Орынбасарлары сотталған әкім орнында отыра бере ме?
2009 ж. 27 тамыз
2599
0
Соңғы кездері жергілікті биліктегі заңды өрескел бұзушылықпен қоса сыбайлас жемқорлық ылаңы асқынып барады. Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ең алдымен мемлекеттік қызметтегі шенеуніктерден бастау қажеттігін атап айтқан саясаты бүгінгі таңда өзінің оңды нәтижесін беруде. Бұл орайда жер-жердегі құқық қорғау органдары мен қаржы полициясының атқарып жатқан оңды тірлігі айқын мысал бола алады. Осы тақырыпқа байланысты Оңтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік қызметкерлер арасында соңғы кездері ашылған қылмыстық істер сөзіміздің айғағы бола алады.
Таяуда ғана Отырар ауданы әкімінің орынбасары үлкен мөлшерде пара алумен қолға түсіп, соның салдарынан аудан әкімі өз еркімен қызметтен кетті. Тура осындай оқиға көпұлтты, тұрғындар саны кішігірім облысқа тең Сайрам ауданында да қайталаныпты. Ауданның тізгінін 3 жылдан бері уысынан шығармай келе жатқан Мұхит Әлі мырза жайлы «ерекше» мәліметтерді республикалық газеттер мен оңтүстіктегі мерзімді басылымдар жиі жазып жүргені бөлек әңгіме. Мұхит Әлі мырзаның тұсында аудан әкімшілігінде және аудан әкімдігіне қарайтын аудандық басқарма қызметкерлеріне қарсы құқық қорғау органдары тарапынан қазіргі уақытқа дейін 10-нан астам қылмыстық іс тіркеліпті.Нақтылап айтқанда Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Әбдусаттаров Рахматжан мен аудан әкімдігінің дербес бөлімі саналатын ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Әлібек Есалиев тексеруші құқық қорғау органдары қызметкерлеріне үлкен сомада пара беру үстінде ұсталған. Бүгінде олар сотты болып, өз жазаларын өтеуде. Осы орайда айтып өтетін жайт - ел аузында аудан әкімінің орынбасары осы аудан әкімінің тапсырмасымен ауыл округтарында диқан шаруалар үшін ашылған СТК-ларға және шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан берілген субсидияның шаруаларға жетіп бармауы салдарынан жүргізілген тексеруге байланысты істі болған деген әңгімелер жиі айтылуда. Сондай-ақ, Сайрам ауданындағы Жұлдыз, Бадам, Қарамұрт, Сайрам, Қайнарбұлақ ауыл округтерінің әкімдері де қызмет бабында пара алумен құрықталған. Ең таңқаларлық жайт Қайнарбұлақ ауыл округінің бұрынғы әкімі Одаманов Айтжан бір емес екі рет парамен ұсталып, он күннен астам абақтыда отырса да, қайтадан әкімдік қызметін жалғастырған. Бұл жерде «ҚР-ның мемлекеттік қызмет туралы заңына» әкім мырза пысқырып та қарамаған сыңайлы. Осыған байланысты аудан әкімінің бірінші орынбасары Ә.Әміралиевтен осының мән-жайын сұрағанымызда, ол кісі «Одамановты пара алу үстінде ұстаған орган тарапынан берілген «дәлелденбеген» деген хатқа сәйкес Одаманов қайтадан қызметіне отырды» деп қысқа жауап қайырды. (Әміралиев мырзаның осы негізсіз сөзіне дәлел айтсақ, ешқандай құқық қорғау органы өздері құрықтаған азаматқа жазбаша мәлімет беру тарихта болмаған!.) Ал енді сол хаттың көшірмесін біздің сұранысымызға байланысты көрсете алған жоқ. Соңғы 3 жыл ішінде әлеуметтік мәселелер түбегейлі шешімін таппай келеді. Республика, облыс, аудан бюджетінен бөлінген жалпы сомасы 400 млн.теңгеден астам қаржы игерілгенімен, ауыз суға жарымай отырған елді мекендер көп. Осыған байланысты бірнеше тексеру болғанымен, бұл мәселе жабулы қазан жабулы күйінде қалды. “Сайрам-тазалық” ЖШС-нің бұрынғы басшысы А.Бекжігітовке қаржы полициясы тарапынан қылмыстық іс ашылғанымен бұл азамат соның артынша Қарасу ауылдық округінің әкімі болып тағайындалады. Кейбір дерек көздерін айтқан аудан ақсақалдарының сөзіне қарағанда «ауданға тиісті қомақты қаржының бір бөлігі Мұхит Әлінің Төлеби ауданының «Аққұм» ауылындағы көлемі 1,5га жерді қамтитын үлкен кешенді тұрғын үйіне жұмсалып келеді, сондай-ақ, Сайрам аудан әкімдігінің қызметіндегі жеңіл 3-4 автокөліктер құдайдың құтты күні Төлебиге қатынайды, одан да соған кеткен жанармайдың есесіне Сайрамдағы жағдайы нашар ауылдарға барып, халықпен етене жақын пікірлеспей ме, маңызды проблемаларды бірге шешпей ме?!» дейді. Осы деректің шындығына терең үңілу мақсатында Төлеби ауданының Аққұм аулына ат басын бұрып, ондағы ауылдағы көп үйден мүлде ерекшеленіп тұрған Мұхит Әлі мырзаның көлемді жерді иеленген кешенді үйін көрдік. Керемет құрылыс жүргізілуде екен. Бір ғажабы үйдің айналасына тас төсеу жұмысын «Сайрам- тазалық» ЖШС-нің техникасы жүргізіп жатқанына куә болдық. Сондағы Х 921 ВZ Камаз жүк көлігінің жүргізушісінен сұрағанымызда «бірнеше күннен бері әкімнің үйіне тас тасып жатырмыз, Камаз «Сайрам-тазалық» ЖШС-іне тиесілі» деп жауап қайырды. Әрине, кісінің жеке үйінде біздің шаруамыз жоқ, дегенмен, мемлекеттің сеніп тапсырған қызметін осылайша пайдалану заңда жазылмаған еді ғой!. Сайрамдағы қордаланған әлеуметтік мәселелер оңды шешімін табудың орнына, керісінше жыл сайын сиырқұйымшақтанып барады. Әсіресе, білім беру саласына назар аударсақ, мектептерде ақша жинау мәселесі тыйылмай келеді. Бір ғана айлығына қараған мұғалімнен ақша жиналған соң, ол жерде қандай білім беру сапасы түзеледі дейсіз. Сайрам ауданының 80-жылдығына деп аудандағы 100-ден астам мектептің ұстаздарынан 2-күндік еңбек ақысын жинаған. Бұл қалай? Аудан басшылығының күні мұғалімдерге түскен бе? Бұл тірлік онсыз да айлығы төмен, әлі күнге көтерілмей келетін ұстаздар қауымын қанаумен пара-пар емес пе екен? Балық басынан шіриді дегендей, аудан әкімі Мұхит Әлі мырза аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұртанова Гүлнара ханымды жұмысынан босатып, көп уақыт өтпей, қайтадан сол қызметке орналастырады. (Халқы көп ауданда басқа жетік білімді азамат табылмаған сыңайлы, әлде Гүлнара ханым лезде әкімнің тілін тапты ме екен?!) Мұны бір деп қойыңыз. Әкімнің қаулы шығару жұмысында да шикілік болады екен-ау. (Ол да пенде ғой, әрине. Десек те...) Шикілік мына бір арыздан келіп шықты. Арыз иесі - еңбек ардагері, «Қазақстанның құрметті темір жолшысы» Әмет Әлиев есімді қария екен. Арыздың негізгі мазмұны төмендегіше: 2006 жылдың маусым айында «Көмеш Балық 1-Мейірхан» ЖШС-не өзімнің 50 % үлесіммен қосылып аталмыш ЖШС–нің құрылтайшысы болдым. Екінші құрылтайшысы болып 50% үлесімен Батырхан Айдын болды. «Көмеш Балық 1- Мейірхан» ЖШС–нің жалпы мүлкінде Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауыл округінде балық шарушылығымен айналысу үшін жер телімдері болған. Қазіргі таңда менің қатысуымсыз, ризашылығымсыз және келісімімсіз менің конституциялық құқығымды таптап өз беттерінше жиналыс өткізіп, Сайрам ауданы әкімінің 14.03.2008 ж. №193 қаулысымен жер телімдері ЖШС–нің басқа да мүліктері «Көмеш Балық 1-Мейірхан» ЖШС-нен алынып Батырхан Айдынның туыстарына тиісті «НұрБатырхан» ЖШС-не өткізіп жіберген. Менің жартылай құрылтайшы екенімді дәлелдейтін ОҚО Әділет департаментінде 2006ж. 27.07 күнінде тіркеуге алынған «КөмешБалық 1-Мейірхан» ЖШС-нің Жарғысы бар. Бұл туралы әуелі жақсы үмітпен аудан әкімі Мұхит Әлі мырзаға да ашық хат жазған едім. Өкінішке қарай әкім хатымды өз қолына алса да нәтиже әлі жоқ» деп жазылыпты. Осыған байланысты жүргізген журналистік зерттеуімізде шығарылған қаулыға сәйкес Сайрам ауданы әкімі Мұхит Әлі мырзаға барып қызықтырған сұрақтарымызға тиянақты жауап ала алмадық. Ендеше сол әкімнің қаулысына назар аударсақ; 14.03.2008 жылғы №193 қаулыда «КөмешБалық 1-Мейірхан» ЖШС-нің 04.01.2008жылғы жалпы жиналыс хаттамасы, 05.01.2008 жылғы аталмыш ЖШС–нің «НұрБатырхан» ЖШС-і арасындағы мүліктерді өткізу-қабылдау актісін, «НұрБатырхан» ЖШС-нің заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы 03.09.2007 жылғы №447-1958-11 ЖШС куәлігі аудан әкімінің назарына ұсынылғанымен осы құжаттардың ешқайсысында 50% үлесі бар құрылтайшы Амет Алиевтің қатысқаны, келісім берген қолы болмаған және бұл тірліктен әкімнің хабары жоқ екен. Осы орайда Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 сәуірдегі №220 «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңының 38-ші бабында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мүлкі оның құрылтайшыларының салымдары, серіктестік алған табыстар, сондай-ақ заңдарда тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен құралады. Сонымен бірге жоғарыдағы аталмыш заңның 55-ші бабында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органның мүшелеріне: 1. Жалпы жиналыстың келісімінсіз серіктестікпен одан мүліктік пайда табуға бағытталған мәмілелер (сыйға тарту, заем, тегін пайдалану, сатып алу және сату шарттарын және тағы басқаларын қоса) жасауға тыйым салынады делінген. Ал, аудан әкімі Мұхит Әлі мырзаның №193 шығарған қаулысы жоғарыдағы заң талаптарына сәйкес келмей тұр. Осы орайда қаулының тағы бір шикі жағы осы қаулының 5 – ші тармағында уақытша (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) жер пайдалану (жалдау) құқығын беретін №2273558, №2277092, №2277093, №2277094 мемлекеттік актілері, жер учаскенің жалға беру туралы №148520, №148521, №148522, №148523 үлгілік шарттар жарамсыз деп есептелсін депті. Ендеше бұл жерде Мұхит Әлі мырза Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекетті басқару және өз-өзін басқару туралы» заңының 31–ші бабында «Жер учаскесіне құқық беретін актілерді жарамсыз деп табу әкімдіктің құзырына кірмейді» – деп жазылған заңның бабын ескермеген сияқты. Мемлекеттік актілердің күшін тек қана сот үкімі ғана жарамсыз деп таба алады дейтін заңымыз қайда қалды?!. Түптеп келгенде жан-жақты жетік тексерілмей шығарылған осы қаулыны сылтауратып Батырхан Айдын Айтжанқызы 50% құрылтайшы болып саналатын өзінің серіктесі Амет ақсақалдың адал үлесін өз бетінше иеленіп алуға қол жеткізеді. Сырттан назар аударған адамға аудан әкімі заңды өрескел бұзатын осындай азамат пен азаматшаларға қалайша сенім білдіріп, қаулы шығарды екен, осындай тірлікке әкімді не итермеледі – деген сұрақтардың туындауы сөзсіз. Әлде, Әлі мырзаның ойынша, серіктестік аты «Нұр»-дан басталса, болды, ойына келгенін істей беруі керек пе... Мәселенің бұл көмескі жақтарын бізге алдағы уақытта анық-қанық етіп жеткізетін тиісті тексеруші заң орындарынан міндетті түрде жауап күтетін боламыз. Дегенмен, аудан әкімі өзі шығарған қаулының қаншалықты заңды екенін біздің сұрақтарымызға тұрақты әрі тиянақты дәлелмен жауап бергенінде көзқарас мүлде басқаша болар ме еді, ж кім білсін?!.. Осының нәтижесінде бір азаматтың адал маңдай тері еңбегінің құны бір-ақ қаулымен жоққа кетіп жатқаны кімді де болса алаңдатуы күмәнсіз. Соңғы үш жылда осы аудандағы әкімшілік қызметтерде тіркелген 11 қылмыстық істің теріс салдарының бір ұшы аудан әкіміне келіп тірелетіні белгілі ғой. Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметов мырзаның аудан әкімі Мұхит Әліге мырзалық танытып отыруы түсініксіз... Әлде Әліге үкімі жүрмейді ме екен!? Аудандағы мемлекеттік қызметкерлердің арасында есепке алынған осыншама қылмыстық іспен қалайша ауданның жағдайы жақсарады, оны тек Алла біледі. Мемлекетіміздің әрбір заң бабтары еліміздің барша азаматтарына бірдей екенін ескерсек, мемлекеттік қызмет ешкімге де мәңгі берілмесі тағы бар. Ал, енді Мұхит Әлі мырзаның іс-әрекетіне баға беретін заң талаптары біздің елімізде бар ма екен, оны алдағы уақыт көрсетер.
Қуанышбек БОТАБЕКОВ Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы