ЖЫРЫ КӨП ЖИРИНОВСКИЙДІҢ ЖЕБЕУШІСІ КІМ?

жирик Қазақты қорлау жалғасып келеді. «Өлсең өл! Бірақ Қазақстаннан айрылма!» деп ұрандаған Солженицынның баянсыз арманы, қуанышымызға орай, орындалмапты. Киіз туырлықты түркі халықтарын барынша қорлаған дәуірдің дәуірі өткен бұл заманда сол сынық ойды арқау еткен, әлі де әрмен қарай жалғасып келе жатқан «гөй-гөйлі арамтер ойлар» таусылмапты. Жаңғырығып біздің басымызға бақыт болып келіп қонған ХХІ ғасырдың да төрінде сауық құрып жүргендей. Шашасына шаң жұқтырмай сөйлеп, суырыла сөз айтып жүрген Жириновскийдің жыры түгесілер ме десек, онымыз бекер екен. Сын сағатында САММИТ өткізіп, патшасын жаңа таққа отырғызған жас мемлекетіміздің ұйыған айрандай ынтымағын, жарқын келбетін көлегейлеп, ел ішіне іріткі салумен айналысып жүрген Жириновский кеше сұхбатында тағы да бір дақпыртқа жол берген екен. Не дейді дейсіз ғой?

«Солтүстік Африка – ол біздің орталық азия. Отбасылық, рушылдық, жемқорлық. Ақша бар, бірақ жергілікті халық оны алмайды. Осында жағдайдан конфликт туады». Бұл ЛДПР веб-сайтындағы Жириновский мырзаның сөзі. Бар болғаны осы. Солтүстік Африканың жағдайын өз алдына басқандай салыстыру, теңеулермен айтуға да болады. «Қазақстандық ұлт деген жоқ! Болмаған да!» деп жар салған «өгей бала» ендігіде әлемнің қай дауына да бізді, орталық азияны қосып сөйлейтін болыпты. Abai.kz порталында жария­ланған «Жириновский женігіп отыр» деген ақпараттық мақаласында оның азиядағы екі мемлекет - Тәжікстан мен Қырғызстанның болашағы жоқ. Сондықтан оларды Ресейдің құрамына қосып алып, тоғызыншы федеральді округ құрайық деген сөзін оқып жағаны ұстағанымыз рас. «Русская служба новостей» радиостансасына сұхбат берген ол наркотрафик пен полиомиелитке (сал ауруына соқтыратын инфекциялық жұқпалы дерт. - ред) қарсы күрестің жолы аталған екі мемлекетті Ресейге қайтадан қосып алу деп түсіндірді. Ешбір ғалымның ойына келмеген мәселе Мәскеу мемлекеттік институтының шығыс тілдері мамандығын оқыған адам қазірде өршіп тұрған инфекциялық жұқпалы дерттің шешілу жолын тапқандай екен... Не деген көлгірсу? Қош... «Нет казахского языка. И письменности не было. Вообще ничего нет там... На казахском языке нет ни одного учебника, ни одного литературного труда. Вообще ничего». Бұл да Владимир мырзаның сөзі. Әсілі бұл кісі орыс қатын патшадан опа таппай жүргенде түркілердің байырғы бәдіздеріндегі Тоныкөк пен Күлтегіннің тас таңбалы жазбалары, Амстердам қаласының бургомистрі Н.Витзен айтқан Орхон – Енисей ескерткіштері жайлы деректерге не айтары белгісіз... Тағы да сөйлетейік тас көмейді: «Дикая степь! Какое там может быть государство? Это всё сказки дедушки Ленина!» «Казахов как народа в природе не существует вовсе, и такого государства, как Казахстан, не было и быть не должно, ибо всё это есть российские губернии». Біз әдейі қазақшаға аудармай отырмыз. Қазақ тілінің қасиетінің жетпегендігінде емес, қазақ тілін осынау лайлы сылдыр сумен былғағымыз келмегендігінде. Бұл кісінің Израильді, Түркияны, Грузияны ата жауындай көретінін білеміз. Ал Қазақстанға шүйлігетініндей не болғанын ойланып көрейік. Газет-журнал, ол ол десеңіз, ғаламтор бетінде дамылсыз дал ұрып, бірде «қазақ ұлты жоқ», бірде «қазақ жерін тартып алу керек», бірде «қазақ жазуы жоқ, әдебиеті жоқ», бірде «қазақтар – африкалықтар» деп барынша қорлауға барып отырған Жириновскийдің шым-шытырық оқиғалы «траги-комедиясын» көре-көре көзге сүйел, тыңдай-тыңдай тағайға шиқан шығар уақыт болды. 1993 жылы бұл кісі Қазақстанның орнына Ресейдің губерниялық әкімшілігін салмақ ойы бар екенін мәлімдеген-ді, сонымен қатар «Байқоңыр» ғарыш айлағын алып, қасіретті күндерге куә көк туымызды қалың халық ортасында отқа жаққан еді. Тіпті балалық пен пендешілікті де айтайық, саясаткер Қазақстаннан кеткеніне 40 жыл толуына орай үлкен той етіп атап өтіпті ғой. Құдай-ау! Сіздің қасиетті қазақ жерінен кеткеніңізге біз қуанайық, жыры көп Жиринвоский мырза! Ардақ ҚҰЛТАЙ