КЕРЕМЕТ „КЕЛІН”

d0bad0b5d0bbd196d0bd-d184d0b8d0bbd18cd0bcЖақында бір сәтті күні қолыма «Келін» атты шулы фильмнің дискісі түсіп, көріп, тамашаладым. Ең бірінші ерекшелігін айта кетсек, нағыз қазіргі заманымыздын талабына сай көркемсуреттігі аса жоғары фильм екен. Мұндай еліміздің табиғатының таңғажайып әдемі Алатаудын көріністерің кең экранда көрмегелі көп болды-ау. Тек қана бұрынғы Одақ кезіндегі «ең ілгері қатарғы болып» табылатын қырғыз киносында ғана көргенміз («Қараш-Қараш», «Ыстық көлдін қызғылдақтары», «Ақ барыстың тұқымы» тәрізді).

 

Енді біздің қазекендерді үркіткен, ашу-ызасын тудырған мазмұнын талқыласақ, ең біріншіден фильмдегі кейіпкерлер мүлде қазақтар емес, ұлты белгісіз таулықтар, отқа табынушылар. Таң қаларлық жәйт: келіннің енесінен басқа ешқайсысы фильм барысында бір де бір сөз айтпай үндемей тіршілік жасайды. Сонда әлгі кемпірдін үні шыққанда ол нағыз бақсы ретінде ғана дұғалағаны. Сөйлеген сөзі де түсініксіз: әлде қырғызша ма, әйтеуір түрік тілдерінің біреуі екенін ғана мұқият тындап отырып сездім. Менімше, осындай үнсіз жүріп көрермендің көңілін, назарын жаулап алып, қызықтырып,  ой-қиял тудыратын осы фильмді «Қазақфильмнің» көптен бері қанша қиналып өндіре алмай жүрген нағыз жоғарғы кәсіби денгейде суретке түсірілген фильмі деп бағаламаса болмайды. Ал  порнография көрсетті деп қарғағандарға айтайық: ондай зәресі үшатын, маңдай шашын тік тұрғызатын еш нәрсені байқамадым. Төсекте жатқандардың ешбір ұятты мүшелері көрінген жоқ, тек бір жерде ғана келіннің енесі жасаған шамандық-бақсылық сиқырлауынан кейін есінен танып, жалаңаш құлап жатқаны болмаса, қалғанның бәрі де эротикаға  жатады.

Бұл фильмнің қасиеті, меніңше, тарихи этнографиялық мазмұны, өйткені мұнда жалпы Орта Азия деп аталатын  өлке тұрғындары, жалпы түрік тілдес ел-тайпалардың ғасырлық ерекше салт-дәстүрлерін, сана-сезімін осындай қызық хикая түрінде көрсеткені үшін режиссерге мың да бір алғыс жариялау керек деп білемін.

Бұл фильмді көріп отырып,  баяғы 80-ші жылдары бүкіл Кеңес Одағындағы көрермендерді таң қалдырған жапондық «Нараяма туралы аңыз» деген фильм  еске түсті. Онда да тура осындай жабайылар тәрізді таулы жапон тайпасынын өмірін көрсеткен. Ал сонда не көрсеткенің білесіз бе! Жаңа туылған нәрестені қыз екенін көріп, оны  көшедегі арыққа лақтырып тастайды. Ал ең қорқыныштысы, қарт шал, кемпірлерін үйдің жұмысын атқаруға жарамсыз болғасын, арам тамақ деп, биік тауға өлуге өзінің балалары көтеріп шығарып тастайтын болған. Сонымен қатар біраз «крутой» эротикаға жататын көріністер есебінен бұл фильмге деген халықтың қызығушылығы болғаны сондай билет табылмай, кинотеатрларда қосымша түнгі сеанстар өтті ғой. Бірақ та нәтижесінде көзі ашық, түсінігі бар азаматтарға бұл фильмдегі терең ойы бар философиялық мағынасын ұғып, жоғары баға беріп, риза болып қанағаттанып қалғаны есімде. Ұлы жапон халқының патриоттық сезімі қазақтан кем деп кім дауласа алады? Біз де айдан түскен періштелердің тұқымы емеспіз, қазіргі деңгейге, мына өркениетке жалпы адамзаттық тарихының даму жолымен эволюция арқылы келгенбіз. Расында, біздің де арғы бабаларымыз тура осындай күйде кәпір болған, отқа да,  тәңірге де табынғаны даусыз. Бірақ ол кезде де адамгершілік болған, жастар махаббат үшін отқа түскен деп дәлелдемекші режиссер. Мен өзіме қатты әсер еткен  фильмнің соңындағы бір сцена: екі ұлынан айрылған бақсы кемпір, өз келінін алып қашуға әрекет жасап, балаларын өлтірген жігітті көшкін шақырып құртып, ақырында келіні сол дұшпаннан жүкті екенін ескере отырып оны аялап, туғыздырып, нәрестені қасқырдын сүтімен асырады да, келініне отауын тастап, өзі қанғырып кетеді. Міне сізге «Келіннің» жоғары этикалық мағынасы, міне жалпы адамзаттық құндылықтар!

Менімен келіспегендерге айтарым: басқа тағы не шығарды «Қазақфильм» осы  тәуелсіздік алғалы бері? Жалғыз ғана «Сталинге сыйлық» деген бір мелодрама, оның  әңгімесінің бәрі бір еврейдің ұлының тағдыры туралы болғасын ғана Батысқа жағып, әйгілі болды. Бір дарынды қазақ баласы болған еді «Қазақфильмде» - Рашид Нұғыманов, ол елге сыймай,  өкпелеп Парижге кетті. Тимур Бекмамбетов болса оның ұлты қырғыз, фильмдері керемет болса да,  біздің Шығыстың иісі де жоқ. Ал бұдан басқалары - «Киллер», «Көшпенділер», кик-боксшылар туралы... Сонан кейін тағы бір Оңтүстіктің олигархының «Шымкентпикчерс» аталатын студиясында өндіріліп жатқан «Бейбарыс сұлтан» деген жоба болмаса,  мен есіме еш нәрсе  түсіре алатын емеспін. Жалғыз Бодров түсірген «Монгол» фильмі. Бірақ сол Бодров -  Ресей  киноқайраткері! 

Қорытындылай айтарым, ағайындар, бұл «Келін» - нағыз біздің киноөндірісіміздің ХХІ ғасырға сай суретке алынған батыл қазақ баласы, шынайы талантты режиссері Ермек Тұрсынов шығарған киношедевр, Шығыстық әфсана-драмасы. Америкада өтетін Оскар киноакадемиясының жүлдесін  ойып тұрып  алуға аттандырайық! Ақ жол!

                                                                         Ізгі ниетпен, Қайрат Есжанов, кино сүйер азамат.   

тел. 272-35-08; 8-701-384-45-86