Біз кімбіз

Бүгінгі күні өмірдің өзі саясат сахнасына айналып кеткендей. Дейтұрғанменде, сол мінберден сөйлегендердің көпшілігі халықтың сенімінен шығып, көш бастай алмады. Саясат алаңынан шеттеп, белгілі бір серкелер ғана іріктеліп алға шықты. Солардың бірі, белді саясаткерге айналған тұлға Әлихан Бәйменов болды. Ал, кейбір саясаткерлеріміз сайлау қарсаңында белсенділік танытып көзге түскенімен, сайлау өте салып-ақ үні бәсеңдеп, қаперімізден де өше бастайды. Тынымсыз еңбектеніп, саяси-интеллектуальдық ойын арттыру мақсатында «Зерде» қорын құрып, «Темірқазық» пікірталас клубын өткізу арқылы қоғамда жақсы көзқарас қалыптастырып отырған Әлихан мырзамен кез-келген тақырыпта әңгімелесіп, көкейдегі сұрағыңызға толыққанды жауап ала аласыз. Саясат туралы айтылған ойлары мен зерттеулері бұған дейін де көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып келеді. Бүгін біз сол тек саясатта ғана емес, әдебиет пен мәдениетте де, білім мен имандылық жөнінде де тұшымды ойлар айтып жүрген «Ақжол» партиясының төрағасы, «Зерде» қорының және «Тоғызқұмалақ» федерациясының президенті, белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Әлихан Бәйменовке жолығып, ой бөлістік. Әлихан Мұхамедияұлы кейінгі уақытта өзінің Астанадағы «Темірқазық» пікірталас клубы арқылы «Біз кімбіз» деген тақырып аясында дөңгелек үстел өткізіп келеді. Әңгіме әлқиссасы осы пәлсапаға толы үлкен сұрақтан бастау алған еді.

– Біздің кім екендігімізді анық­тайтын қандай факторлар? – Кез-келген халықтың болмысын анықтайтын басты факторларды айтсақ, - ол мәдениеті, оның ішінде діни фактор, өткен жолы, тәжірибесі, табиғаты, саяси жүйесі, геосаяси орта. Сондай-ақ «Біз кімбіз?» деген күрделі сұраққа жауап іздегенде өткенмен қатар бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмысты бірге саралау қажет. Біз әлі де болса бұлғағы мен бұралаңы көп жолымызды анық саралап, оның бүгінгі күнгі болмысымызға әсерін толық зерттеп, зерделеп үлгерген жоқпыз. Кеңес дәуірінде тарих бізге көбіне-көп оқиғалардың тізбесі ретінде көрсетілді. Ал, шын мәнінде тарихтың бүгінгі күнге әсерін сезіну үшін тек оқиғаларды емес, сонымен қатар негізгі үрдістерді, әр кезеңде қоғам алдында туындаған сынақтар мен жаңа талаптарды талдауымыз кажет. Сол алуан үрдістер, табиғат, қоршаған ортадағы өзгерістердің қоғамға әсері көп таразыланған жоқ. Егер дәстүріміз бен мәдениетімізді алсақ көптеген сыртқы факторлардың әсерінен бір кезеңдерде табиғи дамуы тежеуге де ұшыраған елміз. Діни тұрғыдан алсақ, исламның бізге жеткенге дейін де және бізге келгеннен кейін де жергілікті дәстүрлермен, жергілікті нанымдармен ұштасып, кейбір жерінде қайшылықтарды мәміле арқылы шешіп, белгілі бір деңгейде шайылыңқырап келген ұстанымы бар халықпыз. Азаматтық саяси тарихымызды алсақ, бірнеше рет сыртқы факторлар мысалы: Шыңғысхан шапқыншылығы, Ресей патшалығының қол астына кіру, Кеңес дәуірі табиғи азаматтық дамуымызды шектеген қоғамбыз. Басында отырықшыл экономика негіздері мен мекендері (қола дәуірінен жібек жолына дейін) едәуір болып, кейін табиғат өзгеріп, әрі біздегі жерасты байлықты адамзат әлі игере алмайтын тұста негізгі кәсібіміз көшпенді мал бағу болғаны белгілі. Ежелде бой көтерген қалаларымыздың көбі Шыңғысхан дүрбелеңі кезінде қиратылып, ол да біздің мәдениетіміздің мүжілуіне алып келді. («мәдениет», «қалалық әдет-ғұрып» деген арабтың сөзі болуы тегін емес болар). Оның үстіне ХХ ғасырдағы халқымыздың 40 пайызын жұтқан жасанды ашаршылық, ойлының, саналының бәрін жалмаған, үрейді санаға батпандап сіңірген жаппай қуғын-сүргін, 10 жылда екі рет әліппемізді ауыстыру арқылы мәңгүрттендіріп, өткенімізден қол үзгізу зор соққы болды. Бас-аяғы жиырма жылдың ішінде қайырылып соғып отырған құйын дауылдар керегемізді жалаңаштап, түндігімізді ұшырып әкетті. Ал коммунистердің ақиқатқа монополия орнатуы, ұраншылдық пен науқаншылдығы, әлемнен оқшаулатып, сананы тұмшалауы, қоғамды азаматтар емес, тұрғындар деп қарауы өркениеттер көшінен кенже қалуымызға алып келді. - Осы факторларды екшей келе, қоғам ретінде өзімізді кімбіз деп айта аламыз? Осы факторларды саралай келе құндылықтары шайылған қоғамбыз деп айтуға мәжбүрміз. Мысалы, кез-келген алдыңғы қатарлы қоғамның бет-бейнесін, құндылықтарын анықтауда ең шешуші рөл атқарған - дінді алайық; Бізде тәңірлікті дін деп ойлайтындар бар. Кезінде, осы далада Тәңірлік наным болды екен деп оны Ислам дініне қарсы қоюға болмайды. Бұлай жасаушылар адамзаттың даму эволюциясын дұрыс түсінбегендер. Бабалары кезінде арбаға мінгендер ұшақпен ұшпасын деп, арбаны ұшаққа қарсы қоюға болмайды ғой. Пұтқа табыну, отқа табыну, суға табыну, күнге табыну сияқты нанымдар жер шарының барлық бөлігіндегі халықтарда болған. Бірақ, бүгінгі Еуропа кезінде ата-бабаларымызда осындай наным болды екен деп христиан дініне қарсы шығып жатқан жоқ. Сол себептен Тәңірлікті дін деп ойлау - дін дегеннің не екенін түсінбеуден туындайды. Ал сопылыққа келетін болсақ, бүгінгі күні сопылықты бір ислами бағыт деп есептейтіндер қазақтың тарихын да, исламның тарихын да білмейтіндер. Сопылық, ол құлшылық ету тәсілі, құлшылық ету жолы. Бірақ исламның бөлек бағыты емес. Тіпті басқаны қойып оған дәлелді Абайдан да алуға болады. Абай орыс тілінен аударғанда, «монастырьдегі сопылар» деп, яғни монахтарды да сопылар деп атайды. Қазақ тілінде солай болып қалыптасқан. Яғни, сопылық исламның бір тармағы емес, ол рухани ізденістің, оның ішінде діни ізденістер тәсілдерінің жиынтығы екенін білместен, оны бір бағыт деп есептеушілер бар. Әлемдегі өркениеттерді анықтау негізінде қасиетті мәтін, этикалық дүниетанымдық жүйе, көбінесе қасиетті символдар (әліппе де) жатыр. Шүкір, қазір рухани ізденіске бейім ұрпақ қалыптасып келеді. Бірақ, кәсібилікті құндылық деп білу әлсіз. Тек мемлекет қысымына ілікпей, біршама еркіндікке ие, күнделікті іс-қимылында бәсекелестік арқылы пайда көретін салаларда ғана кәсібилік қазір сұранысқа ие болды. Мемлекеттік қызметте де кәсібилік әлі сұранысқа ие болмай тұр. Әкім мен министр әлі күнге дейін өзін халықтың басшысымын деп есептейді. Халықтың қызметшісімін деп ойламайды. Сондықтан олар өзін «басшым» деп қана қабылдайтын, өзіне табынатын адамдарды ғана қарамағына алғысы келеді. Тәуелсіздікті тек лауазым ауыстыру деп түсінген комсомол, партия қайраткерлері әлі билікте. Соның салдары болар, биыл 16 желтоқсанда біз партиямыздың мүшелерімен Астанада «Қазақ елі» монументіне тағзым жасап барсақ, бізден басқа ешкім жоқ. Алаң қаңырап бос тұр! Өткеннен келген тағы бір әдет – лауазым, атақты кәсібиліктен жоғары қою. Оны түсінген билік марапттауды саяси құралға айналдырып жіберген. Десек те, біз Кеңес дә­уі­рінде белгілі бір деңгейде са­уаттылыққа жеткен қоғамбыз. Бірақ, сауаттылық деңгейі бі­ліктілік деңгейіне айналмай отыр. Кеңес дәуірінде бойымызды дендеген үрей әлі шырмап тұр. Қазір көзі ашықтардың көбіне көкірегі оянбай, көкірегі ояудың ақпарат-білімге қолы жетіңкіремей, ал көзі ашық, көкірегі ояуды қалтасы қалыңдар шеттеткен ахуалдамыз. Дамыған елдер нарықтық экономикаға, яғни қазіргі заманғы экономикаға көшкен кезде сол буржуазиялық дәуірінен басталған үлкен рухани инъекция болды. Яғни материалдық құндылықтардың басып кетпеуіне қарсы инъекция болды. Осы себептен үздіксіз сол заманнан бастап батыстың да, шығыстың да ұлы ойшылдары сол инъекция арқылы халықтың рухани келбетін сақтап қалды. Ал бізде болса, өкінішке орай нарыққа көшкен кезде сол инъекция жасалмаған еді. Сондықтан да бізде қазір материалдық құндылық басым салмаққа ие. Артықшылығымыз – біз едәуір ашық қоғамбыз. Бірақ біздің ашықтығымыз Поппер жазған Батыс ашықтығынан гөрі басқа. Ашықтық кезінде көшпенді мәдениеті табиғатына сай қажеттілік болды. Өйткені, сырттан келген адаммен сұхбаттасу, қарсы алу, күту - табиғи қажеттілік еді. Ашықтық пен бөтен пікірге төзімділігіміз қатар келе жатыр. Бірақ бөтен пікірге төзімділік арнайы тәрбие арқылы емес, бөтен пікірге немқұрайлылық арқылы (мен бөтен идеологияны айтам) қалыптасты. Міне, осының бәрі біздің бүгінгі болмысымызды анықтап отыр. Сонымен қатар қазақ халқы жаңалыққа құмар, жаңа ортаға тез бейімделгіш. Бұл да артықшылығымыз. Сол себептен дербестігіміз жаһанданудың жаңа үдеуімен тұспа-тұс келуі- бір жағынын сын, екінші жағынан үлкен мүмкіншілік Бірнеше ғасыр сенім мен заңнан билік жоғары тұрған­дықтан шайылған құн­ды­лықтарды түзеуде дамыған елдерге қарағанда бізде биліктің мүмкіндігі мол. Алайда би­лікте мүмкіндікті қосымша жауап­кершілік деп түсіну жоқ. Бүгінгі қоғам ахуалын, моральдық дағдарысты біз ересектер өз жауапкершілігімізге алуымыз керек. Себебі, бүгінгі қоғамға ықпалды биліктегі де, қалталы да, парақор да, саясаткер мен зиялы да, орта және аға буын өкілдері. Дегенмен қазір дін ислам елімізде өзіне лайық орын алу, жастар ішінде имандылыққа бет бұру, қазаққа тән білімпаздықты пайдаға асыру арқылы құн­ды­лықтарымыз қалпына келер деп сенемін. - Алдыңғы қатарлы елдермен терезе тенестіретіндей мемлекеттік бет-бейнемізді қалыптастырып үлгердік пе? – Формальді түрде қалыпта­сып үлгерді. Бірақ қоғамымыздың темірқазығы болар еңбек, білім, имандылық, теңдік шынайы сый-құрметке ие құндылық болмай тұр. Мемлекеттіктің тірегі - азаматтық, отансүйгіштік. Азаматтықтың да, экономиканың да тұрақты алға қарай жүруі үшін қажет ішкі еркіндікті мемлекет әлі жолға қоймай келе жатыр. Отансүйгіштік жағынан алсаң санаға әсер ететін сыртқы формалардың өзі де кейде кеш дамып жатады. Мысалы, сіз қазір Көктөбеге шығып көз жіберіңізші, жанарыңызға неше ту ілінер екен? Бір-екеуі-ақ шалынар-ау... Ал егер Сіз Стамбулда кез-келген жерден қай жағыңызға қарасаңыз да, ондаған ту көресіз. Астана, әлемде мемелекеттік туы өте сирек ілінген астаналар санатында. Азаматтық болу үшін, азаматтық құқықтарды жүзеге асыруға жағдай туғызу керек. Сонда ол азамат мемлекеттің бет-бейнесін анықтайтын болады. Сонда мемлекет мүддесін қоғам қорғай алады. Мүддені қорғау үшін мүддені түсіну керек. Мүддені жалғыз билеуші топ түсінбейді. Билеуші топтың мүмкіндіктері қоғамның мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін берілген. Біз қалыптасып келе жатқан мемлекетпіз. Сол үрдіс тезірек өзінің бір нәтижесін беру үшін әлі де болса билік тарапынан да, қоғам тарапынан да үлкен ішкі жұмыс қажет. -Қазіргі таңда пікірталас тудырып жүрген бір мәселе, латын қаріпіне көшу, көшпеуіміз. Осыған сіздің көзқарасыңыз? -Тіл – тектік – этникалық ұғымда ұлттардың ең бірінші өзін- өзі анықтау факторы, екінші жағынан тіл – мәдениеттің негізі. Тіліміз ондаған жылдар бойы өте қиын жағдайда болды. Тілдік ортамыз өзінен-өзі өмірдің жаңа талабына сәйкес дамып отыратын қасиетінен айрылып қалды. Мысалы: күнделікті жаңа құбылыстар туындап жатыр. Сол жаңа құбылыстарды бейнелейтін сөздерді Терминком ойлап табуы міндет емес. Оны сол салада жұмыс жасайтын, соны пайдаланатын адамдар автоматты түрде ойлап табуы керек. Жаңа сөздердің туындау заңдылықтары жазылмай-ақ, біздің күнделікті санамызда болуы керек. Бізде тіл әрі қарай дамып отыру үшін тағы бір шарт, тілді күнделікті қолданатындар жаңа қазақша ұғым енгізсе басқа жаққа алаңдамауы керек. Қазір бәріміз интернетті пайдаланамыз. Өткенде, маған «электрондық адресіңізді айтыңызшы» - дегенде, мен «Байменов құлақша хотмейл ком» (baimenov@hotmail.com) – дедім. Өйткені, ол белгі құлаққа ұқсайды ғой. Құлақша деп атап кетсе несі бар?! Солай атап кету керек. Тәуелсіздік кезінде де кейбір өткеннен қалған дәстүрлеріміз кері әсерін тигізуде. Мысалы, бізде кәзір көшелерге, ауылдарға, тағы да басқа нысандарға адам атын беру дәстүрге айналып кеткен. Сол арқылы тіліміздегі атау беру мәдениетінің жоғалып кетуі мүмкін. Төменарық көшесі, я болмаса Сарыағаш көшесі болса, ол қазақтың ат беру мәдениетінің көрінісі. Немесе, Ылди көше, Өр көше, Алма көшесі, Қаражер, Сарытопырақ көшесі деп атаса. Мұның бәрі атау мәдениеті. Мәдениеттің үзілісіне өте қатты әсер еткен фактор – ол екі рет әліппені ауыстыру. 1929 және 1940 жылдары. Айналдырған он бес жылдың ішінде атасы бір хәріп, баласы екінші, немересі үшінші хәріпті пайдалануға мәжбүр болды... Кеңес идеологтары халықтың түп-тамырына қалай балта шабуды жақсы білген. Сол себептен де қазақты мәңгүрттендіру ісін бірінші араб харпінен айыру, одан кейінгі тағы бір рет әліппе айырбастау арқылы өзінің барлық өткенінен бөліп мәңгүрттетндіру саясатын жүргізді. Міне, осы бір кезең біз үшін үлкен бір қасіретті кезең болды. Қазақ әдебиетінде, қазақ тарихында осы адамзат тарихындағы бір халыққа қарсы жасалған теңдесі жоқ қылмыс айтылмайды. Тәуелсіздік кезінде жазылған тарих оқулығына мұның енбеуі - қылмыс. Жас ұрпақ кириллицамен әлімсақтан бері келе жатырмыз деп ойлайды. Қазақтың басым көпшілігі Махамбет пен Абайды, Шәкәрімді, Әлихан мен Мұстафаны түпнұсқасында оқи алмайды. ХХІ-ақпарат ғасырында ақпаратты дер кезінде, кең көлемде алу және бүгінгі ақпарат, білім көздері болып табылатын интернетті, компьютерді, ұялы телефонды пайдалануда 42 әріптен тұратын алфавит қазаққа тұсау болып отыр. Біз осы себептен күн сайын қыруар қаржыны артық жұмсап отырмыз. Шет елге шыға қалсақ ешкім қазақ кириллицасын компьтеріне енгізбеген. Жыл өткен сайын әлемдік ақпараттық, білім жүйелерін пайдалану қымбаттай бермей үшін де латын харпіне көшу керек. Ұлттық сананы отарлық психологиядан арылтуда латын харпіне көшу шешуші рөл атқарады. 3-4 сыныптан кейінгі барлық адам латын харпін біледі. Біз межелерді жария қойып үйренуіміз керек. Басқа ұлттың өкілдеріне бұл Сіздің тіліңізге қарсы жұмыс емес деп түсіндіруіміз қажет. Әлемде қандай да бір тілдің дамуы, басқа тілге қарсы жұмыс болып есептелмейді. Әйтпесе, әлемдегі бір мәдениеттің дамуы, екінші бір мәдениетті кемсітеді деген ұғымға алып келер еді. Сондықтан, осы бағытта ашық жұмыстарға көшу керек. Мысалы: 2015 жылы латын тіліне көшеміз, оған дейін дайындық жұмыстар басталады деп. Құдайға шүкір, қазір қарап отырсам Қазақпарат агентігі қазақ тіліндегі өзінің сайтында біреуін латын әріпімен, үкіметтің сайттың бір бөлігі латын хәрпімен ақпарат таратып отыр. – Жер, ұлт мүддесі, тіл - қазақты бір ғасыр бойы толғандырып келеді. Ұлт зиялыларының айтқаны, ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының ұсынысынан асып кете алмады? Неге? Сол жер, сол тіл, сол қазақ мүддесі... Айтыңызшы, ғасыр басында ұлт зиялыларын толғандырған жайттың XXI ғасыр басында да тәуелсіз Қазақ елін қайта толғандыра бастағаны калай? Сонда біздін идеологиялық жағынан тәуелсіздікке әлі қолымыз жеткен жоқ па? - Мұның табиғи себептері бар. Х!Х ғасыр ортасындағы Кенесары хан бастаған қозғалыс - қазақтың тәуелсіздікке ұмты­лысының жүрегінде сақталғанын көрсеткен, Ресейлік патшаның астына кіргеннен кейінгі тұяқ серпісі іспетті болды. Содан кейін қазақ қоғамы үлкен дағдарысқа ұшырады. Сол дағдарысқа жауап ретінде Абай секілді ұлы тұлға туды. Абай буынының жиған-терген тәжірибесіне сүйенген келесі лек - 1870-1880 жылдары туғандар, ХХ ғасырдың басында өміріндегі өзекті сұрақтарға жауап іздей бастады. Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов және Міржақып Дулатов секілді ірі тұлғаларымыз қазаққа қай мәселе өзекті, соны ұран қылып көтерді. Кеңес дәуірі кезінде қазақ осы табиғи саяси даму үрдісінде тежеліске ұшырады. Өйткені, ол жүйеге қазақ халқы бойында «Біз кімбіз?», «Біздің қандай мүддеміз бар?» деген ой туындамауы керек болды. Ондай ойы бар адамдардың бәрін 30-шы жылдары құртты. Одан кейінгі ұрпақтың бойын үрей биледі. Халықтың өз тізгіні өз қолында болмағандықтан, халық жетекшілерінің өзінде де «менің шешіміме халықтың тағдыры байланысты» деген дәстүр қалыптасқан жоқ. Қалай қалыптасады, тіпті, жай ғана Алматыдағы «Арасан» моншасын салу үшін Мәскеуден рұқсат алу керек болса! Сондықтан, бұл табиғи құбылыс. Біз саяси дамуымызда көзіміз ашылып, жалпы ағартушылық-сауаттылық деңгейіміз жоғарылағанымен жаңағы екі-үш соққы, жаппай қуғын-сүргін, оның ішіндегі ойлылардың, азаматтық сезімі барлардың бәрін қырып тастау - біздің қоғамдық санамыздың дамуын тежеді. Ұрпақ сабақтастығы үзілді. Әлихан мен Мұстафалардың шәкірттері қалмады. Олардың көтерген мәселесін 70 жыл бойы ешкім айта алмады. Сол себептен қазір бұл мәселелер қайта жандануда. - Әлихан аға, Ұлт зиялысының шоғыры қалыптасып үлгерді деп ойлайсыз ба? Жалпы, сіздің ұғымыңыздағы зиялы қауым дегеніміз кімдер? - Зиялы - өзінің күнделікті пиғылы мен іс-қимылында мәңгі құндылықтарды, адамзаттық құн­дылықтарды, ұлттық құн­дылықтарды жоғары қоя білетін, биліктен материалдық тәуелсіз ойлайтын, байлыққа арын сатпайтын, өзінің күнделікіті іс-қимылымен, ағымдық құбы­лыстарға беретін бағасымен ұлтты алға жетелейтін, ұлттық сананың емшілері мен көшбасшылары. Осы өлшеммен келсек, әри­не, жеке тұлғалар болға­нымен құбылыс ретінде зиялы қауым қалыптасып үлгерген жоқ. Зиялы адам қоғамдық мәселелерден оқшау жүре алмайды. Бірақ, сондай зиялылыққа сұраныс болған жоқ. Себебі 1920-1940 жылдары есеңгіреген қазақ бойын жимастан Ұлы Отан соғысы келіп килікті. Соғыс біткен соң енді қалпына келіп жатқанда тың игеру басталды. Содан 50 жылдардың аяғында ғана кәсібилік арқылы сұраныс бола бастады. Кеңес дәуірінде зиялы деп жоғары білімді мұғалім, жаза білетін жазушы, өнер қайраткерлері, белгілі бір кәсіп иелерін айта бастадық. Толық қанды зиялы қауымға сұраныс тәуелсіздікпен ғана келді. Бірақ, ол егемендікке аспаннан салбыратып дайын 40-50 жасар адамды алып келмейсің ғой. Бүгінгі барымыз, сол бүгінгі барымыз. Бүгінгі барымыздың көбісін Кеңес дәуірі жалған құндылықтарға тәрбиеледі. Себебі олардың көбісі өзінің кәсіби өмірінде белгілі бір идеологияның тапсырысын орындаушылар болып кетті. Бұл олардың кінәсі емес, бұл олардың қасіреті. Олардың алдындағы дербес ойлаған үлгі алар лек жойылып кетті. Сабақтастық үзілді. Армян мен Әзірбайжан да, Грузин де Кеңес дәуірінде өмір сүрді. Армян мен Грузиннің мәдени рухының, мәдени ерекшелігінің, тілдік, ділдік ерекшелігінің сақталып қалуында әрине сол елдердегі зиялы қауымның, оның ішінде дін басыларының да әсері болды. Шын мәнінде зиялының зиялысы - дін басылары болуға тиіс. Ағымдық, дүниеауи қызықтардан, пенделіктен жоғары болу – олар үшін табиғи болуы тиіс. Сондықтан біздегі зиялы қауым енді-енді қалыптасып келе жатыр деп айтсақ болады. Кезінде, ХІХ ғасырдың аяғында туған лек секілді, иншалла бізде де қазір рухани ізденіске құштар жас толқын буырқанып келеді. Қазіргі рухани дағдарыс пен дүниетанымдық дағдарысқа жауап ретінде сондай бір лектің келе жатқанына мен кәміл сенемін. Олар қазір ортамызда жүр. Олар жас өскіндер. Ол көзі ашық көкірегі ояу топ. - Жаһандану заманында ұлттық тарих қажет пе? Тарих көп қорлық көріп, бұрмаланып келеді. Көптеген тарихшыларымыз қазақ тарихын тәуелсіздік алған жылдармен ғана байланыстырады. -Керісінше Жаһандану заманында онсыз да шайылған құндылығы бар қоғам ретінде, жалпы мәдени ерекшеліктерімізден айырылып қалмас үшін, өзіміздің орнымызды нық сезіну үшін - тарих керек. Бірақ, шынайы тарих, ғылыми тарих. Біз тарихымызды дәлелі бар жерде мифтер мен аңыздардан арылтуымыз керек. Құдайға шүкір, қазақтың Жұбан ағамыз айтқандай «Мен қазақпын» деп көкірегін көтеріп айтатын тұстары көп тарихында. Бізге басқаның шапанын жамылудың керегі жоқ. Сонымен қатар біз көшпенділер даласына да, Түркі дүниесіне де ортақ тұлғаларды ортақ деп айтып отырсақ ұтылмаймыз. Ортақ тарихымыз бар түркі халықтарынан оқшаулана бермеуіміз керек. Басқамыз аз ба? Абылайханымыз бен Әбілхайырымыз бар ма? Бар. Кенесарымыз бар. Соларды, Фарабиіміз бен Яссауийдің, Дулатидің, Абай мен Шәкәрімнің еңбектерін көбірек насихаттайық. Маған Испанияның елшісі айтып еді: «Сендер Фарабиді біздің адам деп мақтанасыңдар. Ал Фарабидің бір еңбегін оқыған неше қазақ барсыңдар» деп. Сондықтан тарихты білу керек. Тіпті, біздің келер ұрпағымыздың өзі басқамен терезесін тең сезіну үшін де өзінің ата-бабаларының ұлы тарихын білуі керек. Бірақ оны әсірелемеу керек, жалған бояумен боямау керек. Бізде тіпті, киіз үйдің әрбір уығы мен керегесінің көзін әлемдік құбылыстармен байланыстырғысы келетіндер бар. Тәуелсіздік жылдарының тарихи дамуымыздағы ерекше кезең екені сөзсіз. Бірақ біз Қазақстанда бұған дейінгі мемлекеттік құрылымдар болған жоқ деп айтуға тиіс емеспіз. Олай айтуға болмайды. Онда «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Жеті жарғы» деген ұғымдар, мемлекеттің атрибуттары, қайдан шықты? Мемлекеттіліктің көшпелі экономика кезіндегі түрі отырықшыл экономикамен бірдей бола бермейді. Олай болатын болса, мысалы, Ұлы билеуші Шыңғысханның өзінде де мемлекет болған жоқ деп айтуға болар еді ғой. Оның барлық қоластындағыларды өнебойы қалаларда тұрмады деп мойындамай қоюға бола ма? Біз Орталық Азиядағы туысқандарымызбен қай уақытқа дейін бірге қайнасып сіңісіп жүрдік. Қай уақыттан бастап элиталық күрестер, хандардың өзара таластарынан кейін аражігі ажырай бастады. Осының барлығын ешқандай эмоциясыз, анық-қанығына жетіп қарау керек. Және де өткеніміздегі түркі халықтарының арасындағы бірлікке үндейтін оқиғаларды, тұлғаларды көбірек айту керек. - Еңсесі биік елу елдің қатарына кіру үшін бізге әлі де асар асулар бар секілді. Негізгілерін атап айтсаңыз? -Елу қатып қалған тізім емес. Барлығы дамып келеді. Мәселе қандай өлшеммен бағамдауда. Мұнайдың бағасы екі жүз доллар болатын болса, біздің орнымыз бүгін жоғарылайды. Не болмаса алпыс миллион емес, жүз миллион тонна өндіретін болсақ. Бірақ ол жаңағы Абылайхан, Әбілқайыр, Қасымхан, Есімхандардың, сол кездегі қарапайым қазақ халқының ерлігінің мұрасы.. Ол уақытта мұнай, көмір-темір әлі де бүкіл адамзаттың игілігіне бүгінгі деңгейдегідей жұмыс жасамағандықтан олар да, көршілеріміз де телегей-теңіз байлықтың үстінде отырғандарын аңғармаған болар. Ол да біздің бағымыз болуы мүмкін. Бірақ қазір жер асты бай­лығын біздің игілігімізге жұмыс жасату қазіргі ұрпақтың арына сын. Тұрақты, ұзақ мерзімді бәсе­келестікке қабілетіміз – халқымыздың біліктілігімен, рухани және тән саулығымен анықталады. Сондықтан еңбекті, білімді, біліктілікті, азаматтықты және имандылықты құрметтейтін жүйе құруымыз керек. Ішкі бәсекелестік адал болса, кез-келген салада шын тайбурылдар, шын жүйріктер, шын сұңқарлар әлемдік аренаға Қазақстанның атынан шығып қатыса алатын болса, ол бизнесте де, экономикада да, мәдениетте де, әдебиетте де абыройға кенелер еді. Сонда қазақ халқының көптен мойыны озық болмақ. Ол үшін сол тайбуырыл тұлпарлардың жолында ешқандай шектеу болмай, керісінше, олар әділ бәсеке арқылы Қазақстанның ішкі жарысында жеңіске жетемін деген сенімі болуы керек! Ақжан Жәутікова