Көргенім мен білгенім…

0
2159

Ұлы Отан соғысы баршамызға мәлім қаншама жиырманың ол жақ-бұл жағындағы он екі де бір күні ашылмаған қыршын жастардың өмірін алып кеткені.
Осы Ұлы Отан соғысының 60 жылдығын қарсы алу мерекесі алдында арнайы соғыс болған жерлерде мерт болған Оңтүстік Қазақстандық жерлестерімізді іздестіріп, бастарына барып құран бағыштап, картасын жасап есебін алып қайту жөнінде іс-шара ұйымдастырдық.
Іс-шараның маршруты бойынша Түркістан қаласынан бес кісі поезбен Москва, Киев, Минск бағыты бойынша аттанып Ресей территориясына шығып кеткенше әр станцияда жерлестеріміз қарсы алып, елдің топырағын бере отырып шығарып салумен болды.
Әрине бұл кісілердің ел аралап жүріп көргендері жөнінде, барып келгені жайлы, үлкен етіп келесі жылы 65 жылдыққа орай жазылатын болады.
Айтпағым, Украинаның аудан-қалаларының бірін аралап жүріп іс-шара мүшелерінің жетекшісі үлкен ойлы, көргені көп Дүйсебеков Мақсұтхан бір мазаратта екі кісі бір кісіні жерлеп жатқан үстінен түскенін айтады.
Жерлеп жатқан азаматтары генерал шеніндегі жасы сексендер шамасындағы кісі екен. Ана екі кісі жалдамалы аза­маттарға ұқсайды, себебі, бізге ба­ласы Германияда тұрады екен, кеше ұшып келіп ақшасын төлеп кетті. Көміңдер деп, сол тапсырысты орындап жерлеп жатырмыз депті.
Егер дәл сондай қазақтарда генерал қаза болған жағдайда ел болып шығарып саламыз ғой.
Біздегі ұлттық дәстүрде қандай керемет имандылық адами жақсы қасиеттер қалыптасқан! Кім болса ол болсын, қаза бір жерде бола қалса, ағайын-туыстар бар жұмыстарын тоқтата тұрып сол жерге көңіл айту мен жерлеуге көмек беруге, жедел түрде жиналады. Бір-біріне хабар береді.
Қаза болған адамның айналасы дүниесінің бар жоғының тігісін сырт көзге білдірмей жаназасын шығаруға тік тұрып жәрдем береді. Тек ағайындары ғана емес, құда-жекжат, ауыл үй аралас азаматтар, жұмысты бірге істейтіндер құран оқытарсың деп қол ұшын беріп жатады. Ауылдық жерде бірі лағын, бірі тоқтысын, қой, өгізін немесе қаржылай ақы иесіне отанында қалған бас иеге көмек береді. Жиналып жетісін, қырқын, жүзін, жылын өткізуге жәрдем береді және өздері сол құранның ішінде болуға тырысып бағады.
Жыл бойы қаза шыққан үйден хабарсыз болмайды. Бұл қандай үлкен имандылық қасиет. Міне нағыз бауырластық, ағайындық! Осындай салт-дәстүрімізбен біз біртұтас қазақпыз деп мақтануымыз керек.
Бұны ешкім ойлап тапқан жоқ. Атадан келе жатқан салт-дәстүр. Бұл Қазақстанның әр жерінде әртүрлі. Біздің Оңтүстікте нағыз жетілген әрбір азаматтың санасына енген салт. Өлімге барып көңіл айтпай қала салу, араласып жүрген құда-жекжат, ағайынғ бата жасамау (қол ұшын, жәрдем бермеу) мүмкін емес.
Кейде осы қалыптасқан салт-дәстүрді біреулер кісімсініп, білгішсініп бұзғысы, өзгерткісі келеді. «Тамақ, ақша, теберік таратпау керек. Басына мал байлау, дәуресіне дән қоюдың қажеті жоқ» деп жатады. «Мәйіттің үстіне түрлі мата, кілем жабудың керегі жоқ, кейбіреулер жетісі, қырқы, жүзі керегі жоқ нәрсе» дегендей көптеген ұсыныстар айтып елді мазалайды.
Көптеген жағдайда жерленетін адамның жасы дәулеті, артында қалған ұрпақтарына ылайықты етіп еске алу жиындары өткізілетіні белгілі.
Бір мысал айта кетсем артық болмас, атамыз Самыратұлы Тәтібай 1972 жылы 84 жасында қаза болды, ол кісінің өз кемерінен 9 ұл, 5 қыз болған. Қазасында 8 ұлы, 4 қызы тірі еді. Олардан сол кезде немере, шөбере-шөпшектері бар болатын, ол кісі елге беделді, «қоңыраттың «Қара шалы» атан­ған, ел билігіне араласып дастарханды дәулетті болып өмірден өтті.
Сонда мен 22 жастағы жас жігіт едім. Атама балалары не береді екен, менің де әкем бар ғой, тікелей соларды байқап санама құйып жүрдім. Кісіге 10 сом және 4 метр шыт матадан таратты. Мен бір бөлмеде әкемнің інісі Тұрлыбек , қарындасы Қызжан үшеуміз ақша санап отырып, таратылған қаржы көлемі мен адам санын 700 ден аса болды деп жобаладық. Себебі 7500 сом (рубль) қаржы, бір мезгілде теберікке отыз киім пұлыш, 3000 метрдей шыт мата таратылды.
Сонда небір жаназаға қатыс­қан шалдар «қоңырат Тәтібайдың жілігі татыды. Бұндай теберік-жыр­тыс берген таяу 100 жылда ешкім болған емес» деген сөзді естісек, 2004 жылы Жаңақорғанда қоңырат Сапарбайұлы Машбек ақсақал қаза болғанда жаназаға қатысқан 3500 адамға 500 теңге мен шашықтан таратты. «Тәтібайдан кейін Машбек ақсақалдың ұл-қыздары қайталады, бұлардың жиған-тергені мен перзенттері адал екен» деген сөз Сырдарияның екі бетінде қарапайым халықтың аузында жүр. Ас-құдайы, той-томалақтарда осы екі кісінің қазасын жыртыс-теберіктерін, жылдық астарын айрықша атап, ұл-қыз ұрпақтарына рахмет деген сөзді ел аузынан есітіп жүрміз.
Ырымшыл қазақпыз, Құдай ұл-қыз, бақ-дәулет беріпті, міне арты да қандай төгін-шашын, осындай бақ-дәулетті болайық, жұғысты болсын деген ырымды сөздер айтып үйімізге келген соң ұл-қыздарымызға теберікті ұсынып жатамыз. Бұл деген сөз жәй дүние көптігінен емес. Сол өмірден өткен азамат сияқты дүние табу мен ұл-қыз ұрпақ өсіруге елді шақыру деген сөз. Өмірден өткен адамның еңбек сүйгіштігін, ұрпақ өсіріп, оларды еңбекке тәрбиелеудегі шек­сіз қызметін жария етіп, даңқын ұр­пақтан ұрпаққа жеткізу деген сөз.
Бұндай теберік-жыртыстарды кім болса сол бере алмайды. Ата-анасы осындай бақ-дәулетке жеткен, тәрбие көрген, түсінігі мол, қолы ашық ұл-қыздары ғана беруі мүмкін.
Теберік-жыртыс жөнінде бір-екі ауыз сөз. Өзімнің анам Мінайым осындай жаназадан соң бет орамал тектес пұлыш, масаты т.б. матадан жыртыс теберік әкелетін де жинақтап жүріп бір күндері көп ұзатпай құрақ құрайтын. Бұл не апа? – деп сұрағанымда, бұл біздің шатысқан жеріміздің тарихы дегенді естігенмін. Ол кісі үйдегі бір-екі құрақ жастықтың құрамалары бойынша, құрақтағы маталарды көрсете отырып, бірнеше ата алыстап кеткен бабаларымызбен, аталар, әжелер жөнінде әңгіме қозғайтын. Мынау пәленше әженің, мынау пәленше бабаның немесе атаның, ағайынымыздың деп, мен сонда түсіндім «құрақ жастық қазақтың шежіресі» деп, себебі атамның қазасында біз үш қабат құрақ жастықтың ішінен ақшаны алып санаған едік. Сондай-ақ, құрақ жастық туралы кейіннен әкемізден, әжемізден сұрағанымда құрақ жастық ең жақын ата-бабаң бауырластарың, сондықтан оны басқа жастанып, ұқыпты түрде оны қадірлі жерге жинап қояды, ал құрақ көрпеше ол ауыл-үй жамағат, құда-жекжат теберіктері дейтін. Яғни үш қабат құрақ жастық 150-200 жылдық тарих екен. Теберік-жыртысты қазақ қандай қазада беруді біледі.
Теберіктің мақсаты – жақсыны жалғастыру, жыртыс – өмірден өткен адамды есте қалдыру.
Менің ойым, осы әр жерде қалыптасқан салт-дәстүрдің өз тарихы бар. Ауыл-аймақ кезінде өздеріне ылайықты дәстүрлерді енгізудегі мақсаты ынтымақпен өмір сүруге, адамды еңбекке, ұрпақ өсіруге, отанын сүйіп, тарихын білуге баулыған болуы керек. Кейбір жерде өзгертейік, тамақ, теберік бермейік деген сөз бізді жақсылықтан гөрі жамандыққа, бауырмашылдық пен имандылықтан ажырататын сияқты. Ағайынның қадірін жамандық пен жақсылықта білерсің деген ұлағатты сөз бар.
Сондықтан ағайын қалыптас­қан салт-дәстүрімізді бұзбайық де­гім бар, қайта бұны жетілдірейік, елге теберік болар жақсы адамдар көп.
Кейде ойлап отырам, қазіргі жастар бірінші кезекке ақша табуды қойып жүрген сияқты. Өмірде кездесіп жүр, өздерінде дәулеті тасып, дүниесі соншалықты бар болса да 20 тиынның беторамалы, бір қазан палаумен әке шешесін жерлеп жүргендер бар. Міне, адамға дүние жақын болып бара жатыр…
Ал Украинадағы генералды жерлеу ісі осыған сайып келеді.
Менің айтпағым жақсы адам өмірден өтті ме, артында ұл-қызы ұрпағы бар ма? Теберік етіп беретін дәулеті бар ма? Берсін! Берсе елге-халыққа береді екен. Ал, жалпы өмірден өтіп жатқан қазаларды бір-біріне теңестіруге болмайды.
Өмірде көргенімді айттым.
С.И.Ибадуллаев

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз