Семейдің жыртығы жамала ма?

0
924

Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабары бойынша Семейдің бюджет қаражаты 5 миллиард теңгеге ұлғайды. Қалалық мәслихаттың сессиясында айтылған ең басты жаңалық – өткен жылдың желтоқсан айында 14 млрд. болып бекітілген 2011 жылға арналған қала бюджеті тұңғыш рет 20 млрд. болып белгіленді. Ол 20 млрд. теңгенің 9 млрд. теңгесі – Семей қаласының өзінің жинап түсірген ақшасы, 6 млрд. теңгесі – жыл сайын Республика және облыс бөліп отыратын субсидия, субвенциялары. Ал 5 млрд. теңге қаламыздың ең түйткілді мәселесі – үнемі сапалы жылу және жылы сумен қамтамасыз ету және аймақтық даму мәселелерін шешу үшін арнайы мақсатқа бөлінген қаржы.

Семей қаласы мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бақылауында екенін семейліктер жақсы біледі. Соңғы 3 жылда ғана Елбасы тапсырмасымен аймақты дамыту бойынша 2 үкіметтік бағдарлама қабылданып, жүзеге асуда. 14 млрд. теңгеден астам қаржы игерілді. Бірақ та осының барлығы Семейді 2010-2011 жылдары қыс мезгілінде апаттан алып қала алмады. Өткен қыста бір емес бірнеше қазандықтар қайта-қайта жарылып, істен шығып жатқаны туралы Республикалық барлық арналар хабардар еткен. 70 жыл бойы қолданыста болған жылу қазандықтарды жамап-жасқаса да бәрібір тозықтың аты тозық екенін дәлелдеп бағуда. Жұмсалған 14 млрд. теңгеден халық қыс мезгілінде пайда көрмеді. Тозықты жамаудан ары аса алмай жүргенде Үкіметіміз қаламыздың сол жағалауында орын алған жылу берудегі түйткілді мәселелерді ескере отырып « Орталық жылумен қамту сызбасында сақталған ЖЭО мен қазандықтардың қуатын модернизациялау және жылу жүйелерін қайта жаңғырту» бағдарламасы аясында қаламыздағы ЖЭО 1-ді қайта жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 4 млрд. 194 млн. теңге, суды және түтін құбырын химиялық тазалау ғимаратын сатып алу үшін 30 млн. теңге бөлді. Бұл қаламыздың сол жағалау бөлігін жылумен қамтудағы бар мәселені шешіп беруге көмектеседі. Бірақ та жылда апаттан көз ашпаған семейліктер дәл осымен жағдай түзеледі дегенге күмәнмен қарайды. Игерілген 14 млрд. теңгеден біз ешқандай пайда көрмедік, апат салдарынан қыста бүрсеңдеп тоңып шықтық, жарты қыс бойы үйлерімізде ыстық су болмады деуден танбай отыр. Ақпан-наурыз айларында ыстық су пәтерлерімізде бір күн болса, 10 күн болмайды деп жергілікті билікті кінәлауда.
ҚДП «Ақ жол» партиясының семейлік филиалы «тозығы жеткен қазандықтарды жамай бергенше Семейдің бүкіл сол жағалауын толығымен жылу және ыстық сумен тұрғындарды қамтамасыз етудің бірегей жолы – Семейде Балқаштағы тектес қуатты жылу-электростансасын салу» деп, 2008 жылдың 29 сәуірінен бері айтып та, жазып та келеді. Осы ЖЭС салынса, қосымша 270 меговатт электр қуатын өндіруге мүмкіншілік туады және Семейдегі 30-ға тарта шағын, әрі ауаны ластап жатқан жылу қазандықтары жабылар еді. Қазіргі кезде ШҚО бойынша электр қуатының тапшылығы 1 млрд. КВТ екен, ол 14% құрайды. Бұл облыстың әрі қарай қарқынды дамуына жол ашар еді. Қосымша Семей жұртшылығына мыңдаған жұмыс орны ашылып, қала бюджетіне миллиардтаған теңге кіріс кірер еді.
Осы мәселені 2010 жылдың 10 ақпанында облыс әкімі Б.М.Сапарбаев мырзаға Семей халқының алдында есеп беру үстінде мен жазбаша да, ауызша да сұрақ қойып, тілек білдіргенмін. 2011 жылы дәл осындай есеп беру үстінде Б.М.Сапарбаевтың назарын тағы да осы мәселеге аудардым. Бірақ бұл мәселені шешу ұзаққа созылып келеді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұйтқы болуымен облыстық бюджеттен біздің қаламызға 176,8 млн. теңге бөлінді. Ол ЖЭО-1, тағы басқа 4-5 шағын жылу қазандықтарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына және бірнеше жарықтанбаған көшелердегі тұрғын үйлерді жарықпен қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Сонымен қатар, бұл қаражаттың 25 миллионы «Спартак» футбол командасына бөлінеді.
Ендігі кезекте осы мақсатта бөлінген қаражатты қала әкімшілігі уақытымен толықтай игеріп, халыққа сапалы қызмет атқаруға жұмсаса болғаны.
Оның қалай жүзеге асуы келесі қыс еншісінде. Ал халық болса, жыртық жамауға бөлінген ақша проблеманы түбегейлі шеше ала ма деп күмәндануда.

О. Сәрсенбин,
ҚДП «Ақ жол»
Семей қалалық
кеңесінің төрағасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз