Халық «нарық» саясатынан шаршады

2009 жылдың 25-маусым мен 8-шілдесі аралығында мен тіркелу үстіндегі «Алға» (ДВК) Халықтық партиясының үгіт пойыздары құрамында Оңтүстік Қазақстан (партия филиалының жетекшісі – Жеңіс Досжанов) мен Жамбыл (Дәметкен Жарылқасынова) облыстарына жол жүріп қайттым. Сапар мақсаты – жергілікті жағдай мен негізгі проблемаларды анықтап, партияның күшімен соларды шешуге тегін заңдық және әлеуметтік көмек көрсету үшін ауыл және қала тұрғындарымен кездесу, сондай-ақ, халықты «Алға» партиясымен, еліміздегі қоғамдық-саяси хал-ахуалмен, оралмандарды орналастыру проблемаларымен, 2006 жылдың 14-шілде күнгі Шаңырақ көтерілісінің тарихы мен ерекшеліктерімен таныстыру (бұл сапар соның үш жылдығы қарсаңында өтті) және осы жолдар авторының «Трагедия Шанырака: репортажи, факты, события» атты кітабын жұртқа үлестіру болды.

Екі апта барысында партияның облыстық бас­шы­ларының ішінара қатысуымен және оның аудандық өкілдіктерінің жетек­шілері мен үгітшілерімен бірге мен ОҚО-ның Түркістан (же­текшісі – Пардабеков Бақтияр, үгітшілері – Бабажанов Ибра­гим мен Дүйсембаева Сә­лима), Бәйдібек (жетекшісі – Адырбекұлы Данабек, орынбасары – Орынбасарұлы Нұрлан), Сайрам (жетекшісі – Мырзагелдиев Сәрсенбек, орынбасары – Досаев Батырбек), Төле би (жетекшісі – Пардабеков Хауазхан, орынбасары – Зәйтенов Әділхан) аудандары мен Жамбыл облысының Байзақ (жетекшісі – Самойлова Татьяна, үгітшілері – Құрманов Жақсылық, Сұраншиев Сағынбек және Будянская Александра) және Жамбыл (облыстық филиал басшысының орынбасары – Таиров Әнуар, заңгері – Қожабеков Ермек, баспасөз хатшысы – Сивко Андрей, үгітшісі – Мұсаев Әлияр, жүргізушісі – Әлішеров Сабыр) аудандарында болып, жалпы алғанда 40-қа жуық елді-мекенге – ауылдар мен қалаларға бардым. Осыған орай бірден атап кетейік – аймақ тұрғындары (ал, шынтуайтында, бұған дейін «Күретамыр» ҚҚ-ның 12 облыста өткен тұсаукесер сапарлары кезінде анық көзіміз жеткендей, еліміздің бүкіл халқы) жеке билік режимінің «нарықтық» саясатынан титықтай шаршап, бұл биліктің таусылмайтын уәделерін қашан да болса орындайтындығына және бірдеңені дұрыс жағына қарай өзгерту қолынан келетіндігіне ғана емес, халыққа қарсы мұндай биліктің жөні түзу билікке айналатындығына да сенуден қалған. Тек кездесулер барысында өздерінің конституциялық құқықтары мен еркіндіктері, бүкіл халыққа ортақ мүдделері үшін «Алға» партиясы тәрізді тегін көмектесуге дайын қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып саналы, белсенді және сауатты күрес жүргізген жағдайда көздеген нәтижелерге жетуге болатындығы жөнінде сенімді аргументтер мен фактілер келтіре отырып айтылған жан-жақты және тірі әңгімеден, көптеген сұрақтарға берілген жауаптардан кейін ғана жұрттың көкейінде әр азаматтың жеке проблемаларын да, елді-мекеннің жалпы проблемаларын да әділдікпен шешу мүмкін деген сенім мен үміт қайтадан ояна бастайды. Бұдан соң адамдар қордаланған проблемаларды қызығушылықпен талқылап, осы тұрғыда өз көзқарастарын білдіріп, түрлі ұсыныстар жасап, ақырында кездесулер «Алға» партиясының нақты проблемаларды шешуге көмектесуін өтінген арыздар мен хаттарға ниеттене қол қоюмен аяқталды. Осындай «суырыпсалма» жиындарға қатысушылар «Жаса, Азаттық!» ҚБ-нің Алматы қаласы Алатау ауданын­да­ғы тә­жірибесі бойынша жер­гі­лікті тұрғындардың конс­титуциялық құқықта­рын қорғау жөніндегі қоғам­дық комитетін құру туралы біздің берген кеңесімізді құлшына қабылдап, сондай комитет құруға арналған өз жиналыстарының өтетін орны мен уақыты туралы партия өкілдеріне алдын-ала хабарлайтын болып келісіп жатты. Ауылдың басты проблемаларына келер болсақ, олар, біз күткендей-ақ, көп жерлерде ауыз судың да, суарма судың да болмауы немесе бірде болса, бірде тоқтап қалуы, жерді тұрғылықты немесе келімсек қалталылардың басып алып, өзара бөліске салуы салдарынан мал бағуға жайылымдардың мүлде жетіспеуі, «қарапайым пенделердің» егістік жерлерден қағылуы немесе оларға жердің «қалдықты принцип» бойынша бөлінуі, жолдардың нашарлығы, барлық жерде балабақшалар, клубтар, кітапханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және тағы басқа инфрақұрылымдар жаппай талан-таражға түсіп, ал олардың орнына ештеңе тұрғызылмауы салдарынан білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық жүйенің адам аярлық күйге ұшырауы, электр қуаты, газ, отын және т.б. болмауы. Ауылда да, қалада да адамдар «Алға» партиясының жерді мемлекет меншігіне кері қайтару және биліктің ең жоғары органдары – үкімет пен парламенттің Жер кодексі қабылданған 2003 жылдан бері қайда және қанша жердің кімге және қалай сатылғандығы жөнінде халық алдында есеп беру қажеттігі туралы ынтасын сөзсіз қолдады. Ал билік өкілдері болса, өздерінің тікелей міндеттері болып табылатын жоғарыдағыдай айқайлап тұрған проблемаларды шешумен айналысудың орнына, біздің тұрғындармен кездесулерімізден, сірә, өздерінің жан тыныштығына қауіп көрсе керек (бұлары негізсіз де емес), кейде оларға кедергі келтіруге тырысты. Мәселен, Сайрам ауданының Көмешбұлақ ауылында 60-қа жуық адам қатысқан жиынға округтік әкімдіктің бірнеше шенеунігі «бұл митингі»-міс деген желеумен тыйым салғысы келіп еді, алайда тек үгіт пойызы мүшелерінің тарапынан ғана емес, ең алдымен оларды өздері қуып тастаған тұрғындар тарапынан шешімді тойтарысқа тап болды. Оның үстіне бұл кикілжің жөнінде естіген бойда Жеңіс Досжанов оқиға орнына облфилиалдың заңгері Абзал Өмірәлинмен бірге жедел жетіп үлгерді де, проблема ұзаққа бармай еш зардапсыз аяқталды. Осыған орай атап өтетін жағдай, менің ОҚО-на келуім, Досжановтың айтуынша, әу бастан-ақ ҰҚК деңгейінде Қуанышәлин халыққа... Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабын таратып жүр-міс деген қызғылықты үрей туғызыпты! Тек тиісті түсініктеме берілген соң ғана тынышталған мемқауіпсіздік сақтаушы қырағылар, шамасы, менің жұртқа «Трагедия Шанырака» атты өз кітабымды таратқаныма дәл осы себеппен аса мән бере қоймаса керек. Менің бұл сапарым 7-шілде күні сағат 23-тер шамасында мен тараздық көп қабатты үйде жалдап тұрып жатқан жекеменшік пәтерге «төлқұжат режимін тексеру» үшін әріптесімен учаскелік инспектордың келуімен, ал, келесі күні таңғы сағат 9-да... облыс прокуратурасы басқармасының прокуроры М.Садықовтың есік қағып, менің сол күні сағат 17:30-да прокуратураға келуім қажет екендігі жөнінде шақыру тапсыруымен айшықталды. Мен, әрине, бардым, бірақ Дәметкен Жарылқасынова, Ермек Қожабеков пен Андрей Сивко құрамындағы тұтас бір делегацияның «эскортымен». Біздің бұл барысымыз екі сағатқа созылып, осы уақыт ішінде маған халықпен кездесулерім кезінде менің әлдебір... парақшалар таратқандығым туралы (!) жазылған ОҚО-ның Сайрам ауданы мен Жамбыл облысының екі ауданының «жергілікті тұрғындарының арыздарына» байланысты үш бірдей түсініктеме жазып беруге тура келді. Сонымен қатар, осы жағдайды пайдаланған біздің делегация да прокурорлар арасында кейбір айтарлықтай көкейкесті қоғамдық-саяси ақиқаттарды түсіндіру бағытында лездеме өткізді. Бұған онша қуана қоймаған олар енді бізден тезірек құтылуға асықты. Рас, сөйте тұра, Садықов мырза менің осынау мекемеде болғандығымды растайтын құжаттың – шақырудың ксерокөшірмесін бермей жіберуге тырысты, сондықтан бізге қайсарлық пен табандылық танытуға тура келді. Бұл өз нәтижесін берді де, соның арқасында мен қазір аса құнды сол ксерокөшірмені өзімнің саяси өмірбаянымның осы бір эпизоды жөніндегі естелік ретінде архивімде сақтап қойдым... Сөз соңында, сапар барысында Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесінен бастап, Бәйдібек ауданындағы ескі Шаян мешіті, Домалақ ана кесенесі (Бәйдібек баба бейіті жолымыздан тым жырақта болған соң, онда бара алмадық), Сайрамдағы Ибрагим ата, Қарашаш ана, Тараздағы Айша бибі, Бабажа хатун, Қарахан баба кесенелері, осыдан 3-4 жыл бұрын қазылып алынып, қалпына келтірілген орта ғасырлық (VIII-X ғғ.) мешіт және т.б. қасиетті орындарға соғып, құран оқығанымызды айта кетсем, артық болмас. Ал, Бәйдібек ауданындағы, меніңше, ЮНЕСКО тізіміне енгізуге тұрарлық ғажап жер асты табиғат ескерткіші «Ақмешіт» - арнайы әңгіме етуді қажет ететін бөлек тақырып. Осыған орай көкейді еріксіз мазалайтын бір ой бар, ол – барша өңірлері әулиелі орындардан да, небір қазына-байлықтардан да кенде емес аяулы ел – Қазақстанның халқы не себептен жоқшылық көріп, осыншама жарлы тұруға тиіс?! Меніңше, мұндай жағдайдың ұзаққа созылмай, республикамыздың оң өзгерістерге шұғыл бет бұруы, басқа алғышарттармен қатар, шынайы оппозициялық ұйымдардың тіркелмеген «Алға» партиясынан үлгі алып, халық арасында тезірек тірі жұмыс жүргізе бастауына да тікелей байланысты...

Жасарал Қуанышәлин, «Жаса, Азаттық!» ҚБ-нің төрағасы