Петропавлда төтенше жағдай режимі жарияланды
2017 ж. 26 сәуір
2977
2
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Былғары зауыты кентінің тұрғындарымен кездесті. Өткен түні ондағы 105 үйге су кірген болатын. Өңір басшысы қалыптасқан жағдаймен танысты.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы СҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Су тасқынын ұстап тұруға мүмкіндік болмады. Оған жиналған мол су әсер етті. Сыйымдылығы 693 млн. текше метр болатын Сергеев су қоймасына биыл жиналған судың көлемі 1 млрд. 133 млн. текше метрді құрады, яғни оған Есіл өзені арқылы құйылған су 164 пайыз болды. Одан басқа, қыста екі есе көп қар жауды, оның үстіне Ақмола облысыныан мол су келді»,- деді Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысы қазіргі басты міндет – кент тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру екендігін атап айтты.
«Жаңа ғана барлығын аралап, қалыптасқан жағдайды өз көзіммен көрдім, тұрғындармен әңгімелестім. Бізде мүліктерді артып, қауіпсіз орынға тасымалдайтын қайық та, техника да, адам күші де жеткілікті. Қауіпсіздік шараларының барлығы қарастырылған. Алайда кейбір адамдардың көшкісі келмейтін жекелеген оқиғалар бар»,- деді облыс әкімі.
Облыс әкімі су тасқынының шарықтау шегі әлі аяқталмағанын, су әлі де келетіндігін атап айтты.
«Петропавл қаласында төтенше жағдай режимі жарияланатын болады. Осындай режим Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда да болғанын сіздер білесіздер. Қалада штаб жұмыс істейді. Шұғыл шешім қабылдау үшін біз бүгін төтенше жағдай режимін жариялаймыз. Мұндай ТЖ режимі адамдарға көмектесу мақсатында жекелеген мәселелерді барынша шұғыл қаржылық жағынан шешуімізге мүмкіндік береді»,- деді Құмар Ақсақалов.