ТҰРМАҒАМБЕТ

Халық арасында Т.Ізтілеуұлы атына көп телінетін «Деген екен!» сипаттағы фольклорлық «бейпіл өлең» жанрына келер болсақ, бұл мәселеге байланысты байлам да қысқа болуы тиіс. Кейбір мұрағат қорларында әртүрлі жинаушылар тапсырған осы мазмұндағы материалдар кездесіп отырады. Бірақ ақынның төл қолтаңбалы өлеңдері арасында мұндай тақырыпқа қалам тартқан бірде-бір шығарма ұшырасқан жоқ. Қазіргі ұғымымызға теріс келіп, анайы, мәдениетті құлаққа түрпідей естіле бастаған тура мағынасындағы қазақы сөз қолданыстары мен мақал-мәтелдері арасында бір оқығанда езу тартқызатын «эрот сөздер» жоқ деп айтуға болмайды, әрине. Тек, сөздің мағынасын қанықтыру үшін айтылған бұл шынайы ұғымдардың табиғи тұрқын жіті танысақ жетіп жатыр. Ал, ел арасында «Тұрмағамбет айтқан екен!» деген фольклор үлгілері ақынның көзі тірісінде де болған, бүгін де өмір сүре беруге хақылы.

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Бұл – фольклор мұрасына тән жазылмаған заң! Ал, аты шыққан тұлғаға айтқаны мен айтпаған сөзін «сол айтты!» етіп қосақ телу оның өз заманында биік абырой мен зор бедел иесі болғандығын көрсетуден әрі аспайды. Сыр сүлейі Т.Ізтілеуұлы шығармашылығының келешегінде өзінің зерделі зерттеушісін күтіп тұрған ауқымы кең, қызық, әрі келелі тақырыптың бірі – осы. Соңғы рет Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент түрмесінен уақытша кепілдікке босанып келген Тұрмағамбет 1939 жылдың 15-мамырында өз шаңырағында жатып, түрмеде алған сансыз соққының азабынан көз жұмды. Тіршілігінде белден бейнет кешкен ақынның беті жабылған соң да көретін қасіреті кеміген жоқ... Саналы ғұмырында аузынан Алласы, қолынан Құраны түспеген, «Ей, Кәрім, кеуілін көркейт мұсылманның!» – деп, әһлі ислам жолындағылар үшін тілек тілеумен өткен жан көз жұмып, бақиға көшкен күні әруағына тағзым етіп, ақ жуып арулап, шариғат жолымен жаназа шығарып, жария түрде жерлеуге «халық жауы, молда» деген жаманаттан қорыққан туыстары дәрменсіздік танытты. Ет жақындары мен бала-шағасы жұрт көзінен жасырып, марқұмның мүрдесіне қандай рәсім жасағанын бүгінде ешкім білмейді. Түн қараңғысын жамылып, ақын мәйітін ауылдан төрт-бес шақырымдай жердегі қорымға жасырын жерлеп қайтқан Сақтаған Кәрібозов, Ысқақ Бәйдәулетов, Мұсабек Алмас есімді жамағайындары. Бұл сұмдық мұнымен де бітпеген. Қаралы уақиға ақырындағы адамның төбе-құйқасын шымырлататын көріністі көзімен көріп, көргенін қағаз бетіне түсірген жалғыз куәгер – ақынның ұлы: «Но через три дня, 18-мая 1939 года, после смерти отца, вновь пришли сотрудники НКВД арестовать его еще раз, но его уже не было в живых. А через год пришли и снесли надгробный памятник, который установили родственники у могилы поэта», – деп жазады. Өлген адамның әруағын қорлап, қабірін тегістеп, жермен-жексен ету уақиғасын бұрын-соңғы қазақ тарихынан ұшырата алмаймыз. Міне, елімнің ертеңі деп еңіреп, жұртымның тіршілігі деп Аллаға жалбарынғанда көз жасы көл-дария болған алаштың ақиық ақыны Тұрмағамбетке тағдырдың тартқан сыбағасы. Жергілікті заң орындарының сол күндегі басбұзар әрекеттері ішінен Әбдірауық мына бір уақиғаны бүгіп қалыпты. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының НКВД қызметкерлері В.Пяткин, У.Қоянбаев, т.