке­зінде мынадай өлшемдер ес­керіледі: мамандағы мен біліктілігінің болуы; білім деңгейі; кәмелетке толмаған балалардың саны. Баллдық жүйе арқылы көшіп келу квотасына енгізу жемқорлыққа жол бермейді, автоматты түрде, компьютер арқылы жасалады.
–Сонда ол жалпысы қан­ша ақша ?
–Ауыз толтыра айтуға жарамаса да, көмек болары сөзсіз. Мысалы әр отбасы басшысына (отағасына) 15 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде. Ал отбасының әрбір мүшесіне 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төле­неді. Айлық есептік көрсеткіш 2009 жылғы көлемі 1273 теңге болып бекітілген.
– Қазір осы жыртыққа жамау боларлық квотадан гөрі «Нұрлы көш» бағдарламасы көшіп келіп жатқан аға­йындарымызға тиімдірек дегенді айтып жүр. Ол туралы не айтар едіңіз? Сіздің ойыңызша бұл бағдарлама оралмандардың көсегесін көгертеді ме, әлде кедейлер санын көбейтеді ме?
-Бүгінгі қоғамда «Нұрлы көш» бағдарламасы туралы әр қилы пікір айтылып жүр. Ол заңдылық. Бір жаңа дүние өмірге келсе оның төңірегінде алып-қашпа сөз болары сөзсіз. Менің ойымша жібі түзу адамдар қолға алатын болса бұл жоба тек оралмандар үшін ғана емес, жалпы еліміз үшінде керемет болар еді. Себебі қазіргі таңда осы бағдарлама аясында шеттегі қандастарымызды шашауын шығармай көшіріп алып, кейін осы бағдарламаны еліміздегі шалғай аудандарына неге қолданбасқа. Сондықтан бұл жалпы қа­зақтың бағдарламасы. Ол қо­ныс аударушы қандас­та­­рымызды жүйелі түрде ор­­наластырудағы бірден-бір тиімді жоба дер едім. Сон­дықтан Елбасы­ның тікелей тапсырмасымен Қазақ­стан Республикасы Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігі «Нұрлы көш» бағдарламасын жасады. Ол әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Германия, Израиль мемлекеттері мен халықаралық институт­та­рының (БҰҰ, ХҚҰ) ұсыны­лымдары пайда­ланылған.
Бағдарлама бойынша қан­дастарымызды жұмыспен қамту, арзандатылған тұрғын үй мәселесі және басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Бүгіндері тиімді жақтарын көптеп түсінген 60 мыңнан астам отбасы бағдарламаға қатысушы ретінде тіркелген. Олар алдағы үш жылдың ішінде (2009-2011 жылдары) жүзеге асырылып олар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл орайда, тұрғын үй қоры тұрғын үйді қалпына келтіру, салу, сатып алу және жалға алу есебінен қалыптаспақ. Олардың жартысынан астамын Солтүстік аумақтық даму осіне жататын өңірлерге бағыттау қарастырылады. Ал үштен бірі Орталық аумақтық даму осіне жататын аудандарда, келесі шамамен 20% – Оңтүстік осінің елді-ме­кендерінде қоныстанатын болады.
Тұрғын үйді қалпына кел­тіру республикалық бюд­жеттен бөлінетін біржол­ғы өтемақылық жәр­дем­ақы­лар­­дың есебінен; тұрғын үй құ­рылысы – «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамды несиесі есебінен, ал тұрғын үй жолы бағдарламаға қаты­сушылардың, жергілікті бюд­жет қаражатынан және жұмыс берушілердің қоса қар­жыландыруы негізінде төленетін болады.
Қазір осы жоба бойынша 2009 жылы 3 облыста: Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында, Ақмола облысында «Красный яр» елді-мекенінде, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкент қаласының «Асар» мөлтекауданында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда «Асар» мөлтекауданын алатын болсақ, онда көшіп келуші ағайындарымыздың өзінің тікелей атсалысуымен жаңа қоныстар бой көтеріп жатыр. Құрылыстың бұл түрінің артықшылығы – құрылыс-монтаж жұмыстарының өзіндік құнының төмен болуын және оралмандардың жұмыспен қамтылуын қам­тамасыз етуінде. Ал 2010 жылдан бастап бағдарлама Қазақстанның басқа өңір­лерінде жүзеге асырылатын болады. Қайталап айтар болсақ «Нұрлы көш» тек оралмандардың емес бүгінгі таңдағы үйсіз, жұ­мыссыз жүрген қазақтар­дың мүддесіне құрылған бағдарлама. Олай дейтінім заңда көрсеткендей бағдар­ламаға алыс-жақын шетелдерде жүрген қандастарымыз, сондай-ақ Қазақстан Респуб­ликасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген Қазақстанның бұрынғы азаматтары және елдің қолайсыз аудандарында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Алдағы уақытта мемле­кет­тік көші-қон саясатын, оның ішінде қандастарымызды елге әкелуді жетілдіруде атқарылар жұмыс көп. Болашақта бұл игі іс өркениетті елдердегідей жағдайға жететініне сеніміміз зор.
-Әңгімеңізге рақмет.

Бақытгүл Сали

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз