Ораза кезінде ет қымбаттады: Ауыл шаруашылығы министрлігі қуанып отыр!
2017 ж. 29 мамыр
3299
10
Еттің көтерме сауда құны келісіне кем дегенде 200 теңгеге өскен. Ауыл шаруашылығы министрлігі оны реттеуге құлықты емес. Тіпті, бағаның өскеніне қуану керек дейді.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Қарағандыда қой еті тапшы. Оның құны келісіне 1200 теңгеден бірден мың теңгеге қымбаттап 2200-ге жеткен. Жылқы еті 2 мыңнан сатылып жатыр. Ал алдағы оразада жал-жая жеймін десеңіз, келісіне 2500 теңге төлеуге дайын болыңыз.
- Жылқы еті мен қой еті айтарлықтай қымбаттады. Әсіресе, қой еті шарықтап кетті. Қазір оны тіпті дүкендерден таппайсың. Менің естуімше, саудагерлер етті шаруалардан тікелей алып Қытай, Иранға жөнелтіп жатқан көрінеді, - дейді ет дүкенінің иесі Василий Дашкин.
Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:
- Шаруаларға бұл бағамен өнім шығару тиімді. Ет бағасын қолдан ұстап тұру бірнеше факторларға кері әсер етеді. Сондықтан біз еттің қымбаттағанына қуанамыз. Өйткені шаруалардың табысы артады.
Вице-министрдің сөзінше, ет экспорты артқан сайын, ішкі нарықтағы баға да өсе бермек. Оған бірден бір себеп - Қазақстанның аусылдан таза аймақ мәртебесін алуы. Осылайша өзгеге етімізді мойындатып, сауданы қыздырып алып, өзіміз етке жарымауымыз ықтимал.