б. бастап келген «үштік топ» Тұрмағамбеттің дүние салғандығына сенімсіздік танытып, ақын қабырын қайта қаздырады. Жерленген мәйіттің Тұрмағамбетке тиесілі екендігіне көздерін әбден жеткізгесін ғана, білегіне таңба соғып, «көңілдерін бірлеп» қайтады. Тап осындай тапсырма жоғарыдан бұйырылды деу қиын. Ақынның ел арасындағы атақ-даңқын, кіршіксіз кісілік қадірін көреалмаған жергілікті билік басындағылар мен «ағайынның» ылаңы осындай еді. Өзіне жұрт көзінен таса, жасырын жерленетін өлім бұйыратынын білгендей-ақ: «Әлпештеп алды-артыңнан анаң шығып» деген өлеңінде: «Арман не, ақтық сапарға аттанған күн, // Жөнелтсе құрметтеп дос-жаран шығып?!» – деп, зар қағады. Ақыры, арыс кеуде ақын табалдырығын тастап шыққан күні тіршілікте жанына жалау болған жар-досының бірі де табытының басынан табыла алмады. Тұрмағамбетке қатысты ел арасының ши жүгіртпе арыз-шағымдары өзі өмірден өткен соң қырық жыл шала бықсып, 1980 жылға дейін толастамаған. 1977 жылы 16-мамырда Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық мәдени ескерткіштерді қорғау президиумының төрағасы Ш.Бәкіровке берген келісім хатында Ә.Тұрмағамбетұлы: «Мен Әбдірауық Тұрмағамбетов Т.Ізтілеуовке салынатын ескерткішті аудан орталығы Қармақшыдан салуды дұрыс деп есептеп, келісімімді беремін» деген болатын. Сыр еліне белгілі азамат Елеу Көшербаевтың жанкешті еңбегінің арқасында қарқынды жүргізілген құрылыс аяқталып, 1980 жылы Сыр сүлейіне туған ауылынан тұғыры биік ескерткіш бой түзегенде тағы да сол ағайын арасынан Қазақстан Орталық Партия Комитетіне «Молданы құрметтеп ескерткіш тұрғызып жатыр» деген домалақ арыз түседі. Мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында, сол кезде Орталық Партия Комитетінің мәдениет бөлімінде нұсқаушы қызметінде жүрген жазушы М.Ысқақбай арнайы іс-сапармен Қызылорда облыстық партия комитетіне келіп, ауылдағы ахуалды біледі. Сөйтіп, Е.Көшербаев, С.Жұмабекова, Т.Көмекбаев сияқты ел азаматтары мен Қызылорда қаласының басында тұратын фольклортанушы-ғалым, профессор Ә.Қоңыратбавтың Тұрмағамбет туралы білдірген оң пікірлерінен соң арызданушы топтың даурықпа сөздеріне тосқауыл қойылыпты. Қолға ұстаған алтын сақасын қор тұтып, аузындағысын әркімге алдырған алауыз ағайынның ылаңы осылайша соңғы рет бір бықсып барып басылған. Құнды қолжазба Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба орталығына өткізілген Сыр өңірінен шыққан белгілі шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлының төл қолтаңбалы шығармалары бес дәптерден құралған. Бумаға қосымша тіркелген құжат-қағаздар арасында машинкаға терілген: «Қолжазбаларды қабылдау комиссиясы 1980 жылы 13-қарашада Ізтілеуов Тұрмағамбет ақынның өз қолымен жазылған 20.000 жолдан астам қолжазбасын институт қорына қабылдады. Бұл мұраны ақынның баласы Тұрмағамбетов Әбдірауық сақтап келген. Қазір бұл қолжазбалар институт қорындағы №875-папкада сақтаулы» деген хабарлама хат бар. Хат соңында сол кездегі «Текстология және қолжазба бөлімінің» меңгерушісі О.Нұрмағамбетованың қолы қойылып, қабылданған дәптерлердің тізімі, беті, жолы, кейбір шығармалардың атауы нақты көрсетілген. Бұл – ақынның бірден-бір мұрагері Әбдірауық Тұрмағамбетұлының қолында сақталған шайыр қолжазбалары аталмыш мекеме қорына қабылданғаннан кейін, институт басшылығына берілген есеп хат. Сол тұста О.Нұрмағамбетова басшылық жасаған бөлім қызметкерлері М.Ғұмарова, Е.Байтоқов, М.Шафиғов сияқты мәтінтанушылардың Тұрмағамбет қолжазбасына байланысты жазған пікірлері де осы бумадан табылды. Онда: «Бұл қолжазбадағы өлеңдер тізімі ОҒК, ӘӨИ қолжазба қорларында сақталған және кітап болып шыққан өлеңдерінің тізімімен салыстырылды. Бірқатар өлеңдері сол жарияланған шығармалардың түп қолжазбасы екені, жарияланған шығармаларынан біраз өзгерістері бары байқалады. Сондықтан да, бұл ақынның келешекте толық жариялауға тиісті шығармаларын өз қолжазбасымен салыстырып зерттеп, шығармаларын толық жариялау үшін қажет. Және творчествосын зерттеу үшін де өз қолтаңбасының орны ерекше. Бұл қолжазбалар ақын шығармаларын зерттеуге, толық жинағын құрастыруға қажетті негізгі мұра болып саналады. Сондықтан институт қорына құнды материал ретінде бағалап алуға болады деп санаймыз», – деп, дәптерлердің мазмұнына, шығармалардың санына, көлемі мен сақталу жағдайына анықтама берілген. Сарапшылар ақынның төл қолтаңбалы қолжазбасы мен оқырман қолданысында жүрген белгілі жарияланым (Назым. 1972) нұсқаларының арасында елеулі өзгешелік барын, келешек жарияланымдарда аталған қолжазба негізге алынуы керектігін және оның шығармашылық лабораториясының ішкі бірлігін тануда басты айғақ болып саналатын әдеби құндылығын дұрыс бағалаған. Жыршылық дәстүр өркендей дамыған топырақтан шыққан Тұрмағамбет өлеңдерінің бізге белгілі нұсқаларының қайсысында болсын, ауызша жырлау кезінде жол-жөнекей қосылып, түпнұсқадан алшақтайтын өзгерістер, артық шумақтар жиі кездеседі. Бұл ауытқуларға жыршылардың өз репертуарларындағы ақын өлеңін құбылтып, сана мен таным елегінен өткізіп айтуға деген ұмтылыстары басты себеп болған. Кей жағдайда ақын өлеңдерінің өзінен соңғы шәкірттерінің атына телініп кету фактілері де ұшырасты. Олай болса, ақын мұраларын осындай ауысу, түйісулерден арашалап алып, қайта сараптап-саралау үшін төрелік ететін бірден-бір мизан таразы – өз қолжазбалары екені де даусыз! Жоғарыдағы құжаттың мазмұнына қарағанда бұл – О.Нұрмағамбетованың есеп беру хатынан екі ай бұрын, қолжазбаны қабылдап алған комиссия мүшелерінің басшылыққа оның құндылық сипатын дәлелдеп, қорға қабылдауға болатындығы туралы білдірген жазбаша пікірі. Үкімет заңдарына орай мүлік иесінің мұрагеріне мемлекет тарапынан қаржы төленетін болғандықтан, институт қорына өткен Тұрмағамбет қолжазбасы да осы тәртіппен тексеріліп, сарапшы мамандар арқылы зерттеліп, құндылығына көз жеткізілгеннен кейін ғана қабылданғаны шүбәсіз. Сонымен, Тұрмағамбет ақынның қарашаңырағында сақталған 615 беттік бес дәптерінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба орталығына 1980 жылдың шілде айында түскені белгілі болды. Ақынның әулеттік мұрағатынан алынған күнінен бастап, институт мүлкі есебінде қорға қабылдауға дейін бұл дәптерлер біршама уақыт бойы қолжазба мамандарының қолында жүрген. Олай болса, осыған дейін Тұрмағамбет дәптерлерін кім, қалай сақтаған, елден – қазіргі Тұрмағамбет ауылы, сол кездегі Ленин совхозында тұратын ұлы Әбдірауықтың үйінен кімдер, қандай себептермен барып алған? Т.Ізтілеуұлының «Мир-Араб», «Көкелташ» медреселерінде оқып жүрген кезінде Ташкенттің Бұхара қаласынан әкелген, Қожабай, Алдашбай, Тапал, Қалжан ахундарға шәкірт уағында ұстаздарынан мұраланған, ауыл мектептерінде діни сабақ оқытқан жылдарында өз бетінше жинаған бай кітапханасы туралы деректердің ізі бұл күнде өше бастаған. Сол қазынаның ішінде Шығыс әдебиетінің маржандары мен дін тарихына арналған дүниелер өте мол болғаны мәлім. Арабтың «Мың бір түн», үндінің «Тотынама», парсының «Шаһнама», Сағдидің «Гүлстан, «Бостан», Низамидің «Ескендірнама», «Хұсрау-Шырын», Навоидің «Ләйлі-Мәжнүн», «Жеті шұғыла», т.б. толып жатқан классикалық шығармалардың көшірме нұсқаларына иелік еткен ол, алдынан дәріс тыңдаған шәкірттерінің ғылым мен білімге қызығушылығын оятып, жас талапкерлерді кітапхана қорымен сусындату арқылы үнемі ынта-жігерлерін арттырып отырған. Сол бір ақын қуғынға түскен жылдары әлгі бай мұра аяқасты болып, солақай саясаттың отына өртеніп кетсе керек. Бәйбішесі Биға Байболатқызының ақын шаңырағынан алдымен аластағаны да осы жеке кітапханасы деген дерек бар. Шолақ белсенділердің қысымына шыдай алмаған, әрі тынымсыз тексеруден мазасы қашқан Биға бәйбіше бұл кітаптарды Тұрекеңнің ұстазы Алдашбай ахунның немере ағасы, сол маңайдағы Қожабай ахунның кесенесіне апарып жасырады. Аталған кітапханасының кейінгі тағдыры бұдан соң не күйге түскендігі күні бүгінге дейін белгісіз. Соған қарағанда иесіз мұраның дені тоналып, жоғалған, қалғаны әркімнің қолында кеткен сыңайлы. Ақылды бәйбіше ақын қолжазбаларын шашау шығармай сақтап, көрегендік танытқан. Тұрмағамбет жазбаларының өз үйінің босағасы мен қорасына киізге оралып көмілгендігі туралы әуелгі болжамдарды ақынның кейбір туыстары қолдай бермейді. Олай болса, 1957 жылы М.Байділдаевтың «Шаһнама» қолжазбасын Әбдірауық қолынан қалай алғандығы туралы Д.Сапаровтың «Ленин жолы» газетіне жазған мақаласының дерегі де ой елегінен тағы бір өткізуді қажетсінеді. Бірақ төңкерістен соңғы аласапыран кезеңге дейін күтім көрген қолжазбалар, нәубет уақытында сырт көзден тасалау үшін көмілуі де әбден мүмкін! Десек те, ет жақын ағайынның қазіргі әңгімесі бөлек. Биға апайдың көзін көрген, туыстық жақындығы бар кей кісілердің мәліметтеріне қарағанда қолжазбаға қатысты хикая былайша өрбиді. Байболат болыстың Биғамен бірге туған үш қызы болған. Соның бірі Зәріп қазір Тұрмағамбет аулында тұратын Бұйратбек есімді азаматтың анасы. Биға інісіне: «Бұйратжан, сенің есің бар ғой. Мына ошақтың жанындағы үюлі жатқан күлді балаларға басқызба», – деп үнемі тапсырып отырады екен. – Сонда біз: «Осы кісі қайда көшсе де ошақтың күлін үйіп қойып, оны неге жан баласына басқызбайды екен?», – деп таңқалушы едік. Сөйтсек, сол күлдің арасында құрым киізге ораулы, елеусіз күйде Тұрекеңнің дәптерлерін сақтайды екен ғой» – дейді. Бұл – Бұйратбектің сөзі. Әбдірауықтың әйелі Рабиға оңашада балаларына: «Енем атамнан қалған діни кітаптарды үкіметтен қорқып, Қожабай үй-тамына жасырдым деп отыратын», – деп сыр айтады екен. Ал Биға қария жалғыз ұлыма зияны тиеді деп, Тұрмағамбеттің өмір-тарихы мен осы әулетке қатысты әңгімелер жөнінде ешкімге тіс жармаған. Өйткені, ақыннан қалған жалғыз тұяқты жергілікті заң орындары күні кешеге дейін тексеріп, отбасына үрей туғызумен болған. (Жалғасы бар)