Ғылым әлеміндегі үлкен сенсация
2009 ж. 17 сәуір
4751
0
«Қашаннан жылқы десе менің жаным, Атырдым жылқы үстінде өмір таңын!» І.Жансүгіров Археологтар жылқы малының алғаш Қазақстанның солтүстігінде қолға үйретілгендігі және қымыздың пайда болғанына бес жарым мың жыл толғаны турасында сенімді дәлел айтуда. Science журналының жаңа санында, ағылшын Эксетер университетіндегі Алан Оутрам бастаған көп ұлтты археологтар командасы жылқының ертерек қолға үйретілгендігі жөнінде тың дәлелдер жариялады. Бұл сенсациалық жаңалықты жарыса жазып жатқан басылымдардың бірі New York Times газеті археологтардың біршама жылқы сүйектері мен басқа да қазбаларды тапқаны, оларды зерттеу барысында біздің дәуірімізге дейінгі 5600 жылдан бастап 600 жыл қатарында Қазақстанның солтүстігінде дамығаны және де алғаш Ботай мәдениетінің өкілдері қолға үйреткендігі жайында жазады. Және бұған нақты дәлелдер келтіріп отыр. Ғалымдар төрт жерден табылған жылқылардың қаңқалары мен әбзелдерін талдаған. Осы өңірлерде, осы кезеңдерде өмір сүрген жабайы жылқылардың және монғолдың үйретілген жылқыларының сүйектерімен салыстырғанда сүйегі ірі, жабайы жылқыларға қарағанда Ботай жылқыларының ”сымбаттырақ” болғандығын және қолға үйретілген жылқыларға жақындау екендігін айтады. Доктор Оутрам Ботай мәдениетінде қолға үйретілген жылқының жаңа түрі пайда болды деп нық айтуға болмас дейді. Алайда табылған жылқының қаңқасындағы өзгерістер арқылы Ботай жылқысының еті мен сүті үшін, көлік ретінде пайдасы көп болғандығы байқалады. Адамның жылқыны қолға үйреткен уақыты мен орнын ашқан Олсен мен оның әріптестері жылқылардың алғаш Қазақстанның солтүстігіндегі қолға үйретілгендігі жөнінде бұдан бұрын да түрлі дәлелдер келтірген. Мысалы, жылқыларға арналған қоршаулар, жылқы тезегінің құрылыс материалы ретінде пайдалануы, сонымен бірге лассо тәрізді тұзақтың кең таралуы. Алайда, жаңа табылған дәлелдер Ботайда адамдар жылқыны үйретіп қана қоймай, олардың бүкіл патриархалды экономикасы осы жануармен тығыз байланысты болғандығын сеніммен айтуға мүмкіндік береді. Жылқыны жеті қазынаның бірі деп санап, оны төбесіне көтерген қазақтардың ата-бабасы бұл түлікті қолға үйреткендігі туралы ғылыми жаңалық Еуразия тарихына деген көзқарасты түбегейлі өзгертуі мүкін. Ғалымдар да қызық, аксиоманы теоремаға айналдырып, дәлел іздеп әуре болады. Әйтпесе, Орталық Қазақстан жерінде әлем өркениетінің ең алғашқы ошағын құрған, бірінші болып болат балқытқан, бұдан 5 мың жыл бұрын Арқайым, Сынтасты секілді «қалалар мемлекетін» тұрғызған біздің өнерлі ата-бабаларымыз үйретпегенде жылқыны кім үйретеді? Жылқыны үйретпесе бабаларымыз парсы жерін жаулап алып, Парфян мемлекетін қалай құрар еді? Әлемді шулатқан Шумер мемлекетін қалай тұрғызар еді? Аттиламен бірге барып Рим империясының іргесін шайқалтып, еуропалықтарды шалбар киіп, үзеңгі тағуды қалай үйретер еді? Әлем ғалымдары қазақтың әлі талай жетістігін мойындауға мәжбүр болады...