Кептелген көлік, кектенген жолаушы

0
3537

Бұрындары таңертең және кешкі қарбалас кездерде ғана кептеліп қалатын көліктер, бүгінде күні бойы ұзыннан ұзақ, ұшы-қиыры белгісіз болып, созылып жатады. Ендігі мезетте көліктің көбеймесе, енді азаймайтындығы анық. Өйткені, қазірдің өзінде Алматыда 1000 адамға 500 көліктен келеді екен. Бұл– қаламыздағы көлік кептелісі жағынан әлемдегі ірі мегаполистермен бірдей деген сөз.

Көлік тығынының көптігін елімізге шетелден ағылып келіп жатқан, ескі-құсқы көліктер санының жыл санап арта түсуі мен осыншама ағынға төтеп бере алмайтын көшелердің тарлығынан іздестіріп, бас қатыратын жұртшылық кейбір кәсіпкерлердің жер телімдерін өз беттерінше иемденіп, мақсатсыз пайдалануы, құрылыс нысандарының жұмыстарын тиісті құжаттарсыз жүргізуі, көлік құралдарын ретсіз қою секілді өзге де толып жатқан заңсыздықтардың көше қозғалысын тежейтіні басты кедергілердің бірі екеніне онша ынта қойып, мән бере бермейді. Сондықтан да көлденең келген кедергінің алдын алып, жіті қадағалап отырмаса болмайды. Алматы қаласындағы иін тірескен көліктер, әсіресе «Жедел жәрдем» сияқты шұғыл қызмет түрлеріне айтарлықтай қиындық туғызып жатқанын күнделікті көзімізбен көріп жүрміз. Мәселен, сол «Жедел жәрдемде» осындай кептеліспен, науқасты ауруханаға жеткізудің өзі бір қияметқайым екені белгілі. Сол науқастардың арасында өмірлері хал ұшында жатқандар да аз болмайды.
Осы кептелістің тағы бір себебі, бүгінде көпшілік қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайлары жақсарған. Бір үйде бірнеше көлігі бар отбасыларда аз емес. Әрине оларға ешкімнің де қарсылығы жоқ. Дегенмен, жүргізушілер мәдениет дегеннен жұрдай болып барады. Бірін-бірі сыйлаудан қалған. Кейбіреулер бәсекеге түсіп, ерегескенде өзгелерге зардабымыз тиеді-ау деп еш ойламайды. Тіпті, қоғамдық көлікті игеріп келе жатқан жүргізуші, ішіндегі отырған халыққа қарамай, бір-бірімен жарысып, көліктерін тоқтатып қойып, жұдырықтасып жататындар да жоқ емес. Тіпті жолдың рұқсат етілмейтін жерлерінде де көліктер қай кезде де қаңтарылып тұрғаны. Рас, қазір жолдарды кеңейтіп жатыр. Алайда мұнымен бар проблема шешіле қоймасы анық. Қалада көлік өте көп. Алматы қаласы бойынша 350 мыңнан астам көлік тіркелсе, күніне 1000 мыңнан астам көлік қатынап жатады. Әрине, мұндай қозғалыспен, қала көшелерінің кептелісте қалатыны анық. Осы көлік кептелісінің басты себепшілері жүргізушілер екенін айтылды. Олардың жол ережесін сақтамай, жылдамдықты шамадан тыс арттыруы, қарсы бағытқа шығу, рұқсат етілмеген жол бөлігінде басып озуға тырысу, автокөлікті мас күйінде басқаруы салдарынан көлік кептелісі ғана емес, апатты жағдайларда жиі орын алып жатады. Мұның бір себебі, еліміздегі автокөлік жолдарының талапқа сай болмауы болса, екіншіден, көлік жүргізушілердің, жүргізуші куәлігін сатып алып жатқандығы. Олар, арнайы мектептерде оқымастан, қолдарына бақандай бір куәлікті алатыны қиын-ақ. Дегенмен де, жүргізушілер жол ережесін жақсылап оқып алғаны, ең алдымен, жүргізушінің өзі үшін қажет емес пе?! «Жазым аяқ астында» деген қазақта жақсы бір сөз бар, ертеңгі күні жол-көлік оқиғасына ұшырап, қайғылы оқиға орын алып жатса, оған кім жауапты болғаны? Сондықтан осындай жағдайларды қатаң қадағалау керек.
Еліміздегі басқа қалалармен салыстырғанда Алматы қаласындағы көлік кептелісі үлкен проблемалардың біріне айналған. Дерек көздерге жүгінсек, Алматыға сырт аймақтардан күніне мыңдаған көлік қатынайды екен. Бұл Алматы үшін ауыр. Сол себепті де қала әкімшілігі сол көліктердің қозғалысын шектеуді қолға алуы керек. Көлік кептелісін азайтуға бұл да өзінше бір септігін тигізері сөзсіз. Алматы қаласының тұрғындары көлік кептелісіне күнде тап болады. Көлік кептелісінің зияны болмаса, еш пайдасы жоқ. Бір жағынан алып қарасақ, аталмыш көлік кептелісінен тұрғындарда әбден мезі болған. Ал кептелісте тұрып қалған адамның көңіл – күйі айтпаса да белгілі. Көңіл – күйдің жақсы бола бермеуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден – жұмысқа, сабаққа, кездесулерге, бір сөзбен айтқанда бара жатқан жерге кешігуі. Екіншіден – кептеліс көлік жүргізушісі мен кешігушінің психикасына өз әсерін тигізбей қоймайды.
Сондықтан да, жолаушының бара жатқан жеріне кешікпей жетуі үшін, қаланың бағдаршамдарының дұрыс жұмыс істеуін қадағалап отыру керек. Екіншіден, егер адам кептелістен өзінің психикасына кері әсер алғысы келмесе, онда ол айналада болып жатқан келеңсіз жағдайларға, соның ішінде кептеліске немғұрайлы қарауы тиіс. Жастардың кептеліс кезінде көңіл – күйлерінің көп жағдайда бұзыла бермеуіне немғұрайлық көмектеседі. Егер адам мұндай жағдайларға немғұрайлықпен қарамаса, мұның соңы стресске әкеліп соғады. Ал стресстен әртүрлі ауруларға шалдығатыны айдан анық.
Бір сөзбен айтқанда, көше кептелістері дауасы табылмайтын дертке айналды деуге болады. Егер де, құзырлы органдардың үстіміздегі жылғы қыркүйек айындағы түзген мәліметтері рас болса, таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 21.00 аралығында 5 бағыт бойынша бір жаққа 97500-ге жуық көлік құралы қатынайды екен. Оның ішінде Алматы-Шамалған бағыты бойынша күн сайын шаһарға 17700 көлік енсе, оның 15100-і кешқұрым қайтадан шығады. Алматы-Бішкек бағыты бойынша 37100 темір тұлпар оңтүстік астанаға еніп, соншама көлік қайтадан күн ұясына отырысымен басқа бағыттарға бет түзейді екен. Осы көпшілік назарына ұсынылған қисапсыз көліктің қомақты цифрін шотқа салып, есептеп, дөңгелектейтін болсақ, күніне орта есеппен қалаға 148600-ге жуық көлік еніп, оның 152100-і қайтадан жолға шығатын көрінеді. Алматы қаласындағы сапырылысқан көлік қозғалысының қаншалықты күрделі жағдайда екендігін осы деректердің өзі ғана дәлелдеп тұрғандай.
Сонымен қатар, көше бойларына іргелес орналастырылған сауда дүңгіршектері мен жайма базарлар, көліктердің ретсіз қойылуы, жолаушылар автобустарының кез келген жерге тоқтай салып, қозғалысты тежеуі де қаладағы кептелістерді қолдан жасанды түрде көбейтуге жол салып отырғаны да анық. Өйткені, күні кеше жабайы сауда жаппай орын алған Мақатаев көшесінің бойы осыдан біршама уақыт бұрын адам аяғын алып жүре алмайтындай жағдайда еді, ал бүгінде адам танымастай өзгерді. Көше бойына қарағайлар егіліп, тазарып қалған. Қаламыздағы барлық осындай жабайы сауда орындарын, қадағалап, қолға алса, көлік кептелісінің азаятындығы анық.
Тағы бір айта кететін жайт. Мәселен, Қытай елінде байлар велосипедпен жүріп-тұрса, дамыған Батыста миллионерлер трамваймен жүреді екен. Ал, біздегі аухатты адамдар қоғамдық көлікті қайтсін, астарында шетелдің ең қымбат көлігі тұрғанда. Байқап қарасақ, біздің елімізде асыққан адам таксиге мініп жатады. Ал, Еуропа елдерінде уақытты үнемдеу үшін трамвайға мінеді екен. Трамвай – ол жақта жолаушыға барлық жағдай жасалған, сондықтан да олар көп қиналмайды. Егер де біздің елде де сондай жағдай жасалса, осы қиындықтар шешілген болар еді. Алайда бұл әзірге мүмкін емес, себебі Алматыда трамвай саны бүгінде қырыққа жуық екен. Оның бәрі ескірген. 65 шақырымды құрайтын трамвай жолы да жетісіп тұрмағаны белгілі.
Ал, Еуропада трамвайға қатысты «жасыл толқын» деген жүйе жұмыс істейді екен. Яғни трамвай жүріп келе жатқанда оның қозғалысы бағдаршамның жасыл түсіне сәйкес келіп, кедергісіз зымырап отырады. Мұндай трамвайларға 400 адамға дейін сияды екен. Егер әлемдік тәжірбиеге сәйкес осындай трамвайлар Алматыға әкелінетін болса, онда орташа есеппен шет аудандардан, қала орталығына 10-15 минутта жетіп келуге әбден болады. Ал қазір біздегі трамваймен бұл қашықтық шамамен бір сағатқа жуық уақытыңызды алады екен. Автобустарды көбейтіп, тығын мәселесін одан әрмен ушықтыра бергеннен гөрі, өзге елдердегі секілді 400 адамға дейін сиятын ірі трамвайларды іске қосса нұр үстіне нұр.

Әсел Рзаева

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз