Жамбылдағы серпіліс сейіліп барады... Бозымбаев өз рейтингісін маман таңдауда-ақ түсіріп алғандай

d0bad0b0d0bdd0b0d182-d0b1d0bed0b7d18bd0bcd0b1d0b0d0b5d0b2

Жаңа жыл қарсаңында Жамбыл облысында болған ауыс-түйіс облыстағы екпінмен жүріп келе жатқан көп салалы локомотивті баяулатқандай болды. Елімізде әдетке айналған «команда» жүйесі арқылы жұмыс жасау облысқа айтарлықтай әсер етті.  Осы орайда  Елбасының өзі де талай рет жергілікті басқаруда «команда дегенді доғарып, іскер, білікті қызметкерлермен бірігіп еңбек ету ел өркениеті үшін аса қажет екендігін» қанша рет  қайталап айтқанымен жаңадан тағайындалған әкім-қаралар бұл сөзді есітсе де есітпегенге салып  іс жүзінде орындамай келетіні  ащы шындық. Облыстың су жаңа әкімі Қанат Бозымбаев келе салысымен бір аптаның ішінде облыс әкімі аппаратында астаң-кестең ауыс-түйіс жасады. Байқап қарасаңыз  Бозымбаев мырза бұрыннан өзінің облыс тағына қонжиятынына кәміл сенген тәрізді, өз жоспары бойынша  қимыл жасады. Ісінің «әлқиссасын»Тараз қаласының әкімі Ілияс Тортаевты тағынан түсіруден бастаған әкім еш шімірікпестен өз ісін жалғастыра берді. 

 

Бастапқыда облыс әкімінен  Ілияс Тортаевты жұмыстан босатқанында әділеттілік нышаны байқалғандай болып еді. Өкінішке орай, ол үміт  көпке бармай Тортаевты Қордай ауданына әкім етіп  бекіткенінде «суайттарға сенгендей» сөнді. Ілияс Тортаевтың 4 жылдан астам уақыт «Тараздың жілік майын ішкенін» біле тұра  әділетсіз шешім қабылдап, Қордай ауданына басшы етіп қойған Қанат Бозымбаевқа деген Тараз халқының  үкілеген үміті жер болды. Тараз қаласын «жалға алып» өз білгенінше билеп төстеген Тортаев қаладағы барлық мемлекеттік сатып алуды, жеке тұрғын үй құрылыстарын өзі және ұлдары арқылы билеп келгенін Тараздықтар есінен шығара қойған жоқ әлі. Отардағы әскерилерге тұрғын үй салу үшін өтізілген мемлекеттік сатып алуды жеңіп алған құрылыс компаниясы Тортаев мырзаға тиесілі  жауапкершілігі шектеулі серіктестік  екені бесіктегі балаға  да белгілі.Дегенмен, осы уақытқа дейін аяқсыз қалған бұл құрылыс «сен тимесең, мен тимен» кейіпте келеді. Бөлінген қаржы құмға сіңген судай болса, тұрғын үй атымен жоқ. Бұл Тортаевты тірлігінің бір шеті ғана. Тізбектей берсе газеттің беті жетпейтін сияқты. Ол туралы толығырақ  материал алдағы сандарда да  жарияланатын болады.

Қай облыстың, ауданның экономикалық, әлеуметтік жағдайы ең бірінші ауылшаруашылығының дамуымен тікелей байланысты екені даусыз. Дәл осы салаға келгенде оңдырмай шешім қабылдаған Қанат Бозымбаев облыстың ауылшаруашылығы, құрылыс сынды күрделі салаларын дамытуда өлшеусіз үлес қосып, өзінің тәжірбиелілігі мен ұйымдастырушылығының арқасында ілкімді істерді атқарып жүрген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Үсенбаевты орнынан жәй ғана алып тастай салды. Құдды бір киім ауыстырғандай әкім орынбасарларын да ауыстыра салу оған еш қиындық туғызбады. Мұндай маңызды шешімнің артында бір ғана адамның емес бүкіл облыс жұртшылығының тағдыры тұрғандығын әкім мырзаның түйсінбегендігі көңілге қаяу салатын тірлік. Тым болмаса осындай шешім қабылдардан алдын,  ел мен егіс алқаптарын аралап, кемшін тұстарды қолмен қойғандай етіп көрсетіп берсе бір сәрі. Ермек Өмірбайұлы тамшылатып суару, жылыжайларда көкөністерді өсіруді қолға ала отырып, ауылшаруашылығы саласында ауқымды істердің атқарылуына қол жеткізді. Яғни, басшы біліктілігінің арқасында облыс бұрын соңды болмаған жетістіктерге жетті. Ауылшаруашылығының жаңа серпінмен қарқынды дамып келе жатқандығының куәсі болған Елбасысымз Н.Ә.Назарбаевтың өзі мұндағы атқарылып жатқан істерге өзінің оң бағасын беріп кеткен еді. Тіпті, Ермек Үсенбаевтың іскерлігі өз алдына, оның елжандылық қасиетін Жамбыл жұрты жыр қып айтып жүр әлі. Әр ісіне жауапкершілкпен қарай білетін Ермек Өмірбайұлы бұл қызметтен босағанмен, жерде қалмайтынын ел біледі. 

Бұл орайда жаңа әкім ешнәрседен бейхабар болды ма, жоқ біліп тұрып суға түкірді ма, ол жағы тек өзіне ғана аян. Облыстың білім, мәдениет және спорт саласын салмақты басқарған, «көктегі құсқа да зиянын» тигізбейтін Құмар Ақсақаловты да келген жағына қайтарды. Кезінде  Қостанай облысын басқарған Өмірзақ Шөкеев пен бірге қоян-қолтық қызмет еткен Ақсақалов президент аппаратында да абыройлы жұмыс атқарып, мол тәжірибемен Жамбыл облысында жемісті еңбек етті.Елдің құрметіне бөленді.Сөйте тұра ол азаматқа да Бозымбаев командасынан бір орын табылмапты.  

Қанат Бозымбаевпен жұмыс істесе алмайтынын алдын ала сезген облыс әкімі аппаратының жетекшісі Серғали Айдапкелов өз өтінішімен жұмысынан босады. Айдапкелов ақыры бір «айдалатынын» білген болу керек шамасы. Оның орнына Алматыдан арнайы шақырумен келген Ғани Сәдібеков қонжиды.Ал, Сәдібеков мырзаның Жамбыл жұртшылығының ішкі тыныс-тіршілігімен етене таныс емес екені кімге де болса белгілі. Ендігі жерде оның істі дөңгелетіп әкететіндігіне кім кепілдік бере алады? Ешкім, әрине.

Өзінің бірінші орынбасары етіп темір жол cаласының маманы Кәрім Көкірекбаевты тағайындаған  облыс әкімі қызметінің жемісі қаншалықты болатынын алдағы уақыт көрсетер, әзірге әліптің артын бағайық. Дегенмен, Тараз қаласының жаңа әкімі  Ертарғын Астаевтың өткен аптада-ақ жауып өткен қалың қардан қаланы тазартып, жолдарды ашуда  салғырттық танытып, ештеңе істей алмағаны қала тұрғындарының  ызасын туғызды. Өкінішке қарай, Астаевтың бұл істе қолы қысқа болуы бұл іске жауапты «Жасыл Тараз»ЖШС-нің жол қызметіндегі маңызды техникаларын бұрынғы қала әкімі Тортаев мырза «Жамбыл жол құрылыс»ЖШС-не өткізіп алып кетіпті-мыс, - дейді  жергілікті көзі ашық тұрғындар.

 Облыста бәрінен де ең маңызды мәселе – тіл мәселесі болып тұр. Қанат Алдабергенұлының өзінің ана тіліне шорқақтау екені бастапқыда-ақ байқалып қалды. Дегенмен, әкімнің  «Бәйтерек» мөлтекауданында тұрғындарға жаңа пәтердің кілтін тапсырып тұрып айтқан  «үш ай мерзімде  сіздермен  қазақша  айтысатын боламын» деген серті тағы бар.Бірақ та, сол үш айдың ішінде облыстағы қазақ тілінде он жылдан бері сөйлеп келетін мемлекеттік қызметкерлер «сыпайылықпен» қайтадан орысшаға ауысып кету қаупі де жоқ емес. Жаңа әкімге жағымпаздық пе екен, әзірдің өзінде-ақ (аттарын айтпай-ақ тұрайық) кейбір басқарма бастықтары «облыс әкімі қазақша түсінбейді деген себеппен, өз қоластындағыларына тиісті құжаттарды орыс тілінде дайындаңдар» деп бұйрық беріп жатыр екен. Облыстағы үлкен жиындарда орысша сайрайтын шалақазақтардың қатары көбейгені басшы Бозымбаевтың болашағына теріс әсерін тигізері анық. Бүгінгі таңда Жамбыл облысының 441 мемлекеттік мекемелерінде 5196 мемлекеттік қызметші жұмыс істесе, олардың 93 пайыздан астамы - қазақ. Жүргізілетін іс-құжаттарында мемлекеттік тілдің салмағы 97,7 % -ға жетіп отырған жағдай бола тұра, енді ғана  қазақ тілінде іс жүргізуге толықтай көшкен Жамбыл облысына бұл күтпеген жағдай болды-ау!

Әзірге, облыста «шілдесі шықпаған жас келіндей» жаңа әкімге сын айтудан аулақпыз, дегенмен істің  басталуы ащы болса, соңы қалай болатынын бір Алла біледі. Өкінішке қарай, қалай таразылағанда да ауыр жүктің салмағы Жамбыл еліне келіп түсетінін ескерген абзал. Әкімдер келеді-кетеді ал, ел - орнында қалады. Елбасының жүз мектеп, жүз аурухана бағдарламасы аясында облыста екпінмен жүріп жатқан ауқымды құрылыс саласындағы соңғы өзгерістер жұмыс барысын баяулатқанын байқатады. Облыстық құрылыс басқармасын енді ғана тығырықтан шығарып, жөнді жұмыс жүргізіп келетін Б.Орынбековты орнынан алып, ол басқармаға тағы жол мен транспорт саласын қосып қандай өзгеріс жасамақ болғанын кім білсін , бірақ мемлекеттік сатып алу  арқылы әкім үшін «қолайлы мүмкіндіктер» жасалғаны айдан анық.

Қорыта айтқанда соңғы уақытта облыстағы оңды серпілістерге ауыс-түйістер мен жұмыс жүйесінің күрт өзгеруі  өзінің теріс ықпалын тигізіп, қарқынды сейілткендей.

 

Қуаныш БОТАБЕКОВ

 Жамбыл облысы