Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты кемел келешекке жетелейтін өзекті мақаласы бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатыр. Болашаққа қалай қадам басып, бұқаралық сананы қалай өзгертетінімізді өзегімізге сіңірген өрелі сөздерден әрбір қазақстандық өзіне қажетті таным мен тағылымды алды деп ойлаймын.
Ия, бүгінде тұтас жас буынымыз батыстың мәдениетіне еліктеп, жат дүниелердің таптаурын қағидаттарын жалау қылған шақта Елбасымыздың ұлттық кодымызды сақтау туралы сүбелі сөзі шынымен де ойландырады. Бүгінде Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, заманның жаңа технологиялық процестеріне ілесіп, өзге озық елдермен терезесі тең, керегесі кең мемлекетке айналғанын көріп отырмыз. Халықтың әл-ауқатымен қатар, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге, әдебиетімізге де айырықша көңіл бөлініп келеді.
Дүние құбылып тұрған алмағайым шақта Елбасы айтпақшы ұлттық кодымызды сақтап қалу әрбір отандасымыз үшін маңызды. Ол үшін біз тарихымызды терең біліп, дәстүрлерімізді сақтап, әдебиетімізді дамытуымыз керек деп ойлаймын. Және осының бәрі заман ағымдарының ықпалында кетпей, оларға төтеп беретін басты күш болу керек шығар.
Қазіргі уақытта Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен мәдени мұрамызды жаңғыртып, төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелеуге арналған түрлі бағдарламалар, ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Оған дәлел ретінде, кеше ғана Арменияның атақты Матенадаран ғылыми-зерттеу орталығынан армян-қыпшақ тіліндегі көне қолжазбалардың көшірмелері елге жетікізілгенін атап өткім келеді. Бұл көшірмелер бүгінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорында сақтаулы. Ел тарихын зерделейтін жас ұрпақ үшін ауадай қажет осындай жұмыстар көптеп атқарылып жатқанын барлығыңыз оқып, біліп жүрсіздер.
Осы орайда Қазақстан үшін де сирек қолжазбалар қоры ауадай қажет екенін атап өткім келеді. Мәселен, жоғарыда өзім атап өткен Матенадаран ғылыми-зерттеу орталығында бағзы заманнан қалған көне тілдердегі сирек кездесетін қолжазбалар сақталған. Сол секілді орталыққа негіз болатындай тарихи құжаттар бізде де жетерлік. Соның барлығын жүйелеп, жинастырып үлкен институт ашатын уақыт келген секілді.
Елімізде ұлт мүддесіне қажетті тарихи, мұрағаттық құжаттардың жинақталуы шарт. Олай болмаған күнде руханият пен мәдениеттің бір бүйірі олқы соғары анық. Мысалы, мұндай орталықтар Армения ғана емес, АҚШ, Франция, Қытай, Малайзия секілді көптеген дамыған елдерді жұмыс жасауда.
Конгресс кітапханасындағы сирек кітаптар мен арнайы жинақтар бөлімі АҚШ-тың ежелгі тарихы бойынша баспа басылымдары мен құжаттардан тұрады. Сол секілді инкунабул қоры (1501 жылға дейін жарық көрген кітаптар) Солтүстік Америкадағы ең ірі қорлардың бірі болып есептеледі.
Британ кітапханасы – Ұлыбританияның Ұлттық кітапханасы. Елдің маңдайалды мекемесі. Оның құрамына мынадай мекемелер кіреді: Британ Мұражайының кітапханасы, Ұлттық орталық кітапхана, Ұлттық ғылыми-техникалық кітапхана, Британ Ұлттық библиографиясы, Ғылыми-техникалық ақпараттар басқармасы, Британдық Дыбыс жазу институтының және Үнділік есеп беру басқармасының кітапханасы.
Біз үшін құнды дерек – осы Британ кітапханасында Бейбарыс сұлтанның Құраны сақтаулы тұр екен. Цифрлы нұсқаға көшіріліп жатқан кітап – кезінде ІІ Бейбарыс сұлтанның меншігінде болған Құран. Жеті томнан тұратын Құран кітапты бұдан 700 жылдай бұрын белгілі мысыр каллиграфы Мұхаммед ибн әл-Вахид жазған екен. Қыпшақ елінен шығып Мысырды билеген Бейбарыс сұлтанның тапсырмасы бойынша 1304-1306 жылдары Каирде жарық көрген сирек туындыны Мұхаммед ибн Мубадир, Айдугди ибн Аллах әл-Бадри есімді суретшілер қалыптап безендірген.
Франция Ұлттық кітапханасы – Еуропадағы ең ежелгі кітапханалардың бірі. Қорының көлемі жағынан әлемнің алып кітапханалары қатарында, анығында, жетінші орынды иеленеді. Кітапханада 5 000 шамасында грек жазбасы сақталған.
Қытай Ұлттық кітапханасын Чиң әулетінің (1644-1911) соңғы императоры Пу И 1909 жылы қыркүйек айында құрды. Көлемі мен кітапханалық қоры жөнінен «әлемдік үштікке» кіреді, ең ірі кітапханалар – АҚШ-тың Конгресс кітапханасы мен Франция Ұлттық кітапханасынан кейінгі үшінші орынды алады.
270 мың - бұл ежелгі әрі сирек кездесетін қытай кітаптарының саны. Топтама негізінен 16 мыңнан аса тарихи құнды құжаттан құралған.
Міне, біз ұлттық код, тарихты білу деп жатырмыз. Ол үшін жоғарыда аталып өткен мемлекеттердің үлгісін назарға ала отырым, сирек қолжазбалар қорын құру керектігін тағы да атап өткім келеді.
Әрине, ұлттық код дегенде біз халқымызға қажетті рухани байлықты ой елегінен өткіземіз. Алайда, бойымызда біз арылатын қасиеттердің де барын мойындау керек. Елбасы өз мақаласында жершілдік секілді қоғамға кері әсер тегізетін дағдыларды да бекер түйреп өтпеді.
Біз бір ауылдың баласы емес, тұтас Қазақстанның перзенттері болуымыз керек.
Мемлекет басшысының мақаласында айтылған ең өзекті мәселе ол - латын әліпбиіне көші. Бұл, соңғы он жылда талқыланып келе жатқан өткір тақырып. Қазақстан үшін латын әліпбиіне көшу қажет екені сөзсіз. Бір ерекше атап өткім келетіні, Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу туралы бастамасын көрші мемлекеттер де қолдап отыр. Мәселен, Қырғызстан саясаткерлерінің латын әліпбиіне көшу туралы айта бастағандарын БАҚ-тан оқып жатырмыз.
Ия, Елбасының "Рухани жаңғыруы" біздің тарих толқынындағы ақ желкеніміз, ұстанымымыз бен бағдарымыз болуы тиіс.
Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Үмітхан Мұңалбаева,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры