Қазақстанда жүргізуші куәлігінің мерзімі өткенде қайта емтихан тапсыру жойылмақ
2017 ж. 06 сәуір
2318
4
Қазақстанда жүргізуші куәлігінің мерзімі өткен жағдайда қайта емтихан тапсыру жойылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Жол қозғалысы туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Қанат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап өтуінше, бастапқыда Мәжіліс депутаттары аталған заңға енгізілуі тиісті 120-дан астам түзетуді қарастырған. Нәтижесінде оның 55-і қалып отыр.
«Өйткені, түзетулердің біразын депутаттардың өздері кері қайтарып алды. Жұмыс тобының талқылауы барысында да түзетулердің бірқатары қабылданған жоқ», - деді Қанат Мусин.
Депутаттың айтуынша, заңда жол жүрісі ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды азайту, құжаттарды тексеру барысында көлік жүргізушіге фото және бейнетүсірілім жасауға рұқсат беру, күндізгі уақытта елді мекендер ішінде жүрген кезде көліктің жақын жарығын қосу міндетін алып тастау, ішкі істер органдарының қызметкерлері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз жолаушылардың көліктен шығуға тыйымды алып тастау, жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен жағдайда қайта емтихан тапсыру талабын алып тастау көзделген.