Спорт журналистикасы өнер дәрежесіне көтерілген жоқ

0
2584

Қазіргі қазақ спорт журналистикасы бұрынғыға қарағанда өркендеп дамып келе жатқандығы бәрімізге аян. Оған айғақ, елімізде көптеген қазақ тілді газет- журналдар, сайттар ашылып, бұл салаға деген бетбұрыс көңілді марқайтады. Алайда ұлы Абай бір қара сөзінде «байгеден атың келгенде көпшілік сенен артыңда қанша ат бар деп сұрамайды. Алдыңда қанша ат озып кетті деп сұрайды. Артымда мұнша ат қалып қалды деу кімге мәртебе» деп айтқан екен. Сол сияқты біз спорт журналистикамызды басқалардікімен салыстырсақ әлде қайда артта қалғанымызды байқаймыз. Әлі де болса ат ізін салмаған, қалам тербемеген тұстары баршылық. Былайша айтқанда бұл сала бір ізділікке келіп, мектеп болып қалыптасқан жоқ. Осы түйткілді мәселелер жайлы осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» мамандарының пікірін тыңдап едік.

Есей Жеңіс:
– Дамуы жаман емес. Бірақ қазақ журналистикасында спорт саласы өнер дәрежесіне көтерілген жоқ және қашан көтерілері де белгісіз. Өйткені, спортқа толық бір бет арнайтын, спорт жаңалықтарын тұрақты түрде беріп тұратын газеттер санаулы-ақ. Онда да олардың басты жаңалықтары бірінші бетке үлкен аламандар кезінде ғана көрінеді, әйтпесе, соңғы бетте қалғаны – қалған. Былайша айтқанда, республикалық газеттердің өзі спорт журналистикасын екінші сортты сала деп қарайды. Журналистикаға жаңа келген, университет дипломын енді ғана алған жас маманды спорт жаңалықтарын жазуға жұмсайды. Ол спортты біле ме, білсе, қаншалықты, доп пен шайбаны айыра ала ма – ештеңесін ескермейді. Сондықтан да қазақ газеттеріндегі спорт жаңалықтарының деңгейі тым төмен. Сараптама материал жоқ. Статистиканың өзін әңгіме ғып, көлдей-көлдей етіп береді. Спортты сүйетін, оның мәліметтерінен ләззат алатын жанкүйер ретінде мен бұған еш қанағаттанбаймын.
Қазақ тілді комментаторларға айтылатын сын өте көп. Сол саланың бір пұшпағын илеп жүргендіктен, барша пенде сияқты, бұл сынды мен де ауыр қабылдаймын. Бірақ сол сынайтын жандарға таң қаламын. Комментаторларды сынайтындар өздері айналысып жатқан саланы қарақаттай ғып, мөлдіретіп қойғандай еркінсиді. Жаңа бой көтеріп, енді ғана дәстүр қалыптастырып келе жатқан сала болғандықтан, комментаторларға тілеулестік болу керек. Егер елімізде Ресейдегідей 5-6 спорт арнасы болса, онда тек қазақша репортаждар беріліп, сонда комментаторлар өспей жатса, әңгіме басқа. Сыннан қорытынды шығарамыз, бірақ негізсіз сын көп айтылады.

Аманкелді Сейтханов:
Сан жағынан алар болсақ, қазақ спорт журналистикасы жаман емес. Бұл мамандықпен айналысам деп жүрген және айналысатын бауырларымыз біршама көп. Ал сапа жағынан алсақ, қазіргі жас журналисттер спортты терең түсінбейді. Көпшілігі спортқа пәлендей қызықпайды деп айтар едім. Яғни спорттың дайындықтарында, жаттығуларында бой көрсетпейді. Көпшілігі интернетке жүгінеді. Интернет осы мамандықты құртатын нәрсе деп білем. Нақты сол майданда болып, өз көзімен көріп, ішкерлей араласып жүріп жазатын журналисттер жоқтың қасы. Яғни түп нұсқа мақалалар өте сирек. Тағы өткен ойынды жан- жақты талдау мәселесі артта қалған.
Спорт журналистикасы патриоттық тәрбие беріп, елді желпіндіруімен құнды шығар. Яғни қазақтар озып шықса қуанып, соны асқақтату керек те, қалып қалса, аһ ұрмай, жұбататын, үміттендіретін сөздер айта білу өте маңызды. Бірақ қазақ журналисттерінен ондайды байқай алмадық. Кейбір журналисттің артта қалған спортшыға жүгіріп барып зекіп, меселдесін қайтарып, мәдениетсіздік жасауы соған айғақ.

Сұлтанғали Қаратаев:
Спорт журналисттері үкімет жүргізіп отырған спорттық шараларды немесе өтіп жатқан бәсекені ғана жазады. Спортта қолға алынбай жатқан мәселелерді, кемшін тұстарды көтеріп, тереңдей зерттемейді. Қазақ спорты мұның алдында қалай болған? Қалай өркендеген? Онда ешкімнің шаруасы жоқ. назардан тыс қалып отыр. Және де ауылдық спорттарды үгіттеп, мемлекет деңгейіне жеткізу осы журналисттердің атқаратын істері еді. Ол мүлде ескерілмеуде. Ауылда қаншама батыр жүректі, елінің намысы үшін аянбайтын қайсар ұл- қыздарымыз бар. Соларды елге көрсетіп, таныстыру керек қой. Біздің кезімізде ауыл спортына бет бұрыс боып, небір қарапайым қазақ балалары елге танылып,үлкен- үлкен жарыстарда алтыннан алқа тағынып биік белестерге көтерілген. Тағы бізде ақсап жатқан су спорты, жеңіл атлетика, кешегі өткен қыстық ойындар спорт түрлері бар. Соларды назарға алып, жазып жатқандар жоқтың қасы. Егер солардың қыр- сырын танып, елге үгіттесе аталмыш салаға ұлтымыздың жастары қызығып барар еді ғой. Оған ешкім бармаған соң, қазақ тәрбиешілері жоқтың қасы. Жағдайының бәрін жасап қойған басқа ұлт өкілдері осы саланы басып қалды. Соның әсерінен спорттық терминдер шатасып, былығып кетті.

Р.S. Бәрін айт та бірін айт, ұлттың, елдің салауаттығын арттырып, жарқын жеңістермен потриоттық рух силайтын спорт саласын үгіттеуде, кемшін тұстарын зерттеуде қазақ спорт журналисттерінің әлі де болса үйренетін, ізденетін тұстары көп екен. Сол үшін қазақ журналисттері жоғарыдағы кемшіліктерді өздеріне сын ретінде қабылдап, тереңдей іздене білсе, «алынбайтын қамал жоқ» екені белгілі.

Омар Құрмаш

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз