Қазақстан және Ислам әлемі

Әрбір азамат Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін ынтымақ пен татулықты, бірлікті, көптеген ұлттар мен ұлыстар мекендеген жеріміздегі тұрақтылық пен тыныштықты, ауызбірлікті сақтап қана қоймай, оны одан ары қарай дамыту мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізуі керек. Бұл елдігіміздің ертеңі, болашығымыздың баяндылығы үшін қажетті дүние. Әуелі күллі әлемді жаратқан Аллаһ тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын! Ең соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) - ға салауаттар мен сәлемдер болсын! Әмин. Қазақстанға асыл дініміз Ислам келген уақыттан бастап, халықтың рухани һәм әлеуметтік әлеуеті, мә­дени мұралары, салт-санасы, әдет-ғұрыптары кемелденіп, өсіп-өркендеп келеді. Мұның барлығы қасиетті Ислам дінінің нұсқаған салиқалы жолының, оңды бағытының арқасында десек қателеспеген болар едік. Ислам дінінің келуімен бірге Орта Азия өңірінде, оның ішінде қазақ топырағында әлемге әйгілі ғұламалар мен ойшылдар, фәлсафашылар да дүниеге келді. Атап айтқанда, киелі Отырар тобырағынан Әбу Насыр әл-Фараби бастаған жиырмаға жуық Әл-Фарабилер (Ә.Дербісәлі), Қ.А.Ясуаи, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед Хайдар Дулати, бертін келе қазақ ауыз әдебиетінің алыбы Абай, т.б. ұлы тұлғалар шықты. Ислам дінінің құдыретіне бас иген мұндай ұлы тұлғалардың біздің елімізден көптеп шығуы мақтанарлық дүние емес пе?!. Бұл еліміздегі, жеріміздегі киелілікті, тектілікті паш ететін құбылыс десек те артық айтқандық болмас. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңге дейін Қазақстанда өз алдына жеке діни орталық болмаған еді. Мұндай орталық көршілес Өзбекстан елінде жұмыс жүргізген болатын. Егемендікпен бірге дініміздің де бостандық алғаны белгілі. Бұл әрине, кез келген мұсылман үмметі үшін өте қуанышты жайт. Алайда, «медальдың екі жағы бар» демекші, діни сенім бостандығымен бірге елімізге көптеген келімсек конфессиялардың да кеңінен ағылуына жол ашылды. Азаматтарымыз осыған дейін естіп-білмеген нешеме түрлі ағымдар елдік аренаға шықты. Көптеген қандас бауырларымыз, жастарымыз небір жат ағымдардың жетегіне ерді. Мұның әліге дейін өз жалғасын тауып жатқандығы біздерді қатты қынжылтады. Әрине, ел арасындағы бірқатар жағдайларды түзетуде жаңадан қабылданатын заңнан күтер үмітіміз мол. Еліміздегі мұсылман жұртшылы­ғының бірегей һәм рухани орталығы болып саналатын Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы ашылғалы бері (1990 ж.) көптеген іргелі істерге қол жеткізілді. Діни басқарманың жүргізіп жатқан сындарлы жұмыстарының нәтижесінде еліміздегі жетпіс пайыздан астам мұсылмандар мен өзге де халықтарарасында ынтымақ-бірлік салтанат құрып келеді. Сол кезеңдерде мұсылмандық мешіт­тердің саны небәрі 64 болса, қазіргі күні республика көлемінде 2030-дан аса сәулетті мешіттер бой көтерді. Бұған әрине, жергілікті жерлердегі қалталы азаматтарымыз бен тұрғындардың қо­сып отырған үлесі шексіз деуге болады. Имандылық иірімдеріне терең бойлаған азаматтарымыздың да күн өткен сайын көбейіп келе жатқаны кө­ңіл қуантады. Жер-жерлердегі ме­­шіттердегі жұма намаздарына қа­тысушы жастарымыздың көбейіп жат­қаны да мемлекеттілігіміздің рухани тұрғыдағы дамуына, қылмыс атаулыдан жастардың қашықтай түсуіне өзіндік деңгейде белгілі бір әсері болатындығы сөзсіз. Сонымен қатар, дінбасымыз Әб­саттар қажы Дербісәлі хазреттің тікелей бастамасымен еліміздің бес аймағында заман талабына сай діни медреселер бой түзеді. Онда шәкірттерге барлық жағдайлар жасалған. Олардың жататын жері, күнделікті ас-тағамдары, кітапхана, компьютерлік бұйымдар, т.б. бәрі бар. Бұл имамдарымыздың діни сауатының арттыруына бағытталып отырған мәселе. Осы секілді, ауқымды да жүйелі жұмыстар өте көп. Әлемдік деңгейдегі іс-ша­ра­лар­­­дың елімізде көптеп ұйым­дас­ты­рылуы ішкі және сыртқы саяси тұрақтылығымыздың дамуына өзіндік әсер етіп келеді. Бұл мемлекет басшысының сарабдал саясатының ар­қасында жүзеге асып жатқан жайттар. Еліміз мұсылмандарының бірегей орталығына айналып отырған Діни бас­қар­маның тарапынан атқарылып жатқан шарулар өте көп. Көптеген әлемге беделді конференциялар мен дүниежүзілік ұйымдарға мүше болып, тиісті жұмыстардың жүргізілуі еліміз беделінің арта түсуіне ықпалын тигізетіні хақ. Осы орайда, үстіміздегі жылғы 18-20 маусымда Ислам Конференциясы Ұйымына (әрі қарай ИКҰ) мүше елдер Сыртқы істер ми­нистрліктері кеңесінің 35-ші сессиясында мұсылман әлемінің барынша беделді құрылымы – Ислам Конференциясы Ұйымының Сыртқы істер министрліктері кеңесі Қазақстанның ИКҰ-ға 2011 жылы төрағалығы туралы шешімі қабылданғаны өте қуанышты жайлардың бірі. Бұл ұйымның негізі 1969 жылдың қыркүйек айында Марокка мемлекетінің астанасы Рабатта мұсылман елдерінің басшыларының қатысуымен өткен конференцияда қаланған болатын. Қазіргі таңда ИКҰ-на 57 мемлекет мүше болып табылады. Еліміз бұл ұйымның 1995 жылдан бастап толыққанды мүшесі. ИКҰ экономикалық, саяси тұрғыдан, әлемдегі беделді әрі күші жағынан Біріккен ұлтттар ұйымынан кейінгі үлкен ұйым болып табылады. Мұның барлығы, біріншіден: Елбасымыздың халықаралық тұрғыдан беделі болса, екіншіден: қатарынан екі рет Астана қаласынада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері сьездерінің өтуі барша дін өкілдерінің және қазақстандықтардың үлкен қуанышы һәм жетістігі. Қазіргі уақытта мешіттердегі уағыз жұмыстарына халықтардың бірлігі мен ынтымағына үлкен мән беріледі. Өйткені ынтымағы мен бірлігі күшті ел ғана қандай қиындықты болса да жеңеді. Аллаға шүкір, өтпелі кезеңнің қиыншылықтары артта қалуда. Ел экономикасы аяғынан тұрып келеді. Халықтың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқаты да біртіндеп жақ­сарып келе жатқанын көріп отырмыз және оған шын жүректен қуа­намыз. Біз–дін өкілдері де жас мем­ле­­кетіміз­дің рухани тірегі, тәуел­сіздігіміздің алтын дің­гегі, этностығының үл­кен бел­гілері – мә­де­ние­ті­міздің көркейіп, тілі­міздің кіріптар халден құтылып, сайын далада еркін самғау жолындағы мұраттардан тыс қала алмаймыз. Қазіргі таңда біздің қоғамда елдің рухын көтеріп, отаншылдық сезімін ояту, күшейту қажет. Асыл дініміз ар­қылы ертеңгі күнге – қазақ елінің бо­лашағына, ұлттық бірлігімізді ны­ғай­туға қызмет етуіміз керек деп санаймыз. Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың бәрін бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтасты­рып, ауызбіршілігін күшейтіп отыр. Осындай ынтымағы мен бірлігі жа­расқан ел халқының 70 пайыздан астамы мұсылмандар. Хазреті Мұ­хаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз өзінің хадис-шәріптерінде «Мұсылман – мұ­­сылманға бауыр» дейді. Яғни, бұдан діннің бірлікке, ынтымаққа шақы­ратындығын көреміз. Және де біздердің тарапымыздан осыған лайықты іс-әрекеттер де жасалуы тиіс. Бүгінгі күні халық пен жер, дін, Отан тұтастығын сақтап, дербес те тәуелсіз мемлекеттігімізді одан әрі баянды етуден артық міндет жоқ, болмайды да. Аллаһ тағала барша қазақстан­дық­тарға иман нұрын нәсіп етсін! Әмин! Ахметжан КЕРІМБЕКОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысық өкіл имамы