Көргенім мен білгенім…

0
3251

Мен осы кейде байқаймын, теледидардан да ақсақалдар мен әже-апалар дастархан мәдениеті жайлы оңды-солды өз білгендерін айтып жатады. Айтылған сөздің мағынасы мен негізі адамзаттың санасына сиымды, ақыл сезімін селт еткізетіндей болғаны жөн.
Өмірде көргені көп, заманына қарай сауаты болмаса да, санасы жоғары азаматтардың небірі өмірден өтуде. Соның бірі – атам Самыратұлы Тәтібай еді. Тоғыз ұл бала, бес қыз өсіріп, 1972 жылы 84 жасында бақилық болды. Өткен 2008 жылы мамырдың 10-шы жұлдызында сол кісіден өрбіген ұрпақтар жиналып, 120 жылдығына ас бердік.
Осы атамыз өмірден өткен кезеңде мен қолға су құйып, табақ тасып, кісі күтудің мән-мағынасын түсініп қалған кезім еді.
Бала кезімізде атаның тоғыз ұлынан тараған, әсіресе, ұл балалар тамақ келерде үлкен үйде алдымен жасына қарай әкелеріміз, сонан соң тізіліп немерелер жағалай отыра қалатынбыз.
Мәрия әжеміз үлкен керсенмен тола етіп етті атаның алдына әкеліп қоятын. Содан атам өте кеуделі, айбатты қара кісі болатын, ол кісіні ел «Қара шал» дейтін, үлкен өткір пышақпен еттен қомақты етіп, кейде сүйегімен қоса кесіп, біздерге лақтырып жіберетін, екі қолмен қағып алу біздің айрықша міндетіміз еді. Етті қағып алсаңыз да, қаға алмай қалсаңыз да, бір-екі ауыз сөзбен жарамды, кішпейіл, еңбекқор жігіт болудың қасиеттерін, намысыңды қайрап отырып, сен туралы қысқа айтып өтетін. Біз туралы жақсы сөз айтылса өзіміз де, әкелеріміз де іштей мәз болатынбыз. Онда атам Әкең мен Шешеңнің, нағашы, нағашы ата-апаларыңның қасиеттері мен жақсы-жаман жақтарын сөзіне арқау етіп алатын. Нағашысына тартқан немесе нағашы апасы жақсы дегендей …
Қазақтың бес саусақпен жейтін білем-білем құйрық, қазы-қарта, жал-жаясы мен ыстық майы тамып тұрған тамақтағы қамыр ауқатының үстінде небір кісіліктің түр-түрін көрген атамыздың әңгімесі біраз шертілетін. Әлі есімде,біз сол әңгімелерді ұйып тыңдаушы едік.
Кезінде атпен жүретін олай өткен көкпаршы, бұлай өткен той-томалақ пен ас-құдайыға жүруші атамның үзеңгілес сыйлы таныстары, құда- жекжаттары аттан түсіп бір малдың етін жеп, қона жатып әңгіме-дүкен құрып кететін еді.
Үйге қонақ өте көп келетін. Міне, осындай өткен өмірден көріп-естігенім өте көп. Соны талай адам “жаз, кітап етіп шығарып берейін” деп те айтты. Мойным жар бермеді…Оның үстіне күнделікті жұмыстан оған уақыт болмады. Дегенмен қолыма қалам алып, ойымда жүрген салт-дәстүрдің ең болмаса біреуін жазайын деген ойға келдім. Сонымен:

Бас қою

Біріншіден, бастың үйтілуі, құйқаның жыртылып кетпеуі, тісі қағылып, көздің суын ағызу мен құлақтың үйтіп жатқанда сынып қалмай бүтін болуы сын.
Екіншіден, бұрын кісіліктің түр-түрін көріп жүрген зиялы адамдар дейміз бе, әйтеуір, ел басқаруда жүрген білікті азаматтар қойыңыздың қаншалықты семіз екенін, оның қағылған тісінің орнынан-ақ жасы нешеде, тоқты ма, саулық па, ісек пе немесе қошқар ма, сырттан келген мал ма, өз малы ма бірден байқайды.
Егер мырзалығыңыз бен ықыласыңызды шын білдіргіңіз келсе, еркек мал сойған дұрыс, ал, мейманның алдында өзіңіздің мерейіңізді көтергіңіз келсе, қошқар сойып басын қойғаныңыз жөн. Себебі, бастың желкесіндегі қатпар-қатпар құйқалы майлы еті абыройыңызды бір көтеріп тастайды. Ал, саулық семіз болғанымен желкесіндегі еті аз болады, бірақ бас құйқасы қалың, жұмсақ тәтті болады. Көп азаматтар бұны кейде байқай бермейді. Арық қойдың басының құйқа терісі сүйекке жабысып, тыры­сып тұрады. Ондай қо­нақ пышақтың қырымен бас сүйекті тық-тық еткізіп ұрып, аз ғана шұқып ауыз тиіп, ысырып қоя салады. Ол ренжудің белгісі. Келген қонақ қошқардың басын ұстауға кіріскенде, қонақ күтушінің ықыласын байқап, «о, мына бес жасар қошқардың семізін-ай!» деп қойса, қонақ күтуші өзінің ықыласын байқаған қонақтың алдында бір мәз болады. Осы екі шарттың жобасы болмаса, бас қоймай-ақ қойған жақсы. Қонақ ренжімейді бұл бір, сіз сөзге қалмайсыз,бұл екі.
Үшінші, бастың бір құлағын кесіп алу. Бұл жағдайға екі себеп бар. Біреуі, үйдегі қонақ малдың құлағындағы енін ырым етіп жеп қояды. Әсіресе, бақ-дәулет ауып кетеді деп үй иесінің әйелі қауіптеніп, ошақ басында бір құлағын кесіп алып қалады.
Екінші себеп, қонақ құлақтағы енді танып қояды деген ой келеді немесе ол мал ұрлықы, сондықтан кесіп алып қалады.
Құлағы кесілген басты көпті көрген қонақ жемейді, себебі, ол өзін сыйлы қонақ қатарында күтпей отырғанын сезеді. Сондықтан зор ықыласпен малды сол қонаққа сойсаңыз, неге екі құлағын бүтін қоймасқа? Тіпті, базардан тек бастың өзін сатып алсаңыз да бүтінін алған жақсы. Міне, қонаққа бас қоюдың қаншалықты тағлымы бар. Мұны бүгінгі жастар жағы біле бермеуі мүмкін.
Келесі мәселе, бастың қасына жамбасты қоса қою. Келген қонағыңыздан басқа сыйлы қонақ болмаса, жамбасты баспен бірге кіргізуге болады. Себебі, мал сол кісіге бола сойылған болса, жамбасты баспен қатар барғаны айып емес. Кейде қонағыңызға бас қойсаңыз жамбасты табақшамен қасындағы жасы үлкен кісіге қойған дұрыс. Бас ұстаған қонаққа сыбаға жілігін қою керек.
Жіліктер мен сый табақтар жайлы әңгіме өте көп. Сондықтан бұл жолы тек бас қою сый-сияпатына тоқталсам.
Кейбіреулер басты табаққа орналастырған ас ұстаушы тұмсықтан қасқалап бір тіліп, көлденеңнен бір тіліп тартады. Бұнысы – «жол ашық болады, төрт төңірек тең болсын мағынасы» – дейді.
Қасқалау мен жол ашық болудың, төрт төңіректің, бас жеуге қандай қатысы бар, бұл жағы мүлдем түсініксіз. Сірә, жалпылама, жар жағалап айтылған сүйемелдеу сөз. Өзінде негізделген пікір жоқ, әшейін ұзынқұлақ әңгіме.
Біріншіден, басты қасқалау деген сөз жоқ. Сыбағалау деген бар. Екі көз – екі сыбаға. Сол екі көздің айналасындағы ылжырап жақсы піскен құйқа жеп жатқанда бір жағының сыбағасы бір жағына ауып кетіп, екінші көз айналасы жалаңаш қалмасын деп, әйелдер жайлап, маңдайдан төмен қарай және тұмсық құйқасы мен көз құйқасын көлденең бөліп қояды.
Кейде бәзбіреулер пы­шақты қойып, кетпендей қо­лымен құйқаны жеп отырады. Ондайдың талайын көріп жүрміз. Алдына бас келген қонақ көргенді болса, алдымен ені бар құлағын немесе оң құлағын кесіп, малдың иесіне «осы үйдің патшасы қайда?», деп ұсынады. Кейде жас балалар ойнап кетіп немесе ұялып келмей қалса, жоқ әлде ұл баласы болмауы мүмкін-ау деп, ал қазір ондай отбасылар өкінішке қарай аз емес, құлақты бастың қасына кесіп қояды, соңында ол табақпен бірге сыртқа шығып иесін табуы керек. Екінші жағындағы құлақты не істейтінін сыбағасына ти­гендердің өзі біледі. Дастархан басындағы жас балаға бере ме, жоқ өзі жей ме?..
Енді қонақ бастан ауыз тиюді бастайды, екі көздің біреуінің айналасынан кесіп дәм татып, сол өзі түрткен жағынан бас ұстамайтындардың сыбағасын кесіп беруіне де болады. Әкесі барлардың бас ұстамағаны дұрыс, бір отырыста әкесі ұстаса, өзі ұстаса ерсілеу. Әке – құдыреті мол адам. Тірі жүргенде әкенің алдына түсіп, оны ертерек өлімге итермелегенмен тең. Әкең өмірден кеткен соң да үлгересің.

Басты жағалату

Басты бірінші ұстап жеген адам ұлы жүз болса, қалғандары қанша жасы үлкен болса да сол кісінің ағайындары, әлгі кісінің жеген жағынан жейді. Екінші немесе бесінші адам орта жүз болса, екінші тың жағынан сыбаға жейді. Егерде кіші жүзден адам болса онда ол орта жүздің жеген жағынан сыбағасын жеу керек. Ұлы жүз аға жолымен бір сыбаға, орта жүз, кіші жүз – бір сыбаға. Жолды білу үлкен ізеттілік. Ал, қожа, сунақ, төре, төленгіт секілді жүзге кірмейтін ағайындардан отырса, онда үш жүздің баласы бір жағынан, жас бала бір жағынан сыбағасын жеу керек, ол оның сол дастархандағы хан сыбағасы. Ата аруақтарына қиянат болмағаны дұрыс.
Көзі жоқ бас кейде жүрмейді, жағаламайды деген сөз бар. Ол рас. Егер менің ағайыным көзін ойып жеп қойса, менде қандай өкпе болуы мүмкін? Көзсіз-ақ дәм татып жей беремін, кісінің сыбағасына тимесем болды. Ағайыным жол білмей, жөнсіз көзін ойып жеген болса, оны дастархан үстінде емес, басқа уақытта айтамын. Кісінің сыбағасына тию, ол ұлтымыз бір, терезесі тең қыз алысып, құда-жекжат болып жүрген үлкен тайпалардың рухтарын (әруақтарын) сыйламау, көзбе-көз қиянат жасау болып табылады. Бір сөзбен айтқанда көргенсіздік.
Ертеректе тұмсығындағы етпен бас далаға шықпаса, қонақ күтіп жүрген әйелдер үйдегі қонақтың атын атап сенен кейін «ит жесін» деп, бас сүйектің қаңқасын итке лақтырған. Үйдегі қонақ кім болды?.. Сондықтан, бастың тұмсы­ғындағы құйқаға тиюге болмайды. Ол бала-шағаның, маңдайлары терлеген келін-кепшіктердің сыбағасы. Тағы бір ескеретін жәйт – кейбір азаматтар езуін, тілін кесіп жеп, өзінше «көсемсөз» айтып жан-жағына ұсынып жатады, ол да көргенсіздік. Тек өз сыбағаңды ұсын. Бас алдыма келді екен деп, оңды-солды сілтеу ұятты тірлік.
Қазақ атам сыйластықты тең ұстаған кісіге орынсыз тақымын батырмаған. Сыйға – сый, сыраға – бал деген мақал бар, кісілік пен сыйласуды терең түсінген жөн. Мысалы, көп адам «кісінің төсін жесең – ұшаңды даярла» деген мақалдың онша мағынасына бара бермейді. Ол кекетіп, ақылға, кісілікке тартылып айтылған сөз.
Кекетіп дегенім, ұша деген төстің етегіндегі шеміршек сүйек, жылаңқы етінің дәмі,шеміршегінің кемігі жоқ. Елдің көжесін қайта-қайта, қайтарымсыз ұялмай іше беретін, бір рет те көже бер­мей жүре беретіндерге ай­тыл­ған бұл сөз. Төрде отырып кісілікпен сый-сияпатын көрдің бе, төбеңнен орын беріп қайтар. Бұл жарық дүниедегі сыйластық. «Мың сіз-бізден, бір шыж-быж артық» деген сөз бар.
Менің бас қою туралы көргенімді айтқан пікірім дұрыс та болмауы мүмкін. Бірақ, бұл менің атадан көргенім.
(Жалғасы бар)

С.И.Ибадуллаев

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз