Білікті ер –бірегей ғалым

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Меңдібай Мырзахметов жемісті 70 жаста!

Еліміздегі ауыз су мәселесі мен су жабдықтары саласында бірнеше жылдан бері қажырлы еңбек етіп, түйткілді мәселелердің ашылмаған талай сырларына қанып, терең зерттеп қана қоймай, елдің ертеңі үшін аянбай тер төгіп келе жатқан Меңдібай Мырзахметовтың еңбегі мен атқарған қыруар ісінің еліміз үшін маңызы зор. Сондықтан, академик, ғылым докторы, профессор, ммлекеттік сыйлықтың лауреаты, яғни бір сөзбен айтқанда дарынды ғалым, дара тұлғаны бағаламайтын, еңбегін елемейтін адам кемде кем. Меңдібай Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Қызылқұм ауданының Шардара елді мекенінде 1941 жылы сәуірдің 12 жұлдызында қарапайым шаруа жанұясында дүниеге келген. Әкесі 1945 жылы Ұлы отан соғысында қаза тауып, төрт жасынан өмірдің түрлі қиындықтарына төзіп, ерте есейген. Алғашқы еңбек жолын 1956 жылы ОҚО Киров ауданындағы «Победа» мақта совхозының ауыл жұмысшысы қызметінен бастап, 1959-1960 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы «Қазақсантехмонтаж» басқармасында дәнекерлеуші-жинақтаушы қызметін атқарып, 1964 жылы Қазақ химия-технологиялық институтының (КазХТИ) инженерлі-құрылыс факультетін «Сумен жабдықтау және суды әкету» мамандығы бойынша тәмамдаған соң, арнайы жолдамамен Кентау арнайы құрылыс басқармашылығына жұмысқа орналасады. 1965 жылы ҚазХТИ-дің гидра-влика кафедрасына педагогикалық жұмысқа ассистент қызметіне шақырту алады. 1967 жылы Ленинградтағы инженерлі-құрылыс институтының (ЛИСИ) аспирантурасына түсіп, 1971 жылы техника ғылымдарының кандидаты болды. Қажырлы еңбегінің, үнемі ізденімпаздығының арқасында 1989 жылы техника ғылымдарының докторы, 1990 жылы профессор, 1996 жылы ҚР ҰИА академигі, 1997 жылы халықаралық инженерлік, 1998 жылы халықаралық жоғары білім саласының академигі. 1971 жылдан 1979 жылдар аралығында Қазақ политехникалық институтының «Гидравлика, сумен жабдықтау және суды әкету» кафедрасының меңгерушісі, факультет деканының орынбасары, доцент қызметтерін абыроймен атқарған. Ол 1980 жылдан 2001 жылдар аралығында Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс академиясының (ҚазБСҚА) инженерлі-экологиялық факультетінің деканы, 2002-2006 жылдары Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ–нің «Құрылыс және Экология» институтының директоры қызметтерін атқарумен қатар, 2007 жылдан «Құрылыс инженерлік жүйелер» кафедрасының меңгерушісі болды. Өзінің алғырлығымен біліктілігін тағы бір дәлелдеп «Сумен жабдықтау, суды әкету және су қорларын қорғау» мамандығы бойынша инженер мамандарды дайындауда айтарлықтай өзінің үлесін қосты. Оның жетекшілігімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты (ҚРМЖМББС), типтік және жұмыс оқу жоспары, «СЖжСӘ» мамандығы үшін оқу пәндерінің типтік және жұмыс бағдарламаларын қазақ және орыс тілдерінде дайындаумен қатар, сумен жабдықтау және суды әкетуге арналған алты кітап пен бірнеше оқулықтарды жазып, өз саласының майталманына айналды. Айталық, «Ластанған суды тазалау», «Су әкететін желілердің гидравликалық есебі», «Суды тазалау технологиясы және техникасы», «Су әкету жүйелерінің гидравликалық есебі», «Өндірістік кәсіпорындар мен елді-мекендердің су әкету жүйесі», «Сарқынды суларды тазалау ғимараттарын қайта құру» атты еңбектерін жарыққа шығарды. Сонымен қатар, академик М. Мырзахметов Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс академиясы мен Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде гидравлика, сорғыш, сумен жабдықтау, суды әкету, сумен жабдықтау және канализация саласындағы ғылым мен техниканы дамытудың қазіргі заманғы деңгейіне жауап беретін сарқынды және табиғи суларды тазалау зертханаларын құрды. Инженерлерді, бакалаврларды, магистранттарды дайындау үшін сумен жабдықтау, суды әкету және су қорларын қорғау мамандықтарының арнайы пәндеріне арналған оқу-әдістемелік кешендерін жасап қана қоймай, қағаз бетіне түсіріп 43 – тен аса оқу-әдістемелік жұмыстарды жазып шықты. Онымен қоймай, 2001-2003 жылдар аралығында Жапон халықаралық серіктестігі агенттігінің (ЖХСА) гранты бойынша «Астана қаласының сумен жабдықтау суды әкету жүйесін қайта құру жобасын» жасады. Осындай еңбектерінің жемісі ретінде, мемлекет тарапынан «Алматы қаласының қарқынды суын тазалаудың техникасы мен технологиясын жетілдіру және оның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» туралы жұмысы үшін 2005 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атағын алды және оқуда, ғылымда және де қоғамдық қызметтердегі жемісті еңбектері үшін ҚР «Білім үздігі» Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері атағы берілді. 2007 жылы «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері», ҚР «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2007» конкурсының грант иегері, елеулі инженер жұмыстары, өндіріске енгізілген жаңа технологиялар, егеменді Қазақстанның өнеркәсібінің дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Ұлттық инженерлік академиясының Ш.Чокин атындағы сыйлығының иегері, Қазақстанның дарынды инженері, «Қазақстанның тәуелсіз­дігіне 10-жыл медалімен», «Тың игерудің 50-жылдығы» медальдарымен марапатталған. М.Мырзахметов 384 ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 12 жоғары оқу орнына оқулық, 6-ғылыми монография, 24-жаңалық пен патент иесі. Оның жетекшілігімен 24 кандидаттық және 2 докторлық диссертациялар қорғаған. М.Мырзахметов Қазақстан Республикасындағы сумен жабдықтау, суды әкету, табиғи және қарқынды суларды тазалаудың ғылыми мектебінің негізін қалады. Ол – Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау министрлігінің қоғамдық ғылыми кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының оқу және ғылым министрлігіндегі техника ғылымының Жоғары ғылыми кеңесінің мүшесі, «Сумен жабдықтау, суды әкету және суды қорғау» мамандығының ғылыми-методикалық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының Инженерлік академиясының Президиум мүшесі, Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының «Экология» бөлімінің төрағасы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бойынша «Сумен жабдықтау, суды әкету табиғи және сарқынды суды тазалау» мамандығы бойынша ғылыми-методикалық кеңестің мүшесі, докторлық кеңестің төрағасы, Алматы қаласы әкімдігінің ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің ғылыми консултанты болды. Біз жетістігі мол жетпіске толып отырған білікті ер, бірегей ғалым Меңдібай аға Мырзахметовке ел үшін еткен еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз деп тілек білдіреміз! Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