РЕСЕЙДЕ ҚАЗАҚ БАТЫРЫНЫҢ МҮСІНІ ОРНАТЫЛДЫ

Ресейдің Новгород облысында Кеңестер одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың бюсті қойылды. Бюсттің ашылуына Қазақстан Республикасының Санкт-Петербургтегі консулы, Старая Русса, Великий Новгород қаласы әкімшілігінің өкілдері, Новгород облыстық «Память» және «Долина» іздеу жасақтарының мүшелері, сонымен қатар Павлодарлық «Майдан жолы» жасағы қатысты. Бюстті орнатуға ERG Еуразия­лық тобы қаржылай қолдау көрсетті. Салтанатты шарада әскери өлеңдер мен әндер орындалды. Төлеген Тоқтаров 1920 жылы Шығыс Қазақстан облысы Таврия ауданы Қарақұдық ауылында дүниеге келген. Төлегеннің ата-анасы ашаршылық жылдарының құрбаны болған. Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанған Төлеген Тоқтаров Мәскеу маңындағы Панфилов дивизиясына келіп қосылады. Төлеген Нагаткино, Соколово, Трошково, Бракловицы, Траково деревнялары үшін болған ұрыстарда ерекше ерлігімен көзге түседі. Батырдың бөлімшесі 1942 жылдың 9-ақпанында Бородино селосы үшін дұшпанға қарсы ұрыс жүргізді. Бұл шайқас бірнеше күнге созылды. Даңқты ерлікке толы Бородино үшін болған ұрыста Төлеген асқан ерлік көрсетіп, қаза тапты. Т.Тоқтаровқа Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, оның ерлігі жоғары бағаланды. qazaquni.kz