ҰҚК Академиясының экс-курсанты 14 жастағы қызды зорлады деп күдіктелуде
2017 ж. 19 мамыр
2751
0
Алматы облысында 14 жастағы оқушымен жыныстық қатынасқа түсті делінген ҰҚК Академиясының экс-курсанты жайлы жаңа дерек шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Алматы облысы Іле аудандық прокуратурасының өкілдерінің мәліметінше, оның ісі басқа бапқа ауыстырылыпты. Бастапқыда полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабының 1-ші бөлігі ("Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау") бойынша тіркелгенін хабарлаған еді. Ал енді бұл бап 120-баптың 3-бөлігіне, яғни "Зорлау" бабына ауыстырылыпты.
"Қылмыстық іс Алматы облыстық ҰҚК Департаментінің Тергеу басқармасына берілді және ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы бойынша тергеліп жатыр. Бұл қылмыстық іске Алматы облыстық прокуратура бақылау жүргізіп отырғандықтан, сараптамалардың қорытындысын біз білмейміз", - деп атап өтті ведомстводағылар.
Еске салайық, осыған дейін ҰҚК Академиясының 24 жастағы экс-курсанты 14 жастағы оқушымен жыныстық қатынасқа түскен деген күдікке ілінгені хабарланған еді. Қыздың ата-анасы жігіттің қызды бастапқыда зорлап, кейін бопсалағанын мәлімдеген болатын. Олардың пікірінше, Рустам есімді экс-курсант қызбен 2016 жылы әлеуметтік желі арқылы танысқан. Анасының айтуынша, қызы мен экс-курсант Интернетте көп уақыттан бері хат алмасып жүріп, күзде тұңғыш кездескен. Сөйтсе, олар көрші болып шығыпты. Анасы жігіттің көлікпен келіп, қызды салонға кіргізіп алғанын айтады. Олар сөйлескеннен кейін тарап кеткен. Ал екі аптадан кейін, анасының айтуынша, жастар тағы да кездесіпті. Әйелдің айтуынша, осы екінші кездесуде жігіт қызға көлікпен серуендеуді ұсынып, адамдар аз жүретін жерге барған. Ол жақта қыздың ұялы телефонын тартып алып, зорлаған-мыс. Кейін, оқушы қыздың анасының айтуынша, жігіт қызға қайтадан келген.
"Ол видеотіркеу құрылғысына түсіп қалған жазбаны әлеуметтік желіге саламын деп қорқытып, бопсалады", - деп мәлімдеді әйел.
Анасының айтуынша, қызының біреумен кездесіп жүргенін ол бірнеше ай өткеннен кейін кездейсоқ біліп қалған: қыз сабақтан қашып кетіп, мұғалімдері дабыл қаққан.
"Күйеуім мектепке дереу келіп, мән-жайды біле бастады. Жоқ. Барлығы орнында. Сонда мұғалім барлық қызды жинап алып, не білетіндерін сұраған. Сол кезде қыздар Рустам деген біреудің барын, оны қыздың жігітім деп айтатынын хабарлаған. Күйеуім барлық қызға бақылау жасап, қызы жайлы бар мәліметті беруін сұраған", - дейді қыздың анасы.
Шешесі жігіттің қыз кәмелет жасқа толмағанын білген дейді. Ата-анасы полицияға арызды 2017 жылдың 31 қаңтарында түсірген.
Ал ҚР ҰҚК Академиясындағылар курсанттың "шарт талаптарын орындамауына байланысты" 2017 жылдың 30 қаңтарында оқудан шығарылғанын хабарлады. Оқу кезінде жігіт жағымды жақтарымен көзге түскен дейді академиядағылар. Оқу орнына күдікті 2016 жылдың шілдесінде түскен.