Миллион доллар алғандар жазасыз қалып, 45 мың теңге алғандар 7 жылға сотталуда
2017 ж. 15 мамыр
4641
11
Ақтау қалалық сотының судьясы М.Кенжалиев облыстық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы Марал Қадірді 7 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. 7 жыл! Жетім қыз, жесір əйел, жалғызбасты анаға жеті жыл!!!
Ал, "Астана-ЭКСПО" ұлттық компаниясының 214 млн қаржысын жымқырды деп айыпталған ( еркетотай баласының кісі өлтірген қылмысын қоспағанда) Қ. Үсенов рақымшылықпен босап шықты. Бұны бір деп біліңіз. Хоргос басшысы В.Ни 1 млн доллар парамен ұсталып, көзапара құтылып кетті. Бұл екі. 4 000 000 теңге пара сұрап тұтылған Ахметалиева да қалалық соттан 12 жылға кесіліп тұрып, облыстық соттың шешімімен 5 жылға жеңілдетіп алды. Жемқорлықпен 1 жыл 6 айға сотталған Құлмағамбетов 2000 ЕАК айыппұлға өзгертіп құтылды. Ақша бопсалаған Дербісова 3 жыл мерзімін шартты жазаға аударып алды. 1000 000 теңге бопсалаған Демесінова мен Түлекбаева ісі де жеңіл жазамен аяқталған.
Ал, бар-жоғы 45 000 теңге үшін (300 доллар) Марал Қадірге келгенде мəртебелі сот заңқой əм қатал! 7 жыл! Өмір бойы мемқызметке тиым! Мүлігін кəмпескелеу! Қайдасың, соқыр Фемида?!
Осы аптада осы істің үкімшісі М.Кенжалиев арнайы брифинг берді. Соттың ашық өткенін, Маралдың жақтастары видеодəлелдерді көріп, үнсіз ғана келіскендігін айтты. Жоқ! Олай емес. Шағын сот залына симай қалған халық, сот үкімін оқығанда күңіреніп кеткен көпшілік, талықсып құлаған ана, құлын дауысы шырқыраған бала... Олар сот шешімімен еш келіскен жоқ болатын. Орталықтан келген психо-филологиялық сараптама Маралдың қылмысқа қатысын дəлелдеу мүмкін емес деп шыққан. Ол есепке алынған жоқ! Ұстау кезінде Маралдың ақша салынған конвертті өз қолымен айқайлап, жекіріп, қорқытып сөмкесіне салдыртып, сосын камераны қосқандығы туралы дерегі есепке алынған жоқ! Бірінші куəгер берген 100 мың теңгенің əріптестің қайтқан анасының жаназасына ұжымның жинаған қаржысы екендігін əріптестерінің өзі айтып та, жазып та берсе де есепке алынған жоқ! Екі куəгердің де Марал тарапынан көрген қысымы өздерінің кəсіби біліктілігіне қатысты қызметтік талап екендігі қаншама жұмыстық хаттамалармен дəлелденсе де есепке алынған жоқ! Сот отырыстарында бейнедəлелдердің монтаждалып, өзіне қарсы пайдаланылғандығын, өзін ақтап алатын дəлелді тұстарының қиылғанын айтса да есепке алынған жоқ! Жалғыз ұлы жан досын судан құтқарам деп өзі де теңізге батып өлген азалы ана екендігі есепке алынған жоқ! Сол оқиғадан психологиялық зақым алған жалғыз қыздың қараусыз, панасыз, анасыз қалғандығы есепке алынған жоқ! Жалғызбасты ана екендігі есепке алынған жоқ! Бұл қызметке бұрынғы облыс əкімі 8 ай көндіріп əкелген білікті тəжірибелі маман екендігі есепке алынған жоқ! Бұған дейінгі басшылар аузынан ақ май ақтарылып, пəленбай үй, қымбат көлікпен көше алмай қалғанында үстіне қылтанақ ілмей, үш бөлмелі үйде қанағатпен өмір сүріп, 5 айға жетпейтін қызмет ішінде жемқор болып кетуге ары да, уақыты да жетпейтіндігі есепке алынған жоқ! Мемайыптаушы прокуратура 12 млн теңге айыппұл жазасын сұраса да есепке алынған жоқ! Араша сұраған ел-жұрт, ақсақалдар, ел ағалары, ұжым- əріптестері бəрі-бəрі есепке алынған жоқ! Сен соқыр ғана емес, тасжүрек екенсің ғой, Фемида!..
P.S: Марал Қадірдің облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіруіне аз ғана уақыты қалды. Адвокаттары қамсыз емес болар. Əйтсе де, "əкемді алған ажалдан мен де қорқам" деген екен біреу. Қорқамыз жəне үміттенеміз...Тілейміз! Жалпы Маралдың қысқа ғана басшылық қызметінде кімдердің "аяғын басып" кеткені, кімдердің майшелпек өмірден айрылғысы келмегенін қазір сезбесек те кейін сезетін боламыз. Пара алушы бар да беруші жазасыз шытырман істің де куəгерлері жапқан жалаларын өз арының таразысына тарта тұрсын. Мына іріп-шіріген қоғам оларға да бір жалақорды жолықтырар. Ниеттерінен тапсын дейміз бе, əлде... Жə, əзірге ешкімді қарғамайық, қараламайық. Қатал үкім кесуші судьяны да. Ол да заңға сүйенген болар. Бірақ!..
Мəртебелі Заңның Адам игілігі үшін жасалатындығын, бəріміздің де АДАМ болып қалуымызды шын тілейікші...
Әнуар Бимағамбет,