БӘЙДІБЕК БАБА: АҚИҚАТ пен АҢЫЗДЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫНДА

2
4493

Көшпелілер дүние танымы бойынша табынар Тәңірісі-Көк аспан, Күн, Ай болыпты. Күн жолы – оларға Уақыт жолы, Ғұмыр жолы, Өмірлік жол боп қалыптасыпты. Шыққан күн-жастық шақ, түс кезі-жігіттік, есею, кеш түсу-қарттық болып саналған. Күн шығар жақтағы ел – Ұлы жүз, ортадағы – Орта жүз, батар жақтағы ел – Кіші жүз атаныпты. «Ұлы», «Орта», «Кіші» сөздеріне қосақталатын «Жүз» сөзі бағыт-бағдардан алынған. Мысалы «Айдың жүзі қанша боп қалды?», «Жүзін қыбылаға қаратты» дегендей боп тарқала береді. «Жүз» әрине көп мағыналы сөз, дегенмен, оның алғашқы қолдану аясы осыған саяды. Қазақтың тілі бай. Тілдің бай болатын себебі – ол ойдың қырық қатпарына байланысты. Мысалы Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп қана қоя сал­майды, Ұлы Жүзді – Ақ Арыс, Бай Шора, Орта жүзді – Жан Арыс, Жаншора, Кіші жүзді – Бек Арыс, Бекшора деп те атай береді.

(Соңы. Басы өткен сандарда)

Рас, кейде, бұлардың орын ауыстыратын жағдайы да бар. Ол көшпелі өмір салтына байланысты. Өйткені қазақ қауымы бірде Еділ-Жайықты жайласа, бірде Арқаны асып өтіп, Алтай баруы қиындыққа түспейді. Мысалы «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы Қарабайдың көшінің ізімен жүрсеңіз, бүткіл қазақ даласын шарлап шығасыз. Міне, сол себепті, рулар, тайпалар, таңбалар ауысып түсуі әбден мүмкін.
Әйтсе де бүкілхалықтық шежіре осы Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз атауына тоқтаған. Бұл арадағы Ақарыс, Жанарыс, Бекарыстар – өте көне дүниеліктерден хабар береді. Мысалы «Арыс» сөзі мемлекеттік құрылым дегенге келеді. Сонымен қатар ұлық азаматты да білдіреді.
«Арыстың» түпкі тегі Сақ-Скифия-Ғұн дәуіріне алып барады. Сол замандарда ұлылығын бүткіл Эллада халқы мойындаған Анахарсис дейтін Ұлы Даладан шыққан данышпан болған. Оны қазақша «Ақарыс» деп те жүр. «Арыс» сөзі осы ұлы бабамызға байланысты хатқа түскен.
«Шора» сөзі Ноғайлы ұлысында жаппай жиі қолданған сөзге жатады. Тіпті «Шора батыр» дейтін дастан да бар.
Тіпті кей-кейде Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп жатпай, олардың орнына «Үйсін», болмаса «Алшын» дейтін атауды да қолданған. Бұлар тұтас халықтық ұғымды білдірген. Жалпы «Жүздік» ұғым Хақ Назар ханнан басталып, Тәукенің тұсында толық аяқталды. Бар қазақтың баласы бір атадан таратылды. Оған сыймаған «Алты Алашқа» асырылды.
Шын мәнінде, қазақ баласы бір-бірімен бауыр болатын. Олар Ұлы Дала деп аталатын алып тайқазанда қайнады. Тіні, Ділі, Діні, Тілі бір болды. Өз-өздерін «қарға тамырлы қазақ» деп атады. Бір-бірінен енші алыспады. Дастархан байлығы бір еді. Бір елден екінші жаққа шыққанда өздерімен бір жапырақ нан алып шықпады.
«Ағайынның» аты озғанша, көршінің тайы озсын деп тілеу айтты. Қапелімде жау көп қалғанда, «Атасы басқа аттан түс!» деп өз белінен шыққан баласын тастап кетіп, туған інісін артына міңгестірген жағдайлар көп болды.
Қазақ баласы Ислам дінін қабылдағанымен, ол ешқашан Тәңірлік дінінен ажырамады. Оның себебі сол ата-баба аруағына табынды. Толғақ қысқан аналар Ұмай Ананы ұмытпады. Наурыз мерамын тойлады. Күркіреген күнге мұсылманша дұға қайырды…
Осындай ғажап жаратылыс, рулық бөлініске, құрылымға дап-даяр боп шықты. Қисыннан қиыстырды. Тіпті қожа-молдалардың «Әнес сахабадан тараған ұрпақсыңдар» дегеніне де иланды. Төре мен қожаларды шынымен-ақ «ақсүйек» екен деп таныды. Жолын кесіп өтпеді.
Халықтың жан дүниесі таңғы шықтай таза еді. Мың-мың жылдар бойына табиғатпен етене араласқан жаратылыс жақсылықты жатсынбады. Қолдарына жілік ұстатып, кез-келген адамды рудың қатпарына сіңіріп жіберуге әбден болатын. Сөйтіп жат жұрттық көптеген ағайын белгілі бір уақыттан кейін «біз пәленнен тарайды екенбіз» деп тамыр жайып кете барды.
Бұлардың мұндай болатыны-олардың түп-тегі бір болатын. Ол Түркілік Әлем еді. Олардың тарихы өте терең болатын. Тарихтың толқындарында бірнеше қатпардан (этажерка) құрылғандықтан олардың рулық аталықтарын кез-келген ғасырға, дәуірге апаруға, ауыстыруға мүмкіндік мол болды.
Мысалы Шыңғысханның замандасы болған Майқы бидің арғы, көне замандарда да атасы болды деуге әбден болады. Хан Абылайдың өз аты Сабалақ-Әбілмәнсұр еді, заман туғанда арғы атасы Абылайдың атын оп-оңай ала салуға мүмкіндік болды. Қазақта сондай-ақ «Барақ», болмаса «Әбілқайыр» дейтін адам аттарынан аяқ алып жүре алмайсыз.
Міне, осындай құбылысты ру аттарынан жиі-жиі шатасуға апарғанда байқағандай боласыз. Кеше ғана пайда болды дейтін Ошақты, Ботпай, Сіргелі сияқты ру аттарын бұдан бірнеше мың жыл бұрыңғы деректерден ұшыратқанда ойланып қаласыз.
Тарихта Алтай тауларында тым ертеректе Ұлы иоздар дейтін тайпа, халық болған. Оның ішіндегі тайпалар қазір түгелдей Кіші жүдің құрамына кірген.
Қоңырат ағайындар Арыс қаласының маңынан Мұңлық-Зарлықтың кесенесін тұрғыздық деп жатыр. Ал енді «Мұңлық» және «Зарлық» дейтін таулар-шыңдар Алтайда әлі күнге дейін бар.
Қазіргі «Жеті ру» бірлестігінің ішінде жүрген «Кердері» руы үлкен патшалық болыпты. Арал теңізі бір кездері «Кердері теңізі» деп аталған.
Қазіргі таңда үш Албандық құрылым бары анықталып отыр. Біріншісі – біздің албанымыз. Бұлар Ұлы жүздің құрамында. Екінші албандар – Кавказ албандары. Үшіншісі – қазіргі Албан мемлекеті (Албания).
Мынаны жадыңызға түйіп қойыңыз: Албан – Кавказдағы ежелгі халық. Албан – Балқан тауындағы ұлт атауы. Албан – қазақ халқының Ұлы жүзіне кіретін көне шаһар (Птоломей жазбасында айтылады) Албан Асан – қазақ ақыны, Албания – Кавказдағы көне жұрт, Альбани-Нью-Иорк штатының бас қаласы, Альбани – болондық мектептің суретшісі, Альбано-Римдегі қала, Аламани-Италия ақыны (1495-1556) деп кете береді.
Бұл атаулардың бәрі де ежелгі қазақ даласымен байланысып жатыр. Еділ патшаның Европаны көктей өткені, Римді талқандағаны рас болса, бұған күмән келтірудің еш реті жоқ деп біліңіз.
Осыған ой жүгірткенде адамзат тарихы түгендеуде рулық, жүздік қарым-қатынастар тым беріде қалып қояды. Тіпті Дін тарауының да шамасы жетпейді. Себебі сол біздің халқымыз өз басынан бірнеше наным-сенімдерді атқарған. Мұхаммед Пайғамбарымызға дейін де араб жұрты болған, олар да пұтқа, басқа да құбылыстарға табынғаны анық.
Менің қолымдағы бар шежірелік шешімдердің бір тобы Шыңғысхан дәуірінен – Майқы биден әрі аса алмайды.
Екінші тобы арабтық үлгі. Олар Әнес сахабамен түйінделеді.
Үшіншілері Түркілік дәуірге қол артпақ болады, қысқасы көне тайпаларды рулық шеңберге сидырғысы келеді.
Ал біздің Далалық трихымызда Сақтар, Скифтер, Ғұндар болды емес пе?!
Мысалы Тұмар ханым, болмаса Есік қорғанынан табылған Алтын Адам қай руға жатады?!
Бұны табу да, болжау да мүмкін емес. Себебі сол ол дәуірде рулық, жүздік ұғым қалыптаспаған болатын.
Бір ғажабы 1483 жылы ақпанның 14-і күні Ферғананың билеушісі Әмір Темірдің шөбересі-Омар Шейхтың шаңырағында дүниеге келіп, әлем тарихына «Бабырнама» атты кітап қалдырған ұлы жаратылыстың жазғанынан бір де бір ру атын, не жүздік бөліністі таба алмайсыз.
Міне, «Бабырнамадағы» есімдерді сараптап көрелік: Молда Мұхаммед Түркістани, Мұхаммед Хайдар Дулати, Әбді-әл-Уахатта могол, Мұхаммед Сейіт арғын…
Бұл есімдер тайпалық, болмаса елдік нысандарға құрылған. Мысалы Әбу Нәсір Әл Фараби, Қожа Ахмет Яссауи деген сияқты.
Осындай сараптамалардан кейін, ұлы бабамыз туралы айтар ойымызды жүйелесек, ол былай болады.
Бәйдібек Қарашаұлы өмірде болған адам. Аты аңызға айналған. Бәйдібек бабаға қатысты тарихи бірнеше дерек бар. Ол-әулие Домалақ анамыз. Екіншісі-Бәйдібек бабаның ұрпағы-Төле би бабамыз. Үшіншісі-Қызай апамыз. Төртіншісі- ұлылардың басына соғылған кесенелер. Бесіншісі-ел аузындағы әңгімелер. Алтыншы-шежіре деректері. Жетіншісі-қолданыстағы сөздер, адам аттары, жер-су тарихы…
Біріншіден-бабамыздың Бәйдібек есімі-таза қазақы сөз. «Бай» мен «Бек» сөзінің қосындысы. Ал енді қазақ халқының тарих сахнасына қай кездері көтерілгені белгілі жайт.
Бұл есімге ешқандай «мырза», «шора», болмаса әскери титулдар қосақталмағаны айқын байқалады.
Домалақ ана дәуірі, «қожалық» кезеңмен есептегенде ХІІ ғасырдан әрі аса алмайды. Себебі сол Қожа Ахмет Яссауи 1103-1178 жылдар аралығында өмір сүргені белгілі.
Жарықшақтың, Дулаттың атқарған қызметі-ұлысбегілік-бұл Моголстан дәуіріне дәл келеді.
«Қызай» руы-Орта жүз Найман тайпасының бір руы. Қазақ шежіресінде Аталық батыр үлкен ұлы Шағырға Бәйдібектің тоқалы Домалақ енеден туған қызды (Ейқыз) құда түсіп алып береді. Кейіннен бұдан туғандар «Қызай» атанады.
Бұл шежіре-дерек тарихпен қабысу үшін, Наймандар Шыңғысханның жеңілу керек. Моңғол мемлекетіне қосылу керек. Солардың әскери қосынымен Қазақстанға, Орта Азияға шеру тарту керек. Сөйтіп-сөйтіп барып, қазақы жолмен құда түсіп, Қызай апамызды алу керек…
Менің қолымда Алаш автономиясының бас прокуроры болған Жақып Ақбаевтың шежіресінің дерегі бар. Ол бойынша үш жүздің баласының жақсы-жайсаңдары жиналып, мәңгі бақи бір болайық деп анттасқан көрінеді.
Аспан түстес боз биені құрбандыққа шалуға әкелгенде:
Ұлы Жүз жалайырдың баласы ноқта жібін ұстайды.
Арғын Тарақтының баласы тұсау салып жығады.
Кіші жүз Таманың баласы бауыздайды.
Бауыздау қанға үшеуі төрт саусағын батырады да, сөйтіп өзіміз де бірімз, таңбамыз да бір деп серттесіпті дейді.
Осыдан үш жүздің «Ноқта ағасы» атаныпты дейді. Бұларсыз той басталмайтын болыпты.
Дәл осындай серттесулер, мәмілелік жағдайлар үш ұлы би-Төле, Қазыбек, Әйтеке бастап, басқасы қостап, «Күлтөбенің басындағы күнде жиындағы» ұлы Кеңесте Бәйдібек бабаны осындай биік дәрежеге көтерген болуы мүмкін…Себебі сол қазіргі таңда Ұлы жүз туралы сөз бола қалса Бәйдібек баба бірден ойға орала кетеді. Домалақ Ана да әйелдердің піріне айналды.
Рулық, жүздік шежірелік жүйе жасалынған 18 ғасырда, Ұлы бабалардың өмір сүрген кезеңі бірнеше ғасыр бұрын өтіп кеткендіктен, олар аңызға айналған, әке, ата, баба ретінде толық мойындалған болатын. Сол себептен шежіре жасаушылар сол ұлы бабаларды сорабынан жаңылмау үшін, өздеріне ру басы, негіз етіп алғандары бірден байқалады.
Мысалы Тама руы өздерін Қарабурадан, Нәріктен таратады. Міне қараңыз-Тама-Қарабура-Нәрік-Шора…
Ал енді Шора батыр 1546 жылы өмірден өткен адам.
Тіпті Кіші жүздің өзінің де тармағы, түп тамыры беріден басталады. Міне қараңыз: Кіші жүз Бекарыстан тарайтын болса, Бекарыстан-Мөңке би, Мөңке биден-Арғымақ, Алау батыр. Арғымақтан-Тама.
Ал енді Қазаңда «40 мың үйлі тама» болғанын Шора батыр жырынан оқуға болады. Сонда арғы «Тамалар» кімдер?!
Бұдан байқалатын нәрсе, қазақ шежірешілері 7 атадан асқан соң, жалпы қазақ халқының құрамына қосып жіберіп отырса керек.
Мысалы менің есімім Жарылқасын. Әкемнің аты-Боранбай. Боранбайдың әкесі-Сәуен. Сәуеннің әкесі-Тәжібай. Тәжібайдың әкесі-Балапан. Балапанның әкесі-Батпан. Батпанның әкесі-Бозай. Бозайдан әрісі-ру аты-Жөгі Тама.
Кейбіреулер «жеті атаға» өзінің балаларын, т.б. қосады.
Бұл қиынға келмейді. Себебі сол қазақ баласы «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді. Мұның себебі сол, әрбір бала өзіне дейінгі шежіре-деректен хабардар болу керек дегенді меңзейді.
Ол адамның өз баласын, немересін білуі шарт емес, өзінен бұрын өткендерді түгендей білуі ұлы міндетке жатады. Міне, осы «жеті ата» өткеннен кейін, қазақ ғұрпымен «қан алмасу» болып жатса айыпқа бұйырмайды. Мысалы Тама руының Жөгі тармағы бір-бірімен қыз алыса береді. Әліп тармағы да солай…
Осындай себептермен ерте заманда өтіп кеткен ұлы Бәйдібек бабадан көз жазып қалмау үшін, «рубасылық» дәрежеге түсіріп бергі заманға жылжытып әкелуі де мүмкін деп білеміз. Алыстағы айдың жарығынан, жақындағы жалтылдаған жайдың жарығын жақсы көретіндер бар емес пе, ең болмағанда шырттай қараңғыда қай маңайда жүргеніңді байқап қалуға болады емес пе?!
Қазақта бір керемет сөз бар, ол былай делінеді.
«Орта жүз бен Кіші жүз толқыса Ұлы жүзге сияды, ал Ұлы жүз толқыса қайда сияды?!»
Осының бәрі бүткіл қазақ қауымы бір адамның баласы, бір қолдың саласы деуге келеді. Түгел Түркінің түбі бір деуге келеді. Ұлы Даламыз-Уақыттың алтын құрсағы деуге келеді. Өтіп жатқан Уақыт, Тарих-Ана біздерді мың-мың жыл толғатты деуге келеді, туды деуге келеді, мәпелеп өсірді деуге келеді, ат жалын тартып мінгізді деуге келеді.
Ендігі жерде бағытымыз-мәңгілік. Біз өркениетті Адамзат баласының Ұлы көшіне іліктік. Бір Құдайға Тәуба! Басымызға қонатын бақтай, қолдап жүреті Қыдыр Атадан Бәйдібек бабамыздың болғанына, барына шүкіршілік қыламыз. Біздің өмір сүріп, тірлік қылып жатқан мекеніміз ұлы жұмыр жер, оның самғап баратқан аймағы Жеті қат Көк-Галактика әлемі, оның басы да, аяғы да болмайды. Бір өркениет кетсе, екіншісі келеді. Өмір тоқтамайды Пішімі, өмір сүру қағидасы ауысады. Бәйдібек бабамыздың ұлылығы сол, бізді бір-бірімізді бауыр тұтуға үйретті, басымызды қосты, мемлекет құрғыздырды, тіршіліктің түтіін түзуледі. Ал енді ұлы бабамыздың қай ғасырда да болсын өмір сүруге қақысы бар. Өткені ол адамзатқа ортақ тұлға, шамшырақ, рухани көсем, халықтың ұлық тұтқан данышпаны
Жарылқасын БОРАНБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер Одағының мүшесі

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз