Тіл бағдарламасы орындала ма?
2011 ж. 14 сәуір
2222
1
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз атты» биылғы Жолдауында «2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 80 пайызға жетеді. Ал 2020 жылға қарай кем дегенде 95 пайыз болады. Он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді меңгереді» - деп Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылатын қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мәселесіне ерекше мән беріп, ана тілімізге қолдау көрсетіп, тіл жанашырларын бір серпілтіп тастаған еді. Алайда, осы жүктелеген міндетті іске асыра аламыз ба? - деген заңды сұрақ туындайды. Бүгінгі жағдайдағы жауабы біреу-ақ: ЖОҚ!
Себебі, өз қандастарымыз басым аймақтарда мемлекеттік тілді меңгергендердің санын арттыру мүмкін болғанымен, өзге ұлт өкілдері тығыз қоныстанған солтүстік, солтүстік-шығыс облыстарда (Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар,Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары) бұл міндеттің орындалуына күмәніміз бар. Орындалған күннің өзінде мемлекеттік тілді меңгергендердің саны 70-75 пайыздан аспайды. Себебі, біріншіден еліміздегі тіл саясатында осы өңірлердің ұлттық құрамы ескерілмеген. Екіншіден 50-60 мың халқы бар қалалар (Шахтинск, Теміртау, Рудный, Семей, Арқалық, Риддер, Екібастұз, Ақсу, Абай т.б) мен аудандарда тіл мәселесімен айналысатын бөлімдерде 1-2 маман ғана жұмыс істеуде. Оның өзінде оларға мәдениет пен дене шынықтыру және спорт бөлімдерін қосақтап қойған. Тілмен айналысатын маман біресе мәдениеттің, біресе спорттың шараларын өткізуге жұмсалып шақшадай басы шарадай болуда. 2010 жылғы мемлекеттік қызметшілерді қысқарту науқаны да тіл мамандарынан басталды. Кейбір мемлекеттік органдарда тіл бөлімдері толығымен жабылды, ал кейбір мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінде тіл саясатымен айналысатын маман мүлдем жоқ, штаттан тыс қызметші ретінде келісімшарт бойынша қызмет етуде. Бағдарлама қабылданған соң амал жоқ оны қалай болмасын орындау қажеттілігі туындайды, бірақ мамандардың жоғары жаққа есеп беру үшін тазадай статистикамен айналысуына тура келеді. Тоқсандық, жарты жылдық, жылдық есептерде көрсеткіштер мен пайыздарды жасанды цифрлар арқылы тапсырады. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту бағытында бірталай іс атқарылды. Бұны ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, осы жылдар аралығында атқарылмай қалған шаралар ұшан-теңіз. 2004 жылы еліміздің барлық облыстарында тілмен тікелей айналысатын тіл басқармалары құрылған күннен бастап қолдарынан келгенше, өз құзіреттері шеңберінде біраз жұмыс атқарды. Сең қозғалды. Барлықтарыңызға мәлім Елбасымыз жоғарыда аталған Жолдауында «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қол қойдым» - деді. Ал енді осы бағдарлама мен алға қойған мақсаттарды орындау және тіл саясатын пәрменді түрде насихаттау үшін облыстардағы тіл мәселесімен айналысатын мамандардың санын көбейтіп, іс-шараларға бөлінетін қаражаттың көлемін арттыру қажет, себебі алдымыздағы 10 жыл ішінде атқарылатын шаралар күні кеше аяқталған Тілдер бағдарламасындағы іс-шаралардан екі-үш есе артық болу керек. Сонда ғана Елбасымыз жүктеген міндеттер мен 95 пайыздық көрсеткішке жетуіміз мүмкін... Ел болып, жалпы қоғам болып ана тіліміздің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, тіл мәселесімен айналысып жүрген мамандардың санын арттыру жөнінде елдің, күннің аманында өз елімізде тілге деген құрметті осыдан байқауға болады. Жан айқайымызды естірте алмай жүргенде, кейбір ақпарат көздерінде «оптимизация» жасау деген желеумен облыстардағы тілдерді дамыту басқармаларын қысқартады деген қауесет тарап үлгерді. Елдің, күннің аманында өз елімізде тілге деген «құрметті» осыдан байқауға болады. Бұл не? Тілге деген мазақ па, әлде енді ғана қарқын алып келе жатқан тілімізге тосқауыл қою ма?... Әлде қазақ тіліне қарсы жасалып отырған саботаж ба? Бүгінгі қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу, сондықтан тілге қарсы жасалатын барлық әрекеттерге жауап беретін қауқары бар... Сәкен Серікбаев Семей қаласы