ӘЗІЛХАН ағамызға наз

Әзілхан көке!

Сіздің М.Шахановқа жолдаған үшбу хатыңызды оқыдық. Сіз кейінгі жауабыңызда (Қ.Ә. 22.01 2010 ж.) «мұны шахановшылар да ерегіспей дұрыс түсінуі тиіс» деп бізге де қайырыла кеткен екенсіз. Соны негізге алғандықтан сізге сөз арнауға құқылымыз-ау деген оймен хат жолдап отырмыз. Сіз өз хатыңызда құранды күнде аударып отырған адам сияқты «Құранда аштық жариялап, қарсылық көрсету туралы сүре жоқ» дейсіз.

 

Одан әрі әңгімеңізді қайта-қайта өлімге әкеліп тірей бересіз. Жалпы, өзіңіз ұстанбайтын, тіпті түсінбейтін мұсылмандық қағидаттарды көлденең тартып, бұлайша сөз саптау сізге жараспайды. Сіз, мүмкін ешқашан бетін ашпаған құранда «шаһит» деген ұғым бар. Жері, тілі, ділі, діні, бір сөзбен айтқанда Отаны үшін жанын пида еткен дара тұлғалар Құран Кәрімде шаһиттер деп әспеттеледі. Ал аштық жариялау сіз жазғандай өлімге бас тігу емес, халықаралық деңгейде мойындалған күрес тәсілі. Рас, соңғы шара. Сіз өзі адамның соңғы шараға неліктен баратындығын ойлап көрдіңіз бе? Қалай ойлайсыз, М.Шаханов аштық жариялауға әкесінің жоғын жоқтап барды ма? Әлде оны қолдаған А.Әшімов бастаған бір топ ұлт зиялылары мен мыңдаған қарапайым халықтың есі ауысып кеткен бе? Сіз «қазақстандық ұлт» зардабын шынымен-ақ түсінбейсіз бе? Мына жұрт неменеге дүрлігіп жатыр деген ойдың сізді мазаламағаны қалай?! Хатыңызда М.Шахановқа «уәждарыңды ұқтым» дейсіз де қайтадан әләуләйіңізді айтып билік ыңғайына бұрылып кетесіз. Алайда, сіздің маңдайының соры бес елі ұлтымыздың бүгінгі, ертеңгі тағдырының өзіңізге қарап қалмайтындығын мойындағаныңызға да рахмет. Бірақ сіз «қазіргі қазақ ұлтының бүгінгі және ертеңгі тағдыры саған қарап қалатынына мен де шексіз шүбәланамын» деп М.Шахановты да қосаққа ала кеткіңіз келетіндігі түсініксіз. Біле білсеңіз халық жарқын болашақты М.Шаханов есімімен байланыстыра армандайды. Шынында да, М.Шахановты өз ұлтының талайлы тағдырынан бөле-жара қарауға болмайды. Ол халқының тағдырына ғана емес, үкілі үмітіне де айналып кеткен тұлға. Оны сіз де жоққа шығармай, алғашқы хатыңызда «мен сенің ресми атағы жоқ, ұлттық батыр екеніңді баяндадым. Ұлттың ұлы перзенттерінің бірі екеніңді атадым» дейсіз. Солай дей тұра «айғайшыл, аштықшыл» деп күстәналағыңыз келгенімен өзіңіз мойындағандай оның азаматтық болмысына ешқашан көлеңке түсіре алмайсыз. Ол сіз айтып жүрген ауыл әңгімесінен баяғыда қара үзіп кеткен әлемдік деңгейде мойындалған тұлға. Сондықтан бейәдеп сөздермен оның есімін былғаймын деп әуре болмаңыз.

Сізден өтініш, М.Шахановтың өзіңізге жолдаған хатын қайтадан мұқият оқып шығыңыз. Сонда бәлкім бір кезде Отан қорғаған кәрі жүрек өзінің байырғы болмысын қайта тауып бұлқынар, бұлқынар да жау дзотын жалаң кеудесімен жапқан А.Матросов, С.Баймағамбетов сынды дімкәс жүрегімен халық қалқанына айналған М.Шахановтың ту сыртынан пышақ ұрғандай болғанына өкініп, қанжылар, кім білсін. Әйтеуір тағы бір оқыңызшы.

Шынтуайтына келгенде көпшілік сіздің «Махаббат, қызық мол жылдар» мен Бауыржан Момышұлы туралы шығармаңыздан басқа дүниелеріңізді біле бермейді. Сірә, сізді халық жазушысы деңгейіне көтерген одан басқа сүйекті еңбегіңіз де жоқ-ау деймін. Бәлкім, біз білмейтін тағы да бірдеңелеріңіз болса келесі хатыңызда айта жатарсыз.

Шамалы шамырқаныңқырап отырғанымызды өзіміз де сеземіз. Солай бола тұра, «кәрі қойдың жасындай...» деп басталатын мәтелді де ұмыта қойғанымыз жоқ. Әйтсе де «әдемі қартаю» деген сөз тіркесі де намысымызды қамшылай түседі. Соның бәрін саралай келгенде айтарымыз, батырлары көрде, сатқындары төрде болатын қазіргі алмағайып заманда аштық жариялаушылардың қатарына қосылмай олжалап қалған азды-көпті ғұмырыңызда жаманшылық көрмеңіз. Сіз аман болыңыз, Әз аға!

Інілік ізет шеңберінен шығыңқырап кетсек, ғафу етерсіз.

 

                                                       Құрметпен,                                                        

Құдияр БІЛӘЛ