БӘЙДІБЕК БАБА: АҚИҚАТ пен АҢЫЗДЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫНДА

Енді осы деректі Д.А.Қонаевтың туған әкесі де қуаттайды. Мамытбек Қалдыбай жазып, «Жас Алашқа» бастырған (2005 ж. 6-қыркүйек, №106) «Қонаевтың әкесі (Бауыржан Момышұлы шерткен сыр)» дейтін мақаласында мынадай эпизод береді. Бауыржан Момышұлы Қонаевтың әкесін ауруханада жатқанда арнайы іздеп барады. Ол кісі қуанып қалады. Құлағы ауыр екен. Көзілдірігін киіп, алдына қағаз, қалам қояды да, «сен жаза бер, мен оқи берейін» дегендей белгі береді.

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

«Арабшалап мен Бауыржан Момышұлы боламын деп жаздым. Қарт үңіліп оқыды. Өзі сауатты кісі екен. - Айналайын, сені де көретін күн бар екен ғой. Келгеніңе, келіп сәлем бергеніңе рахмет. Төбем көкке жетіп қалды ғой. Құлағым естімейді, қарағым. Бұдан былай сөзіңді жазып отыр. Қарт кісі ізбе-із жабысып менің жазғанымды оқып отыр. - Әулие жарықтық Домалақ ана қожаның қызы ғой,-деп қарт көңілденіп, мейірлене түсті. Қағазға: Ол кісіден Жарықшақ дейтін бала туған,-деп жаздым - Иә, иә, Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат тарайды. - Дулаттан Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр деген төрт ұл болған. Мен Шымырға жатамын. - Шымырдың ішінде қайсысы боласың? - Бекболат боламын. - Әй, Ақмолда батыр басы деуші еді. Соның тұқымынан екенсің ғой! Басымды изеп, қағазға: «Иә, солай. Бекболат, Жаңабай, Құли, Шілмембет болып бөлінеді» деп жаздым. - Жаңабайдан Байзақ датқа тарамай ма? - Иә-деп жылдамдата жазып отыр­мын,-Біз, Құли, Шілмембет боламыз.» Бұл сөйлесіп отырған екі адамның да шежіреші екенін еске ұстау ләзім. Баукең «Ұшқан ұя» сияқты кітап жазған. Тым ертерек, 1945 жылы Домалақ ана туралы деректеме еңбек жазған. Ол шежіре «Қазақ батырлары» газетінде жарық көрген (1991 жыл.№3.29-қараша). Бұл өздері де ұлы адамдардың жазбасынан біз Домалақ анамыздың-қожаның қызы екенін анық аңғарамыз. Екіншіден, мемлекет қайраткері, Ғылым Академиясының Президенті де болған Димекеңнің Бәйдібек бабасын тым көне заманға апарып тастағысы келмейтінін байқаймыз. Мұнан кейін Димекеңнің әр жыл сайын Балабөген бойындағы өзіне арнап салдырған демалыс үйіне кеп, Домалақ анасының басына зиярат етіп жатқанын талай көргенбіз, естігенбіз. Ол кісінің қолында ұлан-ғайыр деректер, мүмкіндіктер болғаны ақиқат, сол себепті оның жазғанына сенбеске шара қалмайды. Жалпы шежіре тарихпен абыз ақындар көбірек айналысқан. Олардың ішінде ой алыптары Гомер, Фирдауси, Абай, Шәкәрім, Шәді ақын, Мағжан Жұмабаев сияқтылар бар. Бәйдібек баба туралы сүйсіне сөз айтқан Сүйінбай Аронұлы болыпты. Дулат деген бір ел бар, Үлкен пішкен тондай-ды. Шапырашты деген бір ел бар, Ешкімге қоңсы қонбайды. Сарыүйсін деген бір ел бар, Қарғыс айтып Домалақ, Екі болыстан озбайды-деп төрелік беріпті. Жыр жампозы Жамбыл Сарыбас ақынмен (шын аты Тілеулі) айтысқанда Домалақ ана туралы былай толғапты. Мақтам ағзам қызы екен, Домалақтай енеміз,-деп анықтама айтады. Басқа ақындарға қарағанда Домалақ Ана туралы Жамбыл Жабаев көбірек білген. Жиырма бес жасында, 1871 жылы арнайы Оңтүстікке, Түркістанға, Шаянға сапарлатып, ұлы анасының басында болып, зиярат еткені тарихтан белгілі жайт. Төле би шежіресі бойынша біздің заманымызда өмір сүрген Қазанқап Байболов ақын шежіре-тарихқа біршама дендеп енгені байқалады. Бұлардың бәрі де Моғолстан дәуірінен әрі аспайды. Ендігі әңгімені тарихқа бұралық. Қазақ шежіресінде Дулат Үйсіннен тарайды. Біздің заманымыздың бірінші ғасырында Үйсін мемлекетінің 120 мың түтінінде 630 мың жан, 188 мың 800 атты әскер болғаны қытай деректерінде қатталып қойылған. Сол замандарда Үйсін Күнбиінің бір ұлы Далудаға еншілікке Іле бойын береді. Бұл ел келе-келе Далу-Дулу-Дұғлат-Дулат атанады. С.Е.Маловтың зерттеуі бойынша Күлтегін тас жазуындағы Бумын қаған, оның інісі Естемес қаған да Дулу болған делінеді. Дулулардың бір бөлігі һундармен, Моншақ ханның баласы Атил (Махмұд ибн Уәлидің «Бахр әл Асрар фи Манахиб әл Ахйарда» еңбегінде Атил-Еділдің ежелгі атауы), әскерімен Европа жорығына қатысады. Көптеген түркі тайпалармен, басмыл (арғын), найман, қоңырат, үйсін тайпаларымен одақтасып, Дулаттар 515 жылы жужандарға бағынышты болуын тоқтатып, юебан (Үрбі) Одағын құрады. Оларға Бумын қаған, Естемес (Естеми) қаған қолбасшы болады. Бұл «Батыс қағанат» 550-660 жылдары өмір сүрді. Бәйдібек бабаны осы заманға әкелудің жөні осыдан шықса керек-ті... Дулаттар тарих тегіршігінде 14-16 ғасыр аралығында тағы көрінеді. Бұны Моғолстан мемлекеті дейді. Мұхаммед Хайдар Дулати өз ата-бабаларын былай деп таратады. Бобдахан – Ұртұбу – Болатшы – Құдайдат – СейітАхмет - Сәйтәлі - Мұхаммед Хайдар. Ендігі жерде бірқатар деректер, зерттеулер осындағы «Бобдахан»-Байдахан-Бәйдібек болар деп топшылайды. Мұнан көрініп тұрғандай-Бобдахан-Мұхаммед Хайдардың алтыншы атасы. Аралары 200 жылдың шамасы боп қалады. Мұхаммед Хайдардың 1499 жылы дүниеге келгені тарихта жазылған. Сонда Бобдахан 1300 жылдары өмір сүрген. Егерде «Бәйдібектанушылар» бұл межеге тоқталса, онда бұл 14 ғасыр болады. Қалай болғанда да Моғолстан мемлекетінің құрылуы 1348 жылға сәйкес келеді. Себебі сол Шағатай әулетінен шыққан Тұғылық Темір хан сайланған. Бұған дейін бұл өлке моңғол империясына тәуелді болғаны шындық. Тағы бір есте болатын нәрсе, Дулаттарда хандық дәреже болмаған. Ұлысбегі, тархан, әмір болды. Олар мұралық иеліктері - Маңағалай Сүбені дербес биледі. Тұғұлық Темірді өздеріне хан сайлады. Құдайдат Дулатидің 6 ханды таққа отырғызғаны таңбаланып қалған. Мұхаммед Хайдар Дулати жазған «Тарих-и-Рашидиде» мынадай қызық дерек бар. Онда ұлы тарихшы «кітабымды әуелі Тұғылық Темірді Ислам дініне құлшылық еткізген шейх Аршад-ад-динге бағыштадым, халқын рушт (ақиқат) жолына бастаған Тұғылық Темірге бағыштадым, осы заманда Қашқарды билеп отырған Әбумұзафар Әбдірашид ханға бағыштадым»-деп жазып қойыпты. (Каталог Восточных рукописей АН Таджикской ССР, том.І, 1960) Осыған қарғанда 1348 жылы хан болған Тұғылық Темір бұған дейін Тәңірлік дінде болғаны ғой... Бәйдібек бабамыз (Бобдахан) сол дәуірде өмір сүрсе, қай дінде болмақшы?! «Қожаның қызы» делінетін Домалақ анамызбен қалайша бас түйістірмекші?! Мұсылмандықтың мәнісін тереңірек білу үшін мынаны оқып көрелік. «Тұғылық Темір ханның ислам дінін қабылдауының себебі болған жағдай мынадай еді. Тұғылық Темірге Жамал-ад-дин шейхты ертіп келгенде ол итін шошқа етімен азықтандырып жатыпты. Хан шейхтан сұрапты: «Мына ет адал ма, сен адалсың ба?» - деп. Сонда шейх «Егер менің сенер дінім болса, мен адалмын, егер сенер дінім болмаса, онда менен иттің өлігі артық!» - депті. Бұл сөз ханды қатты толғандырып, жанын күйзелтіп, исламға ден қойыпты. Егер Алланың рахымы түссе, оны мен сіздерге баяндап беремін» (қолжазба, 5-бет). Демек патшаңыз шошқаның етімен итін тамақтандырып жатса, бұқарасының халін көңілімен білуге әбден болады емес пе?! Айта кетпеске болмайтын мынадай бір тарих бар. Ол Домалақ Ананың ұлы Жарықшақ туралы тәмсіл. Көптеген шежіреші оның Жарықшақ атануын әйелдер арасындағғы бақталастыққа барып тірегісі келеді. Бұл шындыққа келмейді. Адамзат баласы ананың құрсағында жатып ешқашан шекесі жарылмайды. Ол сырттағы заттың соқтығуынан пайда болады. Менің анам Орал Жарықшақтың шекесі жау кеп қалып, қазан астына жасырғанда тиіп кеткендіктен болды деп отыратын. Мысалы, Домалақ ана кесенесінен он-он бес шақырым жердегі Теректі әулиенің маңында белгілі тарихшы, темір жол маманы Мұхамеджан Тынышбаевтың да бабасы сол қазанның астында жатып аман қалған. Қысқасы қапелімде жау кеп қалғанда қазаңды төңкере сап ұрпақты аман алып қалу ежелден келе жатқан тәсіл болыпты. 1991 жылы жарық көрген Даниярбек Дүйсенбаевтың «Домалақ ана» кітабында айтылатын «Инсаният-и-Диһнат маме» кітабының сөзіндегі, атауындағы «диһнат»-қазақтың «домалақ» сөзінің баламасы екендігін зерделеу ләзім. Осы «диһнат» арабша жазылған шежіренің көбінде кездеседі. «Тауарих-и-Диһнат маме»-Диһнат маманың тарихы болып аударылады. Біздің пайымымызша, Домалақ ананың есімінің басқаларға қарағанда көбірек мәшһүр болғаны қожаның қызы екендігінен. Ол басқалардан біршама сауатты болған, тәуіпшілдік жасаған. Баласы Жарықшақты оқытуға құштар болған. Анамыздың ұлдары сол себепті де ел басқарған аяулы азаматтар боп шығыпты. Домалақ ана туралы деректердің қалуы да содан деп білеміз. Домалақ анамызды көбінесе Мақтым Ағзамның немересі деседі. Тарихи деректерге үңілсеңіз – «Мақтым Ағзам» ат емес, діни лауазым боп шығады. Негізінен қожа қараға қыз бермейді. Сол себепті «құдыққа құлау», «білегінен ұстап шығарып алу», «түс көру» хикаялары шындыққа келеді. Бұлай болмаған жағдайда сүйекке таңба болады. Халықтық аңыздарды, яғни Домалақ ананы абысын-ажындарының аса жақсы көре қоймауын да осы маңнан іздесек көп қателесе қоймаймыз. Әсіресе Домалақ ананың Бәйдібек бабамыздың қалың жылқысын ерекше тәсілмен түп-түгел қайырып алуы «мал-жан аман болсын» дейтін қазақ арасында даңқ пен дақпырт әкелгені анық. Ғұмырының соңында басқалардан бөлектеу жерленуінде де ерекше мән бардай. Қазақы ұғым, жаратылыс кез келгенді батаға қоспайды. Қаратау аймағындағы босанған әйелдер Бибі Фатима мен Домалақ енені қаз-қатар атайды. Басына барып жазылғандар, құрсақ көтеріп, балалы болғандарда есеп жоқ. Бұл ұлы үрдіс әлі де жалғасып келеді. Қарт Қаратаудың етегінде отырған ел негізінен Бәйдібек бабаны бақ қонған адам дейді, бай дейді. Сол заманда бай адам батыр да, би де, шешен де, ел тұтқасын ұстаған көсем де бола алған. Бай жақсы батырдан да, биліктен де, Бар істі ақша бұзар киліккенде - дейміз бұны жыр тілімен. Біздің пайымымызша бұл қасиеттерге қоса бабамыз аса мейірбанды, ақкөңіл, алды-арты кең, бауырмал, халқының қалау­лысы, елінің елеулісі болғанға ұқсайды. Ендігі жерде бұл туралы халық ауыз әде­биеті үлгілері не дейді екен, зер салалық. Сіргелінің бір ақыны айтысқанда: Алаштан бабам Ойсыл ағалаған, Қаһар қып хан Жәнібек қамалаған. Шақшам мен Шапырашты, Ысты, Ошақты, Сол күнде қашып Дулатты сағалаған. Енді Ыстадан шыққан ақын Майкөт пен Құланаян Құлмамбет айтысқанда Құлмамбет Майкөтке қарап: Ел жайын молда Майкөт білгеніңмен, Солардың қызметінде жүргеніңмен. Төрт ата Дулатыңды мақтап болсаң, Хабар бер «Бестаңбалы» Сіргеліңнен»-деген. Сонда Майкөт ақын: Бір жұрты Қаратаудың Сіргелі еді, Сіргелі өз жұртымен іргелі еді. Кешегі Бошан датқа заманында, Қоқанның тағына ол мінген еді, - депті. Бұл арадағы «Бестаңбалы Сіргелі» дегеніміз мыналар екен. 1. Жалмамбеттен-Ошақты. 2. Жарымбеттен-Шапырашты. 3. Жанастан-Ысты. 4. Бораштан-«Байұлы» (Батыр, Жайдақ, Қарабатыр, Байжігіт, Елібай, Жаңабай, Айтбозым, Шалдар). 5. Тұрымбеттен-«Үштаңбалы» (Қай­шы­лы, Тутаңбалы, Көңірдек). Біз бұл арада: «Бір жұрт Қаратаудың Сіргелі еді» дейтін өлең жолдарына үлкен мән береміз. Себебі сол, Сіргелілердің бірқатар жұрты осы қарт Қаратауда. Оның ішінде-Бәйдібек бабамыз да осы құтты, қасиетті мекенде. Бабаның айнала жұрты да осында! Енді әңгімені «Жүз» деген не, соған бұрайық. (Жалғасы бар) Жарылқасын БОРАНБАЙ, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі