Өзбекстандағы қазақ бауырлар
2011 ж. 28 сәуір
1931
5
Осыдан он шақты жыл бұрын көрші Өзбекстаннан өз еліне оралман болып келген танысым Нұржан Шынбаев ағамыз демалысқа шығатынын, егер қолы босаса сол Өзбекстандағы бұрынғы жүрген жерлеріне бірге барып қайтпақ ойының барлығын айтқанда мен жата жабыстым. «Нұреке, мүмкін болса, мені де бірге ала кетіңіз, ондағы қандастардың хал-жағдайын біліп қайтайын» деп. Ол кісіден «мақұл» деген жауап алған соң барар уақытты тағатсыздана күткенім де рас.
Жер – ана өзінің жылы күндерін сыйлай бастаған наурыз айының аяғында сапарға шықтық. Кедендік бақылаудан да оңай өттік. Сол елде тұратын бір қандастың көлігін жалға алып, Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы Нұржанның таныстарын араладық. Мен Ташкент қаласындағы билбордтарға, дүкен маңдайшаларындағы жазуларға, одан қалса көптеген жерлерде ілініп тұрған жарнамалардың тек қана өзбек тілінде, латын әріптермен жазылғандарына ризашылығымды білдіріп отырдым. Міне, нағыз Тәуелсіздік! Қаншама көшелерді аралап келе жатсақ та машиналар керуенінде шет елде шыққан бірде-бір машина көрмедім. Менің осы ойымды түсінген Нұрекең «Өзбек бауырлар мүмкін болса ешқашан шетелдік көліктерді, яғни сырт елдің қаңқасын еліне кіргізбейді. Көп жүргендіктен тозығы шықса да өз елінде шығатын машиналарын мініп жүргендерін мақтаныш етеді. Осындайларымен-ақ өздерінің рухтарын басқа елдің алдында көтеріп отырады» Жөн-ақ. Алайда Қазақстан елшілігінің алдынан өткенде қоршау ішінде тұрған 3-4 «Джип» қана осы ойды «бөліп» жібергені.
Нұржан ағамыз өзі Оңтүстік Қаазқстан облысы Созақ ауданында туылып, жас кезінен білім іздеп Ташкент асып, сонда калып қойған. Алайда Кеңес Одағы тарарда елге бірден қайтпай, сол жақта жүріп ең алғашқы өндірістік кооператив ашқан адамның бірі болған.
Еңбегі жанып, Өзбекстан телеарналары ол кісінің тәжірибесін көрсетіп, сол арқылы талайлар бұл тірлікті ары қарай жалғастырып отырған. Міне, осының арқасы болу керек, ол кісінің өзбек-қазақ таныстары өте көп болып шықты. Өзінің осы елде жүргенін білдіруі мұң екен, сондағы Саит жолдасы тез арада шай ішіп кетуін өтінгендіктен сол үйге ат басын бұруға тура келгені. Шәй үстінде біраз әңгімелесіп те қалдық.
- Сіздердің адамдарыңыз жағдайлары дұрыс болса, неге басқа елден жұмыс іздеуге мәжбүрлі? - деген сұрағыма: «Өзіңіз қалай ойлайсыз, Сіздердегі халықпен біздің халықтың санының ара-қатынысы қандай» деп қарсы сұрақ қойды. Осы кезде ғана 15 миллион халқы бар біздегі жұмыссыздықтың да аз еместігі есіміне түсті. Амалсыздан тісімді тісіме басып үнсіз қалдым. Расында оларда 30 миллионның үстінде халық тұрады емес пе?
Ол кісінің дастарханына рахмет айтып, қайта жолға шықтық. Алдымызда қазақы ауыл. 5-6 қазақ бауырдың арасындамыз. Тілдері шұбарлаған. Алайда түсінісуге болады.
- Елге қайту ойларыңызда бар ма, қашан қайтпақсыздар?
- Үш жыл болды құжат- тарымды елшілікке өткізгеніме, алайда бірде-бір жауаптың жоқтығынан осы күнге дейін отырмын. Оның үстіне елге барарда берер квотаны ең төменгі мөлшерге қойыпты. Ал оларды алған күнде де бар жиған қаражатқа ешболмаса бір үйлік жер алуым екіталай екен, - дейді қамығып. «Өзімізге жақын ағайындардың мына Сарыағашта, сонау Алматыда да орналасқанын білеміз. Алайда олармен хабарласар болсақ олардың көріп отырған күндері де бізден айырмашылықтары жоқ сияқты. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, ол жағы не, бұл жағы не?!» дегендей бауырларымыздың біразы мұңын шақты. «Ілгерігідегі тек қана қазақ мектептерін аралас мектепке айналдырып жіберді. Енді бір 5-6 жыл көлемінде аралас мектептер тек қана өзбек тілінде болып қалады-ау» деген қауіптерін де жасырмады.
Олардан бөлініп, Ташкент облысының Қыбырай ауданында жол тарттық. Көптеген қазақ жанұялары тұрып жатыр екен. (шамамен 30 пайыз қазақтар) Одан ары жоғары Шыршықта осы қандастарымыз жергілікті тұрғындардың 60 пайызын құраған дейді. Жолдың көз жетер жерінде бірде-бір бос жатқан жерді байқамайсың. Жаппай көгалдандырып, егіс, тал-ағаштарын самсатып қойған. Кез-келген ауылдың кез-келген үйінің алдында арықтағы су сылдырлап ағуда. Тіпті сол суды анау биікке қалай шығарғанына таң қалмасқа болмас. Жолдың екі жағында өздерінің 5-6 қойларын, бірен-саран сиырларын айдап бағып жүрген үстіне алабажақ киім киіп алған қазақ бауырларды байқайсың.
Ондағы өзбек ағайындарымыз мейлі қазақ, мейлі басқа ұлыстан шықсын өздерінен басқаның бәрін шағын ауыл әкімшілігіндегі бірде бір қызметке жолатпайтын болыпты. Тіпті жолыққан мейлі қазақ, мейлі өзбек бауырлар елдерінде қанша ұлт өкілдері тұрып жатқандарын да білмейтін болып шықты. Ал біздегі ауылдық әкімшілікті былай қойғанда, аудан, облыс әкімдерінен бөлек басқа ұлыстан министрлер тұрмақ осы елде қаншама басқа ұлыстық миллиардерлер «баптап» отырғанымызға қалай күйінбессің, қалай ішің ашымас. «Бізде 140 ұлт өкілі тұрып жатыр» деген мақтаныш кімге керек деп те ойлайсың.
«Нұрлы-көш» бағдарламасы бойынша былтыр елге 37 мың адам оралды делінгенімен, талай жанның қағаз жүзінде – тізімде бар, өмірде жоқтығын ескерер болсақ, қазаққа қазған ордың қай жақтан болғанына аң-таң боласың.
Мен осының бәрін ойлап «Егер тез арада сол елдегі қазақ бауырларды көшіріп алуға күш салмайтын болсақ, ертеңдері қандастарымыз ассимилацияға ұшырауы, қазақтығын ұмытуы да мүмкін» деген ойдан арыла алмадым.
Міне, Өзбек жерінен олардың қазаққа деген ұстанымының соңы қалай болады деген өзекті өртеген ащы өксікпен оралдық.. Қазақтарына қазақ елі қандай бауырмалдық танытады екен деген ой да мазалай береді.
Әуелхан ШОНЖАН,
Арыс қаласы