Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ: «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТТЫ» КӨКСЕП ОТЫРҒАНДАР РУХАНИ ҚҰЛДАР

d184d0bed182d0be-d0b3d0b0d0b1d0b1d0b0d181-d0b0d0b3d0b0

Қоғамымызда әділеттілікті ту еткен атпал азаматтар баршылық дейтін болсақ, солардың бірі ғана емес, бірегейі - көрнекті публицист, сатирик Ғаббас аға Қабышұлы екені даусыз. Қоғам тірлігіне  үн қосудан талмаған қарт қаламгермен тілдесудің сәті түскен еді.

 

МЕН ЖАҚСЫЛЫҚ НИЕТТІ

КӨЗДЕГЕН ДОКТРИНА БОЛҒАНЫН ЕСТІГЕН ЕМЕСПІН

        

- «Сатира -  күштілер қаруы» деп білгір ғалым Т.Қожекеев айтпақшы сықақшы Ғаббас ағаның шығармашылығы соңғы уақытта нендей дүниелермен толықты екен?

-Құдай бұйыртқан серігім - сықақ соңғы жылдары анау әлгі... бастықтарының  алдап-арбауы, жемқорлығы салдарынан тақырға отырып қалған компания-фирмалардың әуелі 3-4 ай жалақы ала алмай, содан кейін ақысыз, мерзімсіз демалысқа шығарып жіберілген жұмысшылары сияқты. Алайда мен оны майлығынан еріксіз айырсам да, шайлығынан айырғаным жоқ. 2008 жылы «Көшпенділер» баспасы «Анау-мынауизация» деп аталған қолжазба жинағымды өзі «құда түсіп» алып, қақпақтай кітап етіп  берді. Одан кейінде мақаладан мойным босай қалса-ақ, Сықаң екеуіміз кездесіп, шүйіркелесіп жүреміз. Айтпақшы, біле жүр, саған түйір зияны болмас, мақалаларымды жинақтап, «Жанайқай» деп ат қойып, былтыр үш баспаға ұсынып едім, ондағы ағайындар шолып  шығып: «Ойбай, ағатай, бұдан соң бізді оңдырмайды, ренжи көрмеңізшідеп «әндетті». Оларға тажал болғаннан  құдай сақтасын мені! Қолжазбамды жылы қымтап қойдым. Жатсын. Ертең ауа райы түзеліп, оны сол баспагерлердің өздері сұрауы да мүмкін  ғой.

-Ғаббас аға, сіз бір сөзіңізде не президенттің, не премьер-министрдің бетіне тура қарай алатын депутат жоқ деген едіңіз. Сіздіңше, сонда халық қалаулыларының ешқайсысы шындық деп шырылдамайтын болғаны ма?

-Бүгінгі бірпартиялы парламентте «шәйдеп қой үркітер депутат бар деу...  үркіткісі келетіндер болар, бірақ өйту қайда?!  Ұстап отырғандары -  біртүсті  билет!..  Біздің батпан билік билетінің түсі басқа: Серікболсын Әбділдин, Төлен Тоқтасынов, Зәре Баталова, Болат Әбілев, Серікбай Әлібаев, Мұхтар Шаханов және басқа депутаттардан, «қарағайға талды жалғап» дегендей, кезінде жанталасып құтылған. Сақылдап сынай берген соң. Сөйтіп, дұрысын да дұрыс, бұрысын да дұрыс деп отыратындарын иіріп алған. Бір иірілгеннен шашау шығушы ма еді?! 

-Бүгінде дүйім жұрт біздегі Ассамблеяның «доктрина» дегенінің дүрбелеңін көріп отыр. Сіздің Ассамблеяға, ол ұсынған «Ел бірлігі» доктринасына қарсы екеніңізді білеміз. Ол ойыңызға  алып-қосарыңыз болса...

-Шындығын айту керек, «қазақстандық ұлтты» көксеп  отырған билікшілдер - құлдар. Мен жақсылық ниетті көздеген доктрина болғанын естіген емеспін. Қару-жарақ күшіне сенген озбыр мемлекеттерде басқыншылықты, басқаларға өктемдік жасауды көздеген әскери доктриналар болды, қазір де бар. Егер біздегі ассамблеяның доктринасы игі ниетті десек, оған бірлігі баяғыда ұйыған елдің бірлігін бүгін «қайтадан ұйыту» неге керек болды?  Жүйелі ой-қисын қайда? «Ел бірлігі» доктринасының исі қазаққа, сондай-ақ қазақтың ақ ниеттілігіне, достыққа адалдығына тәнті басқа ағайындарға керегі шамалы екеніне көзім жетті. «Әп, бәрекелді! Мынау сөзі жаңалық екен!.. Конституциямыздың кетігіне қаланған екен!.. Бәсе осылай болса керек еді!..» дейтіндей жаңалығы жоқ.  Сондай доктринашыл «Қазақстан халық Ассамблеясы» дегеннің киіз үйге екі есік, үш шаңырақ орнату сияқты бірдеңе екенін айттым да, жаздым да. Сол пікірімпікір.  

-Кез келген істің бір кемшілігі болатыны анық. Үкіметтің кешілігін айтып та, жазып та жүрген жанның бірісіз. Ал, оппозицияның кемшін тұсын атап көрсете аласыз ба?

-Оппозицияның  кемшілігі – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару» ауадай    қажет екеніне мән бермей, бергілері келмей жүргендікте. Соны құрылтайларында айтқаным,  мақала етіп жазғаным үшін олар менімен «некелерін» бұзды, «ажырасып» тындық. Жалпы, бізде демократияны бағдар етуші серкелер тым көп. Жиыны жиырма шақты. Бір ғана «Желтоқсан» ұранды топтың өзі бесеу-алтау. «Бөлінгенді бөрі жейді» ұмытылды.

«ЖАСЫҢ ЖЕТПІСКЕ КЕЛСІН БЕ, КЕЛМЕСІН БЕДЕГЕН...

 

-Оппозицияшыл болғаныңыз үшін «таяқ» жеген сәттеріңіз бар ма?

Таяқ» дейсің бе?.. Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, «Қазақгейт»  туралы  мақалам жарияланғанда әлдекім үйіме телефон соғып: «Жасың жетпіске келсін бе, келмесін бе?!» деп күжілдеді. Орыс тілінде сөйлесе де, қазақ екеніне шүбәланбай, үш жолы да: «Әй, «салпаңқұлақ» бишара қазақ, үйге кел, сөйлесейік. Келе алмасаң, егер бір түйір ар-ұятың болса, шошқаша қорсылдамадеп телефонымды жаба салдым. Не болғанын білмеймін, содан кейін ешкім «хабарласпады».

-Кейбір ақын-жазушыларымыздың  атақ-даңқ алу үшін өздерін ұсындырып жүретіні естіліп жатады. Шығармашылық  жолдағы жандардың сондай әрекетіне қалай қарайсыз?

-Пәлен-пәштуән атақ, сый-сияпат дегенге ешқашан көңіл бөлген емеспін.  Жазушылар одағында қызмет істеген жылдарымда біраз «жамбас, жілікті мүжуіме» болатын еді, обалы не керек, бірінші басшыларымыз Әнуар Әлімжанов, Қалдарбек Найманбаев ұжымнан орден-медальге, сыйлыққа ұсынылатындардың тізімін жасағандарында өзімді өшіртіп тастап жүрдім. Сөйткен бір күні үшінші хатшымыз Қалаубек Тұрсынқұловтың: «Награда мәселесінде екеуіміз ағайынды екенбіз» деп жымыңдағаны бар. Қалекеңнің де өзін ұсындырмайтынын кейін білдім. Сонау бір жылы өзіңше сұхбаттасқан жорналшының осындай сұрағына: «Қарыз ақша сұрауға мәжбүр болсам да, адал қолдан ғана алармын» дегенмін, дұрыс қой, ә?

-Атақ-даңқ іздемейсіз. Әйтсе де, еңбегіңнің ел алдында еленіп жатуы көңіл қуантарлық жәйт емес пе?

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері», «Қазақстанның Құрметті жорналшысы» деген мықты екі атағым бар. Әбден жетіп жатыр. Бұларды сұрап алған емеспін. Жазушылар одағының Деректі проза секциясының төрағасы Серік Әбдірайымұлының (ақжарқын жігіт еді, топырағы торқа болсын!) және Қазақстан Жорналшылар одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев мырзаның (100 жасасын!) өздері біліп марапаттағандары. Алғысыма Серіктің айтқаны: «Ғаб-аға-ау, қашанғы үндемей жүре бересізболды. Сейітқазы: «Басқа атақтары жеткілікті кейбіреулер «маған әпердеп жүйкемді жеді, сізше жаза алмаса да,  ал сіз жүрсіз, стажыңыз қырық жыл болса да...» деп реніш білдірді.

-Өз дініміздің мәселесі шаш-етектен болса да, Астананы әлемдік діндер орталығына айналдыру қолға алынды, ол мүмкін бе?

-Астананың әлемдік дін орталығына айналуы мүмкін, өйткені айналдырғысы келетін биліктің  құлшынысы күшті. Бірақ одан Қазақстанға, қазаққа бидайдың  жалғыз дәніндей пайда келмейді! Санақ орындарының дерегі деп естуімше, қазірдің өзінде 1 миллион шамалы қазақ бөгде дінге кіріп кеткен. Бұлтәуелсіз Қазақстандағы шетжұрттық діни ұйымдар жүргізіп келе жатқан насихаттың кесірі! Бізде ондай ұйымдардың ресми тіркелгені 3 мыңға, ал тіркелу кезегіндегілерінің саны 1 мыңға жуық екен. Солардың алдап-арбауына тап болып, ері мен әйелі екі дінге бөлініп, шаңырағы шағылған қазақ қанша екенін кім біледі? Оның үстіне біздің зиялы қауымдағы әсіресауаттылар исламды «сорттап», сан түрін тауып, жеке-жеке «отау тігіп» жатыр. Ал шетелдік діни ұйымдардың ешқайсысы Қазақстанға исламды ілгерілету үшін, қазақты қазақ ету үшін келеді дей аламыз ба? Жоқ! Керісінше! Демек, әлемдік дін орталығын көксеушілер мен дәріптеушілер, ислам дінімізді боршалаушылар бізде Мұхаммед пайғамбардың үмбеті басым көпшілік болуына мүдделі емес. Бұған әсіресе мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қыңқ етпей жүр. Мүфтиге дін шаруасындағы шатқаяқтық туралы соңғы жылдары екі хат жолдадым, ал ол бүгін - Алматыда, ертең - Астанада, бүрсігүні -  шел елде... жауап қайтаруға уақыты жоқ.   

-Алдағы уақытта төлқұжатта ұлт көрсетілмейді дейді. Мұның астарында ұлтсыздандыру саясаты жатқан жоқ па?

-Төлқұжатта ұлтымыздың көрсетілмеуібіздің  ұлтсыздануымызды тездетудің шарасы. «Еуропада солай», «Америкада солай» дейді. Шет елдерге шұлғитын ауруға шалдыққанымыз қашан?!. «Біздің Қазақстанда былай!», «Біздеқазақтабылайдегенді еститін күн болар ма екен?

 

ТІЛІМІЗДІҢ БІР КҮНІ АҒЫЛШЫН, ОРЫС ТІЛДЕРІНІҢ АТҚОСШЫСЫ БОЛМАСЫНА КІМ КЕПІЛ?

 

-Тілдік қолданыста көп сөздердің орынды-орынсыз қолданылып жүрген жайы бар. Осы турасындағы ойыңызды білсек...

-Тіл туралы ма?..  «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» аяғын құшып жүрміз. Бүгiнде арамызда жоқ ұстазым, қазақы күлкiнiң қаһарманы Садықбек Адамбеков 1998 жылы:

 Басқа емес, үкiметтiң үйiнде

Ана тiлiм сол жетiмек күйiнде...

Қазақтар қазақша сөйлесе таңданып,

Бастықтар қызараңдайды шамданып,

Бас шайқайды паңданып... – деп қыжырта күлген едi. Өкiнiшке қарай, бұл шумақ жуықта ескiрмейтiн шығар.

Ендiгi бiр әттең – «тiл... тiл...» деген сайын тiлiмiздiң шұбарлана түсетiнi. Құдды әлдебiреулер әдейi қарсы әрекет жасап жүрген сияқты. Пәленбай жыл бойы иық көрсеткен орыс тiлiнiң иегi астынан шығудың орнына оның құшағына кiре түстiк.

Ұсақ шегенi «мық» дейдi. Етiкшiлердiң кәсiп мүлкi. «Қозы КөрпешБаян сұлу» дастанымызда:

«...Мығы бар сауыр етiк табанында,

Құдайға құлшылық қыл аманыңда...» – деген бар. Яғни «мық» – етiктiң ұлтанын, тақасын, нәлiсiн ұстатуға қағылатын, қайыңнан, аршадан жасалатын шеге. Оның ұсақ болатыны сондықтан. Бiз мұны ешқашан майыспайтын, сынбайтын қуатты шеге деп түсiндiрiп жүрмiз. «Мықты» деуiмiз «мық» сөзiнен шыққан болар дегеннiң өзiнде негiзiнен «мықты» – ағаш шегенi пайдаланатын етiкшiде қуатты темiр шеге болмайтыны белгiлi емес пе?

            Қоғам, комитет, департамент, комиссия құрылады, ал тіл мәселесі қойыртпақтала түседі. Мысалы, мен, айтулы тіл маманы болмасам да, 1974 жылдан бастап тіл тазалығы туралы жазып келем. Оқыған қаламдастарым, тіл мамандары жолыға қалғанымызда: «Пәлен газеттегі түлен мақалаң жақсы екен, дұрыс!» дейді. Бірақ ләм деп қостамайды.

Соңғы үш жыл бойы «жаңағы» деген сөзді сағызға айналдырып алдық, мінберлерде шайнаңдап тұратындар, телеэкранда шайнаңдап отыратындар көбейіп барады. Орыс тілінің жетегінен құтылудың орнына оған жабыса түстік. Олар сөзді тілінің қалыбына қарай көбінесе: «Вы знаете...» деп бастайды ғой, біз де: «Сіз білесіз бе...» деп бастауға көштік. «Уважение к человеку», «Забота о коллективе» десе, «Адамға деген құрмет», «Ұжымға деген қамқорлық» дейміз, орыс «о», «к» десе-ақ біз «деген» деп дедектейміз. «Құрайды» дейтін құдай атқан сөзді тауып алдық,  «10 мың - 100 мыңның 10 пайызы» демей, «...10 пайызын құрайды» дейтін болдық. Ата-бабамыздың «отбасы» сөзін «жанұяға» айырбастап тындық, сол ата-бабамыздың: «Кеудемде жаным барда», «кеудемнен жаным шыққанша»... деп, адам жанының ұясы кеуде екенін қай мағынасына сайдырсаң да дұрыс айтқанын біз  қажетсіз жаңалыққа айналдырдық.

Газет-жорналдарымыздың көбi «анонс», «P.S.» деуге әуес. Қазақ тiлiндегi баламасын қажет етпейдi. Шетелдер тiлiнiң қайсысына болсын сөзбе-сөз балама табылмаған жағдайда оны қазақтың екi-үш сөзiмен беру тiлiмiзге нұқсан келтiрмейтiнiн, тiлiмiздi шұбарланудан сақтауға бiр мысқал болсын пайдасы тиетiнiн ескермейдi. Француздың «анонсын» «келесi жолы оқитындарыңыз», не «алдағы саннан оқитындарыңыз», «келесi санда», не «алдағы санда» десек, несi қате, несi айып? Ал латынның «постскриптумын» (P. S.) – айтып өткен пiкiрге орай қосымшаны – қазақ тiлiнде баяғыдан бар «айтпақшы» деп қолданбайтынымыз қалай? Әлде тiлiмiздiң төл сөзi тiлiмiзге жараспайтын болды ма?

 «Үш тұғырлы тiл» саясатының жаушысы ретiнде тiлiмiзге нарық жалауымен келiп кiрген ағылшын, француз, немiс сөздерi мемлекеттiк тiлiмiз үшiн ауыр жүкке айналды. Мәселен, бала шағымыздан естiп өскен «басқарма» сөзiмiздi француздың «департаментiне» асатып жiбердiк. «Ой-сана өрiсi»,  «ой-сана деңгейi», немесе «мінез-құлқы»  деген ұғымды сөз тiркесiмiз «менталитетке» жем болды. Бiр кiсiнiң, не халықтың ой-сана өрiсi, ой-сана деңгейi, мiнез-құлқы деу орынсыз да, менталитетi деу орынды, жарасымды ма?

Жалпы, бiздiң қазақтiлдi баспасөз беттерiнде, оның iшiнде, әсiресе, әдеби апталықтардың сын-талдау мақалаларында бөгде сөз өрiп жүредi. Ол – ана тiлiмiздiң ажарын, байлығын, қуатын бiлмеушiлiк, бөгде сөзге лайықты балама iздеп қиналмаушылық. Сондай «құнды» дүниелердi кездестіргенімде әзiл-сықақшы түрiк Әзиз Несиннiң бiр «ғалым» кейiпкерiнiң: «Жазғаның неғұрлым түсiнiксiз болса, соғұрлым бағалы болады!» деген өсиетi есiме түседi. ...Қайсыбiрiн айтарсың! Сылай берсең, жара көп. Кеше: «Тiл өнерi дертпен тең» (Абай) деп едiк, бүгiн: тiл, тiл болғанда – қазақ тiлi, Қазақстанның мемлекеттiк тiлi «әләуләйi бiтсе, хәләуләйi бар» (Алдар көсе) «жырмен» тең болып тұр. «Айға адам ұшты!», «Айға адам барып қонды!» деген айқай аспанды жаңғырықтыр­ған кезде әжем: «Ай жарықтықта нелерi бар? Сөйтiп жүрiп, бiр күнi құлатып алады ғой?!» деп едi, сол айтқандай, тiл, тiл деп ауыз жаппай күйiнiп жүргенiмiзде тiлiмiздiң бiр күнi ағылшын, орыс тiлдерiнiң атқосшысы мiндетiн атқаруға мәжбүр болмасына кiм кепiл?

-Дәл бүгінгі күні біздің қазақ барлық салада өзін мемлекет құраушы ұлт ретінде  танытып жүр ме?

-Қазақ мемлекет құраушы ұлт болу үшін: тілі мемлекеттік мызғымас мәртебе алуы, өкіметі, үкіметі, парламенті мемлекеттік тілде сөйлеуі шарт. Бұл бізде қағаз бетінде, ал іс жүзінде – астапыралла. Тәуелсіз Қазақ елінің президенті осы 19 жыл ішінде алыс-жақын ондаған елде болды және соның бәрінде орысша сөйлеуден жаңылмады. Шет елдердің басшыларын  Астанада қабылдағанда да сөйтеді. Қазақстан қазақ мемлекеті емес, орыс мемлекеті дерсің. Шетелдік меймандарымыздың бірнешеуі «пәлен күнде бір ауыз қазақ сөзін ести алмадық» дегенді айтып аттанса да,  біздің «көсемдер»  селт етпеді. Қазіргі премьер-министр таққа мінген күні қазақ тілін тез үйреніп алуға уәде берген, келесі аптада қазақ қызметкері жазып берген сөзін ежіктеп оқып, соңында уәдесін тағы қайталаған. Содан бері үш жыл өтті, ал К. Мәсімов мырза қазақ тілін керек етпеді, орыс тілінде сайрап жүр. Халықты алдау емес немене?

-Қазақтың бойында немқұрайдылық пен бойкүйездік  басым деп жиі айтасыз. Бұлар қазақтың қанына сіңіп кеткен  бе? Одан арылуға бола ма?

-Қоғамымызда орын алған небір келеңсіздіктердің себебі - біздің немкеттіліктің, немқұрайдылықтың батпағында малшынып отырғанымыз. Қазақ елінің, жерінің байлығы неге шетелдік ашқарақтардың құлқынына құйылып жатыр, Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы, ағайын-туыстары, құдалары неге солардың сойылын соғып отыр? «Қазақгейт» шатағы кімнен, неге шықты? Сол пәлекеттің бір белгісі болып, Қазақстан басшылары алған пара делініп қайтарылған 84 миллион доллар үшін кім жазаланды? Ол қаржы қазір қайда, неге, қалай жұмсалуда? Әлде ол сол парақорлардың қалталарына қайтадан түсіп кетті ме?.. Президент отбасындағы былықтың жаңа көрінісі – ортаншы қызының Швейцарияда 8000 гектар жер, үй-жай сатып алуына жұмсалған 74 миллион доллар оған қайдан келді? Күйеуі екеуі жоғарғы оқу орнын бітіргендеріне он жыл болар-болмаста 4 миллиард доллар «еңбекақыны» қалай, қайдан тапты?.. Үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің істеп кеткені анау!.. Ауыл-селоларымыздың, тіпті бірнеше қаламыздың қаңырап қалғанына кім кінәлі? Көпбалалы отбасылар, еңбек және соғыс ардагерлері мен мүгедектер жәрдемнен неге қағылды?.. Мұны ешкім білмейді, өйткені немкеттілік, немқұрайдылықтың шымылдығы қалың. әл-Фараби бабамыз: - Досыңнан қорықпа, - қатты болса сені сатып кетер; жауыңнан қорықпа, - қатты болса сені өлтірер; сен немкеттіліктен қорық, - ұрпағыңның түбіне сол жетер, - деген екен.  

-Қазақ баспасөзінің хал-ахуалы қалай?

-Қазақ баспасөзі бүгінде екідай. Мемлекеттің табағына қарағандар президентті, қоғамды ешбір мінсіз етіп, аспандатып мақтауға әбден төселіп алды. «Көсемдеріміз» бен «көсеулеріміз» шетінен әулие, кемеңгер, дана екен. Ол баспасөздің «қайраткерлері», меніңше, 2030-жылға дейінгі жалақыларына қоса сыйлықтарын да алып алған сияқты. Сыни бағыттағы тәуелсіз баспасөз де ұстанымына берік, билікті орынды түйреуден тартынар емес, бірақ биліктің оны тыңдауы басқаша: «белгісіз біреулер» жорналшыларын сабайды, өлтіреді, газет таралымын тәркілейді, кеңсесін тонайды, өртейді. Хал-ахуал осы.

-Елді шулатқан «Ел бірлігіне» қарсы М.Шаханов бастаған ұлт патриоттары 2015 жылға дейін іске асырылатын міндеттерді белгілеген Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының тұжырымдамасын жасап шығарғаны белгілі. Үкіметке жолданған бұл тұжырымдамадан белгілі бір нәтиже шығатынына сенесіз бе?

-Сенгім келеді-ақ, бірақ сене алмаймын, ол жаңа тұжырымдаманы қолдай қоймас. Анау да мынау «жаңалық», «жақсылық» науқаны көп болған үкімет халықты тағы несімен дүрліктірсе де...  үкімет пен халық көлдің екі бетінде, арақатынастағы қайықтың түбі тесік, кеменің жанар-жағар майы таусылған.    

- «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысы құрылғалы жатқанынан хабардарсыз. Ұлт жанашырларының басын қосқан бұл қозғалыстан не күтесіз?

-Бізде не көп, қозғалыс пен партия көп. «Тәуелсіздікті қорғау» да керек болар, бірақ... бар гәп осы «бірақта». Жаңа қозғалысқа көзі ашық азаматтар көп қатыспай жол ашылмайды. Мен қатысармын, шамамның келгенінше көмектесермін.  Қаламдастарымды шақырармын, бірақ...  көбінің бір көзі ашық, бір көзі жабық және әрқайсысының бір ішкі есебі бар.

 

МИНИСТР МҰХТАР БІР ӨЗІ ҮКІМЕТ ЕМЕС, ОНЫҢ БІР ӘРЕКЕТІ БИЛІККЕ ҰНАМАЙ  ҚАЛСА...

 

– Шаханов бастаған ел азаматтарының дабылынан кейін (оның арасында өзіңіз де барсыз),  таяуда ғана Мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхаммед Алматы қаласына арнайы келіп Тіл саясатын жүзеге асырудың жаңа кезеңіне арналған Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеумен айналысатын арнайы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп кетті. Мемлекеттік тіл мәселесі бойынша атқарылуға тиіс істерді ұлт жанашырларымен бірлесе талқылаған Үкімет мүшелері айтылған пікірлердің бәрін ескере отырып, қордаланған проблемалардың барлығын шешуге уәде берді. Ал, осы мәселе турасында ел билігіне сенген емес, сенбейтін де Ғаббас аға не айтар екен?

-Ол басқосуға шақырылған жоқпын. Ал екі Мұхтар (Шаханов пен Құл-Мұхаммед мырзалар) ынтымақтасса, әрине, көп мәселе  шешілер, талай іс тындырылар. Алайда министр Мұхтар бір өзі үкімет емес, оның бір сөзі не бір әрекеті мұндайда белсене қалатын билікке ұнамаса, оны бұл бағыттан аулақ бір қызметке жылжыта салу екеуіміздің осы сұхбаттан соң «Рахмет!..  Сау бол!» деуімізден де оңай.

-Тәуелсіз ел болғанына жиырма жылға жуықтаған Қазақстан шын мәніндегі демократиялы мемлекет бола алды ма?

-Президенттiң «демократия» ұғымын кедейшiлiк пен бақытсыздыққа дейiн құлдыратып, оны солармен қатар көруi менi қатты таңғалдырды. Бұған келiспеймiн. Демократия дегенiмiз – әдiлдiк, халықтың қамын ойлау, ұлт үшiн қызмет ету, мемлекетке, елге адал болу. Әлемде демократияны осылай қабылдайды әрi түсiнедi. Қазақта демократия болған жоқ деп кiм айтты? Атам заманнан қазақ хандары мен билерi демократиялық үрдiстерге сай ел билеген, шешiм қабылдаған. Қазақстан президентiнiң анау сөзiн тыңдаған еуропалықтар ЕҚЫҰ төрағасын қалай қабылдар екен? «Елi де, халқы да демократияны түсiнбейтiн» мемлекет ЕҚЫҰ-ға қалай төраға болмақ сонда? Украина мен Грузияның мысалын келтiрiп, елдi қорқыту дұрыс емес. Керек десеңiз, бұл мемлекетаралық қарым-қатынасқа да салқынын тигiзедi. Бiздегi демократия – елес, ол тұман басқан әуежайға қона алмай айналып ұшып жүрген ұшақ сияқты. Президент нағыз демократ екенiн көрсеткiсi келсе, жазықсыз сотталған саясаткерлердi түрмеден босатсын, шетке кетуге мәжбүр болған азаматтарымызды ақтап, шақырып алсын. Оның сонда ғана елге ақыл айтуға хақы болады.

 

ЕЛшіліктеріміз мемлекеттік тілде сөйлесін деген Болатхан Тайжанды қызметтен босатып жіберді...

 

-Былтыр ғана ЕҚЫҰ тізгінін қолға алған Греция болды. Карлос Популияс ешқандай тілде емес, өздерінің туған тілі грек тілінде сөйледі. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндетін мойнына алған Қазақстанның мемлекеттік хатшысы мемлекеттік тілді ұмытып, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та елу алты елдің алдында бір кезде бізді отарлаған Ресей тілінде сөйледі. Неге?

-Бұл сауалыңа жауапты  қайтарып та қойдым-ау, дегенмен қосарым бар. Болатхан атты дипломат болды, білетін шығарсың, фамилиясы – Тайжан. Мәскеуде оқып жүрген студент кезінде-ақ КСРО Сыртқы істер министрлігіндегі арабшылардың көзіне түсіп, ол араб тілін өз төтесінен үйренген еді, штатқа алынып, КСРО-ның Египеттегі елшілігіне қызметке жіберілген. Сонда жүріп ағылшын, француз тілін игеріп алды. Кейін тәуелсіз Қазақстанды араб әлеміне танытты, Арабстанның он шақты елінде Төтенше және Өкілетті елші болды. Білімдарлығы мен қазақы намысшылдығы бір қамшының өріміндей  жігіт еді. Үкіметіміздің алдына Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінде іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізілуі, қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлеуі керек деп мәселе қойған екен. Әп дегенде-ақ. Астанаға керек қағаздарды қазақ тілінде жазатын болған, Астанадан келетін қағаздардың қазақ тілінде болуын талап еткен де. Дұрыс қой! Елін, халқын, мемлекетінің Конституциясын қадірлегені. Сол бағыты Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев мырзаға жақпаған да, ол Болатханға: Басыңды ауыртпай тыныш жүр, депті. Бұл - министрдің немкеттілігіне... немкеттіліктің кесапат екеніне  бір мысал.  Болатханның төзімі таусылған да, мазалап жүрген ойын орайы келген бір жолы президент Назарбаевқа айтқан. Президент: «ойланайық, ақылдасайық» деген де, онысының ақыры Болатханды қызметтен босатып тастау, дипломатиялық жұмысқа жолатпай қою болды. Неткен сорақылық?!.  Қазақстанға Болатханнан артық Сыртқы істер министрі керек емес еді, амал не.

 

-Өткен жылдың соңғы айында парламент «Босқындар туралы заңды» қабылдап, президент қол қойып бекітті.Осыдан қазақ не ұтты?

-Халықаралық ұйымдардың талап-тілегіне июі қиын билік, сірә, ЕҚЫҰ-ның есігі кеңірек  ашылсын деген шығар, бұл заңды тез қабылдады. Онда халықаралық ереже-тәртіпке орай осындай заңымыз болуы, елімізге келген босқындарды кері қайтармауымыз керектігі, оларға берілетін құжаттарды дайындауға, оларға қызмет етер тілмәштарға жалақыға беруге бюджеттен 4 миллион теңге шамасы қаржы бөлінгені айтылған. Ол заңсыз-ақ былтыр бізге хазар, пуштын, тәжік бар  7 жүзге жуық босқын келіпті. Енді босқындарға жол кең ашылды, ағылып келулері заңдастырылды. О, қазақ! Төріңді даярлап, ерулігіңді пісіре бер! Президент сайлауы 2012-жылы ма еді, әне, сонда сенің дауысың жетпей бара жатса, босқындар мен келімсектер көмектеседі. Ал бұлардың және шетелдік діни ұйымдардың, қазірдің өзінде  қазақ қыздарын әйел етіп отырған пәленбай мың қытайдың, қырғиқабақ Қытайдан жайлауы кең Қазақ еліне үдере көшіп келген ұйғырлардың «арқасында» 2030-жылы Қазақстанда қазақ көп пе, кірме  көп пе деп есеп жүргізуге қағаз-қарындашыңды әзірлей бер.    

Солай, шырағым, «Босқындар туралы заң» атқа қонжиды.  Ол үкіметтің де, анау сан-сапалақ қозғалыстардың да, партиялардың да жұмысын жеңілдетеді, бәріне «Қазақ қайда?» деген бір ғана сұрақты қалдырады. 19 жыл бойы шын мәнінде билікке - ермек, ұлтшыл перзенттерге - бейнет болып келе жатқан: демократия, ұлт, тіл, дін... мәселелері жайына қалады... «Неге?» дедің ғой, айтайын: соңғы санақ бойынша қазақ 65 пайыз екенбіз, ал «Босқындар туралы заңның» ың-шыңсыз қармаған соң алдағы екі-үш жылда бұл сан 45-47 болады. Әрине, ондайдан құдай сақтасын, біра-а-а-ақ құдекең: «Сақтансаң – сақтаймын!» демеді ме?

-Соңғы сұрақ. «Тасжарғанды» соттатқан депутат Мәдиновке деп бес теңгеліктің бір қапшығын дайындап қойғаныңызды естіген едік. Депутатқа жеткізіп бере алдыңыз ба? 

-Ойда жоқта баюдың «тәсілін» тапқан депутат Мадиновке «Тасжарған» төлер ақшаның сылдыры болсын деп бес теңгелікті бір қапшық етіп жинап, оны иесіне газет арқылы хабарладым, бірақ ол «аламын!» деп сәлем айтпады, яғни менде жазық жоқ, содан кейін оны мешіттердің айналасында, вокзалдарда, көше бойларында, көкбазар маңында қол жайып отыратын мүгедектерге бес-алты айда үлестіріп болып, ең соңғысына қапшығымды да бере салдым. Өзі мүгедектің ар-ұяты мүгедек бола бермейді екен, тиын-тебенге амалсыз жайған алақанымен бетін сипап,  рахметін, ақ тілегін айтты.

- Осындай тұщымды әңгімеңіз үшін рахмет, аға!

- Саған да рахмет қызым. 99 жасқа жетуіңе шынайы тілектеспін! Саған бір ғасырдың соңғы бір жылын «қимай отырған» себебім: «жүз» деп айғайлап көрші, дауысың таяқ тастам жерге әрең жетіп, үздігіп тынасың, ал «тоооқ-сааан  тооо-ғыыыыыыз!» дегеніңде көзкөрім жердегі құтыдағы айран қайтадан сүтке айналып кетеді.

 

Сұхбаттасқан

Гүлмира САДЫҚОВА