Археологиялық құндылықтар кімге керек?..

0
3452

Перудің Наска үстіртіндегі жерден қарағанда байқалмас, ал биіктен ғалымдардың айтуынша математикалық дәлдікпен, бір логикаға сай кристалл тектес композициялар болып көрінетін суреттер әлі күнге әлем зерттеушілерін нақтылы тұжырымға келтіре алмай отыр. Ал сондай ғажайып сызбалар-геоглифтер Наска үстіртінен басқа Амазонка бойындағы ну ормандардан, АҚШ-тың Огайо штатынан, Англия аумағынан, Африкадан және Алтай мен Оңтүстік Оралдан табылған. Осыдан 4 жыл бұрын жергілікті археологтар анықтаған Арқалық аумағынан табылған «Торғай инкогнитосы» аталған сондай белгілерді ресми тіркеуге және зерттеу жүргізуге мемлекет тарапынан қаржы жоқ. Ал шетел инвесторының қаражатына игерілген жағдайда ол тарихи мұраның ашылу құқығы шетелдіктердің еншісінде кетпек.

Туған топырағынан табан аудармай өмір сүріп келе жатқан қазақтың кең даласының төсіндегі мыңжылдықтардың әргі, бергі жағындағы ескерткіш­тер­дің уақытқа төтеп беріп, сары даланың сақшысындай әлі қасқайып тұрғандары да, «керегін ұрпағым өзі-ақ анықтап алар» деп табиғат тегеурініне мойын ұсынып мүжіле немесе жермен тегістеле бастағандары да бар. Бар құпиясын қойнауына тыққан қасиетті қара жерде тарихтың талай тұңғиықтары, адам баласын таңқалдырар шексіз ғажайыптары жатқаны анық. Ежелгі дала сәулеткерлерінің ескерткіштері жоғалып кеткен өркениетті көз алдымызға келтіре танып білуге мүмкіндік туғызса, үзіле жаздап бізге жеткен бірегейлері арқылы ұлттық мәдени құндылықтарымызды дәріптеу – тарихымызды одан сайын үстемелеуге, байытуға негіз болады емес пе? Әсіресе, ішкі туризмді дамыту бағдарламалары жоспарланып жатқанда тарихи, танымдық мағыналы аспан астындағы ескерткіштерімізді түгендеп, тереңдеп зерттеп алғанымыз нұр үстіне нұр болар еді.
Арқалық қаласына қарасты 1 миллион шаршы шақырым аумақта тіркелген 200 тарихи-мәдени мұра объектілері болса оның 50-дейі – қала құрылысы және сәулет ескерткіштеріне жатады (оның 2-уі республикалық дәрежеге ие), қалғаны тарихи археологиялық ескерткіштер. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында академик Әлкей Марғұлан жетекшілік еткен экспедиция біразын анықтаған, бір жерлерде «бұрын қала болған» делінген, тарихи болжамдар жасалған, басқа да ғалымдар мен жергілікті археологтар, тарихшы-зерттеушілер экспедициялары әр кезеңде зерттеп, тіркеуге алған тарихи объектілер. Мерзімделінуі, яғни тұрғызылған, пайдаланылған уақыттары тас ғасырының ең соңғы сатысы – неолит дәуірі, қола ғасыры, көне темір ғасыры, темір ғасыры делініп жалғаса беретін олар біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтар бұрын жайланған қоныстар, бекініс болған қорғандар мен қорымдардың үйінді, шөгінділері, белгілері, біздің дәуіріміздегі YІІ-YІІІ-ХІІ-ХІХ ғасырларда және ХХ ғасырдың бас кезінде тұрғызылған ескерткіштер. Енді осындай аспан астындағы жауһарлар қатарына енді 2007-2008 жылдары Ашутасты өзені бойынан табылған объектілер қосылып отыр. Қаймағы бұзылмаған қалың елдің талай ғасырлық өткен өмірінің біраз деректері сонау тың далаға түрен салған науқанда шынжыр табанның астында тапталып қалғаны анық… Соңғы жылдары ғарыштан түсірілген суреттер арқылы қостанайлық археологтар анықтаған крест пішінді диаметрлері бірдей үйінділер мен Үштоғай шаршысы қорғандарын тереңірек зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік болмай отыр. Үш жылдан астам уақыт бойы қалталыға да, қалаулыға да, үкіметке де жалтақтап болған жігіттердің амалы таусылғандай…
Былтырғы жылдың мамырында «Астанадан белгілі кәсіпкер, жиҺангез, меценат Сапар Ысқақұлы бір топ археологтар мен республикалық теледидар тілшілері тобын ертіп келіпті, Аңғар, Көктал, Қайыңды ауылдарының жерлерін араламақ екен, Сіз де жергілікті тілшілермен сол топқа еріп барсаңыз» деп әкімдік тарапынан өтініш білдірілген соң, ғарыштан ғана көрінетін ескерткіштерді қызықтауға жүріп кеттім.
Торғай өзенінің бір сағасы, ауыл-ауылдарды иректей ағатын Ашутасты өзенінің бөгетсіз жұқалау үзінді жерлерінен, жарқабақты жырмалы тұстарынан, қайраңды қайырларынан қиналыңқырап өтуге тура келгенімен алдыңғы көліктегі археологтардың қашықтан теңшеу (дистанциялық), анықтағыш құралдары арқылы іздеген жерге тез жеттік Бір қарағанда, жай ғана төбешік болып көрінгенімен бір жіптің бойындай түзу жайғасқан, биіктігі де, көлемі де біркелкі үйінділер тізбесін орта тұсынан дәл осындай диаметрлік дәлдік­пен тұрғызылған тізбе қиып өтеді. Ғарыштан түсірілген суретте кәдімгі қосу таңбасындай, крест пішінді.
– Мен мұнда төрт жыл қатарынан келіп жүрмін. Интернеттен Google Earth бағдарламасы арқылы осы 2 керемет геоглифті таптым. Әуелде кәсіпкер ретінде археологтар тобына қаржылай демеушілік көрсеттім, кейін бұл керемет ғылымға қалай толықтай аңсарым ауып кеткенін сезбей қалдым, – дейді осы ескерткіштерді зерттеу үшін өзінің жеке пәтерін де банкіге салып жіберген қостанайлық Дмитрий Дей. Бет әлпеті қазақ пошымдас Дима жаны таза, сезімтал жігіт екен. Ал Дмитрийдің досы Қостанай педагогикалық институты жанындағы археологиялық зертхананың жетекшісі Андрей Логвин бұл ескерткіштердің жасын шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 3-ші мыңжылдық деп топшылап отыр. Торғай ойпатындағы ондаған ескерткіштердің ашылуына себепші болған, талай жыл қапшығын арқалап дала кезген археолог Андрейдің әкесі В.Логвин де белгілі археолог-ғалым, Бала Терісаққан өзені бойындағы Қожай сайынан анықталған көне ескерткіштер негізінде «Біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мыңжылдықтағы Торғай малшылары» деген еңбек жазған.
Ал бұл жолғы экспедицияны қаржыландырып келген жерлесіміз Сапар Ысқақов та өрімдей жігіттердің елжандылығын бағалай отырып:
– Осындай сенсациялық хабарға селт етпей отырған үкіметке қайранмын. Басқа елде болса түймедейін түйедей қылып, кішкене жақсылығын дабыра қылар еді айдай әлемге. Дағдарыс, дағдарыс дейді. Менің бизнесімде де дағдарыс. Бірақ қазақтың жерінен ғарыш арқылы табылып жатқан мына кереметтерді зерттеу үшін мына қаршадай жігіттер шырылдап жүргенде үйде отыра алмадым, – деді Сапар аға ара-тұра дәрісін ішіп қойып.
2007 жылы Дмитрий мен Андрей Ашутас 101 үйіндіден тұратын шаршы қорғанды және қорғанның солтүстік-батыс жағындағы әрқайсының диаметрі 19 метр болатын үш шеңберді де анықтады. Мүмкін бұл ежелгі бекініс сыртындағы қарауыл қорғаны болар? Алғашқы жылы археологтар қорған төмпешігінің бірін алдағы жұмыстарының жоспарын құру үшін қазып көрген. Күрек, сүйменмен қаруланғандықтан өте тереңге бойлай алмаған. Ал кейінірек ресми тіркеу, объектінің маңыздылығын айқындар артефакт табу үшін жер астынан темір іздейтін құралмен де барлаған. Жердің үстіңгі қабатындағы керамика сынықтары кейінгі дәуірлерде тұтынылған заттар болып есептелінеді. Жылдан жылға жоспар құрғанымен жер қыртысының тереңін барлайтын арнайы құралсыз жұмыс жүрмей келеді.
– Бір қызығы, – дейді Дмитрий, – 2009 жылы жазда Қостанай биоэнергетиктерімен бірлесіп, осы Үштоғай шаршысында кеңістік энергетикасын есептейтін құралмен эксперимент жасауды ұйғардық. Аккумулятормен 2-3 сағат жеке жұмыс істей алатын құрал 40 минутқа жетпей отырып қалды, бағдарламасы қайта-қайта істеп шыға берді. Бұл – осы аймақ кеңістігінің аномальдылығын көрсетпей ме?
Ашутасты бойындағы объектілерге қосымша Аманкелді ауданы орталығынан 12 шақырым жердегі «Торғай свастикасы» аталған дөңестер шөгіндісінен тұратын 94 метрлі және аяғы доғаланып келетін тұйықтан тұратын свастика да ғарыштан анықталып отыр. Осы табылып отырған объектілер неліктен, не үшін соншама дәлдікпен салынған? Және олар неге жер бетінен байқалмайды, тек жоғарыдан ғана көрінеді? Оларды кімдер тұрғызған? Торғай өзендері жағалауларындағы ғарыштан көрінетін көптеген суландыру жүйесі құрылыстарының қалдықтары нені білдіреді? Қараторғай өзені бойындағы шатқалдағы үңгірлер мен петроглифтер ше? Наскадағы, Алтай мен Оралдағы геолгифтерді зерттеген радиофизик, уфолог Алла Белоконь жалпы осындай құрылыстарды қолдан тұрғыза отырып, маңайдағы жер бетінің өзгеріссіз қалдыру мүмкін емес екендігін айтады. Сонда көктен ғана көрінетін бұл не керемет? Міне, осы сауалдарға жауап алу үшін зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізу керек. Ол үшін жер қабатын бет алды қаза бермей, 25 метр тереңдікке дейінгіні рентген тәрізді түсіріп, айқындай алатын жоғары технологиялық қондырғылар қажет. Бір ғана георадардың өзі – 35 мың АҚШ доллары тұратынын айтады Дмитрий Дей.
Жергілікті археологтардың өтінішімен биыл Қостанай облысының депутаттары Парламентте осы аталған объектілерді зерттеу жұмыстарына үкімет тарапынан қаржы бөлу туралы мәселесін көтерген. Бірақ үкіметтегілер мәдениет министрлігі «Мәдени мұра» бағдарламасына бөлінуге тиісті бюджетті 2014 жылға дейін жоспарлап қойғанын, мұндай жоба қарастырылмағандарын алға тартыпты. Ал Науырзым қорығы туралы (ЮНЕСКО қорғауындағы) документальды фильм түсірген неміс компаниялары, басқа да ақша бөлуге қызығушылық танытып отырған шетелдік инвесторлар қаржы құйған күнде бұл объектілердің ашу құқығын өзімізге қалдырамыз деген талап қоюда. Туған жер тарихының ғажайыптары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бермек пе?
– Сонда өз жерімізден табылған құнды ескерткіштерді өзгенің есебіне кіргізіп қоямыз ба? – деп намыстанады қазақтың жері үшін кәріс баласы. Қолда барда алтынның қадірі үкіметке 2014 жылға дейін керегі болмаса, мүмкін ел азаматтарына керек болар? Көшпенді тіршілікпен ғана айналыспай, мыңдаған жыл бұрын қала тұрғызып, суармалы дақыл өсірген, мыңғырған мал айдаған бабаларымыздың тарихын өзіміз танығымыз келмей ме? Ұрпақ алдында ұятты болып қалмайық!

Рәзия Бикенова
Арқалық қаласы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз