Ректор Бейсембетов қазақ тіліне қарсы ма?
2017 ж. 31 мамыр
6445
17
Назарбаевтың жарлығымен Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры болып тағайындалған Ескендір Бейсембетов қазақ тіліне қарсы ма? Ол неге командасымен көшіп-қонып жүреді? "Дала мен қала" басылымы аталмыш оқу орнының ректорына қатысты оқырманның мақаласын жариялаған екен. Жазылған жайттар рас болса бұл мәселе Елбасының назарынан тыс қалмауы тиіс.
"Дала мен қала" редакциясының ескертпесі: бұл арада редакция ешкімнің сойылын соғып отырған жоқ. Автордың көзқарасына редакция жауап бермейді. Ректор Бейсембетовке қатысты бір тараптың айтқан пікіріне қарсы тарап та жауап қатуы мүмкін. Оларға да орын беруге әзірміз.
Сонымен, мақалаға көз түрелік…
Назарбаев не деп еді?
2015 жылдың желтоқсанында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ҚБТУ мен ҚазҰТЗУ біріктіріліп, ҚБТУ-дың ректоры Ескендір Бейсембетов ҚазҰТЗУ-дың да ректоры болып бекітілген.
Бұған дейін Назарбаев «командамен көшкенді қойыңдар» деп қызметкерлеріне талай ескерткен. Қанша командамен көшуді көрсек те, тайлы-тұяғымен көшкен Бейсембетовтай командашылды көрмеген екенбіз.
Бейсембетов ҚазҰТЗУ-ға келе салысымен бүкіл проректорларды ауыстырды. Проректорлардан кейін департаменттер мен институттардың директорларын ҚБТУ-дан әкелді. Қазіргі кезде тіпті кафедра меңгерушілерінің де 70 пайызы ҚБТУ-дан келген.
Әр жолғы лауазымды қызмет орындарына конкурс жарияланғанда басымдылық ҚБТУ-дан келген қызметкерлерге беріледі. Қазіргі кезде бұрынғы ҚазҰТЗУ-дың басшылық құрамы 90 пайызға кетсе, профессорлық-оқытушылық құрам 70 пайызға өзгерді. Енді бірер жылда ҚазҰТЗУ-да бұрыннан қызмет етіп келе жатқан ешкім қалмайтын түрі бар.
Онда тұрған не бар?
“Ауысса несі бар? Жаңа құрам жаңа өзгерістер әкеліп, ҚазҰТЗУ-дың сапасын арттырар” деп ойлайтын боларсыздар.
Бірақ, жаңа құрам, білім туралы заңды белден басып келіп жатыр.
Еліміздегі білім берудегі үштілділік реформасы басталғаннан бері жоғарғы оқу орындарына енгізіле бастады. Жөн дейік, техниканың тетігін қазақ баласы басқару үшін ағылшын тілін білгені қажеттілік, ағылшын топтарының ашылғаны да дұрыс. Бірақ, ағылшын тілін білуді талап ету ағылшын тілі мен орыс тіліне жол беріп, мемлекеттік тіл – қазақ тілін қалдырып қою емес!
Қазір ҚазҰТЗУ студенттерінің 80 пайызы қазақ тобында оқиды. Ал басшылық құрамның 80 пайызы қазақ тілін білмейді.
Басшылық құрам үш тілді өздері толық білмей тұрып, қызметкерлерінен үш тілді білуді талап етеді.
Негізі үш тіл емес, олардың талап ететіні – тек екі тіл. Өздері сияқты қазақ тілін білмейтіндерді «ұнатады».
Мұныңыз қалай, ректор мырза?
Ағылшын топтары тек қазақ топтарынан ашылады, орыс топтарынан ашылып жатқан жоқ. Соған қарап өзі қазақша білмейтін Һәм қазақша өтініштерді қабылдамайтын Бейсембетов ҚазҰТЗУ-да қазақ топтарын ағылшын топтарына ауыстырып, орысша, ағылшынша топтар мен орыс тілі мен ағылшын тілін ғана білетін қызметкерлерді жұмысқа қабылдап ІnҰТЗУ жасағалы жүр ме деген ойға қаласыз.
Олай дейтініміз, ағылшын тілін талап ету білім сапасын арттыруды мақсат етпегені бірден байқалады.
Лауазымды қызмет орындарына конкурс жарияланғанда ағылшын тілін білсе болды ғылыми дәрежесі мен мамандығына да қарамай қызметке қабылдай береді.
Сіз ағылшын тілін білсеңіз, математика және физика сияқты базалық пәндерді бітірсеңіз болды, ҚазҰТЗУ-дағы кез келген техникалық мамандыққа мұғалім бола аласыз. Ағылшын тілін білсеңіз болды, қазақ тілінен бір ауыз сөз білмей-ақ, магистр академиялық дәрежесін алмақ тұрмақ, магистратураны оқымасаңыз да ассистент бола аласыз, магистратуа оқып жатсаңыз болды, диссертация қорғамай-ақ тьютор бола аласыз. Өз мамандығыңыз бойынша тәжірибеңіз бен біліктілігіңіз қанша жоғары болғанымен 75 пайыз қазақ тілінде білім беретін унисверситетте ағылшынша сайрап тұрмасаңыз, техника ғылымдарының докторы болсаңыз да сізге орын жоқ.
Бейсембетов жалғыз емес
«Қазақ тілінде өтініш қабылдамаймын, орысша жазыңдар дейтін» ректордан бастап қазақ тілін білмейтін ҚазҰТЗУ-да қаншама қызметкер бар. Атап айтсақ
ректордың екі ауыз сөздің басын құрап қазақша сөйлегенін ҚазҰТЗУ-да ешкім де көрмесе, проректор Искаков Ринаттың да қазақшаға тілі келмейтіні, қазақ тілділерді ұната қоймайтыны белгілі.
Ал, ғылым саласы бойынша проректор Орынханов Мұрат өзіне кірген докторанттарға есіктен кіргеннен орысша сөйлеуді талап ететін, қазақша сөйлесе кемсітіп, намысына тиетіні көп айтылады.
Жоғарғы оқу орыннан кейінгі білім беру департаментінің диреторы Сәбитова Ділда мен Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Исаева Айнұр екеуі қазақша білсе де сөйлемейді және өздеріне барған адамдармен өте дөрекі сөйлеседі.
Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Горбатов, Әкімшілік департаментінің директоры Квашина Юлия, Қоғаммен байлыныс жөніндегі департаменттің директоры Е.А. Раченковқалар бір ауыз мемлекеттік тілде сөйлей алмайды.
Әсіресе, қоғаммен байланыс департаментінің директоры қазақ қоғамының тілін білмей тұрып, қандай қоғаммен байланыс орнататыны түсініксіз.
Институттардың директорына келсек Тау-кен және металлургия, Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар, Сәулет және құрылыс институттарының да директоры қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін білмейтін де сияқты.
Бұрынғы ректор қазақ тілін жарытып сөйлей алмаса да бүкіл проректорлар мен департамент, институттардың директорының бәрі қазақ тілін толық білетін.
Қазір қазақ тілін білетін проректор емес, директор табуыңыз қиын. Соған қарап, үштілділік дегеніміз, қазақ тілінің орынын ағылшын тілімен ауыстыру ма де ойлап қаламыз. Бұны Бейсембетов жақсы орындап жатыр.
Ұлтсыздандыру үрдісін Бейсембетовше батыл орындаған ешкім де жоқ шығар.
Студенттер де наразы
ҚБТУ-мен қосылғаннан бергі Бейсембетов пен оның бас «қолбасшысы» Искаковтың жүргізіп отырған тәртіп-ережелеріне ҚазҰТЗУ ұстаздары ғана емес, студенттері де наразы. Бұған дейін баспасөзде студенттердің де наразылық хаттары жарияланған болатын. Тәртіп орнатамыз деп студенттердің «тырнағының астынан кір тауып» жазғы семестрге қалдыратын бизнестің жаңа түрін тапқан да болатын.
Оған мысал, емтихан кезінде проректордың «жасақтары» студенттерден алты метр алыстағы қағазды «сенің көшіргішің» деп акт жазып, жазғы семестрге қалдыру жазасын бере салады.
Тағы бір айта кетеріміз, іс-қағаздары тек орыс тілінде жүреді, кез келген басшыға орыс тілінсіз өтініш жаза алмайсыз. Негізгі ақпараттың басым бөлігі орыс тіліде.
Kaznitu.kz деп университеттің жаңа сайтын ашар болсаңыз да алдымен орыс тіліндегі нұсқасы ашылады. Бұл да болса құлдықтың айқын көрінісі.
Менің бүгінгі айтқаным ҚазҰТЗУ-ды басып алған ҚБТУ «армиясының» былықтарының бір шеті ғана. Мемлекет және қоғам болып араша болмаса, Қазақтың техникалық білім ордасының қара шаңырағы ортасына түсудің алдында тұр. Бейсембетовтың беймезгілдегі заңсыздықтарынан ҚазҰТЗУ-ды сақтай көр деп баршаға жалынудан басқа амал қалмады.
Азат Алашахан